• Тарих
  • 24 Желтоқсан, 2020

ҚҰЛАНДЫ ДАЛАСЫНЫҢ ТАРИХЫ

Кезінде Алаш автономиясы тарихын мұрағат деректерін негізге алып, зерделі зерттеулерімен тұғырлы биігінен көріне білген танымал тарихшы, академик Кеңес Нұрпейіс: «Біздің институттың (Ғылым Академиясы тарих және этнология институты – Д.Е.) ұстанып отырған тұғырнамасы – қазақ мемлекеттілігінің тарихын 2000 жылдан да ары қарай тереңдету. Сақ, Үйсін, Қаңлы, Керей, Қыпшақ, Оғыз, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттерінің негізінде түркі тілдес, VIII-XIX ғасырлардан бастап мұсылман діндес тайпалардың мемлекеттік құрылымдары болған. Географиялық шекарасы қазіргі қазақ елінің аумағында болған арғы-бергі мемлекеттік құрылымдардың бәрі Қазақ хандығының арғы тегі» деп кесімді пікір білдірген екен.

Ал дәл бүгінгі күні бұған қарсы дау айтатын адам жоқ болар десек те «жау жоқ деме жар астында» дегендей, Ертіс өңірін мекендеген байырғы қазақ халқының тарихын орыс отарлауы кезеңінен, яғни XVIII ғасырдан бастайтын саясаткерлер мен «мемлекет қайраткерлері» шығып жүр.
Қазіргі Қазақстанның алып жатқан жерінде тіршілік еткен халықтың тарихына қарайтын болсақ, біздің жерімізде мыңдаған жыл бұрын ондаған қағанаттар, ұлыстар, мемлекеттік одақтар өмір сүргені белгілі. Ежелгі дәуір жылдары ұлыстық құрылымдар (протомемлекеттік) қағанаттар атауы­мен аталынып, кейінгі кезеңдегі тарихта ізі қалған сақтар, үйсіндер, қаңлылар және ғұндар қазақ халқының ежелгі ата-­бабалары екендігі дау тудырмас. Бір кездері сол тайпалардың, ұлыстардың, ордалардың атауымен аталған ерте орта ғасырлардағы ежелгі Түрік қағанаты, Батыс Түрік қағанаты, одан соңғы Түркеш қағандығы, Қарлұқ қағандығы, Оғыз мемлекеті, Қарахан хандығы, Қимақ және Қыпшақ бірлестіктері, Жошы ұлысы, Ақ Орда хандығы біздің алғашқы мемлекеттік құрылымдар болып есептеледі.
Қазақ даласының тарихы мен экологиялық проблемасын ұзақ жылдар зерттеген журналист, жазушы Сапабек Әсіп ақсақал өз зерттеулерінде: «Ә.Бөкейханов өз кітабында басылған «Екі жол» деген мақаласында: «Ертіске біздің қазақ Түркістаннан қайта келгені XVIII ғасырдың бас жағында. Бұл «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін болар. Қайта келді дейтінім: қазақ Шыңғыс хан жорығында Ертістің күншығыс жағынан Түркістан, Еділ, Жайық тарабына өткен. Арғын, Қыпшақ, Уақ, Керей айтып жүрген тарих сөзіне қарасақ, Ертіске алдымен Қанжығалы, Бәсентиін, Қыпшақ келген. Бұл қазақ айтып отырған сөз Ф.Щербина экспедициясының кітаптарында табылады. 1864 жылы Г.Потанин Омбы абақтысында отырып, Омбыдағы Западный Сибирь генерал-губернаторының мекемесіндегі архивті (ескі қағаздар) қарастырып, содан қазақ тарихы туралы тапқанын Карл Риттердің «Азия» деген кітапшасына қосымша қып басқан. Осы «Азияда» қыпшақ Қошқарбай батыр 1775 жылы Ертістің күншығысындағы жоңғарды Обь өзенінен өткізе, Алтай тауынан асыра қуады. Қошқарбайды мақтаған сөз осы күнге шейін Обь өзені бойында, Алтай тауында орыс мұжығы ішінде орыс тілінде сөйленіп жүр. Қошқарбай ұрпағы Омбы үйезі, Шарлақ қаласының кіреберісінде Қараөзек деген жерде. Ақмола округіне аға сұлтан болған Ыбырай атасы Жайықбай Қошқарбайға келіп паналаған. Бұлар Есілге Қараөзектен ауған башқұрт. Қазақтың Ыбырайды естек дейтіндері де содан». Қошқарбайдың жоңғарларды Обь өзенінен өткізе, Алтай тауын асыра қуып тастағанын ­жазып қалдырған аты-жөні белгісіз, елеусіз көптің бірі емес, әлемдік география ғылымына елеулі үлес қосқан Г.Н.Потанин ғой» деген деректі мағлұматтарды алға тарта отырып, бұл өлкені қазақтар ерте орта ғасырларда мекен-тұрақ етсе де шапқыншылықтарға ­байланысты жылыстап қоныс аударуға мәжбүр болып, кейіннен өздерінің ата-жұртына қайта көшіп келіп, тұрақтап қалғандығы туралы жазған екен.
Өлке тарихына байланысты қордаланған мәселелер тек тарихшылар ғана емес, жазушылар мен журналистердің қаламынан туындаған ­талай-талай публицистикалық мақалаларға да, танымдық зерттеу еңбектерге де, түрлі ой-толғау жазбаларға да тақырып болғандығы көзі қарақты зиялы қауым аға ұрпақ назарынан тыс қалған деуге негіз жоқ. Сонау тоқсаныншы жылдардың өзінде-ақ еліміз тәуелсіздікке қолы жетіп, етек-жеңімізді түгелдей бастаған кезімізде белгілі жазушы, ­журналист Б.Қыдырбекұлы егемендік алған атажұртқа қоныс аударуға талпынған жерлестерімізге тұсау болып тұрған проблемаларды айта келіп: «... Аты айтып тұрған Құлынды ­даласы, бүгінде Новосибирск атанып кеткен Ноғай Сібір, Барнаул атанып кеткен Баран ауыл (Қара ауыл), Қорған, Төмен, Сарытауды қалай дер едік.
Жеріміздегі құланды Пржевальскийден бұрын ешкім көрмегендей-ақ Пржевальский жылқысы атандырдық. Сөйттік те, домбайды (жабай есек) құлан дестік. Советтік жаңа шекара межесі сызылғанда орыс қарауына кеткен: Құланды ­даласы мен Омбының түстігі ...бүкіл Өр Алтайды ордалы қалың қазақтан кесіп тастап еді; «тың көтеру» аталған, қазақты біржола жаныштау науқаны кезінде Ресейге атаусыз кеткен қаншама колхоз, совхоз аумағын айтпағанда, бізді Моңғол елімен жалғастырып жатқан, айналасы ат шаптырым ғана жалғыз Жазатыр алқабының өзі неге тұрады – қатарлас қазақ арасына сына қағылды, енді Баян-Өлгейге қатынау үшін екі рет шекарадан өту керек болып тұр» деп ашына жазған жанайқайы арада отыз жыл өтсе де дәл бүгінгідей өзектілігін жойған жоқ (Б.Қыдырбекұлы. «Жетісу». 8.09.1990 жыл).
Алаштықтардың сол уақыт кезеңінде біреулер үшін «утопиялық», әрі радикалдық болып көрінген өз жобаларында қазақтар ­мекендеген барлық жерлерді біріктіру мақсатын ұстанғандығы олардың бағдарламаларынан да айқын байқалады. Олардың көздегені кезінде патшалық империя ­басып алған қазақ жерлерін заңды иелеріне қайтару мүддесі болғандығы анық. Алаш бағдарламасы жобасында: « ... Ресей Федеративтік мемлекетінің құрамдас бөлігі болуға тиісті Қазақ автономиясы бүкіл қазақ халқы мекендеген жерлерге иелік етеді («қазақ жүрген облыстарды байланыстырады») және тең құқықты Федерация мүшесі ретінде оған нұқсан келген жағдайда Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болып бөлініп шығады» деп анықтап атап, ашып көрсеткен.
Жалпы алаштықтардың бұл бағдарламасы жалаң ұранға емес, жергілікті халықтың этникалық құрамы мен шаруашылық ерекшеліктерін ғылыми зерттеулер барысына сүйеніп жазылғандығын айта кету керек. Алаштықтардың бұл еңбегі текке кетпей сол кездері аталынған аумақтың жалпы территориялық көлемі 3 миллион 467 мың 922 шаршы шақырым деп есепке алынып, жиырмасыншы жылдары Кеңес өкіметі белгілеген қазақ автономиялық республикасының жер көлемі осындай болып бекітілген екен. Бұл сол жылдардағы мұрағаттық деректермен сәйкес келеді. Белгіленген аймақтың 81 пайызын бес жарым миллион қазақ мекен еткен, қазақтар жалпы халықтың 54 пайызын құраған.
Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысқан. Олар Қостанай және Челябі облыстарын өз иеліктеріне алып қалуға барын салды. Үлкен айтыс-тартыс­тардан кейін Қостанай Қазақстанға, Челябі облысындағы қазақтар мекендеген біраз жерлер (қазіргі Қазақстанмен шектесетін Қызыл және Агапов аудандары) Сібір ревкомына тиесілі болып шешілген. Әлімхан Ермеков кейін Қазақстанның Алтай шекарасымен Корестеловск даласымен шекара бөлісуде Семей және Ақмола облыстарын Қазақстан құрамына енгізуге қатысып, сол жылдың 3 ақпанында Барнауылда Алтай өлкесінің 18 елді мекенін Семей облысының құрамына қосылуына тарихи үлес қосты. Ол жер тарихын жақсы білгендіктен де Ор (Орск), Челябь, Қорған – Құланды даласы, Алтай өлкесі, Ташкент қаласы, Шыршық аудандары да ежелден қазақ жері екенін, оны Қазақ автономиясына беруді талап еткендігін бүгінгі тарихи деректер дәлелдеп отыр.
1922 жылы құрылған Кеңестік Одаққа Қазақстан автономиялы республика құқығымен ғана кіре отырып, тек араға 14 жыл салып, 1936 жылы ғана толық Одақтас республика болу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстанның толыққанды тәуелсіздікке жеткенге дейінгі шекаралық белгілерді ­межелеуге байланысты тарихының бір парасы осындай. Патшалық отарлау кезеңінде әкімшілік жағынан төрт генерал-губернаторлыққа (Түркістан, Батыс-Сібір, Орынбор, Астрахан) бағындырылып, шашырап кеткен қазақ халқының этникалық территориясы (ата қонысы) Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасына тұтастай біріктірілуі үшін өз өмірлерін құрбандыққа шала отырып, түпкі мақсаттарына жеткен Алаш қайраткерлерінің ерлік істерін ұлықтап өту бүгінгі ұрпақтың мәңгілік парызы болмақ.

Дәуренбек Ескекбаев,
тарих ғылымының кандидаты

1461 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7059

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6133

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3871

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3264

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3218

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3193

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2921

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2909

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы