• Тарих
  • 23 Ақпан, 2017

Телжан Шонанұлы – әмбебап ғалым

Шашыла қонған киіз туырлықты шағын ауыл. Үй айналасында кермеге байланған бірен-саран ат пен өрістен қалған азын-аулақ қозы-лақ. Кейбір отау іргесінде дабырласқан қыз-бозбала, келіншектер киіз басып, ши тоқыған қайнаған қызу жұмыс үстінде. Бірсыпыра жерошақтың мұржасынан түтін будақтап, ет асылып, құрт қайнаған, май шайқап, талқан түйген үй шаруасындағы ақжаулықты жандардың кәдуілгі күйбең тірлігі. Ара-тұра жердің шаңын тұяғымен бұрқ еткізіп, ағыза желе-жортқан бірді-екілі салт аттыларды шабалана шәуілдеген ауыл иттері жабыла әудем жерге дейін шығарып салады. Мамыражай қоңыр күзге салым шақ. Бейқам елді ауылнайдың суыт хабары төбеден жай түскендей есеңгіретіп тастады.

– Ауылда қазақша оқытатын молда мен жасырын мектептің барынан ­пристав құлақтанып, дереу бұл іске қатысы барларға аяусыз жаза қолданып, абақтыға жапқызуға болысқа бұйрық беріпті. Осы мәселеге байланысты пристав пен болыс шұғыл ауылға аттанбақ екен, – дегенді ұзынқұлақтан естіп жұрттың дегбірі қашып, қатты дүрлігісті. Түс әлетінде ауыл адамдары у-шудан оқшаулау мектеп орна­ласқан алты қанат боз үйдің алдына жиналды. – Енді мектебімізді жауып, молданы алып кетеді екен деп қорқысты. Молданың кітәптарын қол жетпеске тықты. Өзін жай қыдырма қазақ деп айталық десті. Балалардың мойнында кітәп салатын киіз кереқабы бар. Ауылдарына қайтып баратқанында шәкірт екенін болыс пен пристав көріп қалар деп балаларды үюлі сабан арасына жасырып тастады. Біраз бала сабан астында жатып, тұншығып баратқанда анда-санда басымызды шығарып жан-жаққа қараймыз. «Дем алмаңыздар, дем алсаңыздар сабан желпілдеп, астында бала жатқанын біліп, орыс ұстап алады» деп үлкендері кішілерін қорқытады... – Оқуға ынтық бала көңілінде мәңгі қалып қойған сол үрейлі оқиғаны ­Телжан ағартушы-ғалым ре­тінде танылған шағында еске алған еді. Оқу-білімге құштарлығы ерте есейтіп, қоғамдық ортадағы құбылысты ой елегінен өткізген ­сайын оның рухани тынысы ашылған үстіне ашыла түсті. Ұлттық ақыл-ойымыздың сапа­лық дамуына үлес қосқан санаткер­лер шоғыры арасынан сәулесi айрықша жарқыраған жарық жұл­дыздарымыздың бiрi – Телжан Шо­нанұлы (Телжанның тегi ресми құжаттар мен әдебиеттерде қазақша -ұлы қосымшасы арқылы да, -ов жалғауы арқылы да жазылғандығын ескертемiз – А.Мектеп-тегі). ХХ ғасырдың басындағы тарихи өзгерiстер тұсында қазақ ұлтының мәдени дамуына бойындағы бар күш-қайратын сарқа жұмсап, сан алуан тақырыпқа қалам тербеген асыл азамат – заманның ұйытқып соққан құйыны көз жаздырып, ұрпақ қаперінен лажсыз шығаруына мәжбүрлеген тағдыр-талайы отызыншы жылдардағы сұрапыл сойқанға iлiкті. Жаратқан Ие оның бар болғаны 43 жыл ғана жарық дүниемен дидарласып, қазақ деген қалың елдiң санатында жер басып жүруiне жазыпты. Сол қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында ол әрбір жасына шаққан­да бір-бір кітаптан келетін ғылым­ның сан қилы саласынан қадау-қадау, кесек-кесек ұлттық ізашар зерт­теу еңбектер жазып қалдырды.

Әсіресе сол дәуір үшін өте зәру ғылыми-танымдық әдебиеттер мен оқулықтар, оқыту бағдарламасы мен әдістемелік құралдар, тіл үйреткіш пен сауат ашқыштар, тіл білімі мен әдебиеттануға, аймақтану мен саяси экономияға, аударма қисыны мен тәжірибесіне, ұлт мектебінің қалыптасуы мен тәрбиесіне, этнография мен қазақ жерінің отарлану тарихына арналған іргелі монографиялық зерттеулерін атап айтуға болады. Егер Телжанның тасқа басылған бұл еңбектерін заманындағы ұлттық баспа өнімінің сандық өсім көрсеткіші деңгейі­мен салыстырар болсақ, оның рухани мәдениетіміздің дамуы мен өріс жаюына қаншалықты үлес қосқанын айқындау қиынға соқпайды. «...Бұл мұқтаждықты өтеу үшін, кітәп басу жұмысын басқару үшін 1922 жылы «Қазағыстан мемлекет баспасы» деген ұйым ашылды... Бұл күнде «Қазағыстан» баспа жұмысы аяққа тұрып, ат арқасына мінді... Он жыл ішінде қазақша кітап басу жұмысы зымырап ілгерілегенін төменгі саннан көреміз: 1921 жылы – 3 кітәп – 7,500 дана 1922 жылы – 52 кітәп – 18,400 дана 1923 жылы – 49 кітәп – 15,045 дана 1924 жылы – 62 кітәп – 183,000 дана 1925 жылы – 46 кітәп – 408,000 дана 1926 жылы – 56 кітәп – 434,590 дана 1927 жылы – 49 кітәп – 420,400 дана 1928 жылы – 127 кітәп – 1, 054, 500 дана 1929 жылы – 179 кітәп – 1, 862, 730 дана 1930 жылы балалар мен үлкендер әліппелері ғана 550, 000 дана басылып шықты. 1921 жылы үш қана кітәп басылып, оның барлық саны 7, 500 болса, 1930 жылы бір әліппенің өзі 300, 000 бас басылды. Екі жылдық оқу құралы ғана 150, 000 басылып отыр. 1931 жылы тек үлкендер әліппесі ғана 600, 000 басылғалы отыр. Сөйтіп, сан жағынан мұнан он жыл бұрынғы баспа жұмысымызды бұл күнгімен салыстыруға да келмейді. Екеуінің арасы жер мен көктей. Бұл он жыл ішінде тапқан олжамыз. Бұл бір жағынан баспа жұмысымыздың марқайып қалғанын көрсетсе, екінші жағынан жалпы мәдениетіміздің күшейгенін көрсетеді. Кітәп оқушыларымыздың молайғанын, еңбекшілердің білім алуға аңтарылғанын көрсетеді. Мектебіміздің, мәдениетіміздің, оқушыларымыздың молайып қалғаны сондай, неше миллион кітәп шығып жатса да, әлі кітәп жұтынан құтыла алмай келеміз...» («Жаңа мектеп», 1930, №10), – деп шын көңілден Телжанның ақтарыла баяндауы көп жайды нақтылайды. Егер бұл есепке Телжан Шонанұлының баспадан жарық көрген қырықтан астам төл еңбектері де кіретінін ескерсек, оның ұлттық рухани мәдениетіміздегі алар орны анықтала түсері даусыз. Сондай-ақ ол – мерзімді баспасөзде орыс, қазақ тілінде жүздеген көлемдi-көлемдi ғылыми теориялық және әдiс­те­мелiк, қоғамдық өмірдің өте өзекті мәсе­лелеріне үн қатқан көсемсөз мақалалар мен өмiрбаяндық очерктер, сын пiкiрлер мен суреттемелер, аудармалар мен хабар-ошар жарияланымдардың авторы. Бiлгiр ғалым, көсемсөзші қаламгер қарымының ұшқырлығы, қай тақырыпқа жазса да, қозғап отырған мәселесiн жан-жақты індете зерделеу, байыбына жетiп, қанықтыра талдап-таразылау машығы шынайы хас шеберге тән қасиет. Бұл тұрғыда Телжан Шонанұлы – қазақ журналистикасындағы өз алдына мектеп боларлық тұлға санатындағы дара құбылыс. Зерек жанның қолына қалам алып қазақтың ар-намысын қорғауға атсалысып, сөздiң сиқырлы құдiретiмен ұлттың санасын тәрбиелеуге бел шешiп кiрiсуi тектiлiгiнiң белгiсi. Өз заманының бiлiмпазы ол жүрген ортасын оқу-өнердiң нұрына бөлеп, шалғай жатқан ауыл-аймақтың бәрiне газет-журнал, кiтаптары арқылы үнi жетiп, рухани байытып, жан дүниесiн тамаша ләззатқа кенелттi. Ел аузынан тастамай аңыз қылған биiк тұлғаның кезiнде жазған-сызғаны, сөйлеген сөзi, киген киiмi, жүрген-тұрғаны, қысқасы, бар болмыс-бiтiмi үлкен мәдениеттi, этикалық-эстетикалық сұлулық әлемiн әрбiр пенденiң жүрек түбiне шым-шымдап сiңiрiп тұрды. Саяси тұрғыда Ресей федерациясының субъектiсi ретiнде танылған Қазақ автономиясының, яки ресми төл мемлекеттiгiнiң бұғанасы бекiп, қабырғасы қатаюына Телжан Шонанұлының қайраткерлiк қарымы мен ұйымдастырушылық шалымы, ұстаздық ерендiгi мен ғалымдық тереңдiгi, күрескерлiк табандылығы мен публицистiк ұшқырлығының қосқан мол үлесi әлі талай еңбекке арқау болары күмәнсiз. Телжан Шонанұлы 1894 жылы 7 желтоқсанда Торғай облысы Ырғыз үйезi Аманкөл болысы 4 ауылда (қазiргi Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Аманкөл ауылында) дүниеге келген. Жастайынан алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын бiрбеткей Телжан сол жолда неге болса да аянбай, мойымай, көз майын, маңдай терiн төгуге бейiл еңбекқор едi. Бұл қасиетiн онымен араласқан замандастарының бәрi жақсы бiлдi. Оның өскен ортасы Ырғыз өңiрi, Ырғыз қаласы – кезiнде қазақтың жақсысы мен жайсаңының бас қосатын кiшiгiрiм рухани кiндiгi болған құтты мекен. Ырғыз топырағынан ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген небір сайыпқыран ірі тұлғалар шықты. Арғы тарихты айтпағанда, Кеңес өкіметі орнаған әзірдегі Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ҚКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Құлымбетов Ұзақбай Желдірбайұлы, мәдениет қайраткері, ғалым Тел Жаманмұрынұлы, үкімет мүшелері Жүргенов Темірбек, Алманов Бәймен. Соларға өкшелес, қанаттасып ғылыми-ағарту жолын қуған Телжан Шонанұлы шықты. Пат­ша­лық Ресейдiң қазақ даласындағы капиталистiк қатынастарды өркендетудiң орта­лықтарының бiрi Ырғызда шағын өндiрiс кәсiпшiлiгi, сауда орындары, орыс-қазақ балаларына арналған мектеп, ұлттық сипаттағы қала мәдениетi дамыған болатын. Орыс, татар саудагерлерi Ресейдiң түкпiр-түкпiрiнен әкелген тауарларын жергiлiктi мал шаруасымен айналысатын халықтың өнiмдерiне басына-бас айырбас жасап отыратын. Бұл тауарлардың арасында күнделiктi тұрмысқа қажеттi заттармен қатар сұранысқа орай орыс, татар тiлдерiндегi баспа өнiмдерi: газет, журнал, түрлi саладағы кiтаптар, күнтiзбелер де сатылатын. Осы арқылы көзi ашық, көңiлi ояу жандар патшалы Ресейдiң қоғамдық-саяси, мәдени-әлеуметтiк өмiрiндегi жаңалық хабарларды оқып, бiлiп отыратын. Жаңалыққа жаны құмар Телжан 1908–1912 жылдары Ырғыздағы екi кластық орыс-қазақ мектебiнен бiлiм нәрiн ­сусындауына мұмкiндiгi туады. Қабiлеттi жастың осы мектеп қабырғасында жүргенде орыс тiлiн жетiк меңгерiп алуының қолайлы сәтi келдi. Оған орыстың классик ақын-жазушылары А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, А.П.Чехов, Н.А.Крылов, Л.Н.Толстой, ­М.Е.Сал­тыков-Щедрин, В.Г.Белинский, Н.В.Гоголь, Н.Г.Чернышевский, Н.Д.Добролюбов, Д.И.Писарев, т.б. шығар­маларын қызыға оқып, танысуына мектептегi ұстаздарының ықпалы зор болды. Орыстың классикалық әдебиетiнiң үлгiлерiн оқу Телжанның қиял қанатының алысқа самғауына әсер еттi. Ол ендi қолына түскендi оқи беруге әдеттендi. Осы жылдары оның қолына Санк-Петербургтан басылған Абайдың тұңғыш жыр жинағы түседi. Абайдың поэзиясы мен ғибратты қара сөздерiн оқу оны ерекше бiр сезімге бөлеп, рухани қанаттандырады. Мектеп жанындағы кiтапханадан ол үнемi орыс, татар тiлiндегi мерзiмдi баспасөздi бiрде-бiр санын жiбермей, қадағалап танысып отыруды дағдысына айналдырады. Әсiресе оған Бахшасарайдан шығатын «Тәржiман», Орынборда басылатын «Уақыт» газеттерi мен «Шора» журналындағы түрік халықтарына ортақ қоғамдық-саяси, әлеуметтiк-мәдени мәселелерге байланысты көтерiлген тосын да өткір пiкiрлердiң ұлттық сананы оятуға пәрменi мықты болғаны сөзсіз. Ресей патшалығына қараған түріктекті ұлыстар арасында 1905 жылға дейін 22 жыл қатарынан жалғыздан-жалғыз жарық көрген Исмаилбек Ғаспірәлі редакторлық ететін «Тәржiман» (1883–1918 жылдар) газетінің абырой, даңқы аспандап тұрды. Бұл, әрине газет цензоры мен арнайы бақылау орындарының құпия мәліметтерінен белгілі болғандай едәуір әбігер тудырды. Империя жандармериясының жасырын әрекетімен 1885 жылы 9-шы шілдеде «Тәржiман» газетінің баспаханасы өртке оранды. ­Редактор мен газет ұжымы қыруар шығынға батты. Сөйткенмен, дұшпанының газет жұмысын тоқтатып, сағын сындырғысы келген дәмесінен ештеңе шықпады. Бұл жайсыз хабарды естіген бойда оқырман қауымның жер-жерден, тұс-тұстан «тілсіз жаудан» зардап шеккен Исмаилбек Ғаспірәлі басқарған «Тәржiман» газетіне моральдық және қаржылық қолдау жасаған көмегі Бахшасарайға лек-легімен ағылды. «Тәржiман» газетінің 1885 жылғы 18-ші қазандағы санында «аптасына екі мәрте жарық көретін газетіміздің өртенген баспаханасы жаңғырып, жаңаруына тілектестігін білдірген Қазан, Түмен, Орскі, Астрахан, Орынбор, Тифлис, Баку, Хвалынскі, Қасымов, Ырғыз, Ростов және басқа жерлерден келген хат-хабарларға бек ризашылық алғыс айтамыз» (Керимов И.А. «Живая» история Гаспринского. По материалам газеты «Терджиман» 1883–1914 Симферополь. «Тарпан». 1999. Стр. 18–19.), – делінген. Демек, империяның шет аймақтарындағы саяси-рухани маңызды орталық болған соқталы-соқталы ірі қалалармен Ырғыздың иықтаса қатар аталуы ағартушылық дәстүр сабақтастығы үзілмегендігінің жарқын куәсі. Татар басылымдарын оқыған сайын шәкiрт ойын тербетiп, жiгер-намысын қайрады. Ондай кезде ол шыдамсыздана дереу қолына қалам мен қағаз алып, жүрек түкпiрiндегi сырын ақтарып салуға асығатын. Өз толғанысын көпшiлiк ортаға салып, пiкiр бөлісуге деген құштарлық Телжанның бiлiм жолындағы сапарын жалғастырып, 1912 жылы Ырғыздағы екi кластық орыс-қазақ мектебiн бiтiрген соң, ол Орынбордағы Қазақ (қырғыз) мұғалiмдер институтына аттанады... Телжан Шонанұлының ғылыми-танымдық публицистикаға көбiрек ден қойып, қалам тербеуiне себеп болған өзi өмiр сүрген уақыт талабының үдесiнен шығудан туған рухани қажеттiлiктен едi. Ол не туралы жазып, толғаса да заманның дiлгер мәселесiне дер кезiнде үн қосты.

[caption id="attachment_41301" align="aligncenter" width="700"] 1928 жылы Қызылорда қаласында қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіруге байланысты өткен ғылыми мәжіліске қатысушылар: Бірінші қатарда (солдан оңға қарай) 3) Балқай Байтоғаев, 8) Басыр Мұхамеджанов. Екінші қатарда (солдан оңға қарай) 2) Құдайберген Жұбанұлы, 6) Телжан Шонанұлы, 7) Ораз Жандосұлы, 8) Әбдірахман Байділдин, 9) Әлімхан Ермекұлы, 12) Ғаббас Тоғжанұлы, 13) Бейімбет Майлин, 14) Ілияс Жансүгірұлы. Үшінші қатарда (солдан оңға қарай) 10) Жүсіпбек Аймауытұлы, 13) Мұхтар Мырзаұлы (Мурзин), 15)Елдес Омарұлы. Сурет тұңғыш рет жарияланып отыр. 1928 жылы Қызылорда қаласында қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіруге байланысты өткен ғылыми мәжіліске қатысушылар: Бірінші қатарда (солдан оңға қарай) 3) Балқай Байтоғаев, 8) Басыр Мұхамеджанов. Екінші қатарда (солдан оңға қарай) 2) Құдайберген Жұбанұлы, 6) Телжан Шонанұлы, 7) Ораз Жандосұлы, 8) Әбдірахман Байділдин, 9) Әлімхан Ермекұлы, 12) Ғаббас Тоғжанұлы, 13) Бейімбет Майлин, 14) Ілияс Жансүгірұлы. Үшінші қатарда (солдан оңға қарай) 10) Жүсіпбек Аймауытұлы, 13) Мұхтар Мырзаұлы (Мурзин), 15)Елдес Омарұлы. Сурет тұңғыш рет жарияланып отыр.[/caption]

Кеңестік саясат стратегиялық ірі жобаларды өз мүддесі тұрғысынан жүргізуді басты ұстанымы санады. Сондықтан мұндай күрделі саяси жобалар кеңес одағы құрамындағы түріктектес ұлт өкілдерінің мүддесіне сәйкес келе бермеді. 20–30 жылдардағы кеңестік шығыстағы «мәдени төңкерістің» даңқы жер жарғанмен іс жүзінде түріктектес ұлт пен ұлыстарды рухани дағдарысқа түсірген зияны да шаш етектен еді. Кеңес идеологтары түріктектес ұлт пен ұлыстарды еуропалық мәдениетке жеткізуді желеу етіп, ғасырлар бойы тұтынып келген араб қаріпті жазу таңбасын латын графикасына көшіруді алдына мақсат етті. Сол арқылы олар ең басты үш мәселені шешуді мұрат тұтты. Біріншіден, түріктекті ұлт пен ұлыстың мың жылдық рухани қоры мен тарихи сабақтастық жадын өшіру еді. Екіншіден, бұрынғы араб қаріпті әліпбиге негізделген жазу мұрасын түріктекті ұлт пен ұлыстардың баршасы рухани игілігі ретінде ортақ қолдана беретін әріптік бірыңғайлығы (унификация) болса, енді латын жазу нұсқасында бұл ерекшелігі мүлдем жойылды. Демек, туысқан түріктекті ұлт пен ұлыстарды бір-бірінен ажырату үшін әдістемелік (методологиялық) рухани оқшаулап, бөліп тастады. Үшіншіден, белгілі пайыздық мөлшерде хат танитын бұқараны суқараңғы болуға мәжбүрлеп, халықтың миын ­ауыстырды. Сөйтіп, кеңестік идеология жаппай «сауатсыз­дықпен күресуді» желеу еткен саясат жүргізіп, түрік тілдес республикалар мен аймақтарда қоғамдық ортаның мәдени дамуын үнемі бақылауда ұстаумен жасанды тежеуге жол берді. Кеңестік идеологтар қарсыластарын тұқыртып, олардың ғылыми пайымдары мен уәждерінен таптық мүдде іздеп, қылмысты іске тартып, аяусыз жазалады. Бұл ойын түбегейлі жүзеге асыруға кеңестік әкімшілік ресурсты, бар интеллектуалдық күшті түгел жұмылдырды. Мәселенің күн тәртібіне қойылуына байланысты ғылыми элита қақ жарылып, екі жікке бөлінді. Бірі – бұрынғы араб графикасы нұсқасындағы Ахмет Байтұрсынұлы жаңашылдықпен түзген әліпбиді қолдаса, екінші топ – латын әліпбиіне көшуді өркендеудің тиімді құралы санады. Кеңестік биліктің сценариі бойынша ұлттың буынды мәселесі әліпби таңдауға байланысты қазақ зиялыларын өзара ғылыми пікірталастырып, айтыстырып, оның астарынан қалайда тағатын «саяси теріс әрекет, айып» тауып, «халық жауы» ретінде көзін жоюға ілік іздеді. Дәп-дәл солай болды да. Алаш арыстары сыпыра нақақ қуғын-сүргіннің құрбанына ұшырады. Кейін қызыл империя қалың бұқараның назарын әдейі аударған латын әліпбиінен кириллге ешбір кедергісіз оп-оңай ауыстыра салды. Кеңестік баспасөз бұл саяси науқанды халыққа өңін айналдырып насихаттады. «...1929 жылдан бастап кеңесті күн­шы­ғыста ұлы мәдениет төңкерісі болды. Бұл – жаңа әліппе. Бұл жөнінде үн­діауро­пашылар, біздегі алашордашылар мейі­лінше қарсылық жасады. Мұның аты не? Мұның аты – әріптің (ә,і) тап құралы екен­дігінің анықтығы» (Аманжолұлы Сәрсен. – «Қазағстан бәлшебегі». Қазақ өлкелік партия комитетінің саясат-шаруашылық жорналы. 1931 ж., №10–11–12 өктәбір-декәбір.) – деп соқты. Қызыл империяның әріпті, дыбысты таптық белгіге телуі – шектен шыққан санаға сыймайтын көкіме сандырақ. Осы мақаласында автор қырағылық танытып былай деп бөсті: «Жуықта тілдің құрығынан ұстаған адамның бірі Шонанұлының баспаға берілгелі тұрған бір кітәбі қолға келді. Қарап шыққаннан кейін мынадай қорытындыға келдім. Марксшіл тіл білімінің негізін түсіндірудің орнынан оның негізгі жолдарын бұрмалаған тіл біліміне меганстерше, екі беттілерше қараған төрешілдікті, екінші жолмен айтқанда үндіауропашылдықты жамандап отырып жақсылаған. Тап тартысын бұрмалап, жоққа шығарған. Әрине мұндай кітәп енді басылмауы керек...» (Сонда.). Қызыл идеология қасиетті ғылымды саясаттың құлы қылуға белсенді әрекет жүргізді. Қазаққа ауадай қажет көз майын тауысқан дайын ғылыми еңбектер іштен шыққан зиянкестердің қолымен тап осылай жолы кесіліп, баспадан жарық көруге тиым салынды. Қызыл империя тіл құрылысы саясатын ортақ әліпби жасау идеясынан бастады. Осыған орай Бүкілодақтық Орталық Жаңа Алфавит Комитеті (ВЦКНА) құрылды. Одаққа әйгілі лингвист ғалымдар тіл майданына жұмылдырылып, «жаңа алфавитті» ұлт тілдеріне енгізуге жанын сала кірісті. Өйткені түпкі мақсат империяға қараған сандаған ұлттың жазба тілін ғылыми әдіспен бір арнаға бұру көзделді. Әсіресе араб қаріпті түрік тілдес республикаларда бұл үдеріс ерекше қарқын алды. Бұл саяси тапсырыс бойынша оншақты жылды қамтыған қоғамдық-әлеуметтік дүмпу тудырған ғылыми науқан бірінші кезекте түрік тілдес ұлттардың жазу үлгісін араб қарпінен латын әліпбиіне көшірумен тынды. Кеңестік тіл құрылысы саясатын алаш зиялылары мен туысқан татар ғалымдары ғылыми уәжбен тас-талқанын шығарып, қабылдаудан мүлдем бас тартты. Шарасы таусылған қызыл империя идеялық қарсыластарын қуғын-сүргінге ұшыратып, мәселені шектен тыс күш қолдану арқылы шешуге мәжбүр болды. Екінші кезекте кеңестік биліктің нұсқауымен орталықтан арнайы жіберілген маман ғалымдар түріктілдес ұлт пен ұлыстардың әліпбиін түзумен бірге емлелік қағидасы, ғылыми грамматикасын жазуға «көмектесіп, жетекшілік етуге» тиіс болды. Мұндағы мақсат туысқан түріктілдес ұлт пен ұлыстың рухани бірлігіне қарсы ғылыми тұрғыда тілдік бөгет жасайтын тосқауыл қою көзделді. Бір ғажабы, Қазақстанда Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы, Телжан Шонанұлы, Құдайберген Жұбанұлы сынды тілші-ғалымдар орталықтың «көмегіне» зәру еместігін білдіріп, сырттан ешкімді жолатпады. Дей тұрғанмен кеңестік әкімшілік билік тарапынан Жаңа әліпбиді енгізу ресми күшіне енді. Қазақ Орталық Атқару Комитеті президиумы мәжілісінің 25 ­маусым 1929 жылғы VII шақырылымы №9 хаттамасында: Кеңестік зұлмат жылдары жүргі­зіл­ген саяси науқандар Кремль көсем­дерінің құпия нұсқаулары бойынша белгілі уақыт аралығында сұрапыл, қауырт орындалуын әкімшілік қатаң талап етті. Кей жағдайда істің мән-жайын халық түсініп үлгермей шолақ белсенділер жоғарыға есеп беруге асығып, асыра сілтеп, жалған ақпар тарату қоғамдық үйреншікті құбылысқа айналды.

Ұлттық ақыл-ойымыздың сапа­лық дамуына үлес қосқан санаткер­лер шоғыры арасынан сәулесi айрықша жарқыраған жарық жұл­дыздарымыздың бiрi – Телжан Шо­нанұлы. ХХ ғасырдың басындағы тарихи өзгерiстер тұсында қазақ ұлтының мәдени дамуына бойындағы бар күш-қайратын сарқа жұмсап, сан алуан тақырыпқа қалам тербеген асыл азамат – заманның ұйытқып соққан құйыны көз жаздырып, ұрпақ қаперінен лажсыз шығаруына мәжбүрлеген тағдыр-талайы отызыншы жылдардағы сұрапыл сойқанға iлiкті. Жаратқан Ие оның бар болғаны 43 жыл ғана жарық дүниемен дидарласып, қазақ деген қалың елдiң санатында жер басып жүруiне жазыпты.

Иә, ұлт мүддесіне қайшылықты мәселе­лерді белден басып, мемле­кеттік машина тапап өтті. Бұл идеологиялық іс-шаралардың ғылыми дұрыс-бұрыстығымен санасқан басқарушы билік болған жоқ. Қызыл империяның көсемі В.И. Ленин араб қаріпті әліпбиді латын графикасына ауыстыру саясатын «Шығыстағы мәдени төңкеріс!» деп айрықша бағалап, идеологиялық науқанның көрігін онан әрі қыздырып жіберді. «Күн көсемнің» аузынан шыққан сөзді сұрқия саясаткер сымақтар мен ғалым атын жамылған алаяқ залымдар даналық ұранға балап, іліп әкетті. «Жаңа әліпбиге көшу қозғалысына қарсы Ахмет Байтұрсынұлы ұдайы елді желіктіріп, ұзын құлақ арқылы арандату жұмысын жүргізіп, хабар таратты. Олардың айтуынша [Ахмет Байтұрсынұлы пікірін жақтаушыларды айтып отыр – А.Мек.], қабылданатын жаңа алфавитті алу – ­христиан дінініне шоқынғанмен бір есеп, бұл орыстандыру саясаты, христианның исламға қарсы ашқан соғысы, тағы басқа, тағысын тағы айыптар тақты. Қазақ халқы алашордашылардың контрреволюциялық арандатуына сенген жоқ және Ахмет Байтұрсынұлының ой-пиғылы іске аспай әбден масқарасы шықты. Жаңа алфавит қазақтың қалың бұқарасының талап-тілегі бойынша қолданысқа еніп, бүгінгі күні керемет меңгеріп алды» (Габбас ­Тогжанов. О Байтурсунове и байтурсуновщине. – Алма-Ата – Москва. Краев. изд. Огиза в Казакстане, 1932. –32 с.), – деп, қызыл идеологияның арнайы тапсырысымен желбағар Ғаббас Тоғжанов алақайлап Ахаң, Әлекең бастаған алашордашы азаматтардың идеялық мұратын түгел қаралаған, табалаған кітап жазды. Алфавитке байланысты ұлт зиялыларының арасындағы ұзаққа созылған ғылыми талас-тартысқа дем берген кеңестік саясат жеме-жемге келгенде, мәселені өзі көздеген мүддесіне ыңғайлап шешіп тынды. Арап қаріпті қазақ жазуын қолдаушыларды – ескішіл, латын алфавитін жақтаушыларды – жаңашыл санап, қоғамдық пікір тудырудағы идеологияның алдына қойған мақсатын қалың бұқара соқыр, керең болмаса, сезбесіне шарасы жоқ еді. Жаңа алфавитті «Өктәбір әлібпесіне» теңеу соның бір айғағы. Республиканың аға газеті «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде «жаңашылдарға» бүйрегі бұрып, арнайы «латыншылдар бұрышы» айдарын ашу – мемлекеттің ұстанған саяси-идеологиялық бағытын аңғартары сөзсіз. Сондай-ақ Орталық Жаңа Алфавит Комитетін құру, латын жазуын жан-жақты насихаттайтын «Жаршы» журналын бастыру, әкімшілік күштің бір мақсатқа жұмылдырылуы – Ахаң бастаған жалғыз-жарым алаш арыстарының үнін шығарған жоқ. Латын алфавитін алудың тиімділігін ғылыми тұрғыда қолдап, оң пікірін аямаған қазақ зиялыларының бірсы­пырасы шын мәнінде ұлттың дамуы­на пәрменді серпін береді деген сенімде болғаны да рас. Солардың қатарында Телжан Шонанұлы да латын алфавитін рухани-әлеуметтік түлеудің тетігі, мәдени жаңалықтың жаршысындай насихаттауға белсенділік таныта, білек сыбана кірісті. Ғалым бұл тақырыпқа байланысты толғантқан ойларын үнемі республикалық, одақтық мерзімді баспасөз бетінде жазып та, мәртебелі ғылыми-тәжірибелік мәжілістер мен конференциялар да пікір-пайымдауларын ортаға салудан алдына жан салған жоқ. «Латын әліппесін [Бұл сөз алфавит ұғымында қолданылған. Демек, әліппе – оқулық атауы, әліпби – алфавит ұғымы әлі дербес лексикалық мағына үстелмеген – А.Мек.] алу керектігіне бір себеп мынау: латын әліппесі батыс Ауропа мәдениетінің әліппесі; Ауропа мәдениеті әлі көпке шейін жер жүзінің мәдениет бәйгесінде бәйгенің алдын бермеуі анық; сондықтан бір әліппе бүтін жер жүзіне әсерін тигізеді десек, сол әліппе – латын әліппесі болуға ыңғайы бар. Латын әліппесін алғанда, түрүк дыбыстарын тегіс таңбалау үшін бірлі-жарымды жаңа әріб қосу керек. Бұл – бір. Кейбір латын әрібін Ауропаның әр қалқы әр түрлі айтады; түрүктерде кейбір латын әрібін Ауропадан басқаша атауға мүмкін, бұл – екі. Барлық түрүк елдерінің әліппесі біреу-ақ болу үшін, бірінің жазғанын бірі іркілмей тану үшін әліппені алғанда былай ету керек: жаңадан қосылған әріб неғұрлым аз болсын; латын әрпі өзінде қандай дыбысқа ие болса, түрүк тілінде де сондай дыбысқа ие болсын; әрібтің бұрынғы дыбысы тым бұзылмасын...» (Тел-Жан. Ескі әліппе, жаңа әліппе мәселесі. – «Еңбекші қазақ» газеті, 1926 жыл, №87, әпрелдің 25-і.) деп тұжырымдады Телжан. Түрік дүниесін дүрліктірген алфавит мәселесі – саяси-идеологиялық зор майданға айналды. Телжан Шонанұлы ғылыми шығармашылық саладағы сан қилы ізденістерімен қатар ел өміріндегі кезек күттірмейтін науқанға айналған «Тіл құрылысы саясатына» тікелей араласып, бел ортасында жүрді. Қазақстанда жарық көретін беделді басылымдардың бірде-бірі Телжан Шонанұлы есімінсіз шықпады десек, өсіріп айтқандық емес. Оның қазақ тіл білімі мен ғылыми әдістемелік саласының өзекті мәселесіне арнаған зерттеу мақалалары сол дәуірдің мерзімді баспасөз беттерін парақтаған іздемпазға жиі ұшырасады. Солардың бірсыпырасын көктей шолып атасақ: «Түрікте латын әліпбиі», «Латын әліппесі туралы», «Мәскеудегі қазақ үстеденттері латын әліппесі жайында не деген?», «Латын әліппесін алуды неге тілейміз?», «Латыншылдардың толық жиылысы», «Қысқа мезгілді мұғалімдік курстар», «Орыс емлесі мен әліппесін өзгерту мәселесі», «Іштен оқуға үйрету әдісі», «Дауыстап оқытудың әдісі», «Өз бетінше оқып, білім алу жайында», «Оқу бұрын һәм бұл күнде», «Қазақша телеграм беру жайы», «Үмбетұлы Мәжитке жауап (латын әліппесі туралы сұрауына)», «Мәдениет төңкерісі майданында», «Емле кеңесінің қорытындысы», «Одақтық Жаңа Әліб Кіндік Комитеті III піленумі қорытындысы», тағысын тағы. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Телжан Шонанұлы латын графикасымен жарық көрген алғашқы «Әліппе» оқу құралының да авторы: «№19 хаттамадан үзінді көшірме. Қазақстан Халық Ағарту Комис­сариатының Ғылыми Әдістемелік Кеңесі 27/X–29 жыл. §10 Тыңдалды: Сыдықов жолдас ­«Телжан Шонанұлының «Үлкендерге арналған әліппе: Сауатты болыңдар!» қолжазбасын шұғыл түрде баспадан басып шығару аса қажет» деген ­хабарламасы. Қаулы етті: Жедел Орталық Жаңа Қазақ Әліббе кәмитеті есебінен бастырылсын. Дұрыс көшірме – Ғылыми Әдістемелік Кеңестің ғылыми қызметкері Страхов». Сондай-ақ ­Телжан баспадан жаңа жарық көріп, сиясы әлі кеуіп үлгермеген көркем және қоғамдық-саяси әдебиеттерге сыни пікір білдіріп, әділ бағасын беруге зор ықылас танытты. Ол көркем әдебиет пен әдебиет тарихын зерттеген еңбектерді де сүзгіден өткізіп, ұлттық тәрбиелік мәні, тіл тазалығы мен шұрайлығына көңіл аударып, дерекке сүйеніп, уәжді талдау жасап, сын мәдениетінің даму үдерісіне кәсіби тұрғыдан салиқалы ықпал, әсерін тигізді. Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының 1924 жылға арналған есебінде осы қоғамның мүшесі Телжан Шонанұлы­ның ғылыми шығармашылық ізденісін жоғары бағалап: «Шонанұлы – энциклопедист. Ол қазақ тілінде бірқатар еңбектер жазды, соның ішінде «Қазақ жер мәселесінің тарихи очеркі» еңбегін айрықша бағалауға лайық. Сондай-ақ ғылымға қосқан өте құнды үлесі «Орысша қазақ тілін үйреткіш». Төраға ­К.Саковский, Хатшы орнына П.Воронцовский (Труды общества изучения Казакстана (Киргизского края). Том VI. – Оренбург, 1925. С. 303.), – делінген. Дәл осы жылы Телжан Шонанұлы Орынбордағы Қазақ институтында дәріс берді. Сонымен бірге Халық Ағарту Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың білікті маманы және Ғылыми Методикалық Кеңестің методисі қызметін қатар алып жүрді. 1924 жылы маусымның 12–17-сі ара­лығында Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайына Телжан Шонанұлы да қатысты. Латын алфавитіне көшу жұмысы ­республика аумағында кең құлаш жаюы мен тиісті нұсқаулардың тез арада орындалу қарқынын қадағалауды Орталық Жаңа Қазақ Әліббе кәмитеті үйлестіріп отырды. Солай бола тұра, Қазақстан аумағына енетін Қарақалпақ автономиялы облысына, яғни қарақалпақ этникалық тілі мәселесіне қазақтардың тікелей араласуын Мәскеу билігі ұйғармады. Себебі тіл құрылысы саясатының тізгіні Кремльден басқарылып, қатаң бақылауға алынды. Сондықтан Орталық Жаңа Қазақ Әліббе кәмитеті төрағасы Телжан Шонанұлы Ленин­градтағы Ғылым ­Академиясы жанын­дағы Түркологиялық Кабинетке про­фес­сор Сергей Ефимович Маловқа хат жазады. «Орталық Жаңа Қазақ Әліббе кәмитеті биылғы жылы Қарақал­пақ автономиялы облысына лин­гвистикалық экспедиция жарақтайды. Экспедицияның алдына қоятын мақсаты қарақалпақ тілін зерттеу және ерекшелігін айқындау нәти­жесінде тұрақты орфографиясы мен грамматикасының негізін белгілеу. Орталық Жаңа Қазақ Әліббе кәмитеті бұл жөнінде өз ой-пікірін Ғылым Академиясымен ақылдаса отырып, экспедиция жұмысының жетекшілігіне Сізге таңдау жасады. Экспедиция жұмысының бағдарламасы осыған қоса тіркеледі. Экспедиция жұмысында Сізге қойылатын шарт мынадай: 1) Экспедиция құрамы 3 кісіден жасақ­талады (жетекші, оның көмекшісі, ғылыми қызметкер, ғылыми жұмысқа дайындайтын қазақ және қарақалпақ). 2) Экспедиция 3 ай мерзімге (15/VI – 15/IX-1930 ж.) есептелген. 3) Сізге Ленинградтан шыққан күніңіз­ден бастап қайтып оралғаныңыз­ша тәу­лігіне 10 (он) рубль телеграф арқы­лы жіберіледі. Темір жол, кеме ақысы және су қатынастарының түрле­ріне билет бағасы бойынша төленеді. 4) Экспедицияның Алматы мен Ленинградтан 15/VI – 30 ж. кешікпей шығуы тиіс. Дала жұмысын аяқтаған соң, жетекші жинаған барлық материалымен Алматыға есеп беруге келіп, зерттеген деректерін өңдеу, экспедициядан түйген тәжірибесін баяндауы тиіс. Егер Сіз келісіміңізді беретін болсаңыз, шұғыл арада Орталық Жаңа Қазақ Әліббе кәмитетіне хабар беруңізді өтінеміз. Мекен-жайы: Алматы, Халық Ағарту Комиссариаты, Орталық Жаңа Қазақ Әліббе кәмитеті. Орталық Жаңа Қазақ Әліббе кәми­теті­нің төрағасы Телжан Шонанұлы». Хат соңына «Ұсыныс шартқа келісемін. Сергей Малов. 21 мамыр 1930» делінген. Осыдан былай екі оқымысты арасындағы байланыс пошта мүмкіндігі арқылы орнайды. Ел ішінде кеңестік қуғын-сүргіннің алғашқы легі өртке тиген дауылдай оқыған-тоқыған алаш азаматтарын жалмап тұрған дәуірде Телжанның мұрындық болуымен профессор С.Е. Маловтың жетекшілігімен қарақалпақ лингвистикалық экспедициясы қыруар жұмыс тындырып, қарақалпақ тілінің ғылыми орнығуына ұшан-теңіз үлес қосты. Осының негізінде 1931 жылы Сергей Ефимович Маловтың «Заметки о каракалпакском языке», 1934 жылы «Каракалпакский язык и его изучение» атты ғылыми еңбектері баспадан жарық көрді. Бұл еңбектердің ғылыми құндылығы түрік тілдес ұлыстардың, соның ішінде қазақ тілінің де тарихи даму сипатын біртұтас зерделеуге аса қажет. Телжанның профессор Маловпен достық қарым-қатынаста хат жазысып, ғылыми-шығармашылық тығыз байланыста болуы, Сергей Ефимовичтің жеке мұрағат қорында бізге беймәлім екі тұлғаға қатысты тарихи бағалы деректер сақталуы күмәнсіз. Өйткені академик ­Сергей Ефимович Маловтың жазысып тұрған хат-хабарды сақтауға тап-тиянақтай, мұқият жан екеніне ешкімнің дауы жоқ... 1937 жылдың 21-ші шілдесінде НКВД шығармашылық кемелденген нағыз дер шағында Телжан Шонанұлын тұтқындап, іле-шала жұбайы Шаһзада Шонанованы да қамауға алды. Ұлы тұлғаның қасіреті соңында жолын қуар, іздеу салар ұрпағы да қалмады. Өкініштісі, бергенінен берері мол түпсіз терең, білімдар жанның баспаға дайындап жүрген қолжазбалары мен күллі рухани мұрасы, жиған-терген қазынасы қанқұйлы сұмырайдың тырнағында кетті. Кеңестендіру дәуірінде қызыл империяға ұлт мәдениеті мен ғылымының өркендегені, зиялы қауымының өсіп, есейгенінің түкке қажеті болмады. Ұлт зиялылары тұрмақ, қарапайым оқыған, тоқыған қауымның өзі кейін коммунистердің қылмысын әшкерелеуге тірі куә болуынан өлердей қорықты. Сол себептен репрессия машинасы ұлт оқығандарын нақақтан-нақақ аяусыз жапырып, жаншып өтті. Саналы ғұмырын халқын ағартуға, ілім-білімге арнаған оқымыстының жанын жаралауға, аппақ арын қаралауға НКВД жендеттері ҚазМУ-дың биология факультетінде 2-курста оқитын шәкірттеріне «кеңестік билік жүйесіне қарсы аудиторияда үгіт-насихат жүргізді» деген жалған жала жабуға еріксіз көндірді. Мына сұмдықты естігенде Телжанның жүрегі тас төбесіне шықты. Күйіктен құлазып, зұлымдықпен жасалған қиянатқа қорғансыздығынан жанын қоярға жер таппады. Ес-түсінен айырылған оның құлақ түбінен бебеулеген абыз Абайдың: «Күшік асырап, ит еттім, Ол балтырымды қанатты, Біреуге мылтық үйреттім, Ол мерген болды, мені атты» ­деген жолдары оқтын-оқтын жаңғырып тұрды...

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ, алаштанушы-ғалым

24683 рет

көрсетілді

117

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7206

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6200

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3940

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3331

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3289

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3258

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2986

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2974

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы