• Тарих
  • 27 Ақпан, 2020

ТҰҢҒЫШ ТӨРАҒА

ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ – 100 ЖЫЛ

1919 жылы 19 шілдеде құрылған Қазревкомның 15 айға созылған ұйымдастыру және дайындық жұмыстарының нәтижесінде 1920 жылы  4–12 қазанда өткен Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезінде 26 тамыздағы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен РКФСР Халкомкеңесінің «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасын құру туралы» декретіне сәйкес Қазақтың автономиялы республикасы құрылды. Бұл автономия – кешегі Алаш қозғалысы қол жеткізе алмай кеткен ұлттық территориялық мемлекеттілік еді. Биыл құрылғанына 100 жыл толатын Қазақ Республикасы Орталық Атқару комитетінің тұңғыш төрағасы – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешев болды. 

1920 жылы 4 қазанда кешкі сағат ­18.00-де Орынбордағы Свердлов атындағы клубта ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі салтанатты түрде ашылды. Съездің 5 қазанда өткен екінші мәжілісінде С.Меңдешев ­Мандат және Жер комиссиясының құрамына, сондай-ақ съездің халық ағарту секциясының төрағасы болып сайланды. Съездің кешкі мәжілісінде Қазревкомның қызметі туралы екі баяндама тыңдалды: Қазревкомның жалпы қызметі туралы – С.Арғыншиев, Қазревкомның жеке салалар бойынша жұмысы туралы – С.Меңдешев. Съездің 6 қазандағы мәжілісінде Қаз­ревкомның қызметі туралы баяндамалар талқыланып, жарыссөзге қатысқан ­Полюдов, ­С.Айт­хожин, И.Заромский сияқты делегаттар Қазревком жұмысын сынға алды. Ал Ә.Ермеков Қазревком қызметіне объективті баға бере отырып, жұмыс жүргізетін нақты территориясы да болмаған Қазревкомның Қазақ автономиясын құруға қол жеткізуі – үлкен жетістік деді. Сонымен қатар ол ҚАКСР құрамына барлық қазақ жерін жинау керегін атап көрсетті. С.Меңдешев жарыссөзден кейін қорытынды сөз сөйлеп: «...аса қиын жағдайда жұмыс істей отырып, қолдан келгеннің барлығын істедік» деп жауап қайтарды.

[caption id="attachment_56385" align="aligncenter" width="1000"]Қазревком Президиумының мүшелері. Ортада – С.Меңдешев, жанындағы Ә.Жангелдин. Қазревком Президиумының мүшелері. Ортада – С.Меңдешев, жанындағы Ә.Жангелдин.[/caption]

10-11 қазанда РК(б)П Қазоблбюросы ­облыстардан келген өкілдермен бірге біріккен пленум өткізді. Онда С.Меңдешев ҚазОАК Президиумының мүшесі әрі төрағасы қызметіне алдын ала белгіленді. Съездің соңғы күнгі мәжілісінде 75 адамнан тұратын ҚазОАК, оның Президиумының құрамы мен төрағасы және Халкомкеңес құрамы сайланды. С.Меңдешев бірауыздан ҚазОАК Президиумының мүшесі әрі төрағасы болып сайланды. Осылайша, ­республика аткомының тұңғыш төрағасы болған әрі ҚАКСР Кеңестерінің 2-4 съездерінде қайта сайланып отырған С.Меңдешев 1920 жылдың 12 қазанынан ­бастап 1925 жылдың 19 сәуіріне дейін ҚазОАК төрағасы қызметін үздіксіз атқарды. Қазақ республикасының тұңғыш ­төра­ғасы болған С.Меңдешев кім еді?! Ол 1882 жылы Астрахан губерниясы Бөкей ордасының Жаңа Қазан ауылында дүниеге келіп, 1898-1900 жылдары Хан ордасындағы 2-сыныпты училищеде білім алған, ­1900-1903 жылдары Қазандағы мұғалімдер семинариясында оқып, 1903-1916 ­жылдары туған ауылында мұғалім болып жұмыс істеген білікті ұстаз болатын. Арасында өз білімін жетілдіру мақсатында Санкт-Петербург университетінің жанындағы 3 айлық мұғалімдер курсын бітіріп (1911 жыл), 1913 жылы Санкт-Петербургте өткен Халық ағарту қызметкерлерінің Бүкілресейлік съезінде қазақтар арасындағы ­оқу-ағарту жағдайы туралы баяндама жасаған ­С.Меңдешев патша әкімшілігі мойындаған тұлға еді. Бесінші атасы Маңдай – Кіші жүз ханы Әбілқайырдың сарай қызметінде болған беделді төлеңгіттердің бірі болғанын ескерсек, С.Меңдешевтің текті әулеттен шыққанын байқаймыз. 1916 жылы Астрахан губернаторы И.Соко­ловскийге наразы болған қазақтар­дың арызын арқалап, Санкт-Петербургке жеткізбекші болған Н.Ибрагимов пен Ғ.Ахметовке тілмаш әрі жолбасшы болған С.Меңдешев 1916 жылы маусымда астанаға барады. Олар Мемлекеттік думаның жанындағы Мұсылман фракциясына Астрахан қазақтарының арыз-шағымын жеткізеді. Мұсылман фракциясы оларға көмектесуге ынта танытқанымен, мәселені шешуге қауқары жетпейді. Осы сапардан шілденің басында оралған С.Меңдешев 19-43 жас аралығындағы қазақтарды қара жұмысқа алу туралы патша жарлығын естіп, М.Сәрсембиевпен бірге қазақтарды ұлт-азаттық көтеріліске даярлауға қатысады. Мұны білген патша күзетінің тыңшылары С.Меңдешевті 22 шілдеде тұтқындап, 4 айға Астрахан түрмесіне қамайды. Саяси қызметі осылайша басталған С.Меңдешев Ақпан төңкерісінен кейін Бөкей Ордасындағы беделді қайраткерлердің біріне айналады.

