• Әдебиет
  • 14 Наурыз, 2013

Қиялмен көкті кеземін...

Ой ұшқындары Ей, өмір, қызығыңа көп құштармын, Қиялмен арман қуып көкке ұшқанмын. Шақырсаң қажетіме жарай қал деп, Қалайша мен өзімді шетке ұстармын? Өрелі өнер көрсем шын құптадым, Кеудеме саған арнап жыр жұптадым. Қымбатсың бәрінен де жарқын өмір, Білемін сенде екенін мұң-мұқтажым. Жүремін жүйелі іске құлақ асып, Кетпедім қиындықтан тұра қашып. Келемін қызығыңа бір тойынбай, Болғанмын мәңгілікке сірә ғашық. Сыйлаған аппақ сәулең бір шуақты, Кеудеме үміт отын мықты жақты. Өзіңе деген ыстық құштарлықтан, Жанымның шыбықтары бүршік ашты. Ғашықпын өмір саған нұрлы-сырлы, Баспаған бауырымдайсың бір мысымды. Жебедің, жетеледің алға қарай, Түзедім ел қатарлы тұрмысымды. Білесің өсіп-өніп, толғанымды, Шоқ басып, кейде аязға тоңғанымды. Бір ғана өкінішім жыр жолында, Айтпадым өзің жайлы ой қарымды. * * * Үзілсе де көздерімнен тамшы жас, Еш адаммен болған жоқпын қарсылас. Алғаш өлең жазғанымда деп еді, – Әбу ақын енді атыңа қамшы бас. Біреулерге болсын құным бес тиын, Дедім ылғи елден алғыс естиін. Кей жылпостың сөзіне еріп адастым, Өкінішті жасағаным кеш түйін. Сырласайық қатарыма текті кел, Жан емеспін, жүрген әсте тентіп ел. Мына өтпелі өмірде әлі қолыма, Бақытымды түсірмедім мен түгел. Оқушы боп алған жоқпын кіл бестік, Өтті бастан талай дүркін білместік. Қатар құрбым алдымды орап өтсе де, Жасамадым табысыма күндестік. * * * Талантпен таңдантпадым тамам жұртты, Көрінді содан біреу маған мықты. Алайда оқырманым тілеулесім, Жып-жылы өлеңімнен бағамды ұқты. Үмітім, жан-жүрегім, қос қанатым, Өлеңім аламанға қосқан атым. Кей сөзім хатқа түскен қатқыл болса, Ол менің сыр ұғатын досқа датым. Түлкідей шыға-тұғын ытқып алдан, Жеткізбей келе жатыр ұқтым арман. Ойлаймын жыр жазсам деп ертелі-кеш, Шынымен шығатындай жұрт құмардан. Бақталас болмаса да бір күндесім, Әзірге алғаным жоқ жыр жүлдесін. Сөзімнің ақиқаты осы мейлі, Сыртымнан әлдекімдер күңкілдесін. * * * Отырып кейде көп үнсіз, Қиялмен көкті кеземін. Күндерім өтсе көңілсіз, Басады қайғы сеземін. Арманды қудым бір тынбай, Кезім жоқ оған шын жеткен. Ойнақтап көктің бұлтындай, Көрінді сәуле жылт еткен. Көңілім жастай арбалды, Жетіп бір дедім шөл қанса. Өкшелеп қуып арманды, Басамын енді жол қанша? * * * Қар жауды қаламызға түнде біздің, Қалмады жұқанасы жүрген іздің, Мінеки, қойны-қоныш желге толды, Үзілгені секілді түймеміздің. Қаламызға қар жауды түнде біздің, Жүрісі де жүдеді «күймеміздің». Бөлменің ауасы да суық тартты, Кездейсоқ кіргеніме үйге күздің. Алмайтындай боранның тыным жағы, Жапалақтап қар жауды бүгін тағы. Аязды елең қылмай ақ ұлпаға, Оранып тұр қаланың бүкіл бағы. Кім бәстеспек боранның қарқынымен, Жауды ғой қаламызға қар түнімен. Осынау қыс суретін қиналамын, Өнердің сөйлетсем деп қай тілімен? * * * Төгілген жырдай болып балқып тілден, Сертіңнен кеткенің бе, тайқып бірден. Жан-жаққа сұрау салдым, жоқ хабарың, Табамын сені іздесем қай түкпірден? Жаралған жан едің ғой, бір сен текті, (Шынымен бола алмассың сүйсең кекті). Із кестім, хабар күттім, қалжырадым, Қалғанын төзім бітіп білсең нетті? * * * Әнеки, бұлттанды аспан құла жаңбыр, Арылсын шаң-тозаңнан құба жал бір. Осынау көріністен ой ұшқындап, Жетсінші оқырманға ұнаған жыр. Білемін басыңа тау бұлт ілесің, (Қаһарлы боран оны сілкілесін). Содан соң жаңбыр жауып кең далаға, Тау мен тас, орман-тоғай бір түлесін! * * * Жеткендей қара түннің бір хабары, Таулардың қарауытты жылғалары. Адамдай көз ілмеген қызарыпты, Батысқа бара жатқан күн жанары. Бойына жиса-дағы бар төзімін, Сезді ме тұра алмасын тауда өзінің. Жарына қош айтысқан жас арудай, Алтын күн ақырғы рет тартты езуін... * * * Келемін биігіңе қыранша өрлеп, Сағынып алыс жүрсем ұшам сен деп. Туған жер қасиетті ата-жұртым, Өзіңді көп көрмесем тұрам шөлдеп. Мен саған бола алмаймын жан бір суық, Арманшыл жүрегімнен жарқын сыр ұқ. Ең тәтті бақытымдай қымбат маған, Өзіңнің төсіңе өскен жалғыз шыбық. * * * Боз даланың алып төсін түн басып, Көзді тартпай көркемдігі тұр жасып. Осы бір сәт көкке өрлеген аппақ ай, Жылжыды алға жанарынан нұр шашып. Көкірегін жалаң қағып керген кек, Басылыпты дала кезген жел тентек! Қыз көзіндей күлімдеген алыстан, Көресің көп түнгі оттарды жерден тек. Түнгі аспанда жұлдыз көрсең құлаған, Өкінесің не болды деп мынаған. Тыңдай қалсаң жүрегіңді тербейді, Сыңғырлатып салып жатқан бұлақ ән! * * * Дауылды күн жан біткенді састырып, Долданады жағадағы тасты ұрып. Сабасына сыя алмаған көк теңіз, Жатады ылғи ашуланып асқынып. Бір толқынды бір толқындар өңгеріп, Келе жатса сең қашады жол беріп. Айдынында жүзіп жүрген кемені, Тулағанда кететіндей он «бөліп». Соққылдайды кез келгенді уысқа ап, Көк теңіздің қалса кенет «жыны ұстап». Кейуақыт түк сезбеген адамдай, Жай жатады арнасында тыныстап... Құстар қайтып барады Барады қайда ұшып құстар мынау, Білмеймін нендей күшпен ұстармын-ау. Келгенін суық күздің сездіргендей, Таулардың балақтарын құшқан қырау. Екпіні желді бұзып, күшті ағындап, Бір-бірін барады ұшып құс тақымдап. Осынау көріністер аңғартады, Қалғанын қаһарлы бір қыс жақындап. Сапырды толқындарын жел теңіздің, Шынымен жеткені ме ерте күздің. «Иықта жүк барын біл» дейді таулар, Тұнжырап қабағымыз кетсе біздің. * * * Армандай ардақ тұтқан жарқын құрбы, Баяғы көз алдымда қалпың нұрлы. Сенің де ұмытуың мүмкін емес, Көктемгі қына терген салқын қырды. Жаз келді сағындырған көптен бергі, Жасартты жасыл шалғын, шөккен белді. Қаламын хабар ма деп сен жолдаған, Жүзімнен үлбіреп бір өпкен желді. Күн-ана жерге өң берді нұрын жағып, Тұр әне, тал, теректер бүрін жарып. Елжіреп сені есіме алдым еркем, Өзеннің жағасына бүгін барып. Әдемі дала қандай шуақ емген, Нұрлы кез бұл өмірге шын-ақ енген. Жанарды жаулап алған гүл көктемді, Алдымнан сен бе деймін шыға келген. Бір келіншек Әлде неден үркөктер, тым жеріншек, Жандай емес, жүріс те мүлде еріншек. Жан-жағына паң қарап көшеде әне, Ит жетелеп барады бір келіншек. Тұрмаған соң жолында дара бөгет, Әр ағашқа сариды қара төбет. Гүлді алаңға келіншек бастады оны, Дегендейін бау-бақты аралап өт. Шынжырлы ауыз ит пе деп, сырт жобалап, Дей көрмеңіз байқұсқа тіпті обал-ақ! Бағуы да бабында секілді өзі, Түсетіндей үстінен бит домалап. Алу үшін аршып бір ой қауызын, Қажет пе еді сірә да толғау ұзын? Осыны еске ап тұрғанда қазақ шалға, Ит арс етті дүрдитіп дорба ауызын. Қаланың байқаса да қалың халқы, Ойлама ұласар деп дауылға арты. Қапыда иті қапқан келіншекке, Мынадай сөз тастады ауыл қарты. ...Назарымды өзіңе қалт бұрғаным, Назасына балама қарттың қалың. Кездейсоқ ұшырасқан қазақ келін, Жөн болмады итіңе қаптырғаның. Ойымды айтар болсам мен төтелеп, Бер демен, жыртығымды демде төлеп. Қатты сөз айтпақ түгіл, сүйсінер ем, Балаңды жүрсең егер сен жетелеп. Құт санап, орыстанған өзге іргені, Келіншек ауыл шалын көзге ілмеді. Қарт қанша жылы сөйлеп жатқанымен, Сылқымның құлағына сөз кірмеді. Осы ма еді, ой-түйін жерің жеткен, Десеңдағы жыр-сырың жеңіл неткен? Қазірде қазақ аз ба, Алматыда, Өз қағынан өздері жеріп кеткен... Ауылға хат I Болмайды балаң барда бағаң төмен, Таусылмас сағынышым саған деген. Өзіңнен жүрсем де алыс бұл Алматы, Бір мінез көрсетпеді маған бөтен. Сен де өтті бала күнгі бақытты шақ, Барғанда қарсы аласың ашып құшақ. Көзіме елестейді тау мен тасың, Бейне бір жарқылдаған жақұтқа ұқсап. Ержеттім, ұл-қызыңмен бірге гүлдеп, Бұл күнде азаматпын білгенім көп. Өзіңе барып қайтсам аялы ауыл, Қаламын қалың ойдан бір жеңілдеп. Арқанды көкпар еткем мықты есілген, Шықпайды тентек кезім тіпті есімнен. Ауылым санамдағы саған деген, Сеземін арман-ойдың бітпесін мен! II Атыңды ұстасам да биік ардай, Өзіңе жүрмін, Сарыжаз, жиі бармай. Әр тұста бытыраған арманымды, Келемін әлі күнге жиып алмай. Жуытпай шыбын жанға жабық мұңды, Кеудеме өзің құйдың жарық нұрды. Жүрсем де қай қиырда, аяулы атың Жұлдыз боп көз алдымда жанып тұрды. Алдымда армандарым бар аңсаған, Жетсем деп талпынуда балаң соған. Кейбірін орындасам келелі істің, Шат болып, жүзім жарық барам саған. Өзіңде күн өткердім ән сап талай, Қалайша бұғып жүрем асқақтамай. Қыдырсам ой-қырыңды аңсап келіп, Тиеді табаныма тас мақтадай. Кеудемнен ақтарылып күш ағынды, Жан ұлың биіктерге ұша білді. Сәл ғана жырақтасам сағынамын, Мен сенің оттай ыстық құшағыңды. Оранып жатыр әне дала гүлмен, Көркіңе көзім қанық бала күннен. Өзіңді өскен ауыл сәл ұмытсам, Анамды ұмытқандай боламын мен. Таптың ба бақытыңды? Білсең де екенімді дос бұрынғы, Демегін өткен күнге кеш бұрылды. Көргенде көркемдігі көзге ұратын, Қыз едің, қызыл ерін, қос бұрымды. Кеудеме сөздерімді мәнді жиып, Таныстым, атыңды айттың сәл жымиып. Оңаша отырғанда ойлы-сырлы, Әсерлі әңгімеңе қалдым ұйып. Есімде жазғы бақта жиі барған, (Емес қой, осылардың бірі жалған). Сол көрген көркіңді де, сөзіңді де, Адаммын көкірегіне жиып алған. Жалт беріп, болсаңдағы ғайып көзден. Мен сені кетті демен тайып сөзден. Жоқтығын екеумізге ортақ бақыт, Адаммын ертеректе танып сезген. Құстай бір ұшып шығып, тас қиядан, Таптың ба, бақытыңды басқа ұядан? Өмірде өкінішің бола қоймас, Егерде жолықтырсаң бақ-сый одан. Қазақпыз түзеп алған біз бағытын Тәуелсіз қазақ елін жұрт таныды, Жеріме бақыт, байлық, құт дарыды. Арқасы азаттықтың байтақ далам, Атомның сынағынан құтқарылды. Біз көрдік еркіндіктің шаттық күнін, Енді оның тауыса алам ба, айтып құнын?! Қазақтың қасиетті аты қазір, Әлемнің аралап жүр бар түкпірін. Қонған соң қолымызға құт пен ырыс, Кеңейді кешегіден тіптен тыныс. Тәуелсіз жиырма жылда ғасырға тең, Егемен елімдегі біткен жұмыс. Түсетін жастар өсті ұшқанды іліп, Ертеңге қарауға олар құштар күліп. Қазақтың тыныштықпен тындырғанын, Дос түгіл, отыр бүгін дұшпан біліп. Игі істер бір-бірімен кіл ұштасып, Келеміз алға адымдап, дұрыс басып. Жатқанын жалпақ әлем білді бүгін, Жерінде қазағымның ырыс тасып. Елбасы айта алған соң байламды сөз, Қайсыбір қарау пенде тайсалды тез. Халық деп бағалап жүр ізгі жандар, Қазақты кең пейілді, қайсар мінез. Құл болып құламадық құзға бүтін, Опырдық ортасынан мұз қамытын. Бір шылбыр, екі тізгін қолға тиіп, Қазақпыз түзеп алған біз бағытын. Талай ұлт тапқан достық жарасымын, Байырғы байтақ елдің баласымын. Тарықпай тамыр жайсын ұрпағым деп, Отаным арнап отыр бар асылын! Өмірлік өлеңімсің (анам Ұлманға ) I жыр Көрмедім түр-түсіңді ес білгелі, Дауысың да «ұлым» деген естілмеді. Жатырсың жат өлкенің топырағында, Басыңа апармады ешкім мені. Жүрген жоқ атың әзір аз айтылмай, Өмірлік өлеңімсің жазар тынбай. Көзіме жансыз бейнең шалынбады, Бәз бірде дәтке қуат жасайтындай. Естідім, көп сырды ойға алдым түйіп, Қалған жоқ атыңды айтсам ауызым күйіп. Жан анам сенің жалғыз күлкің үшін, Берер ем қуанышымның бәрін қиып. Өмірдің бұзып талай кедергісін, Үйіме сен деп күттім келер кісім. Қойса да алдыма әкеп суретіңді, Танымас адамым боп кетермісің? Тұрағың бүгін мүлдем қалды бұрыс, Орнатты көкірегіме қайғы қуыс. Қарайып қырда жатқан қабіріңе, Салмадым топырақ та жалғыз уыс. Бақ, байлық бермесе де құдірет ірі, Ұлыңның саған биік құрмет үні. Көрсем деп көксегенім шығар бәлкім, Жеткенім осынау бір күнге тірі! Білемін төмпешік боп жатсыз жырақ, Ойласам отқа орайды сансыз сұрақ. Армандап ақ жүзіңді бір көруді, Келеді сенен қалған жалғыз тұяқ. II жыр Жетпіске желіп ұрып, келдім кеше, Қым-қуыт қиындықты жеңдім неше. Осынау ұзақ жолда жолықпадың, Жүрсің сен қай шетінде жердің шеше? Жақсыға жатқызған соң жұрт ісімді, Үй беріп, бір азамат кілт ұсынды. Осы бір қуаныштың үстінде де, Есіме түсіре алмадым түр-түсіңді. Сөзімді тоқтай қалсам созбай тынып, Демеші, ойым түгел болды айтылып. Кеш білдім о дүниеге кеткеніңді, Ұлыңның жасы екіге толмай тұрып. Басқалы бала күннен ойға қадам, Емеспін сөзбен жырға олақ адам. Атасам есіміңді оңашада, Түсіме сен кірердей бола қалам. Жоғалтып сондай ерте жанашырды, Танымай өтіп барам нағашымды. Көз жетіп өң-түсіңді көрмесіме, Түсіндім рухыңа жақ ашуды. Кетіпсің жерге шаншып бір бұтақты, Өсті ұлың жүрегінен жыр тұтатты. Әрдайым желеп-жебеп жүрсе екен деп, Арнадым аруағыңа бұл кітапты. Қандай бақыт Анашым, аяладың бағып-қақтың, Тәрбие беруге де уақыт таптың. Алғашқы арман қуған кезеңімде, Қолдадың сәттілікке жақындаттың. Ақылды, ақ тілеулі жарқын анам, Табылмас, сірә, сендей жақын адам. Қалтқысыз қамқорлығың деп білемін, Ілгері аттай қалсам жарты қадам. Деуменен балам бағы шіркін жанса, Анашым бұзылды екен ұйқың қанша? Өзіңе арқалатқан бейнетім ғой, Уақыт қалжыратып тынышыңды алса. Үлгіңді айтпасам да өзге ұнаулы, Үйрендім сенен ойлы сөз құрауды. Кешегі көз тартатын көркің кетіп, Бұл күнде ана болдың боз қыраулы. Арналып ақ ниетің асқақ та ізгі, Келесің жақсылыққа бастап бізді. Өмірде өкінбеймін асыл анам, Өлеңмен өтсем дәйім мақтап сізді. Орнаған көңіліне ой сан бөтен, Жан емен, еңбек етпей бой сәндеген. Алдымда бір арман бар асыл анам, Өмірлік мақтанышың болсам деген. Ұлың да кеткен емес,шалғайға түк, Әлі де жолымызды жалғайды уақыт. Сапардан оралғанда отбасына, Күлімдеп құшақ жайсаң қандай бақыт! Мінуар ӘКІМХАНОВ

3993 рет

көрсетілді

28

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6209

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5710

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3450

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2831

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2795

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2772

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2503

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2488

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы