Тілді қолдау – ұлтты қолдау

Алматыда мемлекеттік тілді қолдауға арналған жиын өтті. Оны қазақтың белгілі ақыны Мұхтар Шаханов ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде тілдің ұлт, ел үшін атқарар маңызына тоқталды. Тіл жойылса ұлттың да жойылатынын айтты. Елдің ертеңі саналатын жастардың бірқатарына көңілі толмайтынын да жасырмады.

– Оларға тіл, рух керегі жоқ секілді. Біз тілімізді, рухымызды сақтауымыз керек. Тіл, ұлт күресінде кім-кім де азаматтық белсенділігін көрсету керек, – деді.
Тіл жанашыры Асылы Осман өз пікірін білдірді:
– Тіл жөнінде айтылудың кемдігі жоқ. Бірақ айтылған сөз санаға жетпей жатыр. Кінә өзімізден де бар ма деп қалам. Мен үшін алтын-күміс қымбат емес, ұлттың тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қымбат.
Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, жазушы ­Эрнест Төреханов тілді білген адамда елжандылық, отансүйгіштік, мемле­кетшілдік қасиеттер болатынына көңіл бөлді.
Ақын Мырзан Кенжебай елімізде орыстілді басы­лымдардың көптеп таралатынын, оларда мемлекеттік тілдің мәселесі көтерілмейтінін, әлі күнге орыс сөздерін араластырып сөйлейтінімізді ортаға салды.
Сөз алған қаламгер Тұрсынәлі Рыскелдиев қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде тілге деген қажет­тілікті күшейту керектігін айтты.
– Елбасын сайлар кезде үміт­керден мемлекеттік тілді қан­ша­лықты білетіндігіне байланыс­ты емтихан алынады. Осы талапты неге басқалардан, мәселен Үкімет, Парламент мүшелерінен талап ет­пес­ке, – деді.
Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахмет, «Мемлекеттік тіл қозғалысы» төрағасының орынбасары Жұмамұрат Шәмші, қала тұрғыны Валентина Латипова және басқалар да тілге қатысты өз ойларын айтты.

Нұркен Жандәулетұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.