1917 жылы 21 сәуірде Бөкей Ордасы­ның уақытша комиссары Б.Ниязов Хан Ордасында Бөкей қазақтарының І съезін өткізді. Осы съезде Ішкі Орданы басқару жөніндегі патшалық Уақытша кеңес тара­тылып, Уақытша үкіметтің билік ­органы ретінде «Астрахан өлкесіндегі қазақ халқын басқару жөніндегі Орталық Комитет» құрылды. Оның құрамына жергілікті белді қайраткерлермен бірге С.Меңдешев те кірді. Ал 1918 жылы 1-10 қыркүйек аралығында М.Тұнғанчиннің басшылығымен Хан ­ордасында Бөкей Ордасы қазақтарының ІІ облыстық съезі өтті. Онда Астрахан өлкесіне қарасты қазақ даласы губаткомының жаңа құрамы сайланды. Съезд шешімімен С.Меңдешев губаткомның төрағасы, ал орынбасары ­болып Ғ.Бөкейханов ­сайланды. С.Меңдешев Қазревком құрылғанға дейін төрағалық қызметпен бірге Бөкей губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі және Қамыс-Самар жер басқармасының төрағасы міндеттерін қатар алып жүрді. 1919 жылы 24 маусымда РКФСР Хал­ком­кеңесі төраға В.Лениннің қаты­суы­мен өткен мәжілісте Қазревком­ның жеке құрамы туралы мәселені талқы­лап, Қазревкомның бірінші құрамына С.Пестковский (төраға), В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғанчин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кірді. Осы күні В.Ленин С.Меңдешевке Қазревком мүшесінің мандатын тапсырды. 19 шілдеде құрылған Қазревком құрамындағы ­С.Мең­дешевке халық ағарту ­саласына басшылық ету жұмыстары жүктелді. В.Ленинмен Мәскеуде болған кездесуден соң ­Қазақ­станға қайтып келген С.Меңдешев 1919 жылы 5 тамызда Бөкей губерниясында РК(б)П қатарына өтті. 1919 жылы шілдеде жаңа құрылған Қазревком мүшесі әрі халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болған С.Меңдешев 1920 жылы 25 тамызда өткен РК(б)П ОК ­Саяси бюросы мәжілісінің қорытын­дысында жаңадан бекітілген Қазревкомның және Қазоблпартбюроның құрамына мүше ­болып кірді. Ерік-жігері мен қазақ халқына қызмет етсем деген құлшынысының арқасында Қазақстандағы ең жоғарғы кеңестік-партиялық биліктің құрамына ­енген С.Меңдешев 1920 жылы, 8 қыркүйекте Қазревком төрағасының орынбасары ­болып тағайындалды. ­Осылайша, Ақпан төңкерісінен кейінгі қысқа уақыттың ішінде жоғарғы билік құрамына кірген С.Меңдешев Кеңестердің Құрылтай съезінде Қазатком төрағасы ­болып сайланған еді. 1920 жылы 14 қазанда өткен ҚазОАК Президиумының бірінші мәжі­лісінде С.Меңдешев ҚазОАК жанындағы Әкімшілік комиссиясының төрағасы болып сайланды. Жаңа ғана құрылған жас республиканың басшысы ретінде С.Меңдешев бір уақытта бірнеше мемлекеттік комиссиялар мен халкоматтардың құрамында жұмыс істеуге мәжбүр болды. ҚазОАК төрағасы ретінде С.Меңдешевтің алдында тұрған алғашқы міндеттердің бірі әрі бірегейі – ­Қазақ­станның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру болды. С.Меңдешев басқарған Әкімшілік комиссия жұмысы 1920 жылы 25 қазанда Маңғышлақ уезі мен Закаспий облысына қарасты Красноводск уезінің 4-ші және 5-ші болыстарының аумағын ҚАКСР құрамына қосып, Адай уезін және 5 адамнан тұратын уревком құрамын бекітуден басталды. Қазақ АКСР-і құрылған күннен ­бастап Орталық пен Қазақстан өкімет органдарының арасында, Орталықтан ­келген орыс коммунистері мен жергілік­ті коммунистер арасында үнемі түсініс­пеушіліктер мен талас-тартыстар орын ала бастады. С.Меңдешев бастаған ҚАКСР басшылары қазақ халқының мүддесін қорғау ­жолында Орталық билік органдарымен және еуропалық коммунистермен саяси күрес жүргізді. Бірақ бүкіл саяси билікке ие, әскери күшке арқа сүйеген Орталықтағы жоғарғы билік ұлт аймақтарына өз өктемдігін қалауынша жүргізді. 1920 жылы қараша-желтоқсанда С.Меңдешевтің төрағалығымен өткен Қазатком Президиумының мәжілістерінде Сібревкомнан Ақмола және Семей ­облыстарын қабылдап алу мәселесі үздіксіз талқыланып отырды. 1920 жылғы 26 тамыздағы Қазақ АКСР-ін құру ­туралы декрет бойынша қосылуы шешіліп қойғанымен, бұл облыстарды қосып алу оңайға соқпады. Жаңа ғана құры­лып жатқан республикадағы кадр жетіс­пеу­шілігі мен кеңестік аппараттардың әлсіз­дігі, Қазатком мүмкіндігінің шектеулі болуы бұл жұмыстың жүзеге асырылуын ұзаққа созып жіберді. Сібревком өз кезе­гінде бұл облыстардан айырылып қалмау­дың барлық айла-тәсілдерін жасады. Ақмола және Семей облыстарын ҚАКСР-іне қабылдау жұмысы 1921 жылы 23 наурызда басталып, мамырдың соңына дейін жалғасты. С.Меңдешев бастаған Комиссияның құрамында И.Заромский, Ә.Досов, Ә.Әлібеков, С.Сейфуллин, С.Шәрипов және т.б. болды. Бірақ төтенше өкілетті комиссияның Омбы қаласына келіп, Ақмола және Семей ­облыстарын қосып алу бойынша жүргізген жұмыстары Сібревком мен Орталық тарапынан зор кедергілерге тап болды. Комиссия Қазақ республикасының мүддесі үшін үздіксіз күрес жүргізді. С.Меңдешев ҚАКСР құрамына қосылатын облыстарда басқару аппаратын қалыптастыру ісіне М.Әуезов, С.Сәдуақасов сияқты жігерлі де ­сауатты жастарды тартты. ҚазОАК төрағасы С.Меңдешев басқарған Төтенше өкілетті комиссияның табандылықпен жүргізген қажырлы күресінің арқасында Сібірден Ақмола және Семей облыстарын бөліп алды. 1921 жылдың ортасына қарай Ақмола және Семей облыстары түгелімен Қазақстанның қарауына өтті. С.Меңдешев Қазақстандағы ең жоғарғы мемлекеттік билік органының ­басшысы ретінде үлкен саяси беделге ие болды. Оны Қазақстанның партия ұйымы өткізген пленумдар мен бүкілқазақстандық партконференциялардың стенографиялық есептерінен анық байқауға ­болады. С.Меңдешев 1921 жылы 11-18 маусымда Орынборда өткен бірінші ­бүкіл­қазақ­стан­дық партконференция жұмысына қатысты. Конференцияның 15 маусым­дағы мәжі­лісінде В.Радус-Зенькович «ҚКСР-дегі партияның кезекті міндеттері» атты баяндама жасап, өз сөзінде еңбекші қазақ халқы барлық жаңалықтар мен өзгерістерге сенбей отыр, оларда бүкіл орыстарға жаулық пиғылдың бар екені сезіледі деген пікір білдірді. Ұлтшылдық тек қазақ кедейлеріне ғана емес, басшы қызметтердегі қазақтарға да тән деді. Баяндамашының сөзінен оның қазақ даласындағы жағдайдан алшақтығы және ұлт мәселесін дұрыс түсінбейтіні анық көрініп тұрды. В.Радус-Зенькович пен Г.Дунаевтың баяндамалары ­бойынша жарыссөзге түскен А.Асылбеков, С.Меңдешев, Ә.Жангелдиндер қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғады. «Мен, қазақтар арасында кеңестік билік бекіген жоқ деген мәлімдемені естідім. Ал мен шаруалардың (орыстардың – С.Ш.), ­казактар мен қазақтардың саяси деңгейі бірдей екенін айтқым келеді. Қазақтарға қарағанда, кеңес билігіне қарсылар шаруалар мен казактардың арасында баршылық» деп С.Меңдешев оларға жауап қайтарды. С.Меңдешевтің одан арғы сөздері – оның В.Радус-Зеньковичтің Қазақстандағы жағдай туралы түсінігінен әлдеқайда кең ­ойлайтынын әрі жағдайды анық біліп, РК(б)П ОК-нің ұлт мәселесіне қатысты саясаты мен Қазпартбюросы алдына қойып отырған міндеттерін жетік білетінін көрсетеді. С.Меңдешев қызметінің келесі бір үлкен бағыты – 1921-1922 жылдардағы Қазақстанның солтүстік-батыс аймақта­рындағы ашаршылықпен күрес болды. Оның басшылығымен Орал және Торғай облыстарының ашыққан тұрғындарына Ақмола және Семей облыстарынан нақты көмек ұйымдастырылды. С.Меңдешев Ташкентте өткен Түркістан кеңестерінің Х съезіне қатысу барысында, Түркістан республикасы басшылығымен аштыққа ұшыраған ҚАКСР халқына көмектесу бойынша нақты іс-шаралар жоспарын талқылап, келісімдерге қол жеткізеді. Келісім бойынша аштыққа ұшыраған Қазақ АКСР-нің 250 мың адамын Түркістан республикасы қабылдап, азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиіс болды. Архив құжаттарына қарай отырып, С.Меңдешевтің әрқашан ұлттық мүддеге адал болғанын, Орталықпен қарым-қатынаста аса сақ қимылдай отырып, қазақ халқының мақсат-мүддесінен туындайтын шешімдерді жүзеге асырғанын және осы бағытта бар күш-жігерін жұмсағанын көруге болады. Мысалы, 1922 жылы 2 наурызда ҚазОАК төрағасы С.Меңдешев Ұлт істері жөніндегі халкомы И.Сталинге хат жазып, Қазақстандағы аса қиын жағдайды, азық-түліктің жоқтығын баяндап, өз қызметінде жергілікті халықтың мұң-мұқтажын түсіне алмаған РК(б)П ОК-нің Қазақстандағы өкілетті өкілі В.Юдовскийді Қазақстаннан алып кетуді сұрайды. Көп ұзамай, С.Меңдешевтің бұл талабы орындалып, Қазақстандағы жағдайды мүлдем түсінгісі келмеген әрі қазақ топшылдық күресінің арасына түскен В.Юдовский шілдеде РК(б)П ОК қарауына оралды. Бұл оқиғадан С.Меңдешевтің И.Сталин алдындағы саяси беделін анық бағамдауға болады. С.Меңдешев алашордашылармен бірлесе жұмыс жүргізу қажеттігін жақтады. Мұны 1920 жылғы ҚАКСР кеңестерінің Құрылтай съезі қарсаңында болған қазақ қайраткерлерінің жалпы бейресми жиынында оның осы идеяны қолдауы; 1921 жылы 11 ақпанда өткен бірінші сайланған Қазаткомның 1-сессиясының 9-мәжілісінде Жер-су халкоматының баяндамасы ­бойынша орын алған жарыссөзде бірінші сөз кезегін Ә.Бөкейхановқа беруі; 1922 жылы 16 қазанда РК(б)П Қазобком Президиумы «Кенжин туралы» мәселені қарап, оны Қазақстаннан аластау туралы мәселе қойылғанда С.Меңдешевтің анағұрлым толық тексеру-тергеу жұмыстары жүргізілуі тиіс деуі; 1923 жылы 13 сәуірде РК(б)П Орталық Бақылау Комиссиясының мәжілісінде А.Кенжин туралы мәселе тағы да қаралып, бұл жолы ол адмирал Колчакқа барған Алашорда өкілі ретінде айыпталып, оны Қазақстаннан басқа ­жерге жіберу туралы шешім қабылданғанда, С.Меңдешевтің төрағалығымен 11 ­мамырда өткен ОК Ұйымдастыру бюросында А.Кенжиннің Қазақстан аумағында қалуына рұқсат беруі және т.б. сияқты нақты мысалдар, С.Меңдешев туралы тәуелсіздік жылдарындағы бірқатар зерттеулерде айтылған «солшыл», «мансапқор» деген айыптауларды теріске шығарады. Қолымызда жиналған архив құжаттарын талдау барысында С.Меңдешевтің барынша ұстамды әрі жағдайға қарай ҚАКСР мүддесі үшін әрекет ете білген саяси қайраткер болғанын бағамдадық. С.Меңдешев Қазатком төрағасы қыз­метінен кеткенге дейінгі барлық уақытта РК(б)П Қазобкомы Президиумының мүшесі болып сайланып отырды. Жоғарғы кеңестік мемлекеттік органның төрағасы ретінде әрі жоғарғы саяси билік мүшесі ретінде С.Меңдешев шовинистік пиғылдағы еуропалық коммунистерге қарсы үздіксіз күрес жүргізді. Бұл кезде Орталық саяси билік ұлттық автономиялық республикалар мен облыстардың жергілікті ұлт өкіл­де­рінен шыққан қайраткерлерді ұлттық көз­қарастары үшін қыспаққа ала бастаған еді. Ұлыорыстық шовинизм мен Орталық­тың отарлық саясатына қарсылық Қазақстанда да қарқын алып жатты. Бұл туралы Қазобком жауапты хатшысының міндетін атқарушы Г.Дунаевтың 1923 жылы 14 қыркүйекте РК(б)П ОК-нің атына шілде-тамыз айлары үшін жіберген жабық есептік хатында орыс коммунистері мен С.Меңдешев бастаған қазақ коммунистері арасындағы қайшылықтар егжей-тег­жейлі баяндалды. Қазақ қайраткерлері ҚАКСР-дегі бүкіл партиялық билік пен кеңестік органдардағы ­лауазымдарды қазақтандыруға күш сала бастады. С.Меңдешевтің күш салуымен 1922 жылы қаңтарда Қазақ қызметкерлерін есепке алу және тиімді пайдалану жөніндегі ҚазОАК комиссиясы құрылды. Оның міндеті барлық қазақ қызметкерлерін есепке алу және оларды кеңестік-партиялық жұмысқа пайдалану еді. Комиссия жергілікті атком­дардың жанынан өзінің төменгі тізбегін ұйым­дастыруға құқылы болды. Комиссия өз жұмысын 1922 жылдың соңына қарай аяқтады. 1922 жылы 6-13 қазан аралығында өткен ҚАКСР кеңестерінің ІІІ съезінде үкіметтің есепті баяндамасына орай қабылданған қаулыда төменнен жоғарыға дейінгі барлық кеңес аппараттарына қазақ жұмысшылары мен кедейлерін тарту жұмысы күшейтілсін, ҚАКСР территориясына қатысты заңдық актілердің қазақ тілінде жарық көруіне қатысты шаралар қабылдансын деген шешім қабылданған болатын. Ал 1923 жылы 22 қарашада қабылданған «Қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» Қазатком декретінде 1924 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚАКСР-дің барлық қазақ болыс­тарында және Ақтөбе губерниясының Адай, Торғай, Шалқар, Темір, Ақтөбе, Ырғыз уездерінде, Бөкей губерниясының барлық уездерінде, Орал губерниясының Жымпиты және Гурьев уездерінде, ­Семей губерниясының Қарқаралы және ­Зайсан уездерінде, Ақмола губерниясының Ақмола, Атбасар және Чарлык уездерінде қазақ тілінде іс жүргізу енгізілсін ­деген шешім қабылданды. Ал Орынбор губерниясының уездерінде, басқа губерниялар мен уездерде қазақ тілінде іс жүргізуді 1924 жылдың 1 шілдесінен кешікпей енгізу, оны орыс тілімен бірге қатар жүргізу міндеті белгіленді. Осы ­декрет жарияланған күннен бастап барлық өлкелік мекемелерге орыс тілімен қатар, қазақ тілінде іс жүргізу міндеттеліп, бұл жұмысты 1925 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқтау тапсырылды.

[caption id="attachment_56387" align="alignright" width="213"]Сейітқали Меңдешев Сейітқали Меңдешев[/caption]

1923 жылы 6 желтоқсанда Қазатком Президиумының қаулысы ­бойынша «Қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі Орталық Комиссия туралы ереже» бекітілді. Комиссияға: іс жүргізуге қазақ тілін енгізу жөніндегі жұмыстарды жоспарлау, ­республика бойынша барлық заң актілерін, қаулы-қарарларды қазақ тіліне аудару және баспадан шығару, ЖШИ халкоматымен бірлесе отырып іс жүргізу үлгілерін даярлау және оны енгізу, губаткомдардың жанындағы қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі жергілікті комиссиялардың жұмысына басшылық жасау, іс жүргізуді енгізу жөніндегі техникалық қызметкер мамандарын даярлау жөніндегі жоспарды даярлау ісі жүктелді. С.Меңдешев бастаған қазақ қайраткерлерінің мұндай ауқымды жұмысы көлемі мен сипаты жағынан 1919 жылы Т.Рысқұлов басқарған Мұсбюроның қызметін еске салады. Осындай жағдайда, Қазақстанда қызмет ­еткен орыс комму­нистері дабыл қағып, С.Меңдешевтің «ұлтшыл-ауытқушылық» бағыты ­туралы арыз-шағымдар Орталыққа қардай ­борады. Мәселеге РК(б)П ОК хатшысы И.Сталиннің өзі араласуға тура келді. Ол 1923 жылы 21 желтоқсанда С.Меңдешевке: «...Егер Қырреспублика құрамында белгілі бір пайыз орыстар болатын болса, [билік құрамында] орыстардан да өкілдердің болғаны әділетті болар еді» деп жеделхат жолдады. Бұл жеделхат РК(б)П ОК-нің ­позициясын білдіретін еді. Осыған қарамастан С.Меңдешев пен С.Сейфуллин бастаған қазақ қайраткерлері алған бағыттарынан қайтпады. 1924 жылдың 5-10 қаңтары аралығында өткен ҚАКСР кеңестерінің IV бүкілқазақтық съезінде «ҚырОАК және Халкомкеңестің есепті ­баяндамасы бойынша» қабылдаған қарарында бірінші кезекте қазақ жұмысшыларын кеңес аппаратындағы жұмыстарға тарту, кеңес мекемелеріндегі іс жүргізуді қазақ тіліне батыл түрде көшіру, әсіресе болыстық деңгейдегі қазақ қызметкерлерін жоспарлы және жүйелі түрде даярлау жөнінде шешім қабылдады.

[caption id="attachment_56386" align="alignleft" width="215"]Оң жақта Рәзия Меңдешева. Оң жақта Рәзия Меңдешева.[/caption]

Көп ұзамай, 1924 жылы 20 наурызда Қазат­ком қаулысымен «ҚКСР қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі губерниялық комиссиялар туралы ­ереже» бетіліп, қазақ тілінде іс жүргізу жұмысы ­республика көлемінде кеңінен қолға алынды. Ереже бойынша, негізгі міндеті – іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру болғанына қарамастан, Қазатком Президиумы жанындағы аталмыш Комиссия республиканың барлық деңгейіндегі мекемелері мен басқару аппараты үшін қазақтардан маман даярлауды ­жоспарлы түрде іске асыра бастады және ­оларды жұмысқа орналастырып отырды. 1924 жылдың басында республиканың барлық қазақ болаткомдарындағы орыс қызметкерлері қазақтармен алмастырылып, іс жүргізу қазақ тіліне көшірілді. 1924-1925 жылдары жергіліктендіру ісі ­республика көлемінде жақсы жолға қойылып, оң нәтиже бере бастады. Міне, осындай жағдайда, Қазақстан­дағы партиялық және кеңестік билік аппараттарында ұлттық басымдыққа ие болуды көздеген және жергіліктендіру саясатын мықтап қолға алған С.Меңдешевті қызметінен кетіру мәселесі РК(б)П ОК тарапынан қолға алынды. 1924 жыл С.Меңдешев үшін ауыр жыл болды. Ол ҚазОАК төрағасы ретінде қазақ жерлерін біріктіру жолындағы күресті одан ары жалғастырды. «Тұтас Түркістан» идеясының негізі болған Түркістан республикасын ұлттық республикаларға бөліп, оны ыдырату аясында жүргізілген 1924 жылғы Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу саясатында РК(б)П ОК барлық жерде қазақ халқымен шекаралас халық­тардың мүддесін қорғап, қазақтың жерлерін көпе-көрінеу әділетсіздікпен басқа республикаларға беріп жібергенін бүгінде архив құжаттарынан анық көріп отырмыз. 1924 жылы 8 шілдеде Қазобком ­Пре­зидиумы РК(б)П ОК Орта Азия бюро­сының Межелеу жөніндегі террито­риялық ­комиссиясын құрды. Осы комиссияның және ТАКСР құрамынан бөлінетін қазақ аудандарын басқару жөніндегі ревком төрағасы С.Меңдешев 1924 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Ташкен қаласында үлкен жұмыстар жүргізді. РК(б)П ОК Орта Азия бюросының, оның Территориялық комиссиясының жұмысына қатысты, Территориялық комиссияның Қазақ қосалқы комиссиясының жұмысына басшылық етті. Өкінішке қарай, Мәскеу қазақтың емес, өзбектің сөзін сөйледі. 1924 жылы 11 қазанда С.Меңдешев Мәскеуде РК(б)П ОК Саяси бюросының Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы мәселені қараған кезектен тыс арнайы мәжілісіне қатысты. Осы мәжілісте РК(б)П ОК Саяси Бюросы «Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы» мәселені қарап, 24 пункттен тұратын шешім қабылдады. Бұл шешім өзбек тарапының мүддесін қолдауымен ерекшеленді. Мәжілісте Ташкентті Өзбек республикасына беру туралы Саяси бюроның бұрынғы шешімі өз күшінде қалдырылды. Осылайша, қазақ қайраткерлерінің Ташкент үшін болған күресі ауыр жеңіліспен аяқталып, ежелден қазақ халқы қоныстанған 900 000 кв верст жердің орнына 600 000 кв верст жерге ие болып, 900 000 қазақ Өзбек республикасы құрамында қалып қойды. Ташкенттен айырылған Қазақ республикасында жаңа астана мәселесі күн тәртібіне көтерілді. 1924 жылы 23 желтоқсанда өткен Қазобком бюросының мәжілісінде Орынбор-Торғай облысын құру және ­облыс астанасы ретінде Орынбор қаласын қалдыру туралы шешім қабылданды. Ал С.Меңдешев ҚАКСР-ының жаңа астанасы ретінде Ақмешіт қаласын ұсынды. Осыған орай, 27 желтоқсанда С.Меңдешев РК(б)П ОК-ге хат жазып, онда Торғай және Орынбор облыстарын біріктіріп, ҚАКСР орталығы етіп Орынбор қаласын қалдыру туралы Қазобком шешімімен келіспейтіндігі ­туралы мәлімдеп, ҚАКСР астанасы ретінде Ақмешіт қаласын белгілеуді ұсынды. ҚАКСР мемлекеттік-партиялық билік номен­клатурасындағы күштердің арасал­­мағының өзгеруі – Орта Азия мен Қазақстандағы ұлттық-мемлекеттік ­межелеу саясаты мен ҚАКСР астанасы­ның ­Орынбордан Ақмешітке ауысуы ­барысында жүзеге асты. Ұлттық-мемле­кеттік ­ме­желеу саясаты қарсаңында Түрікат­­ком төрағасының орынбасары қыз­ме­тін атқарған белгілі қайраткер С.Қожанов­тың 1924 жылғы қарашада РК(б)П Қазоб­комының жауапты ­хатшысы қызметіне бекітілуі С.Меңдешевтің жағдайын қиындатып жіберді. Ендігі жерде С.Меңдешевті орнынан кетіруге бұрыннан мүдделі ҚАКСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы әрі Қазобком ­бюросы мүшелігіне кандидат С.Сәдуақасов пен С.Қожанов «блогы» құрылды. Бұрынғы Алашорда мүшелерінің зор қолдауына ие болып отырған бұл екі қайраткер бірлесе отырып, С.Меңдешевті орнынан кетіруге кірісті. С.Меңдешевті орнынан алу жоспары РК(б)П Қазөлкекомы бюросының 1925 жылы 7 сәуірде өткен жабық мәжілісінде жүзе­ге асырылды. 1925 жылы 15-19 сәуірде Ақме­шітте өткен V Бүкілқазақ кеңесте­рінің съезінде Мәскеу қолдаған Қожанов-Сәдуақасов блогы толық жеңіске жетті. Съездің соңғы мәжілісінде 1923 жылы С.Сейфуллин көтерген мәселе шешімін тауып, қазақ халқы өзінің ­тарихи атын қайтарып алды және жаңа ­астана ­Қы­зылорда деп аталды. Алдын ала комфракция дайындаған тізімге сәйкес және Съезд Президиумының ұсынысы ­бойынша тұтас дауыс беру арқылы жаңа Қазатком құрамы сайланды. С.Меңдешев Қазатком мүшелігіне өткенімен, 19 сәуірде 5-сайланған Қазаткомның 1-сессиясында Қазатком Президиумына сайланбай қалды. Съезден кейін, С.Меңдешевті қыз­ме­ті­нен кетіруге мүдделі болған С.Сәдуақасов пен С.Қожанов арасында алауыз­дық ­басталды. Қазатком төра­ғасы қызметіне ұсынылмай қалған С.Сәдуақасов съезд аяқталған күннен ­бастап, уәдесін орындамаған С.Қожановқа қарсы күрес бастады. Ал БК(б)П ОК үшін ендігі жерде С.Қожанов Қазақстанда қажет емес еді. 1925 жылы 20 ­мамырда С.Сәдуақасов И.Сталиннің атына хат ­жазды. Онда И.Сталинмен болған кездесуде екеуара болған әңгімені еске сала отырып: «4 жылдық жұмыс тәжірибесі жолдас Меңдешевтің Өлкелік деңгейдегі не кеңестік, не партиялық жұмысқа жетекшілік жасауға қабілетсіз екенін көрсетіп берді... Сондықтан Меңдешевті одан ары қарай РКП Қырғыз Өлкелік Комитетінің құрамында қалдыру Қырғызиядағы коммунистік партия ісіне және кеңестік билікке ешқандай пайда әкелмейді» ­деген қорытынды ­жасады. Хат мазмұнына қарағанда, кездесу барысында И.Сталин С.Сәдуақасовқа оның Қазақстан басшысына айналу мүмкіндігі туралы тұспалдап жеткізген сыңайлы. Оның С.Қожановпен бірлесіп, С.Меңдешевке қарсы саяси күрес жүргізуінің сыры осында жатқандай көрінеді. Одан ары С.Сәдуақасов: ­«...