Махаббаттың түп атасы – сыйластық

ОСПАН Сейфолла Міркемелұлы – қазақтың көрнекті ақыны, сыншы, аудармашы. 1938 жылы Қызылорда  облысы Сырдария ауданы Құндызды ауылында туған. «Жазғы жауын», «Құндыздым, менің жұлдыздым», «Бақытқа хат», «Ар мен Ән», «Көңіл сәулесі», «Самала» және тағы басқа да оннан астам жыр жинақтары мен дастандары оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген. Сондай-ақ Шығыстың жеті жұлдызының бірі – Әбдрахман Жәмидің жырларын қазақшалаған. Қалтай Мұхамеджанов аударған сегіз томдық «Мың бір түннің» 12 мың жолдық газелдерін тәржімалаған және 60-тан астам көркем фильм сценарийлерінің аудармаларын жасаған. Мұнан өзге орыс тіліндегі көптеген шығармаларды аударған еңбектері өз алдына бір төбе. 300-ден астам сын-мақала да жазған. Қазақ әдебиетіне осыншама қыруар еңбек сіңірген Сейфолланың тек шығармалары ғана емес, өзінің жеке өмірі де жұртшылыққа, әсіресе жастарға үлгі боларлықтай тағылымды дегендей пікірлерді жиі еститін едім. «Махаббат, қызық мол жылдар» айдарымен газетімізде қосағымен қоса ағарған танымал адамдар туралы материалдар жүйелі түрде жарияланып келе жатқаны оқырмандарымызға мәлім. Редакциямызда осындай мақалаға «енді кім лайық?» дегендей сауал туындағанда қазақтың көрнекті ақыны Сейфолла Оспан ойыма орала берді.

Махаббаттың түп атасы – сыйластықСейфолла Оспанмен қалай таныс­қаным есімде жоқ. «Қазақ әдебиеті» газ­е­тінде қызмет етіп жүргенде сол кезде поэзия бөлімінің меңгерушісі болған ақын Мейірхан Ақдәулетке Сейфолла жиі келетін. Газетке шыққан өлең-жырларды, мақалаларды әңгімелеп ой бөлісетін. Ал өзінің өлең-жырларын жариялау жөнінде өтініш айта бермейтін. Мейірхан болса әңгіменің соңында оның өлең-жырларын мақтап, «сәті келген күні қалайда жариялауға тырысып-ақ отырмын» деп шығарып салатын. Кейбір ақындар «Абайдан кейінгі, Қасымнан кейінгі айтулы ақын мен емес пе» деп өзеуреп, қалайда өлеңдерін бастыруды талап ететін. Ал Сейфолла болса мұндай кеуде қағудан мүлде ада еді. Ол кеткеннен кейін Мейірхан «Осы кісіні өз басым керемет құрмет тұтамын, өлең-жырлары классикпін деп жүргендердің туындыларынан артық болмаса кем емес, сөйте тұра кеуде қағып өзін де, өлеңдерін де дәріптеуге жоқ» деп оның азаматтық қасиеті, биік парасаты туралы әңгімелеп отыратыны есімде қалыпты. Оның көп балалы отбасы екені жөнінде де жиі еститінмін. Тіпті ол туралы ешкімнің ғайбат сөзін естіп көрмеппін. Редакцияға келе қалса өзі туралы емес, өзінің шығармалары туралы емес, халқымыздың мұң-мүддесі туралы жарияланған мақалалар туралы ой бөлісіп әңгіме қозғайтын. Сондықтан да мен ол жөнінде, шығармалары туралы қалам тартсам деген ойда жүретін едім. Соның орайы міне, енді келген секілді.
Сейфоллаға телефон соғып, газетімізде «Махаббат, қызық мол жылдар» айдарымен берілетін мақалалар туралы айта бастап едім, ол оның бәрінен де хабардар екен. «Ана тілі» газетін үнемі оқып жүретінін бірден байқатты.
– Ал өзіңізге осындай мақалаға кейіпкер болуға қолқа салып тұрмын. Бұған қалай қарайсыз? – деп едім, ол сәл ойланып өзінің көңіл жықпас, ақкөңіл әдетіне басып:
– Сен қолқалаған соң көнуге тура келіп тұр. Жеңешеңді де көндірейін, – деп келіскендей болды.
Уағдаласқан мезгілде оның үйіне келдім. Есікті Сейфолланың өзі ашты. Зайыбымен таныстырған соң, қонақ бөлмесіне кіріп жайғасып отырдық. Біраз әңгімелескен соң мен негізгі тақырыпқа ойыстым.
Мен «махаббатты, яғни ғашықтықты культке айналдырмау керек. Ата дәстүрді жаңғыртайық, жастарға ғашықтықты дәріптеудің пайдасынан зияны көп, тіпті әсіре ғашық болу дегеніңіз психологиялық дерт екені ғылымда да дәлелденген» деген мәнде өзім жиі жазған мақалалар туралы әңгіме қозғай бастап едім Сейфолла:
– Ондай мақалаларыңның бәрін де оқыдым ғой. Оның бәріне де келісемін, – деді де сәл жымиып – ал мен махаббаттың әуселесін 6-сыныпта оқып жүргенде көрген едім. Соны айтып берейінші, – деп сәл ойланып отырды да бастан кешкен бір оқиғаны күле отырып айта бастады:
– Ауылда 6-сыныпта оқып жүргенде менімен сыныптас бір қыз болды. Оған сол кезде училищеде оқып жүрген бір бозбала хат жазып тұрады екен. Қыз да оған жауап жолдаса керек. Бір күні осы құпиясы әшкере болып, қыздың әкесі оны шыбықпенен соғып, бозбала екеуі де оңбай жазаланады. Осы оқиға маған қатты әсер етсе керек. Бұл оқиға туралы дастан секілді өлең сымақ жазған қағазымды көршілес бос тұрған үйдің жақтауына жасырып қоя салған едім. Онда қыздың да, бозбаланың да, ата-аналарының да аты-жөндері өзгертілмей нақты жазылған еді. Тіпті бұл қағазды ұмытып та кетіппін. Бір күні әлгі бос тұрған үйге бір ағайындар көшіп кіреді де мен жазған қағазды тауып алып оқиды ғой. Содан көрші үйде тұратын тентектеу балаға оны ұстата салыпты. Ол оны жұртқа жария етіп жүргенде әлгі қағазды бір мұғалім алып оқиды.

Сейфолла немерелерінің ортасында
Сейфолла немерелерінің ортасында

Содан мектепте әжептәуір беделді, белсенді болып дружина кеңесінің төрағасы болып жүрген мені жиналысқа салып, сілікпемді шығарғаны есімнен кетпейді. Мектептен үйге жеткенше жоғары сыныпта оқитын ағаларым мені оңдырмай таяқтаумен болды. Ағалар дегенім бірге туғандар емес, жақын ағайындардың балалары ғой. Ал өзім әке-шеше кіндігінен жалғызбын. Осы оқиғадан соң мүғалімдер менің ақындық қабілетім бар деп білсе керек, қабырға газетін шығарғанда оның астына редакторы деп менің атымды жазып қоятын болды. Міне, махаббат туралы менің алғашқы тартқан азабым да, ақын болуымның алғашқы талабым да осы еді. Осындай «жазалаудан» кейін өлең-жыр жазуға деген құштарлығым мүлде басылды десем де болады. «Тоғыз батыр» деген кітаптағы Алпамыс, Қобыланды секілді батырлар туралы жырларды құмарта оқып жаттап алсам да, әдеби шығармаларға құмар болсам да әбден зәрезап болғаным сондай, өлең шығаруды ойыма алмайтын болдым.
Осы әңгіме айтылып бола бергенде ас қамдап жүрген Күләй жеңеше ыдыс-аяқ алып келіп, дастарқан жая бастаған еді. Сейфолланың күліп айтқан әңгімесіне құлақ түрді де:
– Оны несіне айтып отырсың?! Одан да өз өміріңдегі қызықты оқиғаларды әңгімелемейсің бе? – деп еді, Сейфолла:
– Менің өмірімде қызықты болатын қандай әңгіме бар. Өзгелерге ұқсап жасымнан қыз-қырқынға қырындайтындай жағдайым да, бейілім де болған жоқ қой, – деп ауыр күрсінді де әңгімесін басқа арнаға бұрды. – Анам Ақшабақ 6 жасымда қайтыс болды. Әкем Міркемел Сібірде 3 рет айдауда болып қайтқан адам еді. 30-шы жылдары «Қарақұм соғысына» қатысқан деп тергеуден көз ашпады. Көп оқыған, көп білетін ол өзі шөптен емдік дәрілерді жасайтын. Ал атам, яғни Міркемелдің әкесі Оспанды жұрт дәруіш деп атайды екен. Ол өте діндар, көріпкелдігі бар адам болыпты. Әжем Әбибі әйгілі Қойлыбай жауырыншының қызы екен. Содан мен де дәрігер болуды армандадым. Бірде әкем мені үйлендірем деп біреудегі 300 сом қарызын алып кел деп жұмсады. Үйленгім келмей Қызылордаға тартып отырдым. Мектеп бітірген кезім. Мединститутқа түсуді армандап Алматыға кеттім. Мединститутқа үш жылда 3 рет емтихан тапсырсам да конкурстан өте алмадым. Алматыда сарсылып жан бағу үшін ұсақ-түйек жұмыстар істедім. Сөйтіп жүргенде бір таныстарым «әйгілі әдебиет сыншысы Мұхамеджан Қаратаев айдаудан келген соң әдеби шығармалар шығаратын баспаға бастық болыпты. Соған барып жұмыс сұра» деп кеңес берді. Қаратаевтың кім екенін біле бермейтінмін. Сөйтсе де әлгі кісілердің ақылымен ол кісіге келіп жұмыс іздеп жүргенімді айттым. Ол менің өмірбаянымды сұрастырып отырды да өндірістік бөлімге жұмысқа алды. Баспа мен баспахана арасындағы жұмыстарды мінсіз атқаруға тырысып, тыным таппай шапқылап жүретінмін. Бастықтардан үнемі мақтау еститінмін. Сөйтіп, осында жұмыс істеп жүргенде бала кезімнен шығармаларын іздеп жүріп қызыға оқыған ақын-жазушыларды көріп таңғалғаным есімде. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит, Әбу, Ғабидендер секілді әдебиет алыптарын көріп, сөздерін тыңдап әдебиетші болуға бейімделе бастағандай болдым. ҚазГУ-дың журналистика факультетін сырттай оқып бітірдім. Ал әдебиетке араласқанымды да айта кетейін. Баспада істейтін Мәриям Хакімжанова апамыз менімен көп әңгімелесетін, менің әдеби кітаптарды, әсіресе жыр-дастандарды көп оқығанымды біліп өлең-жыр жазуға үгіттейтін. «Балдырған» журналы ашылғанда балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев мені «өлең-жыр жазбасаң мұнда неғып жүрсің?» деп қыстаған соң «Не жаман?» деген он шумақ өлең жазып едім, бәрі жабыла мақтады. Бұл өлеңім сәтті шыққаны сондай, оқулыққа да енгізілді. Сөйтіп, мен жұмыстан басқаны ойлаған емеспін. Әйтсе де өстіп жүргенде бір кезде ақын Абдолла Жұмағалиев тұрған, кейін ақын Қайрат Жұмағалиевке берілген, ішіне бір төсек, бір үстел сиятындай тар пәтер босап, маған тиесілі болды…
– Осы кезеңде қыздарға қырында­ғаны­ңызды, махаббат пен қызықтарыңызды әңгімелемейсіз бе? – деп мен Сейфолланың әңгіме арнасын өзім арнайы келген тақырыпқа бұрмақ болып едім, ол:
– Иә, мен де соны айтайын деп түсінікті болу үшін өмірімді әңгімелеп отырмын ғой. Осылай жұмыстан, қызметімнен басқаны ойламай жүргенде уақыт та зуылдап өте беріпті ғой. Жасым 30-ға да тақап қалған кез еді. Бірде ауылымыздағы жұрттың құрметіне бөленген, бір кезде басшы қызметте болып, қуғынға ұшырап, айдауда болып келген Сейіткерей Усабаев деген ағамыз бастаған ағайындар үйге келіп, тұрмыс жағдайымды көріп, танысқан соң:
– Алматыда көңіліңе ұнаған қыздар болмаса, ауылға жүр. Саған лайық қыздарды таңдап үйлендірейік. Бас құрайтын кезің болды ғой. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды». Сені үйлендірейік деп әдейі келдік. Қолдан келген көмегімізді аянып қалмаймыз, – деп қолқа салды. Әкемді де, атам Оспанды да құрмет тұтқан ағайындардың шынайы жанашырлық тілегін құп көрдім. Өзім де үйлену жөнінде жиі ойлана бастаған едім. Солардың ақылымен ауылға барып, Сыр өңірін аралап, қалыңдық іздегендей болдым. Ақыры осы Күләй жеңгеңе тоқтадым, – деп Сейфолла негізгі тақырыпқа ойысты. – Ғашық болып, күйіп-жану дегендей сезім көңілімде болды ма, болмады ма, ол жағын айта алмаймын. Әйтеуір осы кісінің ұнағаны рас.
– Сонда Күләй жеңеше айтқаныңызға көне кетті ме? – деп едім, Сейфолла сәл үнсіздіктен соң:
– Бұл да бір хикая ғой. Күләйдің әкесі Жалағаш, Тереңөзек өңіріне белгілі, ат баптаудың шебері болған, жасында серілік құрған Төлеу деген елге сыйлы, данагөй адам болған еді. Менің әкемді де, атамды да жақсы танып, құрмет тұтады екен. Әрине, мен туралы да естіп-біліп жүрсе керек. Өзі ауырып хал үстінде жатқан кезі еді.
– Егер мен бақилық болып кетсем, жылдығымды күтпей-ақ Күләйді Сейфоллаға ұзата бергейсіңдер, – деп өсиет айтқан екен. Сонымен ол кісі қайтыс болып кеткеннен кейін көп ұзамай, жылға толмай үйленуімізге тура келді. Алматыға келіп үйлену тойын жасадық. Тойымыз Гоголь көшесіндегі «Бригантино» деген мейрамханада өтті. Меніңше той жақсы, қызықты болды. Тойға қонақтар көп келді. Қазір ғылым докторы, профессор болған белгілі филолог ғалым Бақытжан Хасанов тойда асаба болды. Тойда Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов секілді өзіммен тұстас ақындар мен Сәуірбек Бақбергенов және өзге аға қаламгерлер де келіп тілектерін айтты. Ақын Марат Отаралиев күйеу жолдас болғаны есімде. Күләй 1965 жылы мектепті бітіріп, 66-шы жылдың көктемі қарсаңында – 20 жасқа тақап қалған кезінде осылай тұрмыс құрдық.
Сейфолланың әңгімесіне үнсіз құлақ түріп, айтқанын мақұлдап, бас изеп отырған Күләй жеңгейді де сөзге тарттым:
– Сіздің мектеп бітіріп, бойжеткен болған шағыңыз ғой бұл кез. Мектепте, ауылда сізге сөз салған, хат жазған жігіттер де болған шығар. Сейфолла қалай, несімен ұнады?
– Әрине, ондайлар болмады деп айта алмаймын. Алайда мұндайдың маған әсері, ықпалы жоқ болды десем де болады, – деп ол сөзін қысқа қайырды. Күләй үшін Сейфолланың өзі жауап берді:
– Шынымды айтсам махаббат, ғашықтық дегендей күйіп-жанған сезім Күләйда да, менде де бола қойған жоқ қой деймін. Біз бір-бірімізді ұнаттық, құрметтедік десем де болады. Мен ағайындарымның айтқанынан шықпадым. Ағайындарыма ұнаса, жар таңдауда қателесе қоймаспын деген ойда болсам, Күләй әке өсиетін орындаса керек. Әкесіне ұнаған адаммен тұрмыс құрса, бақытты болармын деген оймен мені ұнатты-ау деймін.
– Жалпы ақындардың, тіпті кәрі-жасының бәрі де өліп-өшіп ғашық болдым деп өзеуреп жазған жырларын ұнатпаймын. Себебі мұның бәрі де жалған сөз, жалған сезім, әсіресе жастарға пайдасынан зияны көп насихат емес пе, – деп сөзге жеңгей араласты.
– Секеңде ондай өлең-жыр жоқ па? – деп мен бүйірлеп сұрақ қойып едім, Күләй жеңгей енді шешілгендей болып, пікірін ашып айта бастады:
– Сейфолла қанша кітап шығарды, қанша өлең-жыр жазды. Алайда ол махаббат туралы, күйдім-сүйдім дегендей жыр жазған емес. Оның өлеңдерінің бәрін жатқа білуші едім. Қазір ұмытыңқырап қалыппын. Тұрмыс құрған соң машинистканың оқуын бітіріп, машинистка болып қызмет еттім. «Қазақ энциклопедиясында» машинистка болып, 12 томын түгелдей машинкаға басып, баспаға дайындадым десем, артық айтқандық болмас. Содан зейнетке шыққанша табан аудармай осында еңбек еттім. «Қазақ энциклопедиясының» басшыларына, ұжымына риза болып отырамын. Әлі күнге дейін мені ұмытпай, мереке-мейрамдарда құттықтап, сый-сияпат жасап тұрады. Ал Сейфолланың бүкіл шығармаларын машинкаға басып, оқып, пікірімді де айтып отырамын. Сейфолла жалған күйдім-сүйдімді емес, нақты өмір шындығын, халқымыздың көкейінде жүрген мұң-мүддені, арман-тілекті дөп басып жазуға бейімделген ақын. Сондықтан оның жырларын жұрт қашанда ыстық ықыласпен қабылдайтынына куә болған кезім аз емес. Ел аралап оқырмандармен кездесу болғанда «классик» деп жүрген кейбір ақындарға қарағанда Сейфолланың өлеңдеріне жұрт көбірек қошемет көрсетіп, қол соққанын, ризашылық білдіргенін көріп жүрмін.
Ал қазір ақын-жазушыларды былай қойып, өзге мамандықтағы қайраткерлерге дейін ата сақалдары аузына түскенге дейін махаббатты дәріптеп, ғашық болғаны жөнінде жұрт алдында мақтанатынын қайтерсің. Жуықта телеарнадан бір әйгілі қайраткер әйелін жер-көкке сыйғызбай мақтағанын көріп таңданумен болдым. Қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ғашықтықты дәріптеу, ән салу сәнге айналып кетті ғой…
Күләй жеңгей осылай деп әңгіме айтып отырғанда менің есіме махаббатты асыра дәріптеген оқиғалар орала берді. Бұрын, әсіресе қазақ мектептерінде бұл тақырыпта әңгіме қозғалмайтын. Ал қазір тіпті бастауыш сыныптан бас­тап махаббат туралы әңгімелер айтылып, өлең-жырлар шырқалатынын көріп жүрміз. Тіпті махаббат күнін өткізу де дәстүрге ене бастады емес пе. Соңғы кезеңдерде «Валентин күнін» атап өтуге болмайды, бұл қазаққа жат дәстүр» дегендей пікір баспасөзде жиі қозғалса да бірқатар газет-журналдар Валентин деген атын өзгертіп, махаббат күнін белгілеу, «Қыз Жібек-Төлеген махаббаты», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні» дегенді атап өтетін болды. Сөйтіп, махаббат күнін мектептер мен өзге оқу орындарында атап өту дәстүрге еніп, оқу-тәрбие жұмысында ғашықтық сезімді асыра дәріптеу белең ала түсті. Ал мұның балаларға, жастарға зияны қандай екеніне, тіпті педагогтардың өздері мән бере алмауы таңданарлық жайт қой. Абайдың «махаббатты көзбен көр де, ішпен біл» деген сөзінің мәнісі халқымыздың ғашықтық сезімге абайлап бару керектігін меңзегені емес пе. Ал қазір балалар мен жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол салу, суицидтің жиілеуінің бір себебі осында екені анық.
Ағылшынның ұлы драматургі Шекспирге шіркеу басшылары дінімізде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ғашық болуы зор күнә. Сондықтан әйгілі шығармасындағы Ромео мен Джульеттаның жас мөлшерін 15-16 жаста демей, 18-20 жаста деп жазуды талап еткенде, Шекспир: «егер олар 18-20 жасқа келсе, ақылы толысып, олар өздерін-өздері өлтірмей қояды» деп көнбей қойыпты. Жасөспірімдерге ғашықтық сезімді дәріптеудің әсері қандай болатынын осындай жайттардан да ұғынуға болады.
Махаббаттың түп атасы – сыйластықКүләй жеңгейдің сөзінен оның білімі терең, парасаты биік, ойы сергек екенін аңдағандай болдым. «Қазақ энциклопедиясының» 12 томын түгел машинкаға басып, баспаға әзірлеу дегеніміз оны зерделеп оқып шығу емес пе. Сонымен қатар әдеби кітаптарды да аз оқымапты. Осының өзі-ақ бүтін бір университетті оқып бітіргендей мол білім емес пе дегендей ойға тіреле бердім.
Күләй жеңешемен әңгімелесіп, пікір бөлісіп отырғанда Сейфолла көрші бөлмеге барып кішкене көк блокнотты әкеліп парақтап отырған еді. Зайыбы ас үйге кеткенде Сейфолла:
– Мен махаббат жөніндегі түсінігімді өлеңмен жазған едім. Бұл өлеңім жинақтарымның біріне енгізілген еді, – деп өлеңді ежіктеп оқи бастады. Көзі ауырып ота жасатқан екен. Ара-тұра үлкейткіш шынымен оқыды:

Махаббатты бере алмаймын мүсіндеп,
Айта алмаймын ділмәрсіп мен түсін деп.
Тоқсан ауыз сөздің жалғыз түйіні –
Тудың деймін бірің-бірің үшін деп.

Махаббаттың түп атасы – сыйластық,
Сыйластықтан туындайды қимастық.
Қимастықтың құшағында бәрі бар,
Құйттай ине жасуындай симас дық.

Қашық емес қимастықтан қызғаныш,
Ол антұрған орасан күш – мұзжарғыш.
Мұзжарғышқа ерік берсең құрыдың,
Шыбын жанды запыранмен тұздап іш.

Байқау қиын назік сезім – ұрыны,
Тәтті ләззат – қимастықтың
шырыны.
Сол шырынға құныққан жан құрдымға
Құлап түсер бір-ақ тұтам тұлымы.

Әйел заты – тұңғиық сыр, жұмбақ сыр,
Жұмбақ сырға батпау керек тырнақ кір.
Аяласаң сүйген жарың – өмірің,
Алса жауыз – өміріңді тырнап кім.

Күләй балаларының ортасындаОсы кезде Күләй жеңешеміз ас үйден табақ толы ет әкеліп, дастарқан қамдап жатып, Сейфолланың өлеңіне құлақ түріп, ақырын жымиды да:
– Одан да алғаш үйленген кездегі жағдайымызды әңгімелемейміз бе? – деп, ол алғаш тұрмыс құрған кездерін есіне ала бастады. – Алғашқыда тұрмыс тауқыметін аз тартқан жоқпыз ғой. Кедейшілікті де, жоқшылықты да көп көрдік. Алайда бір-бірімізге қабақ шытқан кезіміз болған жоқ.
Оның сөзін Сейфолла жалғастырды:
– Біз екі нәрседен таршылық көргеніміз жоқ. Бірі баспанадан, екіншісі балабақшадан. Әлі есімде дүңгіршектей тар бөлмеде тұрған кезде алғашқы екі ұлым осында дүниеге келді. Сөйтіп, 1971 жылы 30-мамырда қалалық атқару комитетінен жаңадан салынған 8-ші шағын ауданнан үш бөлмелі пәтер алдық. Кейінгі үш балам сондағы үйде туып өсті. Соңынан Жазушылар одағынан төрт бөлмелі осы үйді алдық. Бұл жағымыздан өкпеміз жоқ.
– Алайда жоқшылықтан көз ашпа­дық десек те болады, – деп әңгімені Күләй жеңгей жалғастырды. – Маши­нистканың айлығы мардымсыз екені белгілі. Сейфолланың кейде біраз уақыт жұмыссыз қалған кездері де болып тұрды. Өзге ақындардай жыр жинақтары да жиі шықпады. Әрі небір тамаша өлеңдер жинағының көлемі шағын болып жоспарланғандықтан, шындықты ашып жазылғандықтан қысқарып қала беретін. Содан қаламақысы да айтарлықтай болмады. Сөйтіп, басқа тартса аяғымызға, аяғымызға тартса басымызға жетпейтіндей қаражатпен күн кештік. Сонда да өміріміз қуанышқа бөленіп өтті деп шүкіршілік етеміз. Біздің қызығымыз да, бақытымыз да, махаббатымыз да, байлығымыз да, шаттығымыз да балаларымыз болды.
Өзім жұмыстан қол үзбей жүріп бес бала туып, бағып-қағып жеткіздім. Менің ең басты бақытым балаларымның аман-есен өскені. Адам үшін баладан асқан байлық та, қызық та жоқ қой. Қазір ішінен шыққан баласынан безінетіндер де, түсік жасау да жиі кездесетін болды ғой. Бұл халқымыз үшін де, сондай-ақ жас аналар үшін де зор қасірет қой. Жас кезінде бір-екі баламен шектелген құрбыларымның кейін мұнысы үшін өкініп, өксіп отырғанын көргенде көп балалы болғанымды тәубе етемін. Әйел затының ең басты қызығы, махаббаты бала екенін қартайған сайын терең сезінеді екенсің.
– Үйелмелі-сүйелмелі бес баланы жұмыстан қалмай жүріп қалай бағып-қағып өсірдіңіз? – деп сұрап едім, ол:
– Анам Ажаркүл ауылдан келіп айлап-жылдап жататын. Босанған кезімде анам үнемі жанымнан табылатын. Анамның арқасында босанған кезде қиындық көре қоймадым десем де болады. Тапшылықтан өзге бейнет, қиындық көргеніміз жоқ, – деп еді, Сейфолла да ішкі сырын бүкпесіз ақтарып, ашыла сөйледі:
– Әлгі дүңгіршектей тар пәтерде тұрған кезімізде небәрі 2 сом 60 тиын пәтерақыны да әзер төлеп жүрген кезіміз болды. Біз қандай жоқшылық көріп, ақшаға зәру болып қысылған кездің өзінде Күләй ешкімнен қарыз алмайтын, маған да біреуден қарыз сұратпайтын. Солай болса да қолдағы тиын-тебенді үнемдеп, ретімен ұқсатып жүріп балаларды ішер астан, киер киімнен тарықтырған емес…
– Жә, қойшы, мұндайды несіне айта бересің, – деп Күләй жеңгей өзін мақтағанға ыңғайсызданып дастарқан қамымен бөлмеден шығып кеткен соң Сейфолла:
– Өзі мақтағанды ұнатпайды. Өзі жоқта Күләйға арнаған бір өлеңімді оқып берейін, – деп көк блокнотының бетін парақтап: Бұл «Шаңырағымның шаттығы» деген көп жыл бұрын жазылған өлең, – деп оқи бастады:

Шарықтатқан шаңырағымның
шаттығын,
Балым татқан арайланып, аптығым.
Жаным, еркем, мәңгі бірге жарасқан,
Ошағыма сәуле шашқан ақ күнім.

Өмір бақи жалғыз болып өтер ме ем,
Көңілім сүйген көсегемсің көгерген.
Айналайын, бипатшасы үйімнің
Шаңырағымның тауқыметін көтерген.

Өрген сенен сәбилерім – байлығым,
Мейіріміңнен қуат алған айбыным.
Дастарқаным – ақ жүрегің жайылған,
Құт-берекем жолатпайтын қайғы-мұң.

Ұрпағымның нұр жүзісің ақ жалын,
Татулықтың туын тіккен арманым.
Ағайын, дос ағылғанда сыр бермей
Нұрын төккен жарымсың
сен жан-жарым.
Сейфолла өлеңін оқып болған соң:
– Әр баланың өмірге келгенінің өзі қандай керемет қуаныш болды десеңізші! «Адамның бір қызығы бала деген» деп Абай айтқандай, баланың еңбектеп жүре бастағаны, былдырлап тілі шығып сөйлегені, асыр салып ойнағаны қандай қызық. Баламен бірге өзің де бала болып кетесің. «Балалы үй – базар» дегендей, шаңырағымыз шаттықтан, балалардың шат күлкісінен арылмағаны да зор бақыт емес пе, – деп өткен жарқын күндерін көңілдене есіне алды. Мен балаларына есімді қалай қойғанын сұрап едім, Сейфолла сонау жастық шағына ой жүгіртіп, көңілдене сөйледі:
– Құдайға шүкір, Күләй жұмыстан қалмай жүріп бес баланы өмірге әкелді. Бесеуі де аман-есен есейіп ержетті. Мұнан артық бақыт болар ма?! Солардың ел қатарына қосылып, аман-есен жүре беруін тілейміз ғой. Әлі есімде, тұңғышым туғанда жүрегім жарыла қуанғаным. Ол дүниеге келгенде атын қалай қоямыз деп жеребе де тарттық. Ақыры Әбіш (Әбіш Кекілбаев) Мұхтар болсын деді. Екінші ұлымыз да дүңгіршектей тар үйде дүниеге келіп әйгілі композитор Мұқан Төлебаевтың мерейтойы болып жатқанда студент достарымыз Мұқан болсын деді. Ал кең үйге барғанда туған Гауһар деген қызымыздың кіндік шешесі Жұмекеннің (Жұмекен Нәжімеденов) зайыбы Нәсіп болды. Одан кейінгі қызымыз Дананың атын ауыл адамдары қойды. Ал кенже қызымыз Несібелінің атын қойып, кіндік шеше болған әйгілі Әбділда Тәжібаевтың бәйбішесі Сара апамыз. Балаларымыздың туғаны, бала болып өскені, үй болып өніп, немерелер сүйдіргені біз үшін қандай қуаныш, қандай қызық болғаны айтпасақ та түсінікті болар. Қазір Құдайға шүкір, балаларымнан төрт немере көріп отырмыз. Қазақ бала санын айтпаушы еді. Санына мән бермей-ақ қойыңыз. Аман болса немерелер көбейіп, көктей берер. Мұхтардан Ернар, Аида, Мұқаннан Дидар, Дегдар деген немерелерім де өсіп, жетіліп қалды. Дидарымыз қазір университетте оқып жүр.
Мұнан әрі Сейфолла қыздарының инабатты, ибалы болып бойжеткенін ризашылықпен әңгімеледі:
– Үш қызым – Гауһар да, Дана да, Несібелі де дінге шынайы беріліп өсті. Үшеуі де бес уақыт намазын қаза жібермейді. Емтихан тапсырғанда, өзге де елеулі оқиға боларда олар аталары, әкем Міркемел түстеріне кіріп аян беретінін айтып жүреді. Бұл да бекер деуге болмас. Бала күнімде әке қасиетін ұғына бермеппін. Әкемнің діни білімі өте терең екен әрі дін шарттарын қатаң ұстаныпты, насихат, уағыз айтумен шектелмей өзгеге өнеге дарытқан ол айбынымен де жұрттың құрметіне бөленіпті. Оның көзі тірісінде ауылда ешкім арақ-шарап ішпеген, күнә боларлық жағымсыз әрекет жасау деген болмапты. Жастар оның айбынынан жасқанса керек. 1958 жылы қайтыс болған әкемді есте қалдыру, өнеге тұту үшін Тереңөзек жанындағы Сейфуллин ауылының тұрғындары мешіт үйін тұрғызып, «Міркемел қалпе» мешіті деп атапты.

Сейфолланың үйінен шыққанда байлыққа белшеден батып, дүние жинауға, ойын-сауық құруға құнығып, шалқып, тасуды мақсат еткен адамдарға қарағанда қарапайым тірлік етіп, «балаларым – бақытым» деп ғұмыр кешкендердің өмірі әлдеқайда мәнді болатынына көзім жете түсті. Қазақ азаматы өзі үшін емес, ата-баба өсиетін орындау мен балалары, ұрпағы үшін өмір кешетін өткел секілді деген пікірдің мәнін жарты ғасырға жуық тату-тәтті отбасы болып, ұрпақ өрбітіп келе жатқан Сейфолла мен Күләйдің әңгімелерінен, өмір жолдарынан ұғына түскендей болдым. Ойыма Сейфолланың жинақтарынан оқыған жыр шумақтары орала берді:

Бір сөз болса сыймайтұғын
ақылға,
Көкіректік жараспайды ақынға.
Ақын – халық. Халық –
тұнған даналық.
Ал даналық жібермейді насырға.
Халық – анаң. Сөз анасы –
өз анаң.
Өз анаңда сан мінез бар, төз оған.
Көкіректік, күш көрсету –
таста оны.
Тізеңді бүк, қос қолыңды соз оған.

Иә, 60 жылға жуық поэзия көгіне нұр шашқан қазақтың көрнекті ақынының жыр-дастандары халқының жүрегіне жол тауып, сүйіспеншілігіне бөленуінің сыры, құпиясы осындай ұстанымда екен. Ендеше оның ұрпақтары қаулап өсіп, жалғасып, жырлары халқымен бірге жасай бермек. Лайым, солай болғай!!!

Қуанбек БОҚАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.