Үздіктерге құрмет көрсетілді

Елімізде Тілдер күніне орай әртүрлі шаралар өтеді. Биыл да солай болды. Әсіресе, мектеп, оқу орындарының ұжымдары бұл күнге айрықша мән берді. Осындай басқосуларда мемлекеттік тіл – қазақ тілінің өрісін кеңейтуге байланысты ой-пікірлердің ортаға салынуы көңіл қуантады. Өйткені Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Олай болса, мемлекеттік тілдің мерейі асуына барынша көңіл бөлу – уақыт талабы. 

Алматыдағы М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында «Ана тілім – ардағым» атты фестиваль болып өтті.
Шараның ашылу салтанатында Алматы қаласының әкімі ­Ах­­метжан Есімов жиналған жұртшылықты Тілдер күні мерекесі­мен құттықтап, сөз сөйледі. Қала әкімі өз сөзінде шаһарда мемлекеттік тіл саясатын жүргізу мақсатында ұйымдастырылып жатқан іс-шараларды айтып, Алматыда қазақтілді балабақшалар мен мектептердің көбейгенін тілге тиек етті. Ахметжан Смағұлұлы «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Үз­дік аудармашы», «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқауларының жеңімпаздарын құттықтап, сый-сияпаттарын тапсырды. Байқау­лар қорытындысы бойынша, «Үздік аудармашы» номинациясына – Гүлнұр Исмағұлова, «Үздік тележурналист» номинациясына – Қанат Әуесбай, «Үздік радиожурналист» номинациясына – Ғалым Есенсалиев ие болды. Ал «Баспасөздегі үздік журналист» номинациясына «Ана тілі» газеті Білім бөлімінің редакторы – Қуанбек Боқаев лайықты деп танылды. Сонымен қоса, «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» Алтынай Қалқаева, ал «Интернет сайттағы үздік журналист» Ақырыс Сейітқазы атанды. Жеңімпаздар мақтау қағаздары мен бағалы сыйлыққа ие болды.
Шара соңында Т.Жүргенов атындағы өнер институты мен Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттері өз өнерлерін көрсетті. Ал тоғыз жастағы жас ақын Жамбыл Дүйсенұлы қазақ тілі­не байланысты өз өлеңін нақышына келтіріп оқыды. Өнерпаз Талғат Үсенбаев «Көк тудың желбірегені» атты әнімен кешті аяқтады.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.