­Өлкеком хатшысы ретіндегі Қожанов фигурасы Қырғызиядағы партиялық-кеңестік құрылысқа бірқатар қолайсыздықтар әкеледі» дей отырып, «Меңдешев және Қожанов – бір медальдың екі жағы» деген баға берді. Ол одан ары қарай, Қазақстанда өсіп-жетілген жас қайраткерлер буыны бар, ендігі назар соларға аударылуы тиіс деп, өзінің бар екенін еске салды. Бірақ осы уақытқа дейін ұлтшылдығымен танылып үлгерген С.Сәдуақасовты Орталық қолдай қоймады. Өкінішке қарай, қазақ топшылдығы – Қазақстан басшылығына Ф.Голощекиннің келуін қамтамасыз етті. 1925 жылы 1 маусымда РК(б)П Қазөл­ке­комы С.Меңдешевті Қазақ өлкелік тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы қызметіне жіберді. Бұл жұмыста жарты жылдан астам уақыт болған ­С.Меңдешев одан ары Мәскеуге қызмет ауыстырып, РКФСР Экономикалық кеңесінің мүшесі ретінде қызмет атқарды. Тек 1930 жылы 29 шілдеде ғана, ҚАКСР Ағарту халкомы болып тағайындалған С.Меңдешев Қазақстанға қайта оралды. Ол бұл қызметті 1933 жылдың 25 маусымына дейін атқарды. 1933 жылы 25 маусымда Қазөлкеком ­бюросы С.Меңдешевті Қазатком жанындағы Ғылыми мекемелер жөніндегі комитетінің төрағасы етіп бекітті. С.Меңдешев осы қызметті атқара жүріп, Қазақстандағы алғаш­қы ғылыми мекемелердің құрылуы мен қалыптасуына жетекшілік жасады. Өзі де көптеген мемлекеттік комиссиялардың құрамында жұмыс істеді. С.Меңдешев 1933 жылы 10-14 желтоқсан аралығында құрылған Азамат соғысының тарихына көмектесу комиссиясының, 1936 жылы 28 мамырда құрылған Қазақ халқының және Қазақстан тарихы жөніндегі оқулық құрастыруды ұйымдастыру мен жетекшілік жасау жөніндегі комиссияның мүшесі болды. 1934 жылы 8-16 қаңтарда ­Алматыда өткен VIII партконференцияда С.Меңдешев Қазөлкекомның мүшесі болып, ал 1935 жылы қаңтарда өткен ҚАКСР кеңестерінің ІХ съезінде Қазаткомның, 9 қаңтарда өткен 9-сайланған Қазаткомның 1-сессия­сында Қазатком Президиумының мүшесі болып сайланды. С.Меңдешев 1935-1937 жылдары Қазатком Президиумының мүшесі ретінде республиканың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өміріне қатысты шешімдерді қабылдауға қатысты. 1937 жылы Қазатком жанындағы Ғылыми ­мекемелер жөніндегі комитетінің төрағасы, кейіннен ҚАКСР үкіметі жанындағы Қорықтар мен тарихи ескерткіштерді қорғау басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 1937 жылы 24 қыркүйекте С.Меңдешев Қазақстандағы ұлттық антикеңестік ұйым басшыларының бірі ретінде тұтқындалып, 1938 жылы 25 ақпанда ату жазасына кесілді. С.Меңдешев – бүгінгі тәуелсіз ­Қазақ­­станға негіз болған кеңестік қазақ мемле­кеттілігінің қалыптасуы мен ­дамуына үлкен үлес қосқан бірегей тұлға, қазақ жерінің тұтастығын қалпына келтіру және кеңестік билік органдарын қазақтандыру жолында, қазақ ағарту және ғылым салала­рының негізін қалауға ерен еңбек сіңірген қайраткер еді.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты

9057 рет

көрсетілді

102

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6696

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5959

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3700

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3088

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3045

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3021

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2751

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2735

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы