• Әдебиет
  • 02 Шілде, 2020

БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ ҚОЖАНАСЫРЛАРЫ (Әңгіме)

Нұрдәулет Ермековтың рухына 
Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ

«Өмірде күнде болып жататын күллі жайттың бәрі – күлкі тудыратын нәрселер емес, әрине! Бірақ күлкіге айналған жайттың қай-қайсысының негізінде де кәдімгі өмір шындығы жататыны – еш күмәнсіз...» деді Нұрдәулет аға бір әңгіме үстінде. Және соған өзі ғана сеніп қоймай, бізді де сендіргісі келіп айтты. – Мәселен... – деді ол, – «қауға сақал Қайролла» атанып кеткен бір қартаң ағамыздың кәдімгі қазан туралы дауы – біздің елде қалайша мәтел болып кеткеніне қараңыздаршы! ...Осы «Кемершидегі» совхоз директорының орынбасары болып жүрген кезім еді. Жаз айындағы қым-қуыт науқанның кезінде, пішеншілер бригадасынан әрі шаршап, әрі кеш келіп ұйықтап жатсам, таңертең ерте – таңғы сағат алтының шамасы-ау, – шешем оятады. – Тұр, Нұрдәулет! Қайролла ағаң келіп тұр. Саған шықсын дейді. Не шаруа екенін қайдам, айтпады. «Апыр-ай, аманшылық болса жарар еді... Таң атар-атпастан бұ шалдікі не жүріс?!» деп, апас-қапас киініп сыртқа шығайын. – Ассалаумағалейкүм, аға! Неғып ертелетіп жүрсіз... Жайшылық па? – болды аузыма түскен алғашқы сөз. – Жайшылық болса, жүрем бе осылай! – дегенінде, бір жамандық болып қалған екен деп, жүрегім тіпті мұздай болған. – Осы... сені жұрт сот болды дейді ғой, рас па?! – деді қауғадай қара сақалды ағамыз, кенет мені аң-таң қылып. Есіме сот кеңесшілігіне (заседатель­дікке) сайланғаным түсіп, соны сұрап тұрғанын біле қойдым. – Иә, рас! – Рас болса, осы ауыл менің баламнан басқа адамды тәртіпке шақырмай ма?! – деді ол сұрланып. Сөз екпініне қарағанда, өткенде жойдасыз тентектігі үшін сотталып кеткен баласының жайын әлдебір себеппен алдыға көлденең тартып тұрғанын ұға қойдым. – Неге шақырмайды? Шақырады тәртіпке... – Ендеше, кеше Әдібайдың баласы мас күйінде машина айдап жүріп, жерошақ басындағы қазанымды машинасымен басып, сындырып кетті. Қасында үш жігіт және бар! Соттаңдар соларды да! – деді түнеріп. Қауғадай сақалы әлі қап-қара күйінде тұрса да, егде тартып қалғаны еңкіш денесінен анық аңғарылатын ағамның қолында бір парақ қағазы бар екен, соны шошаңдатып: – Селсәбетке барсам, алмайды арызымды! «Бір қателік болған шығар... өздерің келісімге келсеңдерші! Бәлкім, ол жігіт қателігін мойындап, кешірім де сұрар, қазаныңызды да төлер. Аудандық сотқа берсеңіз, сіздің қазаныңыздан басқа солардың шаруасы жоқ болып отыр деймісіз!?» дейді. Мынау – сол Арыз! Алыңдар да, соттаңдар әлгілерді! Байқаймын, Қайрекеңнің көкі­регінде бір күйініш бар... Сол күйінішті қайтіп басарын білмей, «Менің балам сотталғанда, өзгелердің тентектік қылған балалары қалайша тайраңдап жүре береді? Тартсын олар да жазасын!» деп, солай еткізу үшін мені арқа тұтып келіп тұрған сыңайлы. Зер салсам, сельсовет төрағасынікі де дұрыс. Шамасы, қателік болған... Ал қателік үшін кісіні тек түрмеге отырғызу – шарт па?! Ондай-ондай іс – айып-анжымен-ақ шешілетін нәрсе ғой. Бірақ ағам көнбей, менімен құрдас сельсоветтің төрағасымен де біраз өжек­тессе керек. Сосын, айтқанын тың­дата алмаған ол қу: «Нұрдәулет – осы кісінің тумасы секілді еді ғой, әрі сот­тың кеңесшісі. Барсын соған! Қайтер екен?!» деп әдейі маған жіберген секілді. «Не істеу керек? Асығып-аптыға­тындай, қоғамға да, жеке адамға да, қауіп төндіретін іс емес. Бәлкім, біраздан соң тіпті екі жақ келісімге келіп те қалар. Ал әзірге «өгіз өлмейтін, арба да сынбайтын» бір амал табайын» дедім. Қауға сақал қарттың мінезі маған бұрыннан белгілі еді, әлгіндей шешімнің басыма келуі сол екен: – Жақсы, аға! Арызыңызды алып қалайын. Тездетіп қарармыз, – дедім, ісін тындырып беретін кісіге ұқсап. – Қазаныңыз неше қарыс еді өзі... Арызда бәрі жазылған шығар? Қуанып кеткен ағам: – Он екі қарыс!!! – деді желдене сөйлеп. «Осындай қазанды сындырған адам қалай сотталмай қалар екен?!» деген сенім бар жүзінде. Маған керегі де осы сөз еді: – «Он екі қарыс?!» Ой-бу-у, енді қайттік? – деп сан соқтым да қалдым. – Не болып қалды? – деді түкке түсінбеген Қайрекең. – Ендеше, аға, мұндай істі қарауға менің құқым жоқ! – Неге? – «Негеңіз» сол! Мен алты қарыстық қана қазан дауын қарай алам. Онан үлкен болса, аудандық сот қарайды. – Не дейд?! Әй, сені «Сот! Сот...» деп мақтағандағы барың – осы ма? Өзің түкке тұрмайтын бірдеңе екенсің ғой! Ашу қысқан, әрі менен түңілген ағам атына мініп алды да, қатты тебініп қайқайды... *** Қазан дауы осылайша... бір ауыз сөзбен біткен. Бірақ гәп – тіпті де мұнда емес-ті. Мәселе – содан кейін шыққан елдің мәтелінде-тұғын. Өнбес дауды қуып жүрген біреуді көрсе, енді жұрт: – «Әй, бұл – «қауға сақал Қайрол­ланың қазан дауы» секілді пәтуәсіз нәрсе ғой!» деп күлетінді шығарды емес пе? Ал мұны – әрбір күлкілі жайттың негізінде кәдімгі өмірдің қарапайым шындығы жататындығы демей, не дейсіз!? *** – Жә, бұл – бұрынғылардан қалған көнекөздердің түсінігі дейсіз бе, мінезі дейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Ал енді... жасы өзіңнің сәл ғана алдыңдағы ағалардың кейбірінің қылуасына қарасаңыз, не күлеріңді, не ашуланарыңды білмейсің! – деді әңгімеші сөзін одан әрі сабақтап. Бұл Нұрдәулет деген ағамыздың өзі – көп жыл «Кемершидегі» кеңшарда инженер, совхоз директорының орынбасары, директор болып, кейін аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы қызметінен зейнетке шыққан адам еді. Сондықтан ел-жұртпен (яғни әртүрлі мамандық иелерімен) көп араласқан; небір жақсы-жайсаңды да, телі-тентекті де, тіпті қисық-қыңырлардың да не түрін көрген; бірақ ұстамдылығын жоғалт­паған, әрі әзілін де тастамай қоса алып жүретін кісі-тұғын. Әсіресе елде қызмет еткен кездеріндегі біздің қазақ­тың өзге ұлтта ұшыраспайтын осындай қызық мінез-құлықтары мен күлкілі істерін, баладай аңқаулығы мен әр нәрсеге сенгіштігін, кейде тіпті періш­тедей тазалығы мен кісі сенбестей қожана­сырлығын айтқанда, жұртты да күлдіріп, өзі де күліп рахаттанып қалушы еді. Соның дәлеліндей: – ...Осы «Кемершиде» ел көрсе езу тартпай қала алмайтын тағы екі адам болды, – деп және бір әңгімені бастап кетті: – Олардың қылуасына жұрт күледі-ау, бірақ ешкім аттарын атай алмайтын! Бірі – Табыл дейтін ашықауыздау, әр нәрсеге сенгіш, аңқау кісі еді. Өзі менің нағашым болатын. Аңқау кісінің аузы үнемі күйіп жүретін әдеті. Ондайлар аузындағысынан айрылып қалса, өзінің ашықауыз, аңқаулығынан, яки ескерімсіз жүре беретінінен көрмейді; өзге біреу пысықтық жасап, алдындағы бұйырмыс несібесін, яки тиесілі нәрсесін арамдықпен алып кеткендей көреді. Сосын-ақ арты – шу! Дау – дамай! Арыз – құрыз! Екіншісі, Құдай бой-сойын соншама ықшамдап, әлденеге өте сараңдық жасаған – есепші Сахидан деген адам-ды. Ол өзі – шәпеттей ғана, қаңбақтай жеңіл кісі-тұғын. Қол-аяғы да қып-қысқа. Ашуланып кетіп, қолтығыңа қысып ала салсаң, бәлендей салмағы да жоқ – тоқтыдай тыпырлатып, әкете беруіңе әбден болады. Бірақ есіңізде болсын, содан кейінгі көретін күніңіз енді күн болмайды, түн болады. Өйткені мұндай тілі ащыны өмірі көрмеген болуыңыз керек. Удай-ау тілі, удай!!! Шақ-шақ еткенде, шекеңді шағады. «Түйедей болып, титтей кісіге тиіскенге өзіңді әлдеқандай көріп жүрген шығарсың... көрсетейін мен саған тиіскеннің көкесін!» деп келіп, өмірі естімеген сөздеріңді естіртіп, жетпіс жеті атаңның сай-сүйегін сырқыратқанда, «осы бәлеге қайдан жолай қойып едім?» деп, өзің-ақ жаныңнан безесің. Өйткені сөзі түскір – кісінің сүйегінен өтеді ғой! Төбе шашың тік тұрғанда, жының келіп, жетіп барып жағын айырып жіберейін десең, шәпеттей неменің бір уыс бет-аузынан басқа түгі жоқ. Ал үнін шығармай салмағыңмен баса салайын десең, омыртқасы опырылып, қабырғалары қақырап қала­тын сияқты. Сонан соң, тиіп кетсең консервінің қалбырындай жапы­рылып қалғалы тұрған бәленің шарылдаған даусынан құлағыңды басып, тұра қашудан басқа амалың не!? Асылы, байқасаңыз, Құдай тарапынан шөміштен қысылғандар – ылғи осындай шырт етпе, шамшыл; жоқ нәрсеге күмәншіл, күдік айтқандарға – шетінен шақар келеді... Сондайда бар ғой, өзің үшін емес, әлгіндейлер үшін Жаратушыға жалбарынып: – «Ей, Жасаған! Мына байғұстарды жаратқан соң, ел қатарлы ғып дұрыстап жаратпадыңыз ба?! Обалдарына қара­саңызшы!» деп, күнәһарлықпен өкпе айтқың кеп кетеді Құдайға! Сондықтан жоқ жерде – дау-далаба; түкке тұрмайтын нәрседен – шу шығып кетпес үшін, басқалар түгілі біздің көреген бастықтардың өздері ең алдымен солардың қамын ойлап: – «Ойбай, мына мақтау мен марапаттаудан, сый-сияпаттан әлгі пәленше-түгеншелер ұмыт қалып жүрмесін! Бәлеге ұрынармыз..» деп, солардың несібесін, солардың жай-жағдайын алдымен ойластырып жүргендері. Сөйткен күннің өзінде, бұлардың ісіне не күлмеске, не күйінбеске шараң жоқ! Қараңызшы! ...«Кемерши» совхозы бір жылы шаруашылықты орасан зор табыспен қорытындылап, соның нәтижесінде ауылдың орталық көшесіне бес-алты әсем тұрғын үй салынып, көшенің өзінің атын да «Коммунизм» қойып, біраз дүрілдеген. Сол «Коммунизмдегі» әсем алты үйді кімдерге береміз дегенде, орта мектептегі екі мұғалім мен өзіміз жалынып-жалпайып шақырып алған бір дәрігер жігіт – үшеуіне үш үй дау-дамайсыз тиді. Енді кімдерге береміз дегенде (әрине алғысы келетіндер көп қой), директор: – Ойбай, аш бәледен, қаш бәле! Әлгі... ылғи құр қалдым деп байбалам салып жүретін ашықауыз, аңқау Табыл мен шақар Сахидан ұмыт қалмасын. Не бәле шықса да, алдымен есеп-қисап бөліміндегі осы екеуінен шығады; үстімізден арыз-құрыз борап жүрер деп, қалған үш үйді: совхозға жаңадан келген бас агроном мен осы «екі шатаққа» бергізген. Бір күні директор шақырады. Келдім. – Мен ауданға пленумға жүргелі отырмын. Мына жаңадан салынған «Коммунизм» көшесінің бойындағы алты үйге ауыз су үшін құдық қазу керек, Нұрдәулет! – деді ол. – Құдық қазатын агрегатты шақырып қойып ем. Келген бойда, анау елге белгілі екі шатақтың үйінің тең ортасына агрегатты қойып, қазғызарсың. Жарай ма? – Жарайды! Агрегат келсін. Сосын екеуін де шақырып, өздерінің келісі­мімен көздерінше қаздырайын! – дедім. Келесі күні түске таман агрегат келді. Екі ағамызды шақырып алып: – Маған директор құдық қаздыруға тапсырма беріп кетті. Ертең артық-ауыс сөз болып жүрмесін. Үй арасы жүз метрден ғой... Әрқайсың өз үйіңнен елу қадамнан өлшеңдер; келіскен жерлеріңе – екі үйге де бірдей қашықтыққа белгі қағылып, сол жерден құдық қазылады! – дедім. – Ал қане, қайсың бастайсыңдар? – деуім сол екен: – Мен мынадан ит көйлекті бұрын тоздырғанмын, – деді бойы серейген Табыл ағамыз. – Сондықтан мен бастаймын! – Келісесіз бе? –дедім Сахиданға. – Жарайды! – деп бұ кісі келіскен болды. – Ал, баста онда! «Кім бастайды?» дегенде кезекті жеңіп алғанына қораздай қоқырайған ұзын бойлы Табекең бұтын керіңкіреп жіберіп, өз үйінен елу қадам жүріп келді де: – Қақ қазықты! – деді әміршідей бұйырып. Құдық қазушы балаға кім не десе де, бәрібір ғой, әрине! Қақты қазықты. Сахидан өзінің кішкене қадамымен өлшеп келе жатқансып біраз жүрді де, әлгі қазыққа жеткен кезінде: – Жарайды! Дұрыс қой... – деп міңгір ете қалды. Сонымен... Құдық қазылды! Келесі күні пленумға кеткен директор келіп, түске таман шақырады. Келсем, кабинетте Табыл отыр түтігіп. Оның әржағында бей-жай Сахидан. «Не болып қалды?» десем, құдық – бұты қысқа Сахиданның үйіне жақын қазылыпты! – Бұл не болғандарың? – деп директор ашу шақыра бастады. – Әй, Нұрдәулет, мен саған айтып кеткен жоқпын ба? Неге өлшемедің екі араны? Жауап бергенімше Табекең кетті бұрқырап: – Орынбасарыңыз құдықты әдейі Сахи­данның үйіне жақын қазғызды. Өйт­кені оның үйінің әргі жағында бас агрономның үйі тұр. Бұ кісінің соған жақсы атты көрінгісі келді... –деді қызарақтап. – Табеке-ау, өзіңіз кеше адымдап өлшеп келіп тұрып: – «Қақ қазықты!» дейтін жеріңізден қазылды ғой құдық! Ендігіңіз не дау? дедім мен. – Және бірінші болып өлшеген де өзіңіз... – Мен қайдан білейін! Сахиданның адымының қысқа екенін... Дей беріп еді: – Табеке, әуелі өзіңнің өлшегенің рас па? – деді директор сөзін бөліп. – Рас! – Ендеше, бұдан былай адымдап өлшегенді қойып, не нәрсені де метрлеп өлшейтін болыңыз! Барыңыздар, әңгіме тәмәм! – деді директор. ...Естіген ел ал кеп күлсін! Тіпті күні бүгінге дейін күледі. Күлмей қайтеді, біздің ауылдың Қожанасырларының осындай істерінің астарында кәдімгі болған оқиғалар жатыр ғой...

1608 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7226

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6211

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3951

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3342

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3300

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3269

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2997

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2986

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы