• Әдебиет
  • 23 Қазан, 2014

Иман тұнған көкірек

Адам баласы жасы ұлғайған сайын өткен өмірін көңіл көзімен зер сала бағамдап, оның мән-мағынасына бойламаққа тырысады-ау деймін. Ал мен үшін тұтас өмірім еліміздің тәуелсіздігіне дейінгі және кейінгі деген қос кезеңнен тұратындай. Себебі тағдырыма нұрын төккен жақсылық атаулы осы бір ұлы өзгерістермен бірге келген екен. Өз өміріме қатысты одан әрі нақ­ты­лай айтар болсам: сәждеге маңдайым алғаш тиген 1991 жыл шынайы бақыт­тың бастауындай көрінеді маған. Бұл үшін жалғыз Жаратушымызға сансыз шүкірліктерімді айтып, көл-көсір алғыстарымды арнаудамын.

«Нағыз жұртың – нағашың...»

Қазақстан өз тәуелсіздігін алған кезде мен 36 жаста едім. Былайша айтқанда, қызыл идеологияның ұрандарымен «бұғанамыз қатып, буынымыз бекіп қойған» ұрпақ болатынбыз. Алайда сол кеңестік кезеңнің өзінде Хақты тануға деген ұмтылыстарға жетелейтін аздаған бұлақтар болды менде. Ол – нағашы атам Сарыбай Жылқыбайұлының және ол кісінің тұстастарының жеке үлгі-өнегелері. Әуелі, сол нағашымның қанатының астына қалай келгендігім жөнінде бірер сөз... Әлі есімде, екінші сыныптың оқушысы едім. Оқушыларға арналған қысқы демалысыма шығып, қыстаудағы әке-шешемнің қасына келіп, жырғап жүргенмін. Өкінішке қарай, жаңа тоқсанның басталуына үш-төрт күн қалғанда, аяқ астынан тұмауратып қалғаным бар емес пе?! Анам жарықтық қолынан келетін бар ем-домдарын жасап, бәйек болып-ақ жүр. Бір-екі күнде дене қызуым біршама қайтса да әлсіздік билеп, жылы көрпе астынан шыққым келмей әрі әке-шешеме еркелеп жатқан­мын. Сәлден кейін есік алдына бір жүк маши­насының келіп тоқтағанын естіп қалдым. Көп өтпей-ақ анам байғұс: «Осында әпкем бар еді» деп іздеп келген сендей бауырдан айналайын!» деп құрақ ұша жалпылдап, бір кісіні ертіп, үйге кіріп келе жатты. Әп-сәтте көл-көсір дастарқан жасалып, қазанға қонақтың сыбағасы да салынып қойылған. Екі жақ өзара хал-жағдай сұрасып болғаннан кейін, келген қонақ биік төсектен басы әзер қылтиып жатқан мен жаққа қарай нұсқады да: – Мына балаңыз неғып төсекте жатыр? – деді әпкесіне. – Қамшыбек, айналайын, бұл менің «арпа ішіндегі бір бидайым» – Бөкетай деген қызым ғой. Өзің білесің, мынау азын-аулақ, жекеменшік малымыз бар. Ел ішіне көшіп барып отырайық десек, әгенттер малымызды көзтүрткі қылып: «Бір сиыр, бір жылқы, бес-алты қойдан артық ұстауларыңа болмайды. Етке өткіз, етке өткіз!» деп қоймаған соң, амал жоқ «сапқоздың» («совхоз»-«советское хозяйство» «кеңестік шаруашылық» – Н.Ү.) малын қоса бағып, әлекпіз. Жеке­меншік малымызды арзымайтын тиын-тебенге бола етке өткізе салайық десек: «Бұл да Алланың бізге берген несібесі ғой, кері қайтарғандай болмайық. Ешкімнен ұрлап алған жоқпыз. Табан ақы, маңдай терімізбен келді ғой» деп қимай қаламыз. Өстіп, «жеке­меншік мал ұстаймын» десең, оқушы балаларыңның күйі келмей қалады екен. Менің бір туыстарымның үйінде тұрған еді. Қысқы «кәникөліне» келіп, ауырып қалды. Сабаққа кешігіп бара ма, қайдам?!... – деп, анашым менің мынау жатысымның себебін айта­мын деп, бүкіл тіршілігіміздің бүге-шігесіне дейін жайып салғаны бар емес пе, әлгі жерде! – Әпке, онда мәселе былай болсын. Қызыңыздың киімдерін тез жинастырыңыз. Өзіммен бірге алып кетем. Маған қарындас, ал аға-жеңгеңізге қыз болады. Біздің Көктерек, өзіңіз білесіз, бұрынғы аудан орталығы ғой. Мектебіміздің базасы – мықты. Оны бітіргендер жаман боп жатқан жоқ. Бөкетайыңыз алғыр болса, әлі-ақ мектепті үздік бітіріп, институтқа оқуға түсіп кетер деп, нағашы ағамыз кесімді шешімін де, менің болашағыма артар үмітін де бірден айтып, анашымның алды-артын орап тастағандай болды. Қазір ой жібере бағамдап қарасам, расында Алла қолдаған істің орайы осылайша өз-өзінен келе қалады екен-ау! Әйтпесе, жайшылықта шақырусыз кісі есігін ашпайтын, мінезі сәл-пәл томаға-тұйықтау нағашы ағам, аудан орталығынан іссапармен ауылына оралып келе жатқан бетінде: «Шу өзенінің осы бір өкпе тұсында Мазақ әпкемдер қыстап отыр» деп естіп ем. Сәлем бере, соға кетейінші» деп хал-жағдай біліспек үшін осылайша арнайы бұрылып келмес еді ғой. Қалай болғанда да, біздің қыстауға Қамшыбек ағаның бұл тосын келісі және маған байланысты табан астында қабылдаған шешімі, менің тұтас өмірімнің бетбұрысты кезеңінің бастамасы еді. Анам да: – Қамшыбек бауырым, сені бізге бір Құдайдың өзі «айдап» әкелді-ау деймін деп қояды ерекше тебіренісін жасыра алмай. Тамақ желініп болысымен, нағашы ағам: – Кәне, Нұрлытай, тез киін, қазір жүреміз, – деді жартылай бұйрықты үнмен. Осыдан бірер сағат қана бұрын басымды көтере алмай жатқан маған белгісіз бір жақтан, беймәлім бір күш-қуат әп-сәтте өз-өзінен құйыла кеткендей әсерде болдым. Неше түрлі буыншақ-түйіншектерін, аға-жеңгесіне деген небір сәлем-сауқаттарын тықпа­лап, шешем байғұс та әлек. Екі ауыл­дың арасы, сол кездегі жүк таситын көлік жылдамдығымен есептегенде бір сағаттай жер болатын. Сөйтіп, Жарат­қанның жазуымен, сол күні наға­шыларымның отбасынан бір-ақ шықтым. Ол кісілер мені өз туған қыздарындай қарсы алысты. Нағашыларымның шаңырағына сегіз жарым жасымда келген екем. Қолдарында содан кейінгі сегіз жарым жылдай уақыт тұрғанымда менің көкейімде ешқашан ол кісілерді жатсыну деген сезім болған емес. – Айналайын, қызым, бесінші клас­тан жоғары қарайғы есептерің маған ауыр соғып жатыр. Бұдан былай ағаң қарасын, – деді Сарыбай атам бір күні. Сөйтіп, бастауыш сыныптардан кейін сабағымды нағашы ағам бақылай­тын болған. Ол кісінің нұсқауымен, әрбір жазбаша пән бойынша «Үй тап­сыр­масы» деген атаумен бөлек-бөлек дәп­терлер арнап қойғам. Математика, химия, физика бойынша есептерімді шығарып, орыс, қазақ, неміс тілдеріне қатысты жаттығуларымды орындап, әлгі дәптерлерге ұқыпты түрде көшіріп қоямын. Мұны нағашы ағам тексеретін болғандықтан, мектептегі мұғаліміме тапсырылатын бақылау жұмыстарындай-ақ аса мұқият қарай­тынмын. Қамшыбек аға жұмыстан ке­йін қолы босасымен, қызыл сиямен қателерін көрсетіп, «үй тапсырмасы» деген дәптерлерімнің барлығын тексеріп шығады да соңына әділетті түрде бағаларын қояды. Содан кейін ғана әлгі тапсырмаларды мектепке апаратын дәптерлеріме көшіремін. Ағаның тексерулерінен кейін «төрт» деген баға алып қалу мен үшін әжептәуір ұят болатын. Сірә, мектептегі мұғалімдерімнен дәл осылайша қысылмаған болармын. Сөйтіп жүріп, үнемі бестік баға алатын болдым да, бір күні Қамшыбек аға: – Нұрлытайға енді менің көмегімнің керегі жоқ деп ойлаймын. Бұдан былай өзің шығара бер есептеріңді,– деді. Сонымен, жетінші сыныбымнан бастап сабаққа әзірленудің бар жауапкершілігі өзіме жүктелді. Қазір ойлап қарасам, нақты бір іске байланысты жауапкершілікті сезіне білу деген қасиет тұтас өмірімде нағашыларымның маған айрықша сенім артқан сол бір жылдарынан бастау алды-ау деймін. Шынайы бақыт негізі Нағашыларым шаңырағында маған айрықша әсер еткен жағдай Сарыбай атамның өмір сүру қалыбы болатын. Мен келген 1964 жылы атам 72 жаста еді. Ол кісі Рамазан айында оразасын ұстап, бес мезгіл намазын қаза қылмастан, ұқыпты түрде оқып жүретін. Намаз уақыты кірген кезде өзі Азан шақырады, Қамат айтады және жайнамазға жалғыз тұратын. Әкем де, шешем де Кеңес өкіметі кезінде дүниеге келіп, сол өкіметтің кесірінен жетім өскендіктерінен болар, әйтеуір, Құдайы тамақ таратып, бір Аллаға жалбарына қазақ тілінде тілек тілегендері болмаса, біздің үйде, менің сәби кезімде, намаз оқылғаны есімде жоқ. Сондықтан болар, нағашы атамның сәждедегі қалпын алғаш көргенімде ерекше сезімде болғанмын. Намаз оқып тұрғанында айналасын­дағыларды мүлдем байқамағандай, мына дүниені уақытша ұмытқандай кейіп танытушы еді жарықтық. Сөйтсем, Сарыбай атам Қазан төңкерісі болып, Кеңес өкіметі орнаған сонау 1917 жылы бақандай 26 жаста екен ғой. Бұл дегеніңіз, бес жасынан бас­тап молда алдында «тілін сындыратын» баланың Хақты танып білудегі ілім-білімі жүрегін нұрландырып қана қоймай, бүкіл қан-тамырларын қуалай тарап, тұтас болмысына, тіпті сүйегіне дейін өшпестей боп біржолата сіңіп кетті дегенді білдірмей ме?! Момақан мінезді нағашы атам ауызекі әңгімеге онша бейім кісі болмады. Аз сөйлейтін. Бірақ әрбір сөзін салмақтап айтушы еді. Тек анда-санда Жүніс ата сияқты құрдастары келгенде ғана шешіле сөйлеп, қасиетті Құранда баяндалған біраз хикаяларды шертісетін. Ал бір Аллаға деген құлшылық мазмұндары, наным-сенім мәселелері жайлы терең сөз қозғалмаушы еді. Сөйтсек, Кеңес өкіметінің қуғын-сүргіндерінен әбден зәрезап болған аталарымыз бізге Шариғат жай-жапсарын тарата айтуға қорыққан екен ғой. Өздері үшін емес, біздің тағдырымызға алаңдағандары үшін... Есесіне, ол кісілердің әрбір іс-әрекеттері, айналасындағылармен қарым-қатынастары тұнып тұрған тәлім болатын. Қолына таяғын ұстатып, табалдырықтан аттай алмай жатса, қолтығынан демеп жіберіп, дәрет суын жылытып, құмғанын көтерісе сыртқа ертіп шығу сияқты болмашы «қызметтеріміздің» өзіне көл-көсір баталарын беріп, риза боп қалысушы еді жарықтықтар. Ал дастарқан басында беретін баталары тұнып тұрған дұға-тілектер болатын. Қатты ренжігенде айтатын «қарғысының» өзі алғысқа бергісіз еді. Өкінішке қарай, өмірінің соңғы үш жылында ол кісі намазды отырып оқуға мәжбүр болған-ды. Себебі моншада тайып жығылып, иық тұсын жазым етіп алғандықтан, етжеңді Сарыбай атам бұдан былай бір қолына сүйеніп, сәждеден тұра алмайтындай халге жеткен еді. Ақтық демі таусылғанша, жүзінен иманы төгіліп, сергек сана, нұрлы жүрек, биік адамгершілік иесі күйінде дүниеден өтті. Сондай жаннан еш дабырасыз күйде тәлім алып, Шариғат шарттарының өмірдегі кейбір көріністеріне бала кезімнен осылайша қанығып өскенім үшін бір Аллаға мың мәрте шүкірлік айтамын! Мейірімді күзетші Жоғарыда баяндағандарымның бәрі де, мен отбасыларына келіп қосылған кезде, қарттықтың «терең» құшағында болған нағашы атам жайлы өзімнің көріп-білген, көкірегіме түйгендерім ғана. Ол кісінің қызмет бабындағы болмысы, қоғамның белсенді азаматы болып жүрген жылдарындағы табиғаты жайлы білмекке ұмтылып, Көктеректегі біраз ауылдастарымыздан сұрастырып жүруші едім. Сөйтсем, қазіргі Мойынқұм, Шу аудандары 1965 жылға дейін біртұтас Көктерек ауданы боп тұрған кезінде ол кісі біраз уақыт «милиция» қызметінде болған екен. Бұл жайлы алғаш естігенімде: «Жүзінен иманы төгілген менің момақан нағашы атам ми­лициялық қызметті қалай атқарған?!» де­ген таңданыс аралас сауал көкейімде тұ­рып қалған еді. Сөйтсем, бұл жайттың да Алла берген өз нығметтері болған екен. «Қандай?» дейсіз ғой. Өзім тікелей сөйлескен Көктеректегі ауылдастарымның пікірлерін бір арнаға жи­нақтап, қорытқанда мынандай сипаттама пайда болған еді. Ең көп айтылған әңгімелер атам­ның сол кездегі аудандық түрменің күзетшісі боп тұрған кезіне саятын. Сталин жолдастың «сталь» (құрыш темір – Н.Ү.) қолымен 1950 жылдары ұйымдастырылған қуғын-сүргіннің алапат кезеңі жазықсыз талай азаматтарымызды түрмелерге тоғытқаны белгілі ғой. Еліңнің қамын ойлап, сәл-пәл белсенді болсаң бітті шаруаң! «Халық жауы» боп шыға келесің. «Сталь» көсемнің бұйрығын жүзеге асырушы жергілікті белсенділер бұл «репрессия» науқанын одан әрі тым ұшындырып жіберген екен. Мысалы, жас кезінде өзіне ұнаған қызды «қағып» кеткен замандасынан немесе қызмет бабында абайламай «алдын кесіп өткен» бақталасынан өш алмақты ойлаған сол кездегі жергілікті өкілдердің кейбірі «мемлекет мүлкін жеді» деген, дәлелдеуді аса қажет етпейтін, жалпылама айыптаулармен, қарсыласын тас қамалдың ар жағына айдата берген ғой. Осындай әділетсіздіктердің бәрін кө­ріп, біліп жүрген түрме күзетшісі Сарыбай Жылқыбайұлы қайтті дейсіз ғой? Бұл сауалға жауап беру үшін, ең дұ­­рысы дәл сол жылдары тұтқында болған кісілердің өз ауыздарынан естіген әңгімелерімді жинақтай баяндау­ым болар деймін. Ол кісілер, өздерінің кейінгі ұрпақтары «атамыз түрмеде отырған екен ғой?» деп, намыстанып жүрмесін деп, аты-жөндерін атамауымды сұраған еді. Аманатты орындағаным жөн болар.Қапастағылардың көпшілігі жазықсыз, ал жазықты дегендерінің өзінің дүниені бүлдіре қоймағандарын анық білетін нағашы атам олардан қолынан келгенінше жақсылығын аямаған көрінеді. Кеңес өкіметі кезінде біздің құмды ауылдарда жөнді-жөнсіз тоғандар мен арықтар, әйтеуір, көп қазылатын. Мүмкін құмды жермен арық жүргізіп, онымен су «жүгіртудің» қиындығынан болар?! Сондай саяз арықтың бірі түр­менің дәл тұсынан да жүргізілген екен. Оның екінші шеті осы жабық мекеме қабырғасына барып тірелетін болған. Заң бойынша, келушілердің түрмеге тым жақындауына да рұқсат жоқ. Соны жол бойы естіп келген бала­қай табанында суы жоқ, әлгі құрғақ арық­қа жата қалып, «барлаушылар» сияқты, жер бауырлай жылжи отырып, түрме қабырғасына жақындауға мей­лінше тырысып баққан ғой. «Мені ешкім байқамай тұр» деп ойласа керек. Мейі­рімді күзетші де, баланың анасы да сәби жүректің қапаста жатқан әкесіне деген осынау ұмтылысын мейлінше танып тұрған еді. Бір кезде Сарыбай атам тұт­қындағы әлгі отағасын шақырып алып: – Әй, пәленше, бері келші! Ана күшіктің қылығына қарашы, а-а-а! Бұ не қылғаны, а-а! – деп елжірей бас шай­­қаған күйі: – Қой, болмайды екен... Сен қазір түрме дуалының артқы терезе­сінен шық та, осы жерге жақын тұратын әлгі туысыңның үйіне барып, мына балаңның мауқын біраз басып кел. Бұйыртса, түнде тағы жіберермін. Бірақ көшемен жүрме. Бақшасы арқылы бар. Еккен жүгерілері биіктеп қалған еді ғой. Көзге түсе қоймассың, – дей жүріп, өзі бастап барып, әлгі байқаусыз терезеден ұзатып салған екен. Расында, ол кісінің осындай жақсы­лықтарын көрген өзге де кісілердің айтуынша, кеш түсісімен тұтқындағыларға былай дейді екен: – Мына сыз жерде күні бойы жаттыңдар ғой. Осында үйлерің барың түнде бала-шағаларыңның қастарында болып келіңдер. Жартың бүгін барың­дар. Кезектесіп, екінші жартың келесі кезекшілігімде шығарсыңдар. Ал басқа ауылдан келгендерің әйел, бала-шағаларың арттарыңнан келген күні, маған айтыңдар. Бірақ таңғы беске жетпей осында болыңдар. Өздеріңнен басқа жан адам білмесін. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» деген... «әбден ұйықтады-ау» дегенде барыңдар. Әйелдеріңе де соны ескертіп қойыңдар дейді екен. Расында, таңғы бестер шамасында тұтқындардың бәрі өз орындарында, түк болмағандай «ұйықтап» жататын болған. Ал енді мәселенің екінші жағына зер салсақ... Аталған түрме аудан орталығында тұрды. Партия дейсіз бе, кәсіподақ, комсомол дейсіз бе, НКВД, милиция дейсіз бе, әйтеуір не керек, ауданның бүкіл басшылары осы Көктерек ауылында тұрып жатты. Сол «шен-шекпенділердің» кез келгенінің түнгі ұйқысы бұзылып: «Осы түрме жақты бір көріп қайтайыншы, не боп жатыр екен онда?» деген ниетпен салып-ұрып келіп қалуы әбден мүмкін еді ғой?! Сол түн қараңғысында «жоғарыдан» әлгіндей кездейсоқ тексерушілер кеп қалды делік... Сонда деймін да.., иә, сонда... Біраз тұтқындарын үйді-үйіне жіберген милицияның қарауыл қызметкері менің нағашы атамның күні не болмақ еді? Айту қиын... Бірақ Аллаға шүкір, әрбір кезекшілігі ­сайын жоғарыдағыдай ізгі әрекеттерге барып отырған ол кісінің қарауыл болған күндерінде, ешқашан бейсаубат тексерістер жүргізілмеген екен. Нағашы атам кейінірек қартайып, үйден қарыс адым шыға алмай қалған кезінде де өзіне көмек сұрап қайырылған кісілерден қолынан келген жақсылығын аяған емес. Қазір ойлап қарасам, соның бәрін ол кісілер бір Алланың разылығы үшін атқарған екен ғой. Нағашы атам сондай кісі еді. Нұрлытай ҮРКІМБАЙ

3138 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7038

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6123

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3861

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3254

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3209

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3183

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2911

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2899

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы