• Әдебиет
  • 07 Сәуір, 2016

Жәлменде би (Әңгіме)

Ұзақбай ДОСПАНБЕТОВ

Белгілі жазушы Ұзақбай Доспанбетов биыл 75 жасқа толды. Алматы облысының Ескелді ауданына қарасты Қаратал ауылында дүниеге келген қаламгер бірқатар аудандық, республикалық басылымдарда қызмет істеді. Әдебиетпен 1962 жылдан бері айналысып келеді. Ол «Ел есінде», «Шың мен шыңырау», «Жылусыз от», «Абылайдың ақ туы» романдарының, «Қызыл жолбарыс» роман-дилогиясының, көптеген повестер мен әңгімелердің авторы. Біз қаламгерді ғұмырының бір белесімен құттықтай отырып, жаңа әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Бұл 1890 жылдың жазы мен күзі осындай әрқилы оқиғаларға толы болды. Жәлменде тағы бір мәрте Қоянды жәрмеңкесіне барып қайтты. Сонда Абаймен тағы кездесіпті. Ақынының бұл жолы көңілі пәстеу екен. Жалайыр биі себебін сұрағыштаса да ол ашыла қоймапты. Сосын Абайдың көңілін көтеру үшін бе сондағы көп адам топырласқан бір тұста Жәлменде құрдассынып онымен күресіп кеп беріпті. Екі дөйдің бүйтіп белдесуінен солқылдаған мырзалар мен мұрнынан есек құрты түскен байлар, басқалар да қарқ-қарқ күліпті. Абайдың өзі де солай: – Кеудемдегі бір жұлынқұртты сен жұлып әкеткендейсің-ау, аға баласы! – деп Абай Жәлменденің тапқырлығына ризалық білдіріпті. Қояндыдан оралған бетте Жәлменде басқа бір жаңалықтың үстінен түсті. Осыдан үш-төрт жыл бұрын осы Шиліқарын маңына Кәшеп атты саудагер ноғай көшіп келіп, дүкен ашқан. Жәлменде оны да, оның оқығаны бар, орысша киінетін, әрі өрдегі Бодау, Уәйіс, Ер Самалдық, Бейсенбай, Бөжей секілді қазақ оқығандарымен байланысы жақсы баласы Башықтиынды да іштей ұнатқан. Енді қалай, әкелі-балалы олар сауда ісін дөңгелетіп, әрі жүріс-тұрыстарымен айнала жұртқа жақсы үлгі еді. Міне, Жәлменде Қояндыға кеткенде үлкен қызы Мәмилә осы Кәшеп баласы Башықтиынмен қосылып қойыпты. Мұны қасына ерткен екі күндесі бар Сапар хабарлады: – Отағасы! Мәмиләнің бұл қылығына шошымаңыз! Бұл Мәмилә айдай көркімен талайдың аузының суын ағызса да жасы асып барады. Назардың сары ауыз балапанының пісіп-жетілуін қашанғы күтіп отырады? Бүлдірме ештеңені! Оң шырай таныт! Жәлменде төбесінен тоқпақ тигендей есеңгіреп қалды. Сәл ес жиып барып айтқаны мынау: – Тәңірім-ау! Мәмиләнің атас­тырылғаны Назардың баласы еді ғой. Назар өзі болыс, өзі кешегі осы елдің ұраны – Қарынбайдың өз қолымен тік көтерген мұрагер нәсілі. Ол қалай, бұл қалай? Сапарға екі күндесі Тәшен мен Мәстура қолқабыс жасады: – Қыз сүйгеніне қосылса бағының ашылғаны ғой! Осылай жалайырға жар салушы өзіңіз емессіз бе? – Солайы солай! Би екен, болыс екен деп қызды атына өңгертіп жіберетін күннің ауылы алыс қалды. Заман өзгеріп барады, отағасы! Бұл екеуі бірден, екіден ұл тапқалы ірі сөйлеуді әдетке айналдырғаны бұған таңсық емес. Бидің ендігі бар айласы: – Жарайды, болар іс болды. Енді әліптің артын бағып, аңысын аңдайық, – деу еді. Ал бұл хабарды естігенде Назар ер-тоқымын баурына алып тулады. Әншейінде Жәлменденің аты аталғанда жынын алған бақсыдай тынатын бұл кенет өзінде жоқ мінезге көшті. Бұл кезде отыз алты жастағы Назар әкесі Қарынбай секілді «сүйегі тас пен темірдің қоспасынан жаратылған» аса әлеуетті жанға айналған. Мұның да сырықтай бойы бар, арықша бет-өңірі қызарып, сұрланып, нағыз кісі өлтіретін жанға айналғандай қатын-бала және өз көмекшілерінің екі аяқтарын бір етікке тықты. Назардың сондай халінің үстінде сонау Үшқамаудан әлгі Ойшы келді. Жас болыс әуелде мұны Жәлменденің жіберген елшісі деп жорыған. «Бәлкім, би бас иіп кешірім сұрамақ шығар!» Бақса басқа екен. Назар шаңырағының астында кешкілік ас үстінде Назардың отбасы, ошақ қасының төрт көзі түгелде Ойшы жанға тиерлік аса бір ауыр сөздер тастады. Назар мұқият тыңдады. Себебі Ойшының сәнді киінісі, иықты тұлғасы, ұзын кірпікті, шоқша сақалды ақ сары өңі аузынан сөз шықпай тұрып-ақ мұның болыс үйіне еріккеннен келмегенін ұқтырғандай еді. – Назар жаным, сен менен мүшел жас кіші болсаң да менен көп биіксің! Өзгеңді қойғанда сен кешегі үш әулиенің көзін көрген, солардың сарқытын ішкен Қарынбайдың қара шаңырағының бас иесісің! Бұл қара шаңырақта сенен бұрын ержеткен балалары бола тұра ол шақта бесіктен белі шықпаған саған табыстағанына мен куә, бүкіл осындағы қара қазақ куә! Сөйте тұра, анау өрім иық Байшығаштың баласы бәріңді баса-көктеуіне не жорық? Жарайды, Жәлмендеге бақ қонды! Бірақ сол бақ қонарда, ондай атты неме бес аққу бейнелес болып, сонау Жылыбұлақтағы ас үстінде бірінші рет кімнің көзіне шалынып еді? Сенің әкеңнің көзіне шалынған. Сенің әкең таныған! Сонда Жәлменденің басына сол бақты қондырған да сенің әкең Қарынбай болып шықпай ма? Ал сөйткен Қарынбайдың болыс баласы Назардың бүгін неге ұнжырғасы түскен? Сендер айттырған қызын Жәлменде басымен тентіреген сартқа беріп қойып, ол неғып сүтке тойған мысықтай тыныш отыр? Жарайды, сөз тыңда! Сенің жай-күйіңді мен өзіңнен артық ұғамын! Рас, Жәлменде өз басындағы бақ-дәреженің буына мас, әрі Іле, Қаратал аралығының иті мен құсына дейін соның ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Тап қазір оған ешқайсымыздың әліміз жетпейді. Оның түбірін шайқалтудың бір ғана жолы бар. Мына өзің басқарған болысты екіге бөлейік, екі болысқа айналдырайық! Іле қайда, Қаратал қайда? Осыны түсіндіріп Верныйдағы жандаралға жүгінейік. Егер Іле бойы бөлінсе оған сенен көп кіші, әрі сенің айтқаныңнан шықпайтын жас жігітті болыс сайлатуды мен өз мойныма алайын. Егер Іле бойы өз алдына отау құрса Үшқамаудағы талай бәйшегір солай қарай үдере көшпекке қазірдің өзінде буынып-түйініп отыр. Сөйтіп, екі болыстың тізгінін ұстағандар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса ғана Жәлмендені еңсере алады. Онсыз құр кіжінгеннен дәнеме өнбейді! «Кедейдің күні кіжінумен өтеді» деп аталарымыз да ескертіпті ғой. Осылай келген шаруасын түйдектеп бірден лақ еткізген Ойшының әуелгіде өз басы Назарға құбыжықтай көрінді. Бұл ауыр ой үстінде қалды. Келіскен де келіспеген де сыңай білдірмеді. «Ақылдасатын шаруа екен» деді де тыйылды. Ертеңіне Ойшы кеткесін Назардың қатын-баласы, ағайын-туғандары, «песір», тілмаш секілді көмекшілері ұлардай шулады: – Бір болысты екіге бөл дей ме? Ала қойды бөле қырыққан жүнге жари ма? – Қарамағыңды елдің тең жартысын менің туысыма бөліп бер деп тұр ғой. Иегінің қышуын?! – Назеке! Болыс-еке! Бұл Ойшы әлгі Қолдастың Мұсасы екеуі Жәлменденің кісілігіне таласып жүргенін баяғыда-ақ естімедік пе? – Ия, солай! Арықтыным, Бәй­шегір, екі туыстас ел ары тарт, бері тартқа түсіп, екі ұдай болғалы қашан? Бұл сөздер Назардың көкейіне мықтап қонды. Бір болысты екіге бөлу қажеттігі хақындағы уәжден бұл біржола теріс айналды. Сонда да бәйшегір көсемі Ойшының бұл сапары текке кеткен жоқ. Назар көкірегіндегі майға от құйып, одан әрмен лаулатты. Жас болыс қалайда Жәлмендеден кек алуға бет бұрды. Өйтпесе, Қарынбай әкенің аруағын таптағанмен бірдей шығарын түйсінді. Сондай күндердің бірінде Майлыбай, Жылыбұлақтағы жаңадан салынатын мектеп құрылысының қосымша қажеттеріне орай осы Қаражидедегі болыс кеңсесіне әлгі Уәйіс ақын бас сұқты. Келген шаруасы тынған соң Уәйіс Арқадағы Абайдың өздеріне жеткен екі-үш жаңа өлеңін оқып берді. Сондағы бір шумақ мұндай өнерге аса үйірсектігі жоқ Назардың көкірегінен ойып орын алғандай әсер етті: Күшік асырап ит еттім, Ол балтырымды қанатты. Балаға мылтық үйреттім, Ол мерген болды мені атты. Ия, бұған әкесі Қарынбай өз қолы­мен көтерген Жәлменде тап осы тұрғыдан көрінді. Одан кек алуға де­ген құштарлық одан әрмен ны­ғайды. Әрине, болыстың мұндай күйі ұзын­құлақ арқылы Жәлмендеге де жетті. Сол жазда Назардың бір туысқа­нының асына сауын айтылып еді. Назар болысты алдын ала ол ас­тың ақылдасуына да шақырды. Ол ақылдасуға Жәлменденің де шақы­рылғанын естіп, «бармаймын» деп, келте жауап қайырады. Туысқандары «неге» деп қайта кісі салады. «Е, Жәлменде келінімді көлденең көк атты біреуге беріп қойыпты, онымен бір дастарқанның басында қалай отырамын» деп одан сайын кергиді. Тек ақылдасудың дәл қарсаңында оған Жәлменденің келмейтіні анықталғасын Назардың беті бері қарап, бұл келіп еді. Ақылдасу үстінде алдағы ас жайында әрқилы пікірлер айтылды. Ал Назар «ол асқа Жәлменде де шақырылыпты, оның бетін көруге әзірге дәрменім жоқ, бүгінгі жүрісіме-ақ риза болыңдар, айыпқа бұйырмаңдар» дейді. Ал ас иелері, туысқандары Назарға жатып жастық, жайылып төсек болады: «Назаржан, біздің ішімізден шыққан болыссың, шоқтығың биік, сенің асты тәрік етуің досқа күлкі, дұшпанға таба қылғанмен бірдей. Не қолқаң бар, бәрін орындайық, тек асқа кел» деп жалбарынады. Назар сәл ойланып, «жарайды, келейін, тек алдын ала он үш баскесер бер, қолқам сол» дейді. Ас иелері аса ауқаттылар еді, тілін тауып, өз жұрағатынан он үш ұрда-жық сойқанды бөліп берді. Сөйтіп, әулиенің тұқымы, мұрагері Назар қас пен көздің арасында үлкен жауыздыққа ден қойды. Қалайда, ол жылдарда Іле мен Қаратал аралығындағы елдің тұрмыс жағдайын адам танымастай өзгерткен Жәлмендеге іш тартатын сабырлы жандар әр пұшпақтан табылатын. Міне, сондайлардың бірі дереу бұл жайтты да Шиліқарындағы Жәлменде айналасына жеткізіп үлгереді. Астың дәл қарсаңында Жәлменде мен Ерболған арасында бір әңгіме өрбіді. Ерболған: – Жәкешім! Ол асқа сен барма, бұл жолы орныңа мен-ақ барайын! – деді. – Неге? – деп би жалма-жан сұрақ қойды. – Негесі сол, егер іші қара қазандай болған Назар болыс сені өлтірсе мен сенің құныңды даулап ала алмаймын! Егер мені өлтірсе, менің құнымды даулап алуға сенің құдіретің жетеді! – Мәселенің басқа қыры да бар-ау, Ерболған! Атастырылған келінін басқа біреуге беріп қойып, өзіміз кінәлі болып, әрі өзіміз бой тасалап жатсақ оны неше саққа жүгіртерін кім біліп кепті? Жә, ең қобалжытары ол емес, ас иелері бүкіл жалайырға мәлім жандар, солар әдейілеп, қастерлеп шақырған асқа Жәлменде би неге келмей қалды деп, Назар ма, басқасы ма, әйтеуір, тілінің мерезі бар біреуі алқа-қотан жұрт ортасында қаққан қазықтай етіп сауал тастаса не бетіңді айтасың? – Тап осының билігін маған берші, Жәкешім! Бұл сауалды кім қояды және қалай қояды, сонысына орай бір қисынын келтіремін! Тілді қазақпыз ғой! Сөйтіп, асқа Ерболған барды. Он бес қарулы жігітті атшы, қосшы ретінде қасына ертті. Әрі бәйгеге қосуға екі жүйрікті қоса әкетті. Атшы-қосшыларын «үйде де, түзде де менің арт жағымды қорғаңдар, алдымды қорғауға қауқарым жетеді» деп ескертті. Бұл асқа Назар да мұқият қамданды. Алдын ала жылқы сойып, әлгі ас иелері берген он үш баскесердің қолдарын сол жылқының қанымен бояды. Бұл қазақ ғұрпында олардың да, мұның да беттерінен қайтпасқа ант бергендік белгісі еді. Ерболған асқа келгенде оны Назар болыс отырған үйге түсірген. Ал Ерболған ерткен он бес жігіт керегесі жартылай түрулі үйдің сыртында қалды. Үй толы адам екенін, өздеріне орын жоқтығын сылтау етті. Ерболған төрге шығып жайғасқанда Назар екеуінің аралығында үш-төрт жасы үлкен ел ақсақалдары ғана бар еді. Ал өзгелері қолдарын ішке бүккен сұры жаман біреулер. Дағдылы амандық-саулықтан соң Назар оқтау жұтқандай отырысын сәл бұзып, Ерболғанға әдейілеп бұрыла қарап: – Жәлменде би қайда? – деп әр сөзіне қорғасындай ауыр салмақ қосып, сұрақ қойды. – Жәлменденің аяғының ұйыма жел ауруы бар еді, сонысы ұстап, жүруге жарамады. Сен де бір атаның баласысың ғой, орныма сен бар деп, мені жұмсады. – Ерболған сыр алдырмай аса байыпты сөйледі. Бұдан соң үй ішінде ауыр тыныш­тық орнады. Назар қымыз алдырып, Ерболғанды сыйлай бастады. Екі керегеде қолдарын ішке бүгіп сықағандар әлдебір іске оңтайланғандай дегбір­сіздене бастады. Ал Назар әлсін-әлсін бас шайқап, оларды тыйып отырды. Бұл да Ерболғанның қырағы көздерінен қақас қалмады. Ерболған кеткесін сол дегбірсізденген он үш баскесер Назарға тұс-тұстан сұрақ жаудырды: – Неге тыйдың бізді? – Біз сақадай-сай отыр едік қой! – Қылыштың сабын қыса-қыса саусақтарымыз қарысты! Сонда Назар демікпе ауруы бардай алқынып, өзін-өзі жөнге әрең келтірді. Салғыртып барып айтқаны: – Бұл Ерболғанды би текке жұмсамапты. Мұның да аруағы бар екен. Қызыл шұбар жолбарысы қарсы алдымда алдыңғы аяқтарын созып тастап, міз бақпай жатты. Егер сендерге ым қақсам тарпа бас салып, талап тастайтыны көпе-көрнеу еді. Сосын да сендерді тыймай қайтейін? Ал кейін Ерболған бұл оқиғаны өз тұрғысынан былай түсіндірді: – Менің қызыл шұбар жолбарысымды көргенде Назардың қасқыры төсектің астына кіріп жоғалды! Бұл астағы жайдың мынадай да жалғасы бар. Ерболған апарған екі жүйрігін бәйгеге қосқан. «Дұшпаннан түк тартсаң да пайда» деген ғой. Қаны қарайған Назар әлгі он үш баскесердің атүсті жүріске оңтайлы бес-алтауын жіберіп, Ерболғанның ол екі жүйрігін жолдан қағып әкетті. Сол астан екі-үш ай кейін Қараталдың төменгі жағындағы Алмалы қонысындағы бір жиында Жәлменде мен Назар жүздесіп еді. Араларындағы әңгіме тым қысқа болды. Жәлменде: – Қарынбайдай дана көкірек әулиеден сендей қырқылжың, әбжіл туарын сезсем аруақ атсын мені! Сен көп қисайма! Көмекейдегі көмескіңді болжадым-ақ! Келініңнің құнын ал да жөнге кел! Сен жолдан қаққан екі ат бір елдің ұраны еді. Бір елдің ұраны – қос тұлпарды бәйге үстінде жолдан қаққанда, олжа еткенде адамдікін былай қоя тұр, мал-екеш малдың да киесі болады, сол киесінің тұяғы маңдайымнан сарт етер демедің бе? Өз айғағы өзінде ондай қылыққа қалай жүрегің дауалады? Ей, әулиенің мұрагері, жұрт басына моншақ көтерген болыс, ұқтыршы маған! Жәлменденің бұл зіркілінен Назар жігер-күштен біржола айрылғандай еді. Көп ұзамай ол екі бәйге атты қайтарып берді. Ал Жәлменденің зығырданы қайнағаны соншалық қызы Мәмилә үшін алған қалың малды қайтарып беруді ойламады да. Сөйтіп, би мен болыс арасында ала мысық жүгіріп өткендей күндер туды.

***

Осылай өмір сырғи берді. Келесі 1891 жылдың көктемі мен жазында қос әулие Арқабай мен Аманбай, әрі Тілеуғұл, Қолдас – төртеуі бірінен соң бірі ақіреттік сапарға жөнеді. Енді осындағы бүкіл елдің ең жасы үлкен ақсақалы тоқсанның жалына жармасқан Бақай батыр Мықтыбек би баласы еді. Бұдан кейінгі жылдарда Жәлмен­денің шаруасы одан әрі шалқыды. Іле-Қаратал болысы аумағында қарағай үйлі жатақтар иін тіресе бас­тады. Түйе мен жылқы дегенің осы табиғаты қатаң өлкеде құмырсқаша құжынады. Қазақтардың қазақ-орыс мектептерінде балаларын оқытуға, сауда ісіне, өнерге деген ықыласы өртше қаулады. Өз бетінше кәсіп көзін тауып, қалталарын ақшаға толтыруға жан салысты. Несие алып, оны тиімді пайдаланып, уақытында қайтара білгендері байлықтың астында қалды. Әрине, бүгінгі жетістік ертеңгі күні қанағаттандыра алмайды. Мұны Жәлменде сынды ел басшысы айқын түсінді. Ол үшін құрылыс, сауда сияқтыларды үнемі дамытқан жөн. Сол тоқсаныншы жылдардың басында Жәлменде әлгі өз ордасында қонақта болған Саңқайбай Кетікұлы дегеннен он жылға деп, орыс ақшасымен 21 мың теңге несие алып, бәрін құрылысқа, саудаға салды (Ол кезде бұл сома 8-10 мың қойдың құны еді). Бұл шара да үлкен серпіліс әкелді. Сол жылдардың бірінде ішкі Ресей газеттерінде «Маман Калкабаевич и Джальменде Даутпаев великие дельцы, бизнесмены во всей Средней Азии» деп жазылды. Бұл қиырға орыс, басқа да шетелдік жиһанкездер, оқымыстылардың келуі күн асқан сайын жиіледі. Әрине, бәрі тақтайдай тегіс болды деу де қате. Сол жылдарда бір қолайсыз оқиға да елді елең еткізді. Бірде қыс айында Үшқамаудағы Жәлменде ордасына Арқа жақтан Қарабура, Қарабатыр, Қаратәуіп атты үш ауқатты адам келді. Жалайыр биі оларды аса сыйлы қонақтар ретінде қарсы алды. Бұлар Балқаш көлінің арғы сыртында жатқан Шұбартау жағының адамдары еді. Біраз жайғасқасын қонақтар бірінен соң бірі тіл-жақтарын безеп, сырларын ашты. Үшеуінің сонау алыс түстіктегі Самарқан, Бішкек сынды қалаларға сауда жайымен барып, содан қайтып келе жатқан беті екен. Сөз тәрізіне қарағанда бұл сапарда аса жолдары болмаған. Тілдері сау, ал іш дүниелерінде кеміріп жеген бір дерті барларға ұқсайды. Ол жағын алғашқыда аса ашып-айырып жатпады да, тек емеурінмен білдірді. Шұбартау мықтыларының ішінен тіл-жағына көбірек күш түсіргені өзгелерден бір жас болса да үлкендігі бар Қарабура еді. Ол Арқа жұртына тән шешендікке басып, Бақай мен найман Оңғар батырлар, Бақай мен Жәлменде оқиғаларын, Қарынбай жайын, бес аққу туралы аңыздың қалай туғанын, Жәлменденің старшын, болыс, аға сұлтан, жалайыр биі сықылды баспалдақтарға қалай көтерілгенін, ел тұрмысын қалай түзегенін асқан білгірлікпен сыпаттады. Небір сұлу сөздерді, неше жыл көмулі жатса да сынын жоғалтпас саф алтындай көне мақамдарды аямай төкті. Қалай да Жәлменде пенде ғой, алыстағы ел адамының мұншалықты білгірлігі іш дүниесін қорғасындай балқытты. Өз атақ-даңқының буына мас болғандай күй кешті, Ал өздерінің не шаруамен келгенін екіншісі – Қарабатыр жіңішкелеп жеткізді: – Аға жұрттың төбе биі, «айран сұрап кеп отырып, шелегіңді жасырма» деген, сіздің алдыңызда ағымыздан жарылмасқа лажымыз жоқ! Біз де өзіңіз секілді несие алуға мәжбүрміз. Сонау аягөздік Саңқайбай Кетік баласынан ақша сұрамақпыз. Өз бетімізбен сау етсек ажарымыз өтпей қала ма деп, артымызды ойлап, тартыншақтап, ақыры өзіңізге келдік. Ақшалы адамдар да барын оңды-солды текке шашпайды. Орысшаласақ залог, гарант керек дегендей. Әсіресе өзіңіз тәрізді ара ағайынның, кесек тұлғалардың кепілдігі керек. Өтінішіміз осы, арғы жағын өзіңіз-ақ таразыларсыз. Үшіншісі Қаратәуіп, ол да осылай қысқа сөйледі. Бұл өздерінің осындай халге қалай ұшырағанын қырмызыдай талдап жеткізді. Жәлменде Арқаның мынандай сайыпқырандарының баянынан көп нәрсені түйді. Түбінде бұлар Жәлменденің өзіне де аса керек адамдар. Бизнестің одан әрі қанатын жайдырам десең амал жоқ осындайларға арқа сүйейсің. Бұлар Жәлменде ордасында үш күн жатты. Өздері де, атшы-қосшылары да тынықты. Қысқы сүр мен балық етін міселерінен асқанша жеді. Қысырдың қымызына қанды. Тоғызқұмалақ пен насыбайдың да түбін түсірді. Ең бастысы, екі ел жайындағы, олардың өткен-кеткені хақындағы сөзбұйдаланған хикаяттарда тіпті шек болмады. Төртінші күні таңертеңгілік Жәлменденің қысқы пәуескесіне Жәлменденің өзі, әрі үш мейман – Қарабура, Қарабатыр, Қаратәуіп және жалайыр биінің бір інісі Асқарбай сығылысып, қалғандары екі шанаға, оған сыймағандары атқа мініп, Балқаш көлінің жағалауымен түу теріскейге, Аягөзге қарай тіке тартты. Аттардың танауларынан бу бұрқырап, сықырлаған шана жол кейде адамға рахат сезімін де сыйлайды ғой. Жәлменденің өз басы бұл үшеудің келгенін үлкен олжаға балады. Енді қалай? Жол бойы, қоналқыға тоқтаған жерлерде шұбартаулықтар қанша қазынаның бетін ашты? Жәлмендеге егер сауатыңды аша түсем десең Петербор, Стамбұл тәрізді ұлы шаһарларға сапар шегудің қажеті жоқтай да көрінді. Балқаш көлі таусылғанша жолдың хикметі көп, кедір-бұдырлы, әрі қарлы борасын дегенің көз аштырмайды. Тек Аягөз өзеніне жеткесін ғана жүріс түзелді. Себебі мұз қатқан Аягөзді сәл өрлесең Верный – Гавриловка – Қапал – Тасбекет – Аягөз – Семей күре жолының үстіне түсесің. XIX ғасырдың тоқсаныншы жылдарында ол маршрут қазақ өлкесінің қан тамырларының біріне айналған. Ары-бері ағылған жолаушылар қысы-жазы толастамайтын. Жәлменде тобы Аягөзден сәл берідегі Қозы-Көрпеш – Баян сұлу зиратына алыстан қол жайып, дұға қылуды да ұмытпады. Шынайы махаббат құрбандарының күмбезі аппақ қардан бөрік киіп, қыс мезгілінде сәл сұсты көрінеді екен. Сөйтіп, бұлар Аягөзге үш қонып жеткен. Тек бұл Жәлменденің осыған дейінгі өміріндегі ең сәтсіз сапары еді. Сәтсіздігі өз алдына, үлкен пәленің, аяспас жауыздықтың басын бастап берді. Жәлменде және шұбартаулық сайыпқырандар келгенде Кетікұлы Саңқайбай өзінің іргесі тастан қаланған, қабырғалары қарағайдан қиылған, биік шатырлы үйінің қонақ бөлмесінде басына қара жамылған күйде отырды. Өткір көздері көруден қалғандай баршасынан жалтарып, төменшіктей береді. Терең шұңғылды арық бет-жүзі тіптен ойсырап, шоқшалау сақалының ұшынан жас домалап аққандай тым үздіге сөйледі: – Ат арытып жеткен ағайындар, сөкпеңіздер, мені құдайдың бір қарғысы атқан күні кеп отырсыздар. Мынау темір сейф аталады. Сонда тоқсан мың теңге пұлым жатыр еді. Бұл 30-35 мың қойдың құны. Соны біреу жылан жалағандай етіп, сипап кетіпті. Сейфтің екі-ақ кілті бар, бірі өзімде, екіншісі мына Мейіз апамызда еді. Сейфті кілтсіз кім ашты, ақшаны кім жымқырды, міне, көкірегімізге қадақтай тиген сауал осы. Мұнда қонақтармен бірге екі әйел де отыр еді. Бірі Саңқайбайдың өз қосағы Самажан, қырықтың мол ішіндегі денелі, әрі ажары таймаған әйел. Екіншісі, жаңағы Саңқайбай нұсқаған сәл қартаңдау, әжімді, тобылғы реңдес жүзі қайратты шалынатын Мейіз деген әйел. Бұл соңғысы Самажанның туған апасы еді. Саңқайбай сөзін жалғастырды: – Алғашқыда бәрін өзім тергедім. Ештеңе өнбегесін Абайға кісі салдым. Абай «бұл Самалдықтың ісі. Алтын көрсе періште жолдан таяды емес пе? Сейфті кілтсіз ашу соның ғана қолынан келеді» деп жауап қайырды. Ал Самалдық «сүттен ақ, судан тазамын» деп аттан салып, ант-су ішті. Енді не амал бар? Кенет қартаңдау әйел Мейіз екіленіп шыға келді. Ірі сөйлейтін, әрі сөзі добалдай жан екен: – Самалдық алмай кім алды? Мені тінтудей-ақ тінттің ғой! Тағы тінт! Бай жоқ, бала жоқ, сендердің қолдарыңа қарап отырған сорлы емеспін бе? Төрімнен көрім жуық, сонша пұлды қай қуысыма тығамын?! Әрі неме жаратамын? Былай ойласаңшы! Осы қарқында ішек-қарнымды ақтарсаң да рұқсатымды берейін! Саңқайбай шаңырағының астында ауыр тыныштық орнады. Мейіздің мына сырт ел жолаушыларының алдында біржола арылып қалмақ әрекеті өз нәтижесін бергендей. Ал Жәлменде бүкіл өмірінде күтпеген құқайы осы екенін сезіп, бұрынғы ақылды басы жел толы кеуекке айналғандай онысын ары-бері ойсыз бұлғаңдатты. Бұл жалайыр биі осы Саңқайбайдан өзі де несие алған ғой. Ал Ер Самалдық Жетісу өңіріне ең көп ырыс әкелген қазақ оқығандарының көшбасшысы. Құрылысшы-архитектор, прораб, қоластындағы жүздеген орыс, қазақ, татар жұмысшыларын бір шыбықпен айдайтын қаһарлы басшы да. Аягөзден Верныйға қарай күре жолды бойласаң осы Ер Самалдық тұрғызған сан қилы бекеттер, ғимараттар, үйлер төбелері қоқырая қарсы алады. Әрі қанша маманды тәрбиеледі. Жәлменденің іш дүниесіндегі екі асыл ырзығы енді бір-бірімен сыйыспас ала жылан, аш бақаға айналғандай. Қайтпек керек? Жәлменде шұбартаулық үшеуге алақтады, ол үшеу Жәлмендеге алақтады. Айдаһардың аузында жатып ақыл табарлығы бар бұл сұң­ғылалардың бүйтіп сасқалақтауы әрине, оңай-оспақтан емес. Осы сапардан соң көктем туа Жәлменде Аягөзге тағы екі мәрте қатынады. Абай Құнанбай баласы да солай. Абай мен Жәлменде дау шешуде алдына жан салмас атышулы би-шешендер Құрымбай, Сиқымбай дегендерді қосаққа алып, осындағы өзге де сартісті сақаларды қатыстырып, Саңқайбай мен Ер Самалдықты жеке-жеке тергеді. Саңқайбайдың жақын-жұрағаттарын, оның ішінде әлгі сейфтің бір кілтін қалтасында сақтаған қартаң әйел Мейізді де, сосын Ер Самалдықты қоршаған құрылысшы мамандарды да қан-сөлдерін сыға сұраққа алды. Бәрібір ештеңе өнбеді. Ақыры Абай мен Жәлменде екі ұдай болды. Абай Ер Самалдықты кінәлі деп тапты, ал Жәлменде мұншалықты зор білімді адамды ондайлыққа қимады...

18577 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7069

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6139

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3878

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3269

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3223

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3199

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2926

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2914

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы