Боғданың бойы боз қамыс…

БатырТелағыс – «Қырымның қырық батыры» эпосының жеке батырлар топтамасына жататын жыр. Жырдың негізгі идеясы – жауға қарсы күресте ел ішінің жұмыла қайрат көрсетуі, ағайын-туғанның бірлігі. Жыр үлгісіндегі шығарма Мұрын жыраудың айтуынан Асайын Ханкелдіұлы жазып алған делінетін мәліметтер де бар. Зерттеуші Қ.Сыдиықовтың дайындауымен «Қазақ халық әдебиеті» көптомдығының 12-томында (1990) «Жаңбыршыұлы Телағыс» деген атпен алғаш рет жарияланған. Сондай-ақ «Телағыс» жырының басқа да белгілі батырлардың ел қорғаудағы ерлігі қарасөзбен де айтылып, «Мұса батыр» жырының үзіндісімен аяқталатын толық емес нұсқасы да бар. Жыраудың айтуынан 1942 жылы үнтаспаға жазылып, одан қағазға түсірілген осындай жыр нұсқасы Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы.

Жаңбыршының жасы жетпіске толған кезде он бес жасар жалғыз ұлы Телағыс: «Әке, мен ержеттім ғой, жауға аттанайын» дейді. Сөйтіп, Мұсаның отыз ұлының ішінен Орақ пен Мамай және Қарасай мен Қазидан басқаларын қасына ілестіріп алып қалмақтың қаласына қарай жолға шығады.
Телағыстай жас берен,
Жаңбыршының ақ сауыт,
Үстіне киіп алады.
Үйде тұрған сұр жебе,
Қасына ердің іледі.
Беліне буып көк балдақ,
Беліне шала байлады.
Көк сүңгіні қолға алып,
Атқа батыр барады,
Үзеңгіге аяқ салады.
Телағыстың екі айлық жол жүріп келе жатқанын білген ­Бе­­ген мыңға тарта әскерін жинап қамдана бастайды. Жүз кісінің өзін табаныма салып таптай аламын, – деп өрекпіген қалмақтың батырына Телағыс жетіп келіп сөз бастайды.
Біздің текті сұрасаң,
Ноғай деген ел едік.
Қасымдағы ерлерім,
Артық туған беглерім.
Егер қалмақ болсаң жау,
Олжа қылып аламыз.
Талапайды саламыз,
Ат-тонымыз жоғымыз,
Ат-тонды боп қаламыз.
Осыдан кейін Беген айылын тартып ойланады. Телағыстың батыл пікірінен сескеніп, еліне хабар жіберіп екі мың кісі әскерді және жинап алады. Осыншама қалың қалмаққа қарсы Телағыс бар болғаны отыз кісімен жойқын шабуылды бастап кеп жібереді.
Телағыстай жас батыр,
Қалмақпенен қас батыр,
Сонда тұрып ақырды.
Қасындағы ерлерге,
Өлеміз деген ойменен,
Тұтасымен жапырды.
Қалмақ, ноғай арасы,
Қан төгіс болып арада,
Судай құйған сапырды.
Телағыстай жас батыр,
Қылышын алып қолына,
Оңды-солды сермеді.
Қалмақ сонда көбейіп,
Аттың талайы босады.
Қырғын күшті болған соң,
Ат тұяғы астында
Қаны ағып жосады.
Қалмақтың басы төгілді.
Осылайша Телағыс бастаған қол қалмақтарды жусатып салады. Қашқандарын қуып жетіп соққыға жығады. Қолға түскендердің қол-аяғын матап байлап тастайды. Беген мен Телағыс ат үстінде де біраз алысады. Одан кейін аттан түсіп жаяулатып та шайқасады. Соңында Бегенді өлтіреді. Сосын кәпірдің еліне барып барлығын мұсылман дініне кіруге көндіреді. «Мұсылман дінге көндірді, Шырағын жанған сөндірді» деген өлең жолдарынан-ақ Телағыстың өз айтқанынан қайтпайтын бірбеткейлігі, өжеттігі анық байқалады. Сөйтіп, қалмақтың мал-дүниесін бөліп алып, Телағыс бастаған топ аман-есен және үлкен олжамен өз елдеріне оралады. Арада бірнеше жыл өткен соң батыр Жаңбыршы әбден қартаяды. Ажалдың тақалғанын сезіп, Мамайды шақырып, жалғыз ұлы Телағысты оған аманаттайды. Біраз уақыттан кейін Телағыс Мамайдың қарындасын алуға ниеттенеді. Мұсаның отыз ұлы бұндай істі қолдамайтынын білдіреді. Сөйтіп, батырдың Ақбілек қызға үйленбек ойы ағайын арасында араздықты туын­датады. Өкпелеген Телағыс Қырымға қарай жалғыз өзі кетіп қалуды жөн санайды. Ағайын арасындағы аз-маз өкпенің өзі кейде үлкен мәселеге айналып кете жаздайтындығы осы жырда да көрініс тапты.
Боғданың бойы боз қамыс,
Еділдің бойы ен қамыс.
Еділде жатқан көп ноғай,
Баршасы оның Қырым-ды,
Алдырмаспын сырымды, – деп Телағыс жыраққа кетіп Қырымның қырық батырымен етене танысуды ұйғарады. Сол жолы Асанқайғы мен Сыпыра жыраумен жолығып кеңеседі.
Қырымның қырық батыры мен Мұсаның отыз ұлын өзара қыр­ғыстыр­мауды көздеген Мамай­дың қарындасы Ақбілек сұлу қара жа­мылып қара өткелдің аузында Телағысты күтіп жолығудың сәтін іздеген сәттері жырда шынайы суреттеледі.
Ұрыспаңыз ерлерім,
Ашуыңды басыңыз.
Еліне барып батырдың,
Қалыңмал алып қайтыңыз.
Қыз алып, қыз беру,
Қашаннан-ақ дәрбіміз.
Ақбілектей арудың кетәрі емес жан екенін білген соң, Сыпыра қарт Мамайға келіп: «Қарындасың Ақбілекті Телағысқа бер» деген тілегін толғаумен шебер жеткізеді.
«Жаңбыршыұлы Телағыс» жырының бір ерекшелігі ноғайдың отыз батырын, яғни Мұсаның отыз ұлын кереметтей көркем тілмен ­сипаттай білгендігі болса керек.
Көп ноғайдың елі еді,
Шерқұртты мен Қырымды
Бір қыз үшін тартысып,
Көрсетпе бүйтіп түріңді, – дейтін Абат батырдың сөзінде де елдіктен айырылмаудың жайы кеңінен баяндалады. Қырымның қырық батырын ілестіріп келіп, Телағысты Ақбілекке қосып, Мамай бастаған топ той қамына қызу кіріседі. Осылайша қазақ батырлары қарым-қатынасында татулық, бірлік орнайды.
Қалың малға сұрасаң,
Жүз елу қой береді.
Елу жылқы қосады,
Мамайдайын батырға.
Берендікпен белдіктеп,
Шұғаменен терліктеп,
Ағалығы оның деп,
Астына тұлпар ат берді.
Беліне қару зат берді.
Телағыстай батыр ноғайдың отыз жігітін де құр қол қалдыр­майды. Басына киер дулыға, беліне тұтар шарайна, қолдарына ақсүңгі береді.
Жыр аяқталған кезде сонау ерте кездегі халқымыздың аңғал мінезі, болмашы нәрсеге ренжігіштігі осы күнге дейін сақталғанына таңғалдық. Адамдық қасиет, отаншылдық, адалдық пен әділеттілікте қашаннан қанымызда бар қасиет. Осындайда батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Ерліктің негізі – сүйіспеншілік» деген сөзі ойға оралады. Демек, Телағыстай жігіт елін, халқын сүйгендіктен ғана саналы түрде ерлікке барғаны анық. Сондықтан да есімі ел есінде қалды.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.