«Ажарың ашық екен атқан таңдай…»

XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Жанкісі жырау жырлаған «Сегіз сері мен Мақпал сұлу» дастанының аяқталмаған нұсқасын ауыз әдебиетін жинаушы Қ.Биғожин Жезқазған қаласының тұрғыны Д.Меңдіғалиевтен 1974 жылы жазып алған. Қызылордалық Сәрсенбай жыршы (1888-1961) бұл дастанды Базар жыраудан үйреніп, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Ә.Қайнарбаев одан жазып алған. 

Дастанның бірнеше көшірмелері Орта­лық ғылыми кітапхана мен Әде­биет, өнер институтының қолжазба қор­ларында сақ­таулы. Шағын варианттары Арқа жеріне де таралған. Сонымен біз бірнеше нұсқалардың ішінен Базар жырау Оңдасұлының жырын алдық. Бапаңнан, (Бақа би Айбекұлынан) ХІХ ғасырда өмір сүрген шөмекей руының белді адамынан бір жиында ертегі естігенін жыршы атап өтеді.
Мақпал атты сұлу бойжеткеннің өнері асқан жігіт – Сегіз серіге ғашықтық хикая­сы баяндалған жырлар негізінен Жайық, Ойыл, Сыр өзендерінің аралы­ғындағы ежелгі эпикалық кеңістікте тараған. Эпос зерттеушілері «Мақпал қыздың» сюжеттерін әлеуметтік тең­сіздік, феодалдық, қоғамдағы әйел тағдыры, махаббат, еркіндік мәселе­леріне жақындатады.
Сүлеймен су аяғы Көкше теңіз,
Өсімтал байдың малы табады егіз.
Әлеумет, құлақ салып тыңдасаңыз,
Өтіпті ғашықтықпен Мақпал-Сегіз.
Осылайша ғашықтық хикаяларынан сыр шертетін жырда қарақалпақ Жабы батыр «көп беріп, көргенді жерден қыз аламын» деп жар салады. Сөйтіп, сырттан хабар естіп, Мақпалға көңілі кетіп, құмартады. Әбден қамданып, қосшы-қолаңын сайлап, тай-құлын, жабағысын байлап, Жабы батыр қыздың ауылына келеді.
Сол кезде ел жыл сайын Егізкөлдің маңын жайлап, сол көк шалғында халық үй тігіп, бие байлайды екен. Арал теңізінің солтүстігіндегі Қуаңдария сағасында орна­лас­қан Көкше теңіз бен Ақша теңіз екеуі Егізкөл деп аталатын болса керек.
Өлімнен аямайды Мақпал өзін,
Сарғайтты жылауменен ақша жүзін.
Хат жазып, әсем Мақпал айтып сәлем,
Жіберді арзу болған айтып сөзін.
Қалды иесіз терім сіңген құндыз бөркім,
Түскен соң қызыл салы құрсын көркім.
Біріңдей бойжеткеннің Мақпал едім,
Басымнан билік кетіп, болмады еркім.
Қоймайды «жүз жиырма»
берген залым,
Айырылдым ақылымнан кетіп әлім.
Тез келіп, алмасаң да жолығып кет,
Кеудеңде болса сенің шыбын жаның.
Өзіне Жабы батыр келіп құда түс­кенін, көп қалың мал әкелгенін, бірақ көңілі тек өзінде екенін білдіріп, Мақпал қыз сал Сегізге арнап хат жолдайды. Өкінішке орай, хабар адасып иесіне кешігіп жетеді.
Еліміз көше-көше байтақ өткен,
Жүнінен ақ қозының байпақ еткен.
Бұралып ат байлайтын асыл Мақпал,
Көзіме көрінбей тұр, қайда кеткен?
Сөйтіп, тіл кескендей тыныштық орнаған ауылға жігіт кеш оралып, санын соғып қалады.
Ерте заманнан бері сақталған жақсы дәстүр – бойжеткен қыздың алғашқы сырласы жеңгесі екендігі жырда сенімді сипатталады. Оған дәлел, қатты қапаланып, дағдарған сал Сегізге қыз жеңгесі Күләйімнің жаны ашитындығы болса керек.
Бітеді сортаң жерге қалың қамыс,
Бикешпен он бесіңде болдың таныс.
Әуре боп атың арып, жете алмассың,
Бикештің барар жері – Дәуқара алыс.
Бикештің сенің үшін қалмады ары,
Сен болдың кеткенінше ынтызары.
Үш киім сәлемдеме беріп кетті,
Біреуі кесте салған орамалы.
Бірде барлық жағдайды баяндап, Қарақалпақстанның бұрынғы Тақтакөпір ауданына қарай көштің ұзап кеткенін жеткізсе, енді бірде артынан «қума, уайымға берілме» деген тілегін де білдіреді. Ал «Жылқымды айдап салдым терең сайға, Жетер ме соз­сам қолым көктегі Айға» деп зар қылған Сегіздің алған бетінен қайтпайтынын, қалайда Мақпалмен тілдесуге асығатынын білген соң:
Қыр жайлап қайтушы едік қызыл қыстап,
Киюші ек жанат ішік барқыт тыстап.
Бақытыңды бұл жолы ашсын Сегіз,
Бикешке көп сәлем айт, қолын ұстап, – деп өтініш айтады.
Осылайша кер атқа қамшы басқан Сегізге қыз жеңгесі сәттілік тілеп қала береді.
Етегін шайы көйлектің зермен бүрген,
Талпынар қыран бүркіт қызыл көрген. Мақпалды бір көруге асыққан Сегіз өлеңдетіп, кербез кер атына мұңын шағады. Мақпалдың сағымданған көшін алыстан көреді, бірақ жете алмайды.
Көрінген Көктөбеден көшің, Мақпал,
Ауып тұр күн төбеден бесін, Мақпал.
Сәулеңді сағымданған көріп кеште,
Ауытқып келе жатыр есім, Мақпал.
Алыс қашықтықта кетіп бара жатқан Мақ­пал болса құлағына Сегіздің ащы дауысы келетіндей сезініп, алаңдай береді. Сәу­келесін басынан жұлып алып, аң-таң болып, жан-жаққа құлағын түріп, елегізіп қарай береді.
Келеді ешкі маңырап лағына,
Келеді киік құлап бұлағына.
Шешеке, аттың басын тарта тұршы,
Келді ғой Сегіз дауысы құлағыма.
– «Жабының анасынан ұят болады. Енді ештеңе өзгермейді» дегенді айтып анасы Мақпалды қақпайлап, аялдауға рұқсат бермей қояды. Осыдан соң оқиға шиеленіседі.
Түйеден Мақпал да іле түсе қалды,
Қолына бір ақ алмас пышақ алды.
Шешесі шешуіне қарамай-ақ,
Түйенің қос арқанын қиып салды.
Қолына бір кішкентай торсық алды,
Қымыздан бір-екі аяқ құйып алды.
Аяғын баса алмайтын кербез Мақпал,
Сегізді іздеп кейін жаяу қалды.
Сөйтіп, Жабының еліне көш жеткенде Мақпалдың шешесі: – Мақпалдың дерті бар еді, жол-жөнекей түсі бұзылды. Сыңайы жаман. Сырдың суы ем еді, сол суды алып жүруді мен ескермеппін. Білместік өтті, – деп зарлай жөнеледі. Аққұс атты мінген Жабы төтелеп жолда қалған Мақпалды іздеп кетеді. Мүтараны, яғни теріден жасалған су құятын ыдысты да қолына іле кетеді.
Салтанат, көрген қызық,
сүрген дәурен,
Қиялын Мақпал қыздың бөле алмапты. Бір-бірін іздеп тапқан Мақпал мен Сегіз үш күндей бірге өмір сүреді. Дәл сол кезде елге жау шабуыл жасайды. Сөйтіп, Мақпал қыз сал Сегізден тірі айырылып қалуға еріксіз мәжбүр болады. Әбден құса болған Мақпал шалық кеселіне ұшырайды, ғашықтық қайғысын тартады.
Ауруы Мақпал қыздың шынға айналды,
Ұстама, есі ауысқан жанға айналды.
Дерт орнап көкірекке ғашықтықтың,
Кетпестей қайғы-қасірет мұңға айналды.
Мақпалдың дерті жеңіл емін тапса,
Тіріде адамзаттың арманы не,
Өзінің сүйген әркім теңін тапса.
Осындай ұғыммен, өмірлік мәні бар сұрақпен жыр аяқталса да, кім-кімнің де көңіл төрінде Мақпал мен сал Сегіздің бейнелері күні бүгінге дейін жарқырап тұрары кәміл. Өйткені ХIХ ғасырдың бірінші жар­тысындағы айтарлықтай тұлға – Сегіз сері мен Мақпал қыз өмірде болған адамдар. Бұл туралы жазушы Төлеш Сүлейменовтың «Сегіз сері» кі­табында толық тарихи мәліметтер бар. Сегіз сері Бағаналы Найман елінде Бахтияр байдың ауылына келгенде, сол Бахтияр мырзаның ақылына көркі сай, туған айдай толықсыған сымбатты қызы Мақ­пал­мен танысқан екен. Ару Мақпалды асыл тас гау­һар­ға теңеп, жүрек се­зі­мін әнмен білдіруінің өзі неге тұрады?!
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Бейне бір қараңғы үйге жаққан
шамдай.
Анаңнан сені туған айналайын,
Бота көз, қыр мұрынды, ақша маңдай, – деп келетін «Гауһартас» әні Мақпалға арналғанын көзі қарақты, көңілі ояу көп­шілік қауым білетіні анық.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.