• Тарих
  • 14 Наурыз, 2013

«Мен музыканы...Қалың бұқараға арнап жаздым»

«.... Композитор ретінде мен өз шығармашылығымда халыққа арқа сүйеуге тырысқаныма сенгім келеді. Мен қазақтың мәдениеттік салт-дәстүрлері мен халқымның тарихи ерлік мұраларымен шабыттана рухтандым. Мен музыканы ерен қалаулылар үшін емес, эстеттер үшін емес, көпшілік қауымға, қалың бұқараға арнап жаздым. Тіпті әуелі симфониялық шығармалар жазу үстінде де мен үнемі халық туралы ойлаймын». Мұқан Төлебаев Алғаш рет Мұқаңды ауылдан мектеп бітіріп, Алматыға оқу іздеп келген 1956 жылдың жазында Абай атындағы опера және балет театрында көрдім. Сол тұста театрда жүріп жатқан операларда халық образдарын беретін сахналық көріністердегі хорларды орындайтын артистер құрамының егде тартып әрі ­азайып қалуына байланысты театр жанынан ән-хор студиясын ашу жұмыстары қолға алынған кез екен. Студияда мамандыққа оқып-үйренетін, келешек хор артистері болатын өнерпаздарды қабылдау үшін, оларды таңдап, сынақтан өткізетін арнау­лы комиссия құрылады. Және де жер-жерлерден сондай талапкерлерді іздеп тауып, жинап алып келуге Республиканың түкпір-түкпіріне арнайы адамдар жіберіледі. Сөйтіп, ақыры жиналған талапкерлер конкурсқа түсіп, опера театрындағы тыңдау, сынақ байқаулары басталды. Комиссия құрамында: Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Мұқан Төлебаевтар және дирижер, хормейстер, бірнеше опера әншілері болды. Комиссия тыңдаулары, талапкерлерді таңдап, іріктеп алу жұмыстары көпке созылып, төрт тур өткізілді. Нәтижесінде, сынақ екшеулерінен өтіп, сұрыпталған 75 қыз-жігіт студияға қабылдандық, директорымыз – «Қыз Жібек» операсындағы Төлеген рөлінің тұңғыш орындаушысы, белгілі әнші, актер, режиссер, Қазақстанның Халық артисі Қанабек Байсейітов болды. Сөйтіп, біздер 1956-1958 жылдар аралығында студияда оқумен қатар даңқты өнер жұлдыздары арасында операларға, ондағы хорларды орындауға қатысып жүріп, «хор артисі» деген куәлік алып шықтық. Сол кездері Мұқаңды жақыннан жиі көріп, сөздерін тыңдап, тіпті бірде-екілі тілдесуге де қол жеткізген сәттерім болған еді. Студияны бітіргендердің дені опера және балет театрындағы хор артисі қызметтеріне орналасты, кейбіреулері өзге өнер ордаларындағы жұмыстарға кірді, енді біреулері консерваторияға және басқа жоғары оқу орындарына түсті. 1958 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ университетінде оқып жүргенімде, менен бір-екі курс жоғары оқитын қазірдегі белгілі сазгер Ілия Жақановтың алғашқы әндерінің бірін концерттерде айтып жүретінмін. Бірде сол Ілия: – Сенің композитор Мұқан Төлебаевпен таныс-жақындығың бар екендігіңді естіп білдім. Әндерімді сол кісінің саралауынан өткізіп, пікірін тыңдасам деп едім. Сен Мұқаңа осы өтінішімді, соған рұқсат беруін сұрайтынымды жеткізсең қайтеді? – дегенді айтты. Мен оның қиындау шаруа екенін сөз етсем де көңілін қимай өтінішін орындауға тырысатынымды уәде етіп, бір күні Мұқаңа барып, өзімше әндерінің тәуір екендігін тілге тиек етіп, Ілияның тілегін жеткіздім. Мұқаң сонда сәл ойланғандай сыңай танытып отырды да: – Қазақ жастарының өнерге талпынғандары қуанарлық дүние, мен де бір кездері сондай күйді басымнан кешіргенмін, сонан соң ойға жүгіне келіп, мақсат-тілектің орындалуы үшін міндетті түрде оқуға тиістімін деген шешіммен Мәскеуге сапар шеккенмін. Өткен дәуірлердегі Құрманғазы, Тәттімбет, Біржан сал, Ақан серілердің жөні басқа. Қазіргі заманның бағыт-бағдары өзгеше, мүлде бөлек. Әсіресе әдебиет пен өнерді, ғылымды меңгеремін деген кісілер болса, ол сол салалардың оқуларына жете қанығып, терең сырларының құпияларына тұшынбаса, көксеген мақсат-мұраттарына жете алмайды. Ілия осыны мұқият ескерсін, менің оған берер ағалық кеңесім осы, – деді. Мен Мұқаң сөзінің әсерімен өз-өзімнен ойға шомғандай ләм-мимсіз отырып қалдым. Жалпы өзімнің пайымдауымша, Мұқаң адамдардың табиғи жаратылыс дүниесін аңғарғыш, жіті тани білетін, асықпай салмақпен сөйлейтін, ойға кемел, жаны жомарт, маңғаз мінезді кісі еді. Мұқан ағаның жасынан бойына біткен қастерлі қасиеті – туған жері мен елінің, өмір сүрген қоғамы алдындағы өзіне барынша борыш етіп жүктегені – жан сала еңбектену болғаны аян. Ол ержеткен бозбала кезінен қарапайым ауыл арасы жұмыстарынан бастап, еңбекке құлшына араласты. Ауылдық кеңестің хатшысы, сол кездегі «Үлгі» ұжымшарының есепшісі, Бөрлітөбе аудандық көркемөнер театрының басқарушылық қызметтерін атқарды. Осылайша, біздің қазіргі түсінік-болжамымыз бойынша шынайы музыка әлемімен таныстығын кеш бастады. Алайда айтыскер ақын, әншілігі де бар анасы Тәжібаладан бастап, Апырбай сияқты туысқан ақын ағасы, думанды өнерпаз жұртының ортасынан шыққан Мұқаң өнерге әркез ынтызарлықпен ұмтылғаны анық. [caption id="attachment_12582" align="alignleft" width="300"]Бурабай курортында демалыста. Солдан оңға қарай: Мұқан Төлебаев, Еркеш Ибрагимов, Жұмағали Саин. 1959 жыл. Бурабай курортында демалыста. Солдан оңға қарай: Мұқан Төлебаев, Еркеш Ибрагимов, Жұмағали Саин. 1959 жыл.[/caption] Отызыншы жылдардың екінші жартысында Мәскеу консерваториясы жанынан қазақ студиясы құрыл­ған­да, кейіннен ұлттық өнеріміздің көсегесін көгертуге өз үлестерін қосқан Б.Досымжанов, Қ.Кенжетаев, Ш.Бейсекова, ағайынды Абдуллиндер тәрізді, т.б. бір топ өнер түлектерімен бірге Мұқаң да оқуын әуелі қазақ студиясынан бастап, одан соң Мәскеу консерваториясының студенті болып, оның композиция бөлімін бітіріп шығады. Сол мезгілде Мәскеуге бірге барған Мұқаңның жақын достарының бірі Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың ерлігіне арналған әйгілі «Жас қазақ» әнінің авторы Рамазан Елебаев екеуі оңашада музыка өнері жөнінде көп кеңес құрып, әңгімелеседі екен. Сондағы ой бөлісулері бойынша, Р.Елебаев «Біржан» операсын, М.Төлебаев «Қамар сұлу» операсын жазбаққа өздерінше келіседі. Мұқан студияда оқып жүрген кезінде-ақ Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» поэмасы бойынша опера жазу жұмысына кірісіп кеткен кездері де болыпты. Бірақ ол ойын жүзеге асыру мүмкін болмайды. Себебі біріншіден, ол сол шақта музыкант ретінде оның қыр-сырларын әлі жетік меңгере қоймаған еді, екіншіден, алға қойған мақсатты орындауға келгенде қаншалықты қажырлы, алғыр болғанымен, бір нәрседен қаймығып қалса, мүлде ұнжырғасы түсіп, қауқарсыздық танытқанын достары, сүйген жары Дариға айтып отыратын еді. Отызыншы жылдардың соңындағы жаппай жүріп жатқан қуғын-сүргін ылаңдарының салқыны әсершіл Мұқаңды да күйзелтпей кетуі мүмкін емес еді. Одан соңғы соғыс зардаптарының кесірлі кесапаттары композитор денсаулығына келеңсіз әсерін тигізгені айқын сезілетіндей. Әйткенмен, Мұқаң қандай жағдайда да тосылған емес, күндіз-түні тынбастан еңбектенумен болды. Ол музыканың барлық жанрларына дерлік шығармалар жазды. Майдан тақырыбына «Соқ барабан», «Кестелі орамал», «Тос мені, тос», Абай өлеңіне «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Ақ мақта», «Ақмарал сұлу еркем», тағы басқа әндерін, романстарын, қобызға, скрипка мен фортепианоға арналған саз әуендерін, сонаталар мен фугаларды, хорға арналған шығармаларды, «Бесік әуені» пьесасын, симфониялық оркестрге «Қобыланды» увертюрасын, «Қазақстан», «Той» атты поэмаларын, «Коммунизм оттары» кантатасын, Е.Брусиловскиймен одақтастықта туған «Амангелді» операсы мен «Біржан-Сара» операларын, аяқтай алмай кеткен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» операсының бірнеше сахналық көріністері мен вокалдық үзінділерін дүниеге келтірді. Мұқан Төлебаев өкініші өзекті өртердей тым қысқа ғұмыр кешті. Ол 50 дейтін межеге үш жыл қалғанда нағыз шығармашылық күш-қуатының толысқан шағында дүниеден өтті. Бірақ осынау қысқа ғұмырында халқына қаншама ғасырларға рухани азық болар шоқтығы биік мол мұралар қалдырып кетті. Оның тек жалғыз ғана «Біржан-Сара» операсының өзі ұрпақтарына сыйға тартқан тұғырлы ескерткішіндей, халқының баға жетпес мәңгілік асыл қазынасына айналды. Зымыран уақыттар сырғып өте келе, көп дүниелердің ұмыт бола бастайтыны анық. Тек солардың ішінен сұлу сымбатымен аса құнды қымбаттылары, халық қалауындағы асылдары ғана қалың жұртшылықтың кәдесіне асып жасай бермек. М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы Дж.Вердидің «Риголетто», «Травиата», М.И.Глинканың «Руслан мен Людмила», П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» опералары немесе 18 жыл тапжылмай еткен еңбегі нәтижесінде иесін әлем алдында өшпестей орасан абырой, даңққа бөлеген А.П.Бородиннің жалғыз ғана «Князь Игорь» операсы өміршеңдігімен барабар, сабақтас, мәндес, өзектес деп айта аламыз. Қалай десек те, М.Төлебаев шығармашылығының шырқау шыңы – «Біржан-Сара» операсы деп білеміз. Мұқаң «Біржан-Сара» операсын 1945 жылы аяқтап бітіріп, театрға тапсырады. Театрда өткен көркемдік кеңес мәжілісінде опера кеңінен талқыланып, жоғары бағаға ие болады. Алғашқы нұсқасында ол «Біржан» атауымен тыңдауға түссе, кейін Күләш Байсейітованың операны «Біржан-Сара» деп атасақ қайтеді деген ұсынысымен сол тақырыпта аталатын болып келісіледі. Сөйтіп, «Біржан-Сара» операсы Құрманбек Жандарбековтің режиссерлік етуімен қаншама дайындықтардан соң 1946 жылы Абай атындағы опера және балет театры сахнасында қойылады. Рөлдерді орындаушылар екі құрамда Біржан рөліне Байғали Досымжанов пен Әнуарбек Үмбетбаевтар, Сара рөліне Күләш Байсейітова мен Шабал Бейсековалар тағайындалады. Опера қойылымдарын тамашалаған қалың көпшілік-жұртшылық ризалық толғанысты сезімдерін жеткізісіп, ыстық ықыластарын білдірісіп жатты. Мұқаңның үлкен шеберлік, композиторлық суреткерлігі келісті кестелермен Біржан сал, Естай сияқты сазгерлердің халық жүрегінен әлдеқашан орын алған әндерімен әсем безендірілуімен анық аңғарылды. Осы операның және бір ерекшелігі – әуен-әуездерінің вокалдық жүйедегі желілерінің орындаушылар жанына жақын да жатық, жайлы болып келетіндігінде еді. Соны ескеріп: «Япыр-ау, Мұқаңның өзіндік жақсы әншілік өнері де бар екен-ау» деген тұжырымға еріксіз келетіндейсің. Жоғарыда әңгіме етілген театр жанынан ашылған ән-хор студиясында оқып, опералардағы хорларды айтуға қатысып жүрген студия оқушылары – біздер «Біржан-Сараның» жиірек қойылуын тілеп, ондағы хорлар айтылатын сахналық көріністеріне құштарлықпен қатысып, рахаттана күй кешіп, ләззат ала орындайтынбыз. Сол тұста осы әңгімеміз барысында аттары аталған және басқа қазақ өнерінің біртуар дүлдүлдері мен жұлдыздарының қасында, ғажайып өмірдің киелі сахнасында бір жүріп, бірге тыныстағанымызды, Мұқаңдардай дара туған кемеңгерлермен жүздесіп, лебіздерін тыңдағанымызды еске алғанымызда өзімізді бақыт құшағында болғандай сезінетінбіз. Байғали Досымжанов, Құддыс Қожамияров, Бақытжан Байқадамов, Қәукен Кенжетаев сияқты достарымен Мұқаң жиі бас қосып, алдағы күндерге арналған жоба-жоспарларын жасап, әңгіме-дүкен құрысатын. Қазақ музыка өнері әлемінің асқан дана білгірі, академик Ахмет Жұбановтың Мұқан Төлебаев сынды інісінің бойына дарыған табиғи талантын ертеден танып, оған әркез ағалық қамқорлықпен қарағаны жайында ақын Сейфолла Оспан өзінің 1993 жылы шілде айының 24 күні «Халық кеңесі» газетінде басылған мақаласында ұлтымыздың екі ұлы перзенті арасындағы риясыз көңіл жарастығын баяндаған әңгімесінен мысал келтіре кетуді орынды санадық. [caption id="attachment_12585" align="alignleft" width="300"]Мұқанның консерваторияда оқып жүрген кезі.  Солдан оңға қарай: К.Кенжетаев, Б.Жылысбаев, М.Төлебаев Мұқанның консерваторияда оқып жүрген кезі.
Солдан оңға қарай: К.Кенжетаев, Б.Жылысбаев, М.Төлебаев[/caption] ...Бірде Мұқан Төлебаев әлде Мәскеудегі оқуын бітіріп келгенде ме, әлде сол соғыс кезінде науқастанып келген сәтінде ме Алматыдан жұмыс іздейді. Мұқаң жақын тұтқандықтан ба, алдымен Ахаңа (Ахмет Жұбановқа) барып, «жан қиналмайтын әрі өз жұмысымды істеуге мүмкіндік тудыратын бір жұмыс болса» дейді. Оған біраз ойланған Ахаң: «Ондай жұмыс бар, ол орын және бос тұр. Бірақ мен бармай-ақ қояйын, өзің ана басшының алдына кіріп шық. Бірден қосарланғанымыз ұят болар» дегендей кеңес береді. Ол жұмыс ноталардың жиынтығын ұстайтын кітапхана сияқты, соның бір реттеушісі ме екен, әлде.... әйтеуір бос уақыты мол, жеңіл жұмыс болса керек. Сонымен Мұқан басшының алдына кіреді, бірақ еңсесі түсіп, ренжіңкіреп шығады. Ахаң есік алдында ерсілі-қарсылы теңселіп жүрген екен. Дереу «не болды?» депті. Мұқаң басын шайқаған. Сонда өмірде онша ашу шақыра қоймайтын, әншейінде көнтерлі де сырттай маңғаз көрінетін Ахаң Мұқанды жетектеген бойы әй-шәйға қарамай басшыға кіріп, Мұқанды көзімен кезеп, «сол жұмысты мынадай ғажап талантқа қимағанда, көктен біреуді күтіп отырсың ба?!» деп әбден нығарлай сөйлеген екен. Сонда Ахаң сөзінен саңылау таба алмаған анау басшы ылажсыз көніп, арызына сол замат қол қоюға мәжбүр болыпты. Міне, сол кезден басталған достықтың өмір бойы ұласқандығы айқын. Бүгінгі таңда бұл екі адам да арамызда жоқ. Бірақ «жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысының» ауқымында ұлылардың ұлағатты достығын еске салуды жөн көрдік. Бүгіндері ұлттық өнеріміздің ең жа­рық екі жұлдызы арасына кездей­соқ ұрынған бір мезеттік көңіл қалушылықтың болғанын дардай етіп дақпырттайтындар кездесіп қалатыны да бар. Әйткенмен, оны құр бекершілік деп жылы жауып та қоя алмаймыз. Осы тұста өмір шындығының бет пердесін түріп, оның себеп-салдарын салмақтай саралап, екі ұлы тұлғаның шын мәніндегі ғұмырлық достықтарына көлденең көлеңке түсірмеуге міндеттіміз. Жазушы Сәтімжан Санбаев М.Төлебаевтың 90 жылдығы тұсында жазған «Элегия» атты эссесінде осынау көңілге кірбің түсірер келеңсіздіктің мән-жайының анық-ашығын баян етіп, тігісін жатқыза әділ жеткізген екен. Автор сол еңбегінде Мұқаң өзі хақығындағы сын-пікірлерді ренішсіз қабылдайтынын, ал басқа біреудің шығармашылығына келгенде ешкімнің беделімен де санасып жатпайтын принципшіл болғанын айтады. Елуінші жылдары республикада «ұлтшылдыққа қарсы» делінген саяси науқан қайтадан бас көтерген шақта, Мұқаңның сондай тәуекелшіл тастүйін турашылдық ыңғайын жандайшаптар шебер пайдаланады. Бұл тоталитарлық жүйе шашбауын көтерушілдердің асқан сілімтір іскерлікпен қиюластырған науқаны екендігі бүгінде белгілі болды. Бүкіл еліміздің бағына біткен абырой-мақтаныш ететін ғұлама дүлдүлдеріміз: Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Ахмет Жұбанов, Ермахан Бекмахановтар найза нысанасына ілікті. Дәл осы тұста партия мінбері «Социалистік Қазақстан» газетінде ұлттық музыка мәдениетіміздің бірегей білгір қайраткері Ахмет Жұбановқа қарсы мақала жарияланып, бұдан да басқа көптеген кінә тағу мен айыптау­лардан соң А.Жұбанов өмірін сақтап, еңбегін жалғастыру үшін Қ.Сәтбаев, М.Әуезовтермен бірге Мәскеуге кетіп қалуға мәжбүр болады. Мұқан мен Ахаңның арасына шоқ тас­тап, арандатудағы күншілдік жымысқы әрекеттер де болды. Соңынан мұны А.Жұбанов пен М.Төлебаевтар, әрине, өте жақсы білді. «Абай», «Біржан-Сара» ұлттық ұлы опера туындыларын туғызған Ахаң мен Мұқаңдар аға-інідей ғұмыр кешті. Мұқаң атақ-даңқының шырқау шыңында тұрған шағында, 1960 жылы небәрі 47 жасында дүниеден озғанда аяулы Ахаң: «...Қазақтың шын мәніндегі бірінші профессионал композиторы Мұқан әлі де халқын үлкен табыстармен қуантатын еді» деп өкінішін білдірді. М.Төлебаев туралы осындай мағынадағы ой-пікірлерін арнайы жеке мақала етіп өз кітабына да ендірді. Мұқаңдай ғажайып дарын иесі фәни жалғаннан мезгілсіз бақиға көшіп, көзімізден таса болғанымен, оның ұлылық ұлағаттарын естен шығарып, ұмыта алармыз ба?! Мұқаңның қазасына Кеңес үкіметі аумағында күңіренбеген жан болған жоқ. «Біз, баршамыз орны толмайтын қазаға душар болдық. Сүйікті, қадірлі Мұқаннан айырылып, омырауымызды қасірет жасымен жудық» деп жазды заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. М.Төлебаевтың азаматтығын, өнердегі өр тұлғасын қалай бағалай­тын­дықтарын білдіріп, бүкіл республи­калардың маңдайалды тұлғалары мен композиторлары Т.Н.Хренников, Д.Д.Шостакович, В.В.Кавалевский, В.С.Виноградов, А.П.Новиков, А.Ц.Хачатурян, Н.Г.Жиганов, Ш.М.Тактакашвили, А.М.Малдыбаев, Х.Ф.Ахметовтер арнайы мақалаларын жазып, көңілдерін айтты. Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Омаров, Шәкен Айманов, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Құддыс Қожамияров және басқа өнер, қоғам қайраткерлері Мұқаңды аса жоғары бағалайтынын білдірді. КСРО халық артисі, композитор Т.Н.Хренников 1983 жылы композитордың 70 жылдығына арналып Мәскеудің Колонналы залында өткізілген салтанатты жиында былай деп бағалауы бекер емес: «Мұқан Төлебаев бүкіл біздің советтік мәдениетіміздің мақтанышы. Оның творчестволарының маңызы бір республиканың ғана емес, біздің еліміздің шеңберінен асып, барша адамзат баласының игілігіне айналды». Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнаулы қаулысымен бекітіліп, бұл күндері сонымен байланысты біраз іс-шаралар тиісті орындар тарапынан жүргізіліп жатқан тәрізді. Мәселен, жуық арада «Түркісой» халықаралық ұйымы 2013 жылды «Мұқан Төлебаев жылы» деп жариялады. «Түркісойдың» ықпалымен қазақтың классикалық операсы «Біржан-Сара» енді шетелдер театрларының сахналарына да шығып қалар дегендей үкілі үміт те жоқ емес. Осы арада мынандай оқиға да еріксіз ойға орала береді. Сталиндік сыйлықты алғаннан кейін «Біржан-Сара» операсын Мәскеудің Үлкен ­театры сахнасында қою қолға алынып, дайындық жұмыстары басталған еді. Дыбыс таспасына түсірілген бірнеше бөлімдері орыс тілінде Бүкілодақтық радио эфирі арқылы беріле бастаған болатын. Өкінішке орай, 50-ші жылдары «ұлтшылдыққа қарсы» деген желеумен қайта белең алған саяси науқан кезінде опера либреттосының авторы Қажым Жұмалиевтің қара тізімге ілінуі салдарынан игілікті іс тоқтап қалған болатын. «Біржан-Сара» одан кейініректе Башқұртстан Республикасының астанасы Уфадағы опера театрында сахналанды. 1986 жылы Германиядан келген өнер өкілдері «Біржан-Сара», «Абай» операларын көріп қатты ұнатқандарын айтып, бұл туындыларды өздерінің театр­ларында қою жөнінде өтініш білдірген. Сол жылы екі опера Берлиндегі театр сахнасынан көрсетілгенде, дүниежүзінің озық операларын сарапқа салған талғампаз сыншылар мен зерттеушілер таңдай қағып, жоғары бағалап, неміс жұртшылығы қазақ операларын қошеметтеп, артистерді ұзақ уақыт сахнадан жібермей қол соққан екен. Міне, әзірге біздің операларымыз жөніндегі халықаралық дәрежедегі шыққан биігіміз осы. Басқасына бармай-ақ, ресейлік орыс достарымыз Глинка, Чайковскийлер атындағы халықаралық конкурстарын өткізіп келе жатыр. Солар сияқты рес­публикамызда М.Төлебаев атындағы халықаралық сазгерлер, музыканттар байқауларын өткізу де кезегін күтіп тұрған мәселе екені айқын. Әйтсе де, кейде көңілге түйткіл түсіретін жайттар да ойға орала береді. Мәселен, 2012 жылдың қараша айының басында «Ана тілі» газетінде жарияланған Ақбота Қасымованың «Мұқан Төлебаев мұражайы» деген мақаласын оқыдық. Мақала авторы, әрине, қазақтың біртуар сазгері жайлы, мұражайдағы композитордың үлкен өнердегі еңбектері, Мұқаңды еске салар мүлік – бұйымдары және жергілікті жердегі істелінетін игі істер хақында ізгі тілекпен шынайы баян етуге ниеттенгені көрініп-ақ тұр. Тек біздің көңілімізге олқы соққаны ұлттық музыка өнерімізде өлшеусіз із қалдырған Мұқан Төлебаев сынды даңқты композитордың 80 жылдығына орай осыдан жиырма жыл бұрын ашылған мұражайдың күні бүгінге дейін Алматы облысының Сарқан ауданына қарасты Лепсі ауылында, турасын айтсақ, Лепсі теміржол стансасында қалып қоюы қазіргі абыройы артқан Тәуелсіз Қазақстан аталатын елімізге сын емес пе екен?! Сонда деймін-ау, аты әлемге әйгілі М.Төлебаев мұражайы бүкіл Рес­публикамыздың қалың жұртшылығы, қала берді шетелдерден келетін ресми өкілдер, туристер мен делегациялар жиі қатынас жасап тұратын Ақордамыз Астананың немесе Алматының төрінен неге орын теппеске?! Алматыдағы Абылайхан көшесіндегі Мұқан тұрған үйдің қабырғасында композитор құрметіне арналған мемориалдық тақта ілулі тұр. Естуімізше, қазірде бизнесмендер иелігіндегі сол үйге М.Төлебаев мұражайын көшірудің ретін келтіруге болмас па еді... Бүкіл ғұмыры бойында халық рухының құдіреттілігін жырлап, өзі де өнер құдіреттілері бірегейлерінің біріне айналған Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойы мәресінен шықты. Енді аяулы арысымыздың мерейлі мерекесін салтанат-сәнімен мәресіне жеткенше құрметтеп өткізу үшін оның туындыларын бүгінгі халық игілігіне жарату ел ішінде де, шет жұрттарда да насихаттау жұмысы өріс алғаны ләзім болар еді. М.Төлебаев туындыларын орындаудан, насихаттаудан, сахналаудан конкурстар, байқаулар ұйымдастырылса, бұл туралы телеарналардан жүйелі көрсетілсе, қазіргі жастар жат жұрттардың жеңілтек саздарына әуестенбей, ұлттық өнерімізді құрметтеуге ойысатыны сөзсіз. Сондай-ақ бүкіл әлемдік өнер жұлдыздарымен иық тірестірерлік Мұқан Төлебаев сынды тұлғаларды танып-біліп, құрмет тұтатыны да күмәнсіз. Құмарбек СЫДЫҚ, өнер зерттеушісі, журналист, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

8110 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5873

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5520

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3257

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2641

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2602

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2580

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2314

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2297

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы