• Әдебиет
  • 21 Ақпан, 2013

Азамат. Ұстаз. Ғалым

...1947 жыл. Сәкең сол қолының саусағына күбірткелі шығып, істемеген емі, жақпаған дәрісі қалмайды. Алайда саусағы солқылдатып, жанына әбден батады. Марқұм әкесі Аймағанбетов Садық шыдай алмаған баласын аудан орталығы Жарқамыстағы емханаға көрсетеді. Сәкеңнің бағына емханада қырқыншы жылдары саяси көзқарасы үшін Пермь қаласынан жер аударылған профессор Здравомыслов дейтін ғалым-дәрігер қызмет етеді екен. Профессор көрген бетте кеселдің асқынып кету қаупінен сақтанып, алдын ала ем-доммен бірге шұғыл түрде ота жасауды ұйғарады. Бәлкім, оның болашақта дәрігерлік мамандықты таңдауына сірә, өміріндегі осы сәттің ерекше әсері болғаны шүбәсіз. «Талапты ерге нұр жауар» демекші, емтиханның бә­рінен өте жақсы бағаға тапсырған ол Ақтөбедегі мемлекеттік медицина институтының студенті атанады. Әлбетте, оқу өте қиынға соқты. Себебі күллі оқу жүйесі мен бағдарламасы орыс тілінде жүргендіктен бастапқыда ештеңені ұқпай, берілген тапсырманы күні-түні құр жаттап айтуға мәжбүр болады. Шындығы сол – елге кері қайтуға ар-намыс жібермейді, бірінші, екінші курста орыс тілінен әбден қиналады. Дегенмен, үшінші курстан былай білуге құштар студент тынымсыз еңбекқорлық пен ұдайы ізденістің нәтижесінде орыс тілін терең игеріп, дәрістің мән-мағынасы мен іс жүзіндегі тәжірибелік парқын пайымдауға ден қоятын сана деңгейіне жетеді. Алдына мақсат қоя білу мен сол үдеден абыроймен шығу – асқан табандылық пен зор ерік-жігерді талап етеді. Қазақы қисындағанда «Өзгені жеңе білу – қасиет, өзіңді жеңе білу – құдірет». Міне, оның қанында бар, бойы­на біткен осы мінезі қандай қиындықпен болсын күресуге әманда ­дайын құдіретті күш берді. Сөйтіп, Садықов Сайын аталған жоғары оқу орнының емдеу факультетін 1968 жылы ойдағыдай тәмамдайды. Жас маманның алдында қиындығы мен қызығы мол еңбек жолына араласу­дың, қоғамның салауаттылық мәдениетіне өз үлесін тигізуге мүмкіндігі туды. Ол бар оқыған-тоқығанын тағдыр тәлкегімен сырқатқа ұшыраған отандастарының сауығып кетуіне, дертіне шипа үміт сәулесін түсіруге қажыр-қайраты мен кәсіби ақыл-парасатын аянбай жұмсады. Дәрігер 1970 жылға дейін Ақтөбе облысы, Хромтау қаласында хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып жемісті қызмет етеді. Осы жылдары өңірдегі адам денсаулығының өзекті мәселелерімен етене жақын танысқан сайын оның көзқарасы түбегейлі өзгеріп, ем-домның ғылыми-технологиялық тиімді жаңа түрлерін тәжірибеде батыл енгізу мен қолданудың заман талабына сай аса ділгірлігін сезеді. «Шешінген судан тайын­бас» деген ол енді осы діттеген жоспарын жүзеге асыру мақсатымен бар қабілет-қарымын бірыңғай зерттеу жұмыстарымен айналысуға тәуекел етіп, белін бекем буады. Дәл сол жылы ғалым қарашаның 15-де Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері, 1987 жылы клиникалық радиологияның аға ғылыми қызметкері міндетін атқарады. 1996–1999 жылдар аралығында оған осы бөлімшенің меңгерушісі болуға сенім артады. Садықов Сайын қатерлі ісік ауруларын сәулемен емдеу бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, ісіктің ионданған сәулелерге сезімталдығын жоғарылатуға бағыттаған. Медицина сала­сындағы көп жылғы көз майын тауысқан жаңалық тұжырымын ғалым 1991 жылы Мәс­кеудің оқымыстылары алдында «Өк­пенің қатерлі ісігін сәулемен емдеуде дозаларды әртүрлі тәсілмен бөлшектеудің салыстырмалы нәтижелері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Бұл емдеу тәсілінің нәтижесінде өкпе, өңеш, жатыр, жұтқыншақтың қатерлі ісіктерімен ауырған науқастардың өмір сүру сапасы жақсарды. Зерттеуші-ғалым 1991 жылдан Қазақтың медициналық ұлттық университетінде әуелі ассистент, сосын доцент, 1999 жылы онкология, маммология және сәулелік терапия кафедрасының доценті ретінде өзіне жүктелген ғылыми-ұстаздық мәртебелі жауапкершілікті қатар алып жүреді. Ғалым-ұстазға 2003 жылы ЖАК-тың доценттік дипломы, 2008 жылы сәуірдің 15-де ҚазҰМУ-дың ғылыми кеңесінің шешімі бойынша академиялық профессор атағы берілді. Садықов Сайын ұзақ жылғы ұстаздық, ғылыми шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде бірнеше монография мен оқулықтар, студенттер мен оқытушыларға арналған бірнеше оқу-әдістемелік еңбектер жазып, сәуле­лік терапияның барлық тарауларына қайтадан өзгеріс енгізіп, қазақ тілінде толықтырып бастырды. Профессор Қазақтың медициналық ұлттық университетінің барлық факультеттеріне, интерндерге арналып ситуациялық есептер, тестілер құрастырды. Онкология кафедрасының негізгі бір базасы – Қазақтың онкология және радиологиялық ғылыми-зерттеу институты. Садықов Сайын осы институттың радиология бөлімшесінде 42 жыл бойы сәулемен емдеу проблемасымен шұғылданатын мамандардың бірі болып саналады. Профессор бүгінгі таңда еліміздегі инновациялық технологияны қатерлі ісіктерді емдеуге қолдана білетін бірден-бір жоғарғы кәсіби маман. Ұстаздық пен ғылыми шығармашы­лықты құстың қанатындай қатар алып жүрген айтулы тұлға 188-ден астам елеулі еңбектің авторы. Солардың ішінде 10 монография, 3 тиімді ұсыныс, 1авторлық куәлік бар. Бір ғажабы, осы оқулықтар мен моно­графиялық еңбектердің біріне де мем­лекет тарапынан қолдау жасалмай ға­лым­ның жеке қаржысына баспадан жа­рық көргендігін айта кету лазым. Күллі са­налы өмірін медицина ғылымының өр­кендеуі мен дамуына арнаған, осы сала­да ­буын-буын шәкірт баулыған ұлағатты ұс­таз­дың бұл еңбектері ұлт қазынасын рухани байытуға қосылатын өшпес мұра. Профессор Сайын Садықовпен дидарласып, ғылыми ізденістерінің мәні мен үлгі тұтқан ұстаздары туралы пікірін бөлісуді өтіндік. «Радиология дейтін бұрын-соңды қазақ­та ғылым болмаған. Бұл өзі бірнеше ғы­лымның қосындысынан, атап айтқанда: ме­дицина, ядролық физика, радиология, био­логиядан тұрады. Аталған ғылымның Қазақ­станда негізін салушы академик С.Балмұқанов ағамыз. Сол кісі 1945 жыл­дан бергі Қазақстандағы атомдық сы­нақтарды тексеріп, оның қоршаған ортаға, адам мен жануарлар ағзасына тигізген зиянын, әсерін, қанша доза мөлшерінде екенін анықтап, қай уақытта қандай ауру түрлері болуы мүмкін деген сұрақтарды ғылыми дәйекті түйін жасады. Жалпы, осының пайдасы мен зиянды жақтарын анықтап, ғылыми дәлелдеп берді. Ісік ауруы түрлі-түрлі болып бөлінеді. Әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері болады. Қазақтың онкология және радиология институты тұңғыш рет осы ісік ауруының себеп-салдарын зертханалық тәжірибелер арқылы ғылыми зерттеу­мен шұғылданып келеді. Академик С.Балмұқанов, Ж.Әбдірахмановтың осы салада шетел ғалымдарымен бірлесіп елеулі-елеулі еңбектер жасады. Қазақ ғылымының әлгі әйгілі тұлғаларының жетегімен біздер шетелдік, атап айтқанда, Италия, Англия, Швецария, Германия, Чехословакия, Австрия, Нидерландия, Грекия ғалымдарымен бірлесіп зерттеу жүргіздік. Тұңғыш осы институт қабырғасында бұрынғы Кеңес Одағы бойынша эксперименттік тәжірибелер жасалды. Содан кейін бұл басқа жерлерде жасала бастады. Қазақтың онкология және радиология зерттеу институты әлемдегі басқа ғылыми орталықтармен салыстырғанда сәулемен емдеудің уақыт пен кеңістік аралығында таратуды айтарлықтай нәтижеге жетті. Өкініштісі, бұл өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін зор қарқынмен жүрді. Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтап қалды. Сөйтіп, институттың радиология саласы мүлдем құлап қалды». Білікті ғалым тұрақты түрде Қазақтың онкология және радиологиялық ғылыми зерттеу институтының ғылыми және клиникалық конференцияларына, 2010 жылы 1-4 қыркүйектегі Душанбе қа­ла­сындағы онкологтар мен радио­логтардың IV съезіне, 11-13 қараша 2010 жылы Қазақстанның онкология жә­не радиология институтының 50 жыл­ды­ғы­на арналған мәжіліске, 2012 жылы қыр­күйекте Астана қаласында өткен он­ко­логтар мен радиологтардың VII съезі сияқ­ты мәртебелі жиындарға қатысып, ке­ле­лі мәселелерге ғылыми зияткерлік ор­та­ның назарын аударды. Профессор ­Сайын Садықовтың ұстаздық, ғылыми-шы­ғар­ма­шылық көп жылғы еңбегі мемлекет тара­пынан бірнеше мәрте медальдармен, «Құр­мет грамоталарымен» марапатталды. Ол – Қазақстан Республикасы денсаулық сақ­тау ісінің үздігі. Сәкеңнің жұбайы Валентина Омарға­лиқызы медициналық колледждің физиология пәнінің оқытушысы, қызы Венера Тұрар Рысқұлов атындағы университетте док­турантурада, ұлы Мағжан ҚазҰМУ сәу­лелі диагностика кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты және ҚазҰМУ онкология және радиология кафедрасының ғылыми қызметкері. Сәкең төрт немере, бір шөбере сүйген аяулы ата. Талант көп қырлы болады деген рас. Абзал азамат Сайын Садықов қолы қалт еткенде қазақтың салт-дәстүрі, ән-күйі, шежіресіне де шама-шарқынша үлесін қосып жүр. Ел ішінде Сайынның сөзіне жазылған сазды ән әуені де кездесіп қалады. Шойыннан құйылғандай ірі денелі, жауырыны қақпақтай Сәкең студенттік өмірде күреске түсіп, белдескенін жеңген балуан. Ол 1966 жылы Ашхабад қаласына бір айлық әскери жиынға шақырылады. Осы жолы Орта Азия мен Қазақстанның студенттері арасында күрестен жарыс өтеді. Ақтық шешуші айқаста 80 келі. салмақ дәрежесіндегі Сәкеңнің қарсыласы 120 келі. тартатын Әзірбайжанның жеңім­пазымен белдесуге шығады. Қазақстанның намысын қорғаған Сәкең төреші ысқы­рығы естілісімен қас қағым сәтте әзірбай­жандық түйе балуанды алып ұрып, жауы­ры­­нын жер иіскетеді. Сөйтіп, ­жарыс же­ңім­пазы атанып, спорт шебері ата­ғын иеленеді. Белгілі ақын Есенбай Дүйсенбаевтың: «...Балқытам деп тасты да, Мен жүргенде тіл безеп, Белдескенді астыңа Алып ұрып бір кезек. Бақыт отын маздатар Бастан кештің сапар-күн: Айхановпен қаз-қатар Қара балуан атандың!..» деп жырға қо­суы осы оқиғаға байланысты болса керек. Дала да, қала да ақ көрпесін жамылған ақпан айының ішінде аңқылдаған азамат, ұстаз, ғалым Сайын Садықов мерейлі 70 жасқа шығып отыр. Сәкеңнің ғылыми-шығармашылық алар асуы әлі алда деп білеміз. Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ

4073 рет

көрсетілді

40

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6824

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6024

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3763

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3151

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3109

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3085

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2813

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2798

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы