«Қазақтардан жақсылықты көп көрдім»

Палатаға кірген Айгүлді көргенде, Надя апайдың жүзі қуаныштан бал-бұл жанып, көздері жайнап сала берді. Аналы-балалы екеуі бір-бірінің хал-жағдайларын сұрасып, соңғы жаңалықтарымен бөлісуде. Айгүл Надя апайға әкелгендерін табыс еткен соң, кейуананы қолтығынан демеп, емделушілер отырып демалатын залға алып шықты.Бұл жерде тазалық жұмыстарымен айналысып жүрген әйелдер Айгүлге қарап:
– Сіздерді түсінбей қалдық қой. Мына кісінің ұлты орыс. Сіз қазақсыз. Бүгін қызым келуші еді деп, терезеден сыртқа әлсін-әлі көз тастап, байыз таппай жүр еді. Қызы сіз болдыңыз ба? – десті.
– Иә, қызым дегені менмін. Бірақ… На­деж­да Ивановна екеуміздің қарым-қатына­сымыз, сыйластығымыз достыққа ұласты.
– Сонда қалай? – деді қағілез қара торы келіншек құпияны білуге шын ықыласты екенін танытып.
– Бұл кісіге қыз болуымның өзіндік тарихы бар, – деді Айгүл сол күндерді көз алдына елестеткендей ойланып, сосын бүгінде өткен уақыт еншісіне еніп, алыстап кеткен бір оқиғаны қысқаша әңгімелеп берді:
Аяқастынан ауырып, Сызғанов атындағы хирургиялық ауруханаға жатқызылады. Соқырішекті көздерін жұмып тұрып табады дейтін осы саланың кәсіби мамандары ары тексеріп, бері тексеріп соқырішектің қай тұста орналасқанын таба алмайды. Өзін алғаш ­На­­дежда Ивановнамын деп таныстырған қартаң орыс әйелі: «Сенің соқырішегің бауырдың астында жатқан болу керек» дейді Айгүлге. Қыздың өзіне таңырқай қараған жүзінен сұрау белгісін тани қойған көпті көрген зерек әйел: « – Иә, кейде сондай да болып тұрады. Зейнетке шыққанға дейін 40 жылдан астам уақыт медбике болып істегенмін. Хирургиялық медбике де болдым. Өмір тәжірибесінен көргенімді айтып отырмын» деп кесіп айтады. Ауру жанын қинаған қыз тамақ ішпей, әбден әлсірейді. Үшінші күні ғана дәрігерлер лоцарьмен қарап, соқырішектің бауыр астында жатқанын анықтап, ота жасайды.
Айгүлдің жағдайы біртіндеп жақсарып келе жатқанда, осы палатаға бекітілген Нұрлан есімді дәрігер өзі жасаған бір қоспаны Айгүлдің тамырынан жіберуге тәуекел етеді. Сол-ақ екен қыздың жағдайы күрт төмендеп, былқ-сылқ күйге түседі. Әлсіреп, ұйықтауға айналады. Надя апай Айгүлдің қасында отырып, оны ұйықтатпауға барын салады. Егер осыдан ұйықтап кетсе, қайтып оянбайтынын біледі. Дереу қыздың ата-анасына хабар бере­ді. Көп кешікпей ата-анасы да осынан табылады. Олар Айгүлге ота жасаған Руслан есімді дәрігерді шақырып келеді. Қысқасы, Руслан Айгүлді емдеуді әрі қарай өз жауапкершілігі­не алады. Міне, осы жағдайдан кейін Надя апай мен Айгүлдің арақатынастары жақындаса түсіп, бірте-бірте достыққа ұласады.
Надежда Ивановна жан сырын төмендегіше өрбітеді:
– Балаға ең әуелі керегі ата-ана мейірімі, жан жылуы дер едім. Ананың көл-көсір ма­хаб­батына бөленіп, әкенің ыстық алақаны­­­­ның табын сезіп өсу бақыт. Мен бұндай бақыттан құралақан қалған адаммын. Өйткені мен өзімнің кім екенімді білмеймін. Екі жа­сымда өгей шешемнің інісі мені Семей жақтан алып келіп, әпкесінің отбасына қосыпты. Осы үйдің кіші ұлы маған соқтықпаса жүре алмайтын. «Сен біздің қыз емессің. Сен бөтенсің» деп, кірме екенімді бетіме баса беретін. Маған жақтасатын жан жоқ екенін біліп, іштей езіліп өкситінмін. Екі жылдан кейін бұлар мені асырауға жақын қыздарына береді. Мен енді бөтен отбасында жалтақ көз боп өмір сүріп жаттым. Бір жыл өткенде бұлар мені тағы бір жақындарына солардың сәбилерін қарауға жіберді. Сөйтіп, мен бес жасымда бала бағушылық жұмысқа жегілдім. Алты жасымда егіс даласынан масақ тердім. Осы отбасының үй шаруасын шамам келсе де, келмесе де тындыру үшін тыраштанатынмын. Сөйтіп, мен балалық шақтың қызығы дегенді білген емеспін. Бірнеше жылдан кейін өгей әке-шешем мені өз отбастарына қайтарып алды. 1944 жылы мектепке 9 жасымда ғана берді.
Уақыт өтіп жатты. Төңірегімдегілерден қағытуды көп көрсем де батыл да өжет боп бойжеттім. Күндердің күнінде әкем қатты сырқаттанды. Оның беті бері қарамайтыны­нан үміт үзілген кезде қасына бардым! «Әке, мен кіммін? Мені дүниеге келтірген адамдар кімдер? Айтыңызшы, біліп жүрейін» дедім. Әкем ләм-мим деместен ана дүниеге аттанып кете барды. Білсем дегенімді біле алмай, өкініш өзегімді өртеп қала бердім. Сөйтіп, өмір бойы мені мазалаған көп сұрақтарым жауапсыз қалды.
Мектеп бітірген соң, күндіз жұмыс істеп, кешкі медицина училищесінде оқыдым. Дип­­лом да алдым. Жолдамамен Оңтүстік Қазақ­стан облысы, Алғабас ауданының Шаян селосына жол тарттым. Аудан басшылары Талап ауылына жіберді.
Бұл 1950 жылдардың бастапқы кезеңі еді. Жоғарғы білімді дәрігер түгіл арнаулы орта білімді қызметкерлер тапшы болатын. Сондықтан дәрігердің де, медбикенің де мін­деттерін бір өзім атқарған кездерім аз бол­ған жоқ. Жұмысым ауыл тұрғындарына дәрігер­лік көмек көрсету болғандықтан, қазақтар­мен қоян-қолтық араласа бастадым. Аралас­қан сайын бұл халықтың қонақжайлығын, жомарттығын, қарапайымдылығын білдім. Қазақша үйрендім.
Талай әйелдерді босандырдым. Әйелі ұл туған ер адамның қуанышында шек болмайтын. Маған сый-сияпат жасау үшін есігімнің алдына қой, ешкілерін жетелеп әкелгендер де кездесті. «Керегі жоқ. Бұл менің міндетім» де­генді тыңдайтын олар жоқ. Жақсылықты шы­на­йы көңілімен жасайтын нағыз жомарт жү­рек жандарды мен де сыйлап, құр­меттейтінмін.
Жұмыстан кейін күнде бір үй қонаққа шақыратын, ауыл жастары жиналып киноға барамыз, ән шырқаймыз, би билейміз. Өмірім көңілді де қызықты өтіп жатты. Қазақтар ме­ні төбелеріне көтеріп құрметтеді. Бір ауылдың ерке қызына айналдым. Қойшы, өмірімде көрмеген жақсылықты қазақтардан көрдім.
1954 жылы Алматыға оралдым. Тұрмысқа шықтым. Екі қызды өмірге әкелдім. Жан досым қайтыс боп кетіп, оның артында қалған екі ұлын асырап бақтым. Күйеуім дұрыс адам болмай шықты. Беті жылтыраған әйелдің соңынан еріп кететін теріс әдеті, яғни көрсеқызарлығы билеп, ақыры бөлек әйелге кетіп тынды. Төрт баланы бағып-қағып жеткіздім. Бір ұл, бір қызым есейгенде қайтыс болды. Ұл Германияға, қыз Ресейге кетіп, содан қайта оралмады. Хабар-ошарсыз. Қайтыс болған қыздан қалған немеремді жеткізу үшін 73 жасқа дейін еңбек еттім. Немереме жеке үй салып бердім. Қазір жалғыз тұрамын. Бүкіл өмірімді көз алдыма елестетсем, қазақтардың арасында өткізген жылдарым – өмірімнің жарқын беттері екен. Жалғыз адамға ой үйір келеді ғой. Басыма: «Осы мен мұсылман шығармын» деген ой жиі келеді. Дәл қазір емес, ежелден мені осы ой жиі мазалайтын. Олай дейтінім, кез келген мұсылман халқының тілдерін (қазақ, татар, түрік, т.б.) тез үйреніп аламын. Көп ойланып, мұсылман дінін қабылдағанмын. Бүгіндері маған көмек қолын созатын бір адам бар. Ол – Айгүл. Жатсам тұрсам Айгүлдің тілеуін тілейімін.

Тұрсынхан Шәлдибекқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.