Әр саланың картасы болуы тиіс

Еліміздің жер-су атауларын тарихи қалпына келтіру мәселесі – қоғамдық өміріміздегі маңызды шаралардың бірі. Өйткені тарихи атауларды қалпына келтіру тарихи санамыздың да қалыптасуына оң әсер етеді. Олай болса, өзгеріске ұшыраған сондай атаулардың бірқатарына тоқталып өтпекпіз.
Шығыс Қазақстан облысының Риддер аймағының маңында «Черемшанка» деп аталатын жер бар. Осы атаудың шығу тарихына байланысты ғылыми әдебиеттерде бірнеше деректер кездеседі. Мәселен, ғалым Э.Мурзаев өзінің зерттеу еңбегінде «Черемшанка» сөзінің шығу тегін түркі сөзіне жатқызып, «Аю сарымсағы» деген мағына беретінін айтқан. Осыған ұқсас атау Ресей Федерациясының Самар өңірінде де кездеседі. Онда «Черемшанка» деп аталатын өзен бар. «Черемшанканың» ертедегі атауы «Сарымсақты» болған. Демек, Черемшанка Сарымсақты болып өзгертілгені жөн.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының Темірлан ауылының атауы қазіргі таңда дұрыс айтылып жүргенімен, кезінде бұл атауға қатысты түрлі пікірталастар айтылған. Белгілі ғалым И.Мушкетов 1906 жылы шыққан «Түркістан» атты монографиясында «Темірлан» атауының қате екенін жазған. «Темірлан» атауы осы күнге дейінгі карталарда «Торлан» делініп келді. Аталған өлкеде зерттеу жұмыстарын жүргізген Қазақ геофизикалық экспедициясы да «Торлан» нұсқасын қолдаған. Бірақ «Торлан» атауының түп негізі Темірлан екеніне күмән жоқ. Олай дейтін себебіміз, Ресейдің Челябі облысы Варна ауылының маңында Темірлан деп аталатын мұнара бар. Оны 1969 жылы осы өлкеге жасаған геологиялық іссапарымызда көргенбіз. Сонда экспедиция құрамында болған Ресейдің, Қырғызстанның геологтары «Торлан» атауының қате екенін, дұрысы «Темірлан» екенін айтқан болатын. Бұл атау атақты қолбасшы Темірланның есіміне байланысты қойылған.
Соңғы жылдары Алматы қаласында және қала маңындағы тарихи атаулар бұрмаланып, жердің бедеріне, табиғи ерекшелігі мен сипатына еш қатысы жоқ атаулар қойылып жүргені байқалады. Аспаннан алып қоя салғандай мұндай атаулар тарихи жадымызға нұқсан келтірері сөзсіз. Мәселен, қаладағы 1911 жылдан бері белгілі «Терісбұтақ» жері «Каменское плато» болып аталып кеткен. Кезінде бұл атаудың мүлдем дұрыс емес екенін дәлелдеп хат та жазғанмын. Осыған байланысты 1997 жылы сол кездегі Премьер-министр Нұрлан Балғынбаевтың бірнеше атауларды өзгерту туралы №1485 қаулысы шығып, Қаулыда «Каменское плато» атауын «Терісбұтақ» деп ауыстыру туралы айтылған. Бірақ бұл сол күйі орындалмай қалды. «Каменское плато» атауының дұрыс болмайтын себебі ол жерде тасты үстірт жоқ. Ол бар болғаны сарытопырақты жер ғана. Соңғы жылдары бұл жер енді «Таусамал» деп жазылып жүр. Мұның да қандай негізге байланысты аталғаны белгісіз. Сондықтан бұл жерді «Терісбұтақ» текше тауы деп қайта өзгерту қажет. Алматы қаласының маңында Абдыра, Шұбарағаш, Қотырбұлақ деп аталатын текше таулар бар. Ал «Терісбұтақ» текше тауы осы таулардың батыс жағында орналасқан.
Өзгеріске ұшыраған тарихи-халықтық атаулардың қатарына «Тастыбұлақ» өзенін жатқызуға болады. «Тастыбұлақ» атауы Нижняя, Верхняя Каменка болып аталып кеткен. Бұл атау белгілі ғалым И.Мушкетовтың 1887 жылғы келтірген деректерінде де кездеседі. Сондықтан табиғатпен және жер ерекшелігімен еш сәйкес келмейтін Нижняя, Верхняя Каменка атаулары өзінің тарихи атауы «Тастыбұлақ» болып қайта өзгертілсе абзал болар еді.
Қаладағы «Бутаковка» жерінің атауы да өзінің тарихи атауын жоғалтқан атаулардың бірі. Өйткені бұл жердің бұрын «Бекенбай» деп аталғаны туралы мәліметтер бар. «Бекенбай» атауы 1852 жылы Талас өңірінен көшіп келген Бекенбай деген адамның атымен байланысты қойылған. Сонымен қатар жер-су атауларына қатысты тарихи деректер бойынша Алматы қаласындағы «Заря Востока» атауының археологиялық атауы –Тереңқара, Горный Садовод – Шыбыл жайлауы, Паганка – Сасық күреңқұлақ деп аталған. Көктөбе маңындағы «Салоновка» өзені ел арасында белгілі болған Әбілғазы Артықбайұлының есімімен байланысты «Әбілғазы Артықбайұлы өзені» деп аталған. Қаладағы «Алмарасан» деп айтылып жүрген атау да оншалықты шындыққа сай келмейді. Ол «Алматының Арасаны» деп аталуы керек еді. «1929 жылы жарық көрген «Қазақстан қазба байлығы» деген кітапта «Алматы Арасаны» деп айқын жазылса, «Горный гигант» ауылының тарихи атауы «Таулы алып» болуы тиіс. Бұл атау қазіргі кезде «Таулы қырат» деп аталып жүр, бірақ ол жерде ешқандай қырат жоқ. Ал ерте кезден «Құмдан төбесі» болып аталып келген тарихи атау «Нұрлы тау» болып өзгертілген. Ал Құмдан төбесі тарихи-археологиялық орын ретінде б.д.д. Х-І ғасырға дейін белгілі болған. Бұл жерде көптеген археологиялық қазбалар табылған. Мұнымен қоса Есік, Боралдай бассейндерінің арасындағы қоныстарды, қорғандарды, молаларды, қалаларды «Сақ пен үйсін қоныстары» деп атау керек. Бұл туралы академик К.Байпақовтың «Жетісу мен Алматы аумағындағы сақ пен үйсіндердің қоныстары» атты еңбегінде айтылған. Осындай тарихи жайттар жер-су, елді мекен атауларын өзгерту және қалпына келтіру барысында ескерілсе деген тілегіміз бар.
Сонымен қатар бүгінгі таңда елімізде ономастика саласы бойынша көптеген маңызды жұмыстар атқарылуда. Бұған республиканың жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары атсалысты. Атап айтқанда, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, С.Аманжолов Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекетік университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттері «Қазақ Ономастикасы. Топонимикасы», «Тарихи ономастика» «Топонимика», «Жасандық этимология», «Синтетика», «Қазақтың георграфиялық атаулары», «Семантика», «Лексика семантикасы» зерттеу еңбектерін әзірлеуде мол үлес қосты.
Алматы, Ақтөбе. Атырау, Ақмола, Батыс Қазақ­стан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маң­ғыстау, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының Тілдерді дамыту басқар­малары жер-су атауларын республика бойынша жүйеге келтіруде нақтылы еңбектер сіңірді. Десек те, атқарылуы тиіс жұмыстар әлі де көп. Солардың бірі бұл картография саласы. Өкінішке орай, бүгінде еліміздің картография саласын дамытуға байланысты шаралар кешенді түрде қолға алынбай отыр. Осы орайда әр сала бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі карталарды әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Олардың тізімін төменде келтірдік:
1. Дүниежүзінің саяси картасы. Әртүрлі масштабтарда.
2. Дүниежүзілік физикалық картасы.
3. Еуразияның картасы
4. Қазақстан Республикасы мен ТМД мемлекеттерінің теміржол картасы.
5. ҚР Отындық энергетикалық кешенінің картасы.
6. ҚР Магистральді құбырларының картасы.
7. Қазақстан Республикасы қазба байлық­тарының картасы.
8. ҚР экономикалық картасы.
9. ҚР Қазба байлықтарының картасы.
10. ҚР Саяси әкімшілік картасы.
11. ҚР физикалық картасы.
12. Алматы облысының әкімшілік физикалық картасы.
13. Алматы облысының картасы.
Алматы облысының әкімшілік буклет картасы.
14. Ақмола облысының әкімшілік физикалық картасы.
15. Ақмола облысының картасы.
16. Ақмола облысының әкімшілік буклет картасы.
17. Ақтөбе облысының әкімшілік физикалық картасы.
18. Ақтөбе облысының әкімшілік буклет картасы.
19. Атырау облысының әкімшілік физикалық картасы.
20. Атырау облысының әкімшілік буклет картасы.
21. Атырау облысының картасы.
22. Батыс Қазақстан әкімшілік физикалық картасы.
23. Батыс Қазақстан облысының картасы.
24. Батыс Қазақтан әкімшілік буклет картасы.
25. Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік картасы.
26. Шығыс Қазақстьан облысының картасы.
27. Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік буклет картасы.
28. Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік физикалық картасы.
29. Солтүстік Қазақстан облысының картасы.
30. Оңтүтсік Қазақстан облысының әкімшілік физикалық картасы.
31. Оңтүстік Қазақстан облысының картасы.
32. Павлодар облысының әкімшілік физикалық картасы.
33. Павлодар облысының картасы.
34. Жамбыл облысының әкімшілік физикалық картасы.
35. Жамбыл облысының картасы.
36. Қарағанды облысының әкімшілік физикалық картасы.
37. Қарағаны облысының картасы.
38. Қарағанды облысының әкімшілік буклет картасы.
39. Қостанай облысының әкімшілік физикалық картасы.
40. Қостанай облысының картасы.
41. Қостанай облысының әкімшілік буклет картасы.
42. Қызылорда облысының әкімшілік физикалық картасы.
43. Қызылорда облысының картасы.
44. Қызылорда облысының әкімшілік буклет картасы.
45. Маңғыстау облысының әкімшілік физикалық картасы.
46. Маңғыстау облысының картасы.
47. Маңғыстау облысының әкімшілік буклет картасы.
48. Қазақстан Республикасы саяси-әкімшілік картасы (сувенир, буклет ретінде).
49. Алматы қаласы аудандарының карталары. Жоспар, сұлбасы.
50. Астана қаласының картасы. Жоспар, сұлбасы.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі осы аталған карталарды әзірлеуде Ұлттық картографиялық, геологиялық, геоде­зиялық қорымен шарт жасасып картасыз, каталогтарсыз отырған мектептерді, университеттерді, ғылыми-зерттеу институттарын картографиялық өніммен қамтамасыз етудің механизмдерін әзірлесе және министрлік жанынан осы мәселемен шұғылданатын арнайы үйлестіру орталығы құрылса, карталарды дайындап, жарыққа шығаруда көптеген мәселелер шешімін табар еді. Өйткені мектептерге, оқу орындарына қажет карталарды жеке фирмалар да шығара беретін болды. Онда қателіктер де, ағаттықтар да көп кездеседі. Сондықтан карта шығару мәселесі бір орталыққа бағынуы тиіс.

Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ,
геолог

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.