• Тарих
  • 19 Сәуір, 2012

Жеті қыр, бір сыр. Қаламгер әрі қайраткер Камал Смайылов жайында ой-толғам

d0ba-d181d0bcd0b0d0b9d0bbd0bed0b2

Баурайында тұрған таудың биіктігі білінбейтіні, жаныңда жүрген жанның ұлықтығы білінбейтіні белгілі ғой. Биіктік те, ұлықтық та алыстаған сайын айқындалатын сияқты. Күні кеше басын бір жағына қисайтып, астынғы ернін шүйіріп, жымия күліп ортамызда жүрген Камал Смайылов ағамыздың да абзал мінезі мен асыл қасиеттері арамыздан кеткеннен бері, тіпті, айшықтала түскендей. Төгілте жазатын көп қырлы қаламгер, ағылта сөйлейтін шешен қайраткер, жарқ еткен жаңалықты қағып алып, жұмысқа пайдалана қоятын қабілетті ұйымдастырушы бүгінде көзімізден бұлбұл ұшқанын енді сезіп отырмыз. Қаламгерлік қасиеті туабітті журналист өзі тәрізді қабілет иелерін алғашқы аяқ алысынан танып, төңірегіне топтас­тыра қоятын еді. Сондықтан оның баспасөз ғана емес, радио, теледидар, кино саласындағы шәкірттері де көп болатын. Солардың бәріне ол пәк пейіл, ақкөңілмен қарап, талабының ұшталуына, қаламының шыңдалуына ұдайы қамқорлық жасап, ілгері ұмтылтатын. Тек бүгінде екінің бірі келіп, сеңгірінен мүшел тойын мерекелеп жатқан сексен жасқа жетпей, өмірден озғаны өкінішті-ақ. Бірде опера театрынан шығып, Алматы мейманханасының іргесінен өтетін табан жолмен төмен түсіп келе жатсам, қарсы алдымнан көше жиегіндегі кішкентай дүңгіршектен қол орамалымен аузын сүртіп шыға келген полковник ағамыз Олжабаймен жолығысып қалғаным бар. – Камал, Кәукен үшеуміз кез­десіп қалып, мына дүңгіршектен тамағымызды жібітіп шықтық, – деп ол ауыз жиғанша әлгі жерден Кәукен мен Камал ағаларымыз да шыға келді. – Апырай, Алатаудың баурайына қалай сиып жүр деп таңданатын тарланбоз ағаларым мынау үкіштей дүңгіршекке қалай сиып кеткенсіздер?! – деп әзілдей күлген едім. Бақсам, кемеңгердің кішіпейілдігі, атақтылардың қарапайымдығы екен ғой ол. Содан көп ұзамай, Камал ағамыз да қазақтың қайқы маңдайына симай, ортамызды ойсыратып, бақиға аттанып кетті. Жайраңдап ортамызда жүрсе сан қырлы қаламгер, сарабдал қайраткер Камал Смайылов бүгінде сексенге толатын еді.

Онда мен пединституттың үшінші курсында оқитынмын. Ол ана тіліміздің шетқақпай бола бастаған кезі ғой, қазақ әдебиеті факультеті болмағандықтан, орыс филологиясына түсуге тура келген-ді. Әйтеуір, мектепте алған білімнің беріктігінен оны да ойдағыдай игеріп кеткенмін. Алайда туған тілге деген құштарлық, сөз патшасына деген іңкәрлік жыр жазудан жаңылтпаған. Жазғандарым облыстық газеттерде жарияланып, кейбірі орысшаға аударылып та басылып жүрді. Қоярда қоймай жүріп, комсомол, кәсіподақ үйымдарын көндіріп, қазақ тілінде «Болашақ ұстаз» деген қабырға газетін шығарттым. Алғаш материалдарының денін өзім жазушы едім, кейін талапкерлер де, тілектестер де көбейді. «Қолмен жазғанның әсері аз болады» деп, мақалаларды облыстық газет редакциясында қазақ машинкасына бастырып әкеп ілетін болдық. Онымен де тынбай, әдебиет үйірмесін ұйымдастырып, талапкер жастардың басын кұрадық. Айында бір өтетін оның мәжілістеріне өзіміздің қыз-жігіттерді былай қойып, Карағандыдағы тау-кен және медицина институттарынан, тіпті, қазақ мектебінен де талапкер жастар қатысады. Кейбір мәжілістеріміз қызу айтыс-тартыспен өтіп, бір-біріміздің шығармаларымызды батыл сынап, білген ақыл-кеңесімізді айтатынбыз. Қазіргі кәнігі қаламгерлердің бірі, ол кезде оныншы сыныпта оқитын Әбдірахман Асылбековтің «Ара мен түлкі» атты мысалын талқылағанымыз әлі есімде. Шығармашылық сапармен кеншілер астанасына келген атақты жазушылар Сапарғали Бегалин, Берқайыр Аманшин, Сафуан Шаймерденовтің қадірлі қонағымыз болып, студенттер шығармасы туралы ой-пікірлерін ортаға салғаны бар. Жергілікті жазушы-журналистер, әсіресе, ақын Мақсұт Байсейітов үйірме отырысына жиі қатысып, жазғандарымызды мұқият оқып, бағыт-бағдар сілтеп отыратын. Үйірме мүшелерінің күшімен «Жас қалам» атты қолжазба журнал шығарып, оны оқу залына қойып қоятынбыз. Қауырсын қанат жас әдебиетшілердің өлеңдері мен әңгімелері шығатын ол журналдың оқырмандары мен жанашырлары да баршылық болатын. Сондай күндердің бірінде Алматыдан ауысып келген бір курстас құрбымызға үріп ауызға салғандай аққұба келген әдеміше бір қыздың келіп тұратынын көзіміз шалды. Орта бойлы, талдырмаш, аршыған жұмыртқадай аппақ ажарлы қыздың Әділә деген есімі де ерекше көрінді. Оған көзі түскен жігіттер әдеттегідей курстасымызға «таныстыр» деп қолқа салады ғой, баяғы. – Ой, ол қыз сендерге қайдан қарасын, – деп құрбымыз қолды-аяққа отырғызбайды. – Білсеңдер бар ғой, ол анау-мынау емес, кәдімгі Камал Смайыловтың балдызы! – Камалың, қай Камал? – Осы облыстағы «Лениншіл жастың» тіл­шісі, жастар газетінің өкілетті өкілі, – деп, тіпті, көтермелеп қояды кұрбымыз. Өз басым, енді қыздан гөрі Камалдың өзімен танысуға асықтым. Газетте жарияланған материалдарын жібермей оқып, жақсыларын жолдас­тарыма айтып, насихаттайтын болдым. Әсіресе, оның «Қыз намысы» атты мақаласының келелі мәселе көтеріп, қазақ қыздарының бұйығылана бермей, ұяңдық бұғауын үзіп, қоғамдық өмірге білек сыбана араласуын абзал міндет етіп алға тартыпты. Ол дүйім республика жұртшылығын дүр сілкіндіріп, үлкен үндестік тапты. Сондағы пікірлерді біздің студент қауымы да қызу қолдады. Ұзамай автордың өзімен кездесудің де сәті түсті. Қабырға газетімізді көріп, үйірмеміздің жұмысымен танысып, біраз жайды сұрап, біліп алған сыңайлы. – Көкшетаулық көрінесің, Сүлеймен Ақтаевқа қандай жақындығың бар? – деп сұрады ол салған жерден. – Бір мектепте оқыған соң өзі іні тұтып жүреді. Оның үстіне бір ауданнанбыз, аты-жөніміз ұқсас. Әйтпесе, жан жақындығы болмаса, қан жақындығымыз жоқ, — деп жауап бердім. Жоғары курс студенттерінің жиын-тойы, үйлену дегендері көп болады ғой. Ондай жиындардан тілші ағамыз да бас тартпай жарқылдап, көбіне ең ортасында жүреді. Күлгенде қысылып кететін көзінен мейірім шашырап, оң көзінің алдында әлдебір жарақаттан қалған сызат көрінбей, жүзі нұрланып кететін. Оңға қайырған кайратты қоңыр шашы онша ырыққа көнбейтін ақсұр өңді, орта бойлы жұқалтаң жігіт өзіңмен өзің болып, кез келгенмен демде шүйіркелесіп жүре береді. Сондай тойлардың бірінде кездесіп, ол мені Нәділә жеңгемізге «мына жігіт біздің Сүлеймен Ақтаевтың інісі’ деп таныстырды. Жазғы демалысқа барғанымда облыстық газетте істеп жүрген Сүлекеңмен кездесіп, Камалды көріп тұратынымды, кейде ақыл-кеңес алатынымды айтқанымда: – О, ол келешегі өте зор жігіт. Уни­вер­ситетті үздік бітірген, әрі жастар жетекшілерінің бірі болатын. Өзі де текті жерден шықса керек. Әйгілі ақын, батыр журналист Баубек Бұлқышевтің немере інісі ғой, – деп, курстасы жайында біраз мағлұмат берген. Баубек дегенге мен елең ете қалғанмын. Өйткені, ол кезде жастардың пірі Саттар Ерубаев пен Баубек Бұлқышев болушы еді ғой. Менің кұрдастарымның арасында ол екеуіне енжар қарап, шығармаларын қызыға да құныға оқымайтындар кемде-кем болар? Ұлы Отан соғысы жылдарында «Комсомольская правдада» жарияланған толғауларын қазақ тіліне Ғабит Мүсіреповтің өзі аударған Баубек туындыларын тебіренбей, толқымай оқу мүмкін емес. Ал оның туысы болу әрі жолын қуып, қалам тербеу қандай бақыт десейші! Көз алдымда Камал аға да өсіп жүре берді. Әншейін ауылдас қана емес, Баубек Камал­дың шын мәніндегі етжақын ағасы екен. Оны Кәмекең­нің өзі айтып та, жазып та кеткен. Бұлқыш пен Смайыл ағалы-інілі, ал Смайылдың баласы Сейітжан (Камалдың әкесі) кезінде Троицк қаласында медресе бітірген, қазақша-орыс­ша сауатты болыпты. Ұлытау, Қорғантас мектеп­терінде ұстаздық етіп, бала оқытқан ол, немере інісі Баубектің оқуға деген ерекше ынта-зейінін байқап, отыз екінші жылы Қарсақбайдағы фа­брика-завод училищесіне әкеп түсіреді. Бұл қазақ даласындағы алапат аштықтың әбжылан­дай ысқырып, жұртты қынадай қырып жатқан тұсы еді. Әрі баласын көргелі, әрі күнкөрістік бірде­ңе тапқалы көктемде жаяу-жалпы Қарсақбайға бет алған Баубектің әке-шешесі Бұлқыш пен Бәтима жол-жөнекей аштықтан опат болады да, болашақ ақынның сенері де, сүйенері де жалғыз Сейітжан ағасы болып қалады. Тағдыр сол жалғыз таянышын да қимай, отыз жетінші жылы жазықсыз жазаға ұшыратып, әйгілі елу сегізінші баппен айыпталып, Сейітжан он жылға сотталып кетеді. Алматы түбіндегі Шамалған түрмесінде отырып, денсаулығына байланысты босанып, екі жылдан соң ол еліне әрең оралады. Сонда жолдаған хатына жауап ретінде інісі Баубектің былай деп жазғаны бар. «Аға, Сіздің хатыңызды алып қуандым, әрі кеудемнен құлаған аз ғана өмірімдегі биік шың қайта көтерілген сияқты болды. Менің қайда жүрсем де есімнен кетпейтін, бір мықты қорғаным сияқты, кейінгі шақта көңілім тоқтайтын, кейде өзімнен-өзім қуанатын биік мұнарам қайта көтерілгендей болды» деп жазады ақын. Баубек майданға жан досы, дарынды жазушы Мұқан Иманжановтың шаңырағынан аттанған еді. Оның киім-кешегі мен кітаптары, қолжазбалары да сол үйде қалады. Кейін Камал мектеп бітіріп оқуға түскелі Алматыға келгенде Мұқаңның әкесі, халық ақыны Иманжан Жылқайдаров ақсақал оны үйіне шақырып әкеп, сандықтан Баубектің әлі киілмеген су жаңа қара көк бостон костюмі мен жап-жаңа былғары қара бәтеңкесін, екі жібек жейдесі мен галстугін беріп: «Мына киімдерге ендігі ие өзіңсің, ағаңның сенен бөтен мұрагері жоқ», – депті. Сонда жас жігіттің жүрегі бір дір етіп, көңілінде: «Киім-кешек табылар-ау, дүниеге мұрагер болған да ештеңе емес, ақын ағаның, асыл ағаның жолын қуып, шіркін, шығармашылық тұрғыдан мұрагер болсам ғой» деген бір ой бұрқ ете қалған еді. Камал ғұмыр бойы сол мұратты ту тұтып, сол арманға жетуге ұмтылған секілді. Карағандыдан «Лениншіл жастың» аппаратына шақырылып, одан жеткіншектердің жаңадан ашылған ғылыми-танымдық журналы «Білім және еңбекке» (бүгінгі «Зерде») бас редактор болып тағайындалады. Бірер жылдан соң Қазақстан комсомолы орталық комитетінің хатшысы болып жоғарылатылды. Хатшы болып жүргенде Көкшетауға іссапармен келіп, жастардың мән-жайымен, жұрттың жағдайымен танысқаннан кейін облыстық газетте әдеби қызметкер болып жүрген мені және жерлесім, жас журналист Нөгербек Мағзұмовты облыстық комсомол комитетіне арнайы шақыртып, жеке әңгімелескені бар. Ол Қазақстанда үш бірдей өлке құрылған кез болатын. – Амандық болса, Батыс пен Оңтүстік өлке­лерінде қазақша жастар газетін ұйымдастырмақ ойымыз бар. Екеуің де біздің есебіміздегі қалам еңбеккерісіздер. Газет ашылса, біреуіңді Ақтөбедегі, біреуіңді Шымкенттегі газетке орынбасар болады деп жобалап жүрміз. Әрине, редакторлары жергілікті журналистерден іріктеледі. Ал қазіргі жағдайда тың өлкесінде жастардың қазақ газеті әзір ашыла қоймас, — деп бір жымиып қойды да: — Тек шақыртқанда шалқиып бәлденіп жүрмеңдер. Қазақ баласына қазақ даласының әр түкпірі туған жер, – деп тоқтады. Хатшының бұл хабары астанадан алыста, шығармашылық ортадан жырақ жүрген екеумізді де бір серпілтіп тастады. Алайда «Аздан да, көптен де – үнем!» деп, терістіктегі қазақ газеттерін жауып жатқанда жаңадан жастар басылымын шығаруға жоғары жақ қайдан рұқсат берсін?! Ол ой жүзеге аспады. Әйткенмен, Камалдың қолынан іс келетін қандай жастың барын біліп, есепке алып, ескеріп отыратыны бізді таң қалдырды, әрі дән разы қылды. Асылы, алғашқы қалам тартуынан жалт еткен ұшқын танытқан жаңа талап жастан бас­тап, шау тартса да шабысынан жаңылмай келе жатқан жасамыс қаламгерлердің қадамын қалт жібермей, бәрін безбендеп, таразыға тартып оты­ру Кәмекеңнің біте қайнасты бірегей қасиеті еді. Содан да болар, ол қаламгер біткеннің бәрінің дерлік аты-жөнін жатқа біліп, не жазып, не тындырғанын алға жайып салып отыратын. Бір ғажабы, Камал қандай биікке көтерілсе де, қандай жоғары лауазымда жүрсе де кішіпейілділігінен, кісіге жұғыстығынан жаңылған емес. Орынтақта шіреніп отырып шешім қабылдау оған жат болатын. Қашанда қарауындағылармен ақылдасып, мәселені көп талқысына салып шешуге тырысатын. Қолы қалт етіп босай қалса кабинеттерге кіріп, қызметкерлердің хал-жайын біліп, кез келгенімен әңгіме-дүкен құра қоятын. Оған өзім де бертін келе сан мәрте куә болдым. Жетпісінші жылы «Жетісу» газетінде бірінші орынбасар болып жүргенімде «Ара-Шмель» журналына бас редактор болып барасың деген ұсыныс түсті. «Жүрексінетін ештеңе жоқ, астаналық облыстың газетінде үлкен мектептен өтіп, мол тәжірибе жинадың. Оның үстіне ол журналда бұрын да істегенсің, жұмыс мәнін, ұжым жайын жақсы білесің. Қашанғы бір орында отыра бересің. Бар!» – деп, ол кезде Орталық Комитеттің насихат бөлімінде нұсқаушы болып істейтін Кәкімжан Қазыбаев құжат толтырып, ұсыныс әзірлеп, сектор меңгерушісі Сапар Байжановтың алдына алып барды. Сапекеңмен әңгімелесіп отырғанда кабинетке насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Камал Смайылов кірді. – «Әңгімелесіп көрсін» деп өз алдыңа енді ғана алып барғалы отыр едім, – деді оған Сапекең күле қарап. – Әңгімелесетін не бар, Сарбасты баяғыдан білемін. Ұсыныстарыңыз әзір болса, қол қойып берейін, – деді де, қағазды бір шолып шығып: – Қай деңгейге барып тоқтарын кім білсін!? Бақ түссе де, тақ түссе де маңдайыңнан көр, – деп маған жымия қарады да, қолын қойды да жіберді. Кәмекеңнің күдігі шынға шықты. «Правда» газетінің Қазақстандағы меншікті тілшісі болып жүрген қаламдас досымыз Тельман Жанұзақовқа денсаулығына орай ыңғайлы жұмыс тауып беру туралы хатшыға Мәскеуден телефон түсіпті, сонымен, құрметті демалысқа жіберілген Жүсіп Алтайбаевтың орнына бас редактор болып Тельман тағайындалды. Ал мен «Жетісуда» тағы да табаны күректей үш жыл отырып, соңынан «СҚ»-ға («Егемен Қазақстан») бас редактордың орынбасары боп бардым. Камал жетпісінші жылдардың басында үкімет құрамындағы Кинематография комитетінің төрағасы болып, кейін Теледидар және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетті басқарды. Халқымыздың рухани өміріндегі жаңа бір сала – қазақ киносы мен теледидарының өркендеуіне аттай он жылын жұмсап, айтарлықтай үлес қосты. Одан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінде мәдениет бөліміне жетекшілік етіп, сексенінші жылдардың аяғына таман жастай жаны қалаған журналистикаға қайтып оралды. Әуелі «Мәдениет және тұрмыс» журналына бас редактор болып келіп, дәуір талабына орай оның атын «Парасат» деп өзгертіп, тақырып ауқы­мын кеңейтіп, бағытын да, бағдарын да мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді. Мәдениет төңірегін шиырлай бермей, саяси-қоғамдық өмірге шұғыл бет бұрғызып, журналдың мазмұнын байытып, маңызын арттырып, ажар-көркін әрлей түсті. Осынау ізденгіштігі мен іскерлігін ол «Ақиқат» журналына ауысқанда одан әрі өрістетіп, жаңашыл дәстүрін табанды түрде жалғастырды. Кәкімжан Қазыбаевтың басшылығы тұсында қалыптасқан қуатты шығармашылық толқынның біразын уыстан шығарып алғанымен Ғарифолла Есімов, Құлбек Еркөбеков, Тұрсын Жұртбаев, Талас Омарбеков тәрізді талантты ғалымдарды тұрақты қызметке алып, олардың білім-қабілетін журналдың тақырып аясын кеңітіп, мән-мазмұнын арттыруға пайдаланды. Басылымның аты ғана емес, заты да өзгеріп, түлеп сала берді. Ең алдымен төл тарихымыздағы ақтаңдақтар ақиқатын ашып, Алаш қайраткерлерін халқымен қайта қауыштыру қолға алынды. Әлихан Бөкей­ханов пен Мұстафа Шокаевтан бастап, Алаш көсемдері туралы бас-басына мақалалар беріліп отырды. Тіпті, «Алаш» партиясы мүшелерінің тізімі де жарияланды. Тізеге салып, күштеп ұйым­дастыруға қарсы отызыншы жылдары құлаш жайған қазақ шаруаларының бас көтерулері де назар­дан тыс қалмады. Адай, Созақ, Қарауыл көтерілістері хақында іргелі зерттеу мақалалар және жарық көрді. Бұрын жарияланған баяндамалар мен жарлықтарды көшіріп басу сап тыйылып, саяси материалдардың өзіне мүлдем жаңа сипат берілді. Тарихи-танымдық мәні мол мұндай материалдар оқырмандардың ықыласын аударып, ынтасын арттырып, журнал халыққа білім беріп, ой оятатын шын мәніндегі зиялылар басылымы болды. Осыншалық ой сабылтып, күш салған басылымды басқа біреудің қолына беру Кәмекеңе жеңіл де соқпаса керек. Оны «Ақиқаттан» қалай кеттім...» деген мақаласында («Жеті қыр, бір сыр», Алматы: Атамұра, 2000) өзі ашық айтыпты. «Жастарға жол берейік» дегенге зейнетке жасы келген соң орнын босатуға келісім берген ол, бас редактор етіп мені әкелгенін көңілге дық алып калғанын жасырмапты. «Алпыс екіге әлі толмаған менің орныма алпысқа аяқ басқан Сарбас Ақтаевты әкеп отыр. «Жастарға жол берейік» дегені осы ма?» деп алданып қалғанын жазады. Менің де жағдайым осының ар жақ, бер жағы. Парламент пен Үкіметтің үні – «Халық кеңесі» газетін айтақырдан айбынды басылымға айналдырып, қарындашсыз құрған редакцияны бастан-аяқ компьютерлендіріп, енді осыдан заңды зейнетке шығамын деп отырғанда аяқ астынан «Ақиқатқа» барасыз деген ұсыныс болды. Тым құрығанда үйренген ұжымымда алпысымды атап өтейін деген өтінішіме ешкім құлақ та асқан жоқ. «Ақиқат» қазір тақырыбы түрленіп, мазмұны толығып, түр-тұрпаты айшықталған тұлғалы басылым. Тағы да қиналмай төрт-бес жыл алаңсыз жұмыс істеп бересіз», — деп қолқалаған соң амалсыз келгенмін. Бірақ Камал аға қалыптастырған ұжымның қаймағын бұзғаным жоқ. Алған асуларын аласартпай, тың белестерге көтеруге барымды салдым. Кәмекең болса, тоқсан бірінші жылы өзі төрағасы болып сайланған Қазақстан Журналистер одағының жұмысымен бірыңғай айналысып, шығармашылық еңбекпен бірегей шұғылданды. Депутат ретінде Жоғарғы Кеңес бөліміндегі жұмысынан да қол үзген жоқ. Ғалым ретінде де ұстаздық қызметін жалғастыра берді. Оның қарымды қаламынан соңғы он-он екі жылдың бағдарында талай-талай дәмді де мәнді публицистикалық туындылар дүниеге келіп, деректі прозамызға елеулі үлес болып қосылатын оншақты кітап шықты. Ойын әрдайым дерекпен айшықтап, сан біткенді жаңғақтай шағып алдыңа жайып салғанда, осынша самсаған цифрларды қалт жібермей, жадында ұстайтын оның басын компьютер ме деп те қаласың. Қиуадан қиыстырып, дәйек сөздердің де неше атасын табан астында суырып салып отыратын. Ал кітаптарының ішінде ПЕН-клуб сыйлығына ие болған «Елім, саған айтамын, Елбасы, сен тыңда» деген еңбегінің орны айрықша. Қаламдас досы, даңғайыр жазушы Шерхан Мұртазамен «Егемен Қазақстан» газеті арқылы жазысқан «Ашық хаттарынан» тұратын бұл кітап – түр-тұрпаты, сыр-сипаты, мән-мағынасы жағынан өзгелерге ұқсамайтын өзгеше туынды. Онда қоғамымыздағы келеңсіздіктер мен кеселдер аяусыз әшкереленіп, одан арылудың жолдары қарастырылады. Мұны оның аты да айғайлап айқындап тұрғандай. Кітап жарық көрген кезде Камал аға кәдімгідей қысылып: – Атын біз емес, баспаның өзі қойып жіберіпті, – деп қипақтағаны бар. – Дегенмен, шындықты күлбілтелеп бүге бермей, ашық айтпаса да болмайды ғой. Алмағайып заманның ақиқатын ашпай, «ағаларымыз басын бағып, бұғып қалыпты» демесін кейінгі ұрпақ. Бұл пенде баласына қатты сөз айтып көңілін қалдырып көрмеген ақкөшек, аңқылдақ, адал әріптестің жан сыры еді. Алайда шындық бәрінен қымбат болған соң ашығын айтпай, анығын айтпай қала алмағаны да. Осындай майда мінезбен, жаймашуақ жайсаң көңілмен ол сан алуан мамандық иелерімен ортақ тіл тауып, игі істерге жұмылдыра білген ғой. Қаламдас, кадамдас досы Әкім Таразидың ол дүние салғанда: «Камалдың жөні бөлек еді... Мәдениет, әдебиет, өнер қатты қыспақ көріп жүрген кездерде Камал бастық өзінің жұмсақ мінезімен, таза ниетімен сол қатал заманды жұмсарта білген адам. Екі мәрте министр болды. Ұзақ жылдар кино мен телевидениені басқарды. Бірақ Камалдың алдынан ренжіп шыққан адамды көрген емеспін» – деп жазуы тегін емес («Қазақ әдебиеті», 2003 ж., 26 шілде). Иә, Камал жөні де, жолы да бөлек көп қырлы қаламгер, бір сырлы қайраткер еді ғой. Қазақ елінен оның орнын толтырар өзі сынды перзенттер көп туғай деп тілейміз де.

Сарбас АҚТАЕВ

5557 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7696

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6456

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4202

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3585

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3545

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3510

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3241

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3231

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы