• Әдебиет
  • 05 Мамыр, 2016

Тіл дегеніміз – ұлт

Дандай Ысқақұлы

Белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының есімі зиялы қауымға жақсы таныс. Ол қазақ әдебиеті мен өнерінің түрлі мәселелеріне арналған алты жүздей мақаланың, үлкенді-кішілі 24 кітаптың авторы. Ғалымның еңбектері негізінен қазақ әдеби сыны­ның теориясы мен тарихына, ХХ ға­сыр­дағы қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған. Соңғы жылдары С.Демирел атындағы университеттің проректоры, ректор кеңесшісі қызметтерін атқарып келеді. Аталған университеттің ғылыми журналы «СДУ хабаршысының» бас редакторы, «Қазақ және әлем әдебиеті», «Тұрмағамбет» журналдарының алқа мүшесі, Отырар ауданының Құрметті азаматы. Ғалымның жетекшілігімен он шақты кандидаттық диссертация қорғалды. Ол жайлы ғылыми һәм танымдық «Белес» атты кітап жарық көрді. Д.Ысқақұлы соңғы кездері тіл, оның ішінде қазақ тілі мәселесін жан-жақты зерттеп келеді. Бұл бағытта «Мәңгілік майдан немесе тілдер тоғысындағы түркі әлемі» және «Түркілік ортақ термин негіздері» деген кітаптары жарық көрді. Төменде ғалымның тілге байланысты тұжырымдары оқырман назарына ұсынылып отыр.

Адамның ұлт пен ұлттың, мемлекет пен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынас құралы, қаруы саналатын тілдің күнделікті өмірімізде алатын ерекше орнын білгенімізбен де қоғамдық-әлеуметтік қыр-сырларына әлі тереңдеп бара алмай жатырмыз деу­ге болады. Ф.Энгельс «адамды адам еткен – еңбек» десе, осыған орайлас, «адамды адам еткен тіл» деуге де болды. *** Тіл дегеніміз – адам, ұлт, мемлекет, руханият, тарих, өркениет. Тіл – адамзат баласының қоғамдық-әлеуметтік дамуының бірден-бір көрсеткіші. *** Тіл – аса күрделі әлеуметтік құбылыс. Тіл адам мен сол адамдардың өзгелерге ұқсамайтын, өздерін бір-бірімен ұқсастырып, жақындық тобын құрайтын ұлттың негізгі белгілерінің бірі. Тіл – ұлттың негізгі қасиеттерінің бірі. Өзіндік тілі болмаса, онда ұлт та болмайды. Тіл мен ұлт ажырамас бірлікте. Бірінсіз-бірі жоқ. *** Тілдің тілге сәулесін шашып тұруымен бірге көлеңкесін түсіріп тұратыны да белгілі. *** Тілін де, экономикасын да қатар дамытып, өркениеттен қалмай өмір сүріп жатқан ұлт – мықты ұлт. Бұл жерде тілдің дамуы экономикаға негізделіп, ұлттық сана-сезімнің өсуімен қатар жүретіні әрдайым есте болғаны жөн. Алдымен, тілді, болмаса, экономиканы дамытып алайық деуге қоғамдық өмірдің даму заңдылықтары сәйкес келе бермейді. Өйткені, адамзат қоғамының рухани және материалдық жағы біртұтас, бірінсіз бірінің шындап дамып кетуі екіталай, бола қалғанның өзінде де арасында сәйкессіздіктер (диспропорция) пайда болып, ұзаққа бармайды. *** Тіл дегеніміз – тұтас бір әлем. Тіл – адамдардың арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге сол халықтың ғасырлар бойғы даму барысында жинақтаған өмір, қоғам, табиғат жайлы білім-ғылымдарының жиынтығы, адамзат қоғамының бір бөлшегі ретіндегі өздері, басқалар туралы мағлұматтар, т.б. Демек, бір тілдің немесе ұлттың тарихтың санасынан жоғалуы – адамзат қоғамының, кейінгі өз ұрпақтарының жақсы, бақытты ғұмыр сүруі үшін пайдалануы тиіс болған ол жасаған рухани, мәдени қазынасының бір бөлшегінен айырылу, ұлттық, тарихи, жергілікті ерекшеліктері бар адамзаттық мәдениеттің жойылуы деген сөз. Бұл дегеніміз – бір сөзбен айтқанда, тілдік, этникалық, мәдени апат. Мұның өзі – қоғам үшін орны толмас олқылықтар. *** Тіл дегеніміз – сол тілде жасалынған әдебиет, мәдениет, рухани өмір, сол тілде сөйлейтін ұлт. Ол да – үнемі даму үстінде болатын жанды организм. Адамның бір жері ауырса, жаны тура сол жерде болатынындай, тіл негізін құрайтын рухани өмірде табиғи жолмен, не жасанды түрде болсын, бір өзгерістер болса, ол сол заматында ұлттық болмысқа да әсер етеді. *** Қазақ тілі сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 87-ші (Шыңғыс Мұқан. «10 причин, почему важно знать и говорить на казахском языке». ­Алматы, 2012,103 147-беттер), тағы бір деректерде 93-ші (Э.Д.Сулейманова, Н.Ж.Шаймерденова, Д.Х.Аканова. Языки народов Казахстана. Алматы, 2007, 87-бет) орында. Ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, бұл көрсеткіш ағылшын тілінде 750 мың, қазақ тілінде 500 мың, ал испан тілінде 300 мың, орыс тілінде 150 мың сөзді құрап, қазіргі қытайлар 87 019 иеороглифті қолданады екен. Демек, қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің төрінен алады. *** Тілдің қуаттылығының, өміршең­дігінің тағы бір көрсеткіші болып табылатын оның тазалығы жағына келгенде де қазақ тілінің сапалық деңгейі – жоғары. *** Қазақ тілі – сан жағынан әлем тілдері ішінде жетпісінші орында, түркі тілдерінің арасында төртінші тұрған, ал тіл байлығы жағынан үшінші орынды алатын, түркілік болмысының сақталуы жағынан келгенде, ең бірінші тұрған тіл болса, оның осындай қасиеттерімен ұлы тілдердің қатарында жүруге тиіс бүгінгі тыныс-тіршілігі патша көңілді көншіте бермейді. Қазақ тілінің әлемдік тілдердің арасында иеленетін осындай биік орнына қарамастан, тәуелсіздік алғанымен бүгінгі күндері де мүшкіл хал кешіп жатқанын немен түсіндіруге болады? Бұрындары бар бәлені отаршылдыққа жауып келдік, енді кімнен көреміз. Бұған жауап берудің оңай еместігі, себеп-салдарларының бір-бірімен әбден шатасып, тереңде жатқандығы байқалады. *** Мықты мемлекеттердің барлығы да рухани бірлікке тіл жағдайын дұрыс жолға салу, «Тіл туралы» Заңды қатаң ұстану арқылы қол жеткізуде, яғни тілі мықты ұлт мықты, сол мемлекетті құраушы ұлты мықты мемлекет мықты болып отыр. *** «Басқа бәле тілден» демекші, қазақ жерінде қазақ тілінің бел жаза алмай жатқандығы Қазақстанның Конституциясында жазылған бір-ақ сөйлемге байланысты болып отыр. 1993 жылы қабылданған Конституцияда орыс тіліне ұлтаралық қатынас тілі мәртебесі берілсе, 1997 жылы бұл аздай орыс­тілді қазақ депутаттарының күш салуымен қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылатын ресми тіл мәртебесін иеленеді. Ата Заңда бірінші пунктте қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі туралы айта келіп, соның артынша екінші пунктпен «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылуының өзі мемлекеттік тілдің мәртебесін жоққа шығарғандай болып тұр. *** Тағы да айтарымыз, ағылшын тіліне ешкімнің қарсылығы жоқ. Бар гәп осы «үш тұғырлы» тіл саясатын жүзеге асырудың жолдарында болып отыр. Тіпті «үш тұғырлы» тілге Елбасының берген «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі. Негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп қадап айтқан түсініктемесі де ескерілмейтін болды. *** Кез келген тілдің тағдыры сол тіл өмір сүріп отырған қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайға, жүргізіліп отырған саясаттың барысында тілдің қолданылу аясына тікелей байланысты. Қоғам қолайлы жағдай туғызса, тіл дамиды; керісінше болса, құлдырайды. *** Әдетте, тіл мәселесін саясатқа араластыруға болмайды дегенді жиі естиміз. Біздіңше, тіл – саясаттың көкесі. Тіл мәселесі – ұлттың, халықтың, сол ұлт пен халық өзін-өзі қорғау, сақтау мақсатымен құрған мемлекеттің ең бі­рінші шешетін, барлық уақытта назарды ұстап отыратын ортақ мәселесі. Өйткені тіл дегеніміз – тек адамдардың арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттық болмыстың негізі, халықтың ұлттық болмысын ашатын бірден-бір кілт; сонымен бірге ол ұлттық идеологияның негізін құраған, қоғамды саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан басқарудың бірден-бір қуатты құралы да. Тіл мәселесі оң шешілген елдің ішкі бірлігі, қоғамдық өмірдің түрлі салаларында жүргізіп жатқан саясаты да дұрыс бағытта болып, халықтың жағдайы жақсарып, мемлекеті де күшейе түсетін болды. *** Тіл дегеніміз – тек (ген), ұлттың кілті (код). Ұлт болу үшін оның шыққан тегі, сөйлейтін тілі, сол тілде жасалған мәдениеті, рухани құндылықтары, өмір сүру салты бір болу керек. Ұлттық болмыстың негізі оның гендік, тілдік, рухани жақтарынан бірлігінде жатыр. *** Тіл – адамзат баласының ғасырлар бойғы дамуы барысында өмір туралы біліп-түйгендерін, ұлттық идеяларды адамның бойына құятын тамырлар, сақтайтын рухани қазынасы, қоймасы. Тілін білмеген ұлтын сезіне алмайды, сондықтан да оның қадір-қасиетін шынайы түсініп, ұлтының рухани аясында өмір сүре алмай, өгейлік күй кешеді. *** Қазақ тілінің негізгі ауруы – бодандықтың салдарынан бойымызды әбден меңдеп алған құлдық сана мен қазіргі заманда әлемдік ауқымда жүріп жатқан жаһанданудың ақпараттық шабуылдары барысында әлсіреп жатқан ұлттық сана-сезіміміздің қайта оянып, қалпына келе алмай жатқандығы. *** Тіл түзелмей, адам да, ұлт та, эко­номика да, қоғам да түзелмейді; мемлекеттің де, ұлттың да болашағы күңгірттене береді. Өз елінде өз тілінде сөйлемеген, ұлттық дәстүрімен, ұлттық рухани құндылықтарымен өмір сүрмеген, ұлттық мүдделеріне қызмет етіп, болашағы үшін күреспеген адамның мен қазақпын деп айтуға құқы жоқ. Өйткені тіл – адамзат қоғамындағы әрбір адамның өмір сүруінің рухани өзегі, өмір сүру формасы. Тілі қандай болса, қоғамы да – сондай. Ұлттық тілге, сол тілде жасалынған руханиятқа, рухани құндылықтарға, ұлттық патриотизмге арқа сүйеген ұлттың, мемлекеттің ғана мерейі үстем.

42082 рет

көрсетілді

102

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7042

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6125

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3863

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3256

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3211

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3185

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2913

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2901

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы