• Әдебиет
  • 29 Наурыз, 2012

Сегіз қырлы тәлімгер

Республикалық, облыстық баспасөзден Зарқын Тайшыбай деп қол қойған ойы құнарлы, тілі нәрлі мақалаларды оқып жүреміз. Радиодан, теледидардан сөйлесе, абыздай ақылман, әр сөзі мен пікірі орнықты. Соңғы 3-4 жылдың мұғдарында ғаламтордағы «Абай.kz» порталына маңызды-маңызды он шақты мақаласы шығып, тарады. Абай шығармашылығына арналған «Абайдың аршынына толған ат қандай?», «Абай мақтаған құс қандай?», «Абайдың нағашылары мен қайын жұрты» деген мақалаларды оқыған көзі ашық зиялы қауымның бей-жай қалмағанына сенімдімін. Поэзияның асыл жауһарын алыстан танып, сол қазынаны белден қазудың жақсы үлгісі осындай-ақ болар. Абай ақынды, Абай данышпанды бір кісідей білетін сияқты боламыз, бірақ профессор Тайшыбайдың мына зерттеулері мүлде тың бастама, бұрын айтылмаған сөз екеніне талай танысым таңқалып, таңдай қаққанда, өзім де шаттанып, салтанат күйіне енемін, шоқтығым биіктеп өсіп қаламын. Кейінгі кезде қазақтың басын қосып ел қылған, аруағыңнан айналайын Абылай туралы қалыңдығы кере қарыс, кесек-кесек кітаптарымен дүйім жұртты дүрліктіргенін көргенде, «ия, Алла, деніне саулық беріп, тіл-көзден сақтай гөр, ұстазымды» деп, жаратушыдан тілек тілегенімді де жасырмаймын. Иә, Зақаң өзі айтқандай, «Абылайды аңыздан арашалап алған» зерттеуші. Егер Сіз, құрметті оқырман, Зарқын Тайшыбайдың Абылай хан жөнінде жарық көрген еңбектерін оқысаңыз осындай пікірге келеріңіз хақ. Қазақ халқы үшін ұлы сын болған он сегізінші ғасырды толайым танып-білу үшін Абылай хан өмір сүрген дәуірді қамтитын Ресей мұрағаттарында қатталған деректерді қотара қарап, қопарып ақтарып шыққан зерттеуші Зарқын Тайшыбайдыкі шынында да үлкен рухани ерлік дер едім. Осы орайда тарих ғылымының докторы, көрнекті ғалым Жамбыл Артықбаев ағамның маған айтқан бір әңгімесі еске түседі: «Ресейдің мұрағаттарын шамам келгенше ақтарып, қарап жүрмін. Қазақ тарихына байланысты шаң басқан қаншама құжаттарға үңілудің сәті түсті. Сонда сол құжаттардың деніне алғаш рет Зақаңның ғана қолы тигенінің куәсі болдым. Өйткені, олардың барлығында «Таныстым, Зарқын Тайшыбай» деген жалғыз қол тұрады. Зақаң зерттеп кеткен сол құжаттарда, тіпті, қазіргі мүйізі қарағайдай тарихшы докторлардың қолы жоқ» дегені бар еді. Осындай жаратылысынан таза ниетті, ой өрісі ауқымды ғалымды, даладай дарқан үлкен жүректі ұлағатты ұстазды қарағандылық бір топ жастар рухани әкеміз ретінде қадір тұтып, қасына еріп, үлгі алып өстік. Зарқын Тайшыбайдың қалам сілтесінен, шешендігінен, айтқыштық сөз тапқырлығынан өнеге алдық. Осы арада мен профессордың Абай туралы салмақты да салиқалы «Абай және баспасөз» және «Абайтану арнасында» деп аталатын екі монографиясы туралы қысқаша айта кеткім келеді. Бұл еңбектердің қалай жазылғанына өзім куәмін. ...Е.А. Бөкетов атындағы Қа­рағанды мемлекеттік универси­тетінде бірге қызметтеспіз. Зақаң журналистика кафедрасының меңгерушісі, мен жастар ісі жөніндегі комитеттің жетекшісімін. Ақыл-кеңестің кені, жастарға қамқор, сөзі де, ісі де үлгі. Білімі терең, көрген-түйгені көп екеніне қанықпын. Бір күні маған Алматыға барып келгенін айтты. «Үш жұмыс апардым. Біреуі – Орталық Қазақстандағы әншілік дәстүрдің рухани өнегесі, бұл – философия болады, екіншісі – көрнекті Алаш қайраткері, қазақтың тұңғыш заң магистрі Жақып Ақбаев туралы зерттеу, бұл – тарих, бәлкім заң ғылымы болар, ал олардан басқасы – Абайдың көзі тірісінде тасқа басылған шығармалары, ұлы ақынның рухани қайнарлары. Үшеуі де кандидаттыққа татушы еді, профессор Рымғали Нұрғалиев Абай туралы еңбекті таңдады, өзі жетекші болатын болды, екі айға жетпей қорғауға тиіспін», – деді. Басқа ешкім білмейді екен. Сол бетте ҚарМУ баспасынан «Абай және баспасөз» деген монографиясын шығартып алды. Яғни, қорғамай тұрып, диссертациялық кеңес мүшелеріне ғылыми еңбегін таратып қоймақ. Естуім бар, алдын-ала бүкіл диссертациясын жария ету дегеніңіз тәжірибеде жоқ. Тіпті, біреулер мұны қауіп көреді. Сол жағын ескертіп көріп едім, «ештеңе етпес, бұйырғаны болады, осындайды мен бастап көрейін, тәуекел, еңбегім адал, таза ғылым», – деді. Өзім куә, Зақаңның диссертация дайындағанын ешкім білмейді. Cол күн де жетті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетіндегі қазақ әдебиетінен докторлық диссертация қорғайтын кеңестің мінберінде –өзіміздің Зарқын Тайшыбай ағамыз. Зақаң, қолында бір жапырақ қағаз жоқ, еркін көсіліп сөйлеп тұр. Анда-санда қолын сермеп қоя ма қалай? Төрде қазақтың маңдайына біткен өңшең марқасқалары – академиктер Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев бастаған жиырмаға жуық профессор. Байыппен көз тастап, сынай қарап Рымғали Нұрғалиев отыр. Диссертация қорғау дегенді былайғы жұрт «қиямет-қайым», аңыздағы «сират көпірінен» өткендей, қатал сын дейтін еді ғой. Ал, біздің Зақаң, беті ашық, залға тура қарап, Абайдың өлеңдері мен қара сөзінен үзінділерді жатқа айтып, желе-жортып барып, тыныс тапқандай болды. Қалтасынан орамалын алып, тершіген маңдайын сүртті. «Сұраққа жауап беруге дайынмын» дегендей, тыпыршып тұр. Мен қобалжып отырмын... – Абай орыс отаршылығына қарсы бір ауыз сөз айтпаған, бұған қалай қарайсыз? Алғашқы сұрақ осы екенін ұмыт­паппын. Шынында, орынды сұрақ сияқты. – Неге айтпасын. Бірінші айтқан Абай шығар. Бірақ, ол кісі біз сияқты жалаңтөс емес қой. «Сен тоқтат, бізге тәуелсіздік бер!» дейтін. Немесе «Ал, тәуелсіздік үшін күресейік!» деп қыннан қылыш суырып, атой салатын. Абай – терең. 19-ғасырда таудан құлаған қалың селдей қаптап келе жатқан орыс отаршылдығы тасқынына күрек ұстап қарсы шықпайды ғой. Сондықтан, қазақ қандастарын әуелі, ғылым-білімге, рухани байлық пен бекемдікке шақырды. Әуелі, «адам болайық!» деді, «көзімізді ашып, жан-жаққа көкіректегі саналы оймен қарай білейік» деді. Ақын сөздерінен мысалдар келтіріп, төгіп-төгіп жіберді. Дәлелдері мықты. «25-қара сөзіндегі «Орыстың тілін біл, тілін білсең... дағуасына кіресің, сөйтіп, оның орынсыз заң-зәкөнін танисың, қорлық-зорлығына көнбейсің...» деген жоқ па, «міне, отаршылдыққа нағыз қарсылық деген осы болса керек» деп барып тоқтағанда, академик Зәки Ахметов: – Пәлі, сөз-ақ!- деп қалды. – Көбіміз Абайдың осы жағын ескермей жүрміз-ау! Осыны айту керек қой, – деп, ақжарқын әдетінше, балаша қуанып, мәз болды. Қатты разы болды. Қойшы, әйтеуір, зал екі жарым сағаттай гуілдеді. Зақаң мүдірмейді. Қолтығы жаңа қыза бастаған тұлпардай көрінді маған. Жалғыз маған ғана емес, басқалар да шын пе­йілмен масаттанды. Жанарлары­нан Зақаңа деген мейір шуағын байқадым. Бір кезде, жиынды басқарып отырған Зейнолла Қабдолов орнынан көтеріліп: – Профессор мырзалар! Осымен бас-аяғын жинақтасақ қайтеді? Ендігі білмейтіндеріңді мына Тайшыбайдан өздерің сұрап аларсыңдар, – деп, жеңіл әзілмен ұсыныс тастады. Профессор Темірбек Қожакеев Зақаңның жасы елуден асып бара жатқанын біледі екен, тамағы қырылдаңқырап: – Бұл Тайшыбаев баяғыда-ақ доктор болатын еді, осында аспирантура бітірді, Бекхожин деген жетекші әкесі өліп қалып, отбасы жағдайымен ауылда қалып қойды. Ұмытпасам, тақырыбы революцияға дейінгі қазақ баспасөзінің тарихы болатын. Әлихан, Ахметтерге, Алашорда көсемдеріне соқпай өте алмайды, ол кезде мұндай тақырыпқа жол жоқ, қиын еді ғой, – деді де: – Өй, сен өзің алпысқа аяқ ба­сыпсың ғой! Мына тақырыбың құнды екен, содан бері қайда жүргенсің, – деп қойып қалғаны. Сонда Зақаң: – Абайға бару үшін пісуім керек болды, соған бөгелдім, – деп қысылмай, сабырмен тіл қатты. Мұнысы, рас. Шынында, Абылай, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сияқты алыптар туралы сөзді алпыстан бергілер айтып жатқанына, олардың жазған-сызғандарының көпшілігіне өзім де сенбеймін. Кітап көшіріп, ілгері-кейінгілердің пікірлерін сапырып, жаңғырта қайталау – ғылым емес қой. Ал, менің кейіпкерім Зарқын Тайшыбайдың нағыз оқымысты екенін сонда таныдым. Ғылыми жетекшісі ардақты ағамыз, марқұм Рымғали Нұрғалиев сөз берілсе де қозғалған жоқ. «Өздеріңіз тыңдап, біліп отырсыздыр ғой», деген баяу ғана. Сол Рымғали ағамыз, кейін Зақаңның ғалымдығы туралы айтқан бір сөзінде: «Баяғыда Абай туралы жазғаным бар еді, деп бір қара жігіт келіп тұр. Бетіне қараппын. «Мынау шала есті, шалық ұрған біреу шығар, әрісі Мұхтар Әуезов пен берісі Мекемтас Мырзахметовтен не қалып еді немесе тыңды жарып туған данышпан болар» деп, күдіктенгенмін. Ғалым-зерттеуші екен, бұл Зарқын, соған көзім анық жетті» деген сөздерін менен басқа да талай адамнан естідік. Жоғарыда өзім куә болған, жалғыз мен емес, Дандай Ысқақов хатшылық еткен, сол диссертациялық кеңестен алған әсерімді жылдар өткен соң, хатқа түсіруімнің жөні енді келіп отыр. Себебі – таяуда профессор Зарқын Тайшыбай жетпіс жасқа толады. Бәрін білемін. Ағамыздың өмір жолы, ғылымға келуі тақтайдай болған жоқ. Қасым ақын айтқандай: «Арпалыс алақұйын заманалар, алдымнан тұрып алды, мен не етермін» деп бармағын шайнап өткен арыстардың қатарында, кеңсе қызметі, бала-шаға қамымен жүріп қалған. Зарқын Тайшыбай – ұлт тарихын қатты қастерлеп, тарихты терең қазып келе жатқан қажырлы зерттеуші. Оның Мағжан өмірі туралы жазған ғылыми еңбегі қазақ топырағында туған озық өнеге десем, білетіндер дау айта қоймас. Бұл – Мағжан сынды күрескер, қайраткер әрі сыршыл да сыншыл ақынның өмірін қаза зерттеп, мұрағат деректерімен шегендеген туынды. Қазақ зиялыларының басынан кешкен тауқыметті қара сөзбен қайыстыра жырлаған өмір дастанындай оқылады. Тек, бір өкініштісі, қиырда жатқан ғалымның «Мағжанның Қызылжары» деген атпен, екі мың дана ғана болып 2007 жылы шыққан кітабы осы уақытқа дейін лайықты бағасын алған жоқ. Осындағы «Мағжан өмірі мен шығармашылығының елеулі кезеңдері» деген анықтамалықтың өзі жеке монографияның жүгін көтеріп тұр. Мақаланың бастауында мен профессор Тайшыбайды «рухани әкеміз» деп қалдым. Ол, сонымен қатар, өнер зерттеушісі. Ауыз толтырып айтарлықтай еңбектер берді. Орталық Қазақстанның ән-күйлерін, орындаушылық дәстүрді талдаған «Алтын бесік ән-орда» кітабы ертеректе, профессор Шамғон Қажығалиевтің алғысөзімен шыққан. Зақаң бірде: «Мәдидің әндерінде Тәттімбет күйлерінің сарыны бар» дегенде, Шамғон ағамыз, «Мен осыны аңғармаппын» деп, таңдана құптағанын естігенбіз. Кейін зер сала, тыңдап көрсек, шынында, солай екен. Қатар жүрген әнші-күйші замандастарым айтады: «Зақаңның халық музыкасы, орындаушылық өнер туралы жазғандарын оқығанда, көз алдыңа қобызы мен домбырасын өңгеріп отырған өнерлі қазақ келеді, құлағыңа шерлі күй мен әсем ән келеді. Саз дыбыстары мен әуендерін де қара сөзбен кестелеуге болады екен» дейді. Мұндай құдірет сезімтал жүректі, талғампаз эстеттің ғана қолынан келері хақ. Ұстазымыз Зарқын Тайшыбай туралы айтпағымыз талай мақалаға жүк болар. Оның Абылай хан туралы жазған еңбектеріне, соңғы шыққан «Қазақтың ханы – Абылай» деген қос томдығына тоқталған жоқпын. Тек, Абылай хан туралы бұрын-соңды жазылмаған бұл іргелі еңбектің автордың жанкешті ерлігі екенін айтқым келеді. Басқа да толып жатқан еңбектерін, басын қосып қайта шығарса, кемі 10-12 том болатынын білеміз. Олардың да кезегі келер. Бұл күнде Қызылжар шаһарын­да­ғы Солтүстік Қазақстан универси­те­тінде журналистер даярлап, профес­сор­лық қызмет атқарып жүрген Зар­қын Тайшыбай – «Қазақстан білім беру ісі­нің Құрметті қызметкері», «Қа­зақ­стан­ның Құрметті журналисі», омырауында – Ахмет Байтұрсынов атын­дағы медаль. Атақ-абыройдан кенде емес. Соның ішінде ең қымбаты – ол көпшілік мойындаған Ұстаз. Бұдан артық атақ бар ма екен?!

Ерлан Төлеутай, өнертанушы

4251 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6189

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5703

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3443

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2824

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2788

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2765

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2496

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2481

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы