«Тағдырымның еншісі…» (күнделіктегі жазбадан үзінді)

Туған жердің әр тасына, сылдыр қағып аққан мөлдір бұлағына қай қиырында жүрсең де тәнті боласың! Еңселі қарағайлары мысыңды басып, айдай әлемді тамсандырып, менің айбарлы, асқақ ағаларымды еске түсіреді. Ал солардың бауырына еніп кете жаздап тұрған сұлу да сұңғақ, менің ару жеңешелерімдей сымбатты ақ қайыңдар ше! Бір қарағай, бір қайың болып жұптаса қалған табиғаттың жарасымды, көз тоймайтын тірі суретін қайда қоясыз!.. Әттең, біреуге ерте, біреуге кеш келетін жазмыштың ісіне не деріңіз бар?!

Әсем табиғаттың төл перзенті ақ қайыңдай ерекше келбетті жаратылған, сыртқы сұлулығымен қоса төңірегіне шуақ шашып тұратын қайран Сәлима жеңешемнің заты бөлек еді. Жан дүниесі айрықша сұлу Сәлима Нәубетиярқызы Мусина адами болмысымен, медицина саласындағы айтарлықтай еңбегімен, ұжымдағы үлгі-өнегесімен танылған жан еді. Шаңырағында ата-ана сыйлап алғыс-батаға кенелген, сүйген жарына мәңгі өшпестей шуақты махаббатын қалдырған, ұл-қыз өсіріп үлгілі тәрбиесімен ұрпақ өрбіткен аяулы жан болатын. Аты аңызға айналған жұп жарастығын оқырмандар назарына ұсыну ниетімен Ғаділбек ағаның естелік стилінде жазылған күнделігімен таныстым.
Алматы мединститутынан дипломын алысымен еліміздің шалғай түкпіріндегі туған ауылында, сол кездегі Гурьев облысы, Теңіз ауданының Шортанбай селосында дәрігер болған қос маманның еткен еңбегі мен төккен маңдай тері елеусіз емес.
Дегенмен, иә… дегенмен, Мусин Ғаділбек Шәмшиденұлы ағамыздың өмір жолына арқау болған шынайы махаббатымен Жаратушы тәңір маңдайына шексіз бақ дарытқан адамның ғұмырнамасы біз ойлағаннан әлдеқайда қызықты да мәндірек екен… Күнделіктегі жазбалары былай өрбиді:
«…Кейбір уақытта сені баурап жетегіне алса, бірде шарықтатып, бірде тұңғиығына иіріп әкететін ой шіркіннің жан серігіме айналғанына да бойым үйреніп алды. Сол ойлардың көбі тәтті бола бермесі тағы да анық.
Маған өмірдің ылғи да ызғарын емес, ықтасын панасын бере гөр деп Жаратқанға жалбарынған жан емеспін. Өмір жолымда не кезіксе де, қиын-қыстаудан алып шығар негізгі қуатымның бастауы – өмірге деген құштарлығым мен қол ұстасып, жұп өмірді бірге кешкен, маңдайыма жазылған жан-жарым Сәлиманың әу баста жолыққаны болса керек. Менің бүкіл ғұмырымдағы сәттіліктердің алғашқы баспалдағы, қайнар көзі осында деп ойлаймын. Тату болу үшін ғашық болып табысу аз, ішкі жан дүниеңнің үндесуі, үйлесуі… Жаратқан иенің сол пәк сезімді ­екеуара қадірлей білгендігің үшін берген сыйы – егіз жүректі мәңгі қауыштырып, қабыстыруы екен… Осы сый – тағдырымның еншісі.
Асыл жар – таза бұлағың, тұнық тұмаң. Бірге кешкен бақытты ғұмырымның көңілдегі жарқын да сәулетті сән-салтанатын, арайлы сәулесін, көкейдегі көріністерін көз алдымнан өткізіп, солардан жұбаныш табуға, бұдан былай жанымды жабырқатпауға, еңсемді түсірмеуге, иығымды тік ұстауға жалғыз Жаратқан иемнің алдында, Сәлимашым, сенің алдыңда сөз берейін!
Риясыз жүректен шыққан қоспа-қосындысыз жан сырымды ақ қағазға өрнек салғандай тізе бергім келеді, тізе бергім келеді. Кейін ұрпағымыз оқып, жарастығымызды үлгі тұтсын, естеріне ала жүрсін деген ниет… Бейнефильм түсіріп, тату-тәтті дәуренімізден естелік жасап, өз орындауымда үш әнмен музыкалық-дыбыстық безендіру жасадым. Жұп өміріміздің дәл осылай… сенің денсаулығыңның кеселге душар болып, ауыртпалық кештіріп, тәмамдалғаны ғана жаныма батады-ақ.
Біз, Сәлима екеуміз де дәрігер мамандығын алып едік. Алматы медицина институтын бітіріп едік. Мен – емдеу факультетін 1960 жылы, ал Сәлима – фармацевтиканы 1962 жылы бітірдік. Сәлима екеуміз елу төрт жыл жұп өмір кештік. Тағдырға өкпе артқан емеспіз. Ризамыз. Өмірге екі ұл, бір қыз бала әкелдік, олар ержетіп, азамат атанды, бізге немере сүйгізді, үмітіміз ақталды.
«Ақылды жарың – байлығың, барың, ажарың» дейді халқымыз. Осы сөз мәйегі Сәлимаға да арналып айтылғандай. Менің шаңырағымды байытқан да, шырағымды жарқыратқан да, өмірімді ажарландырған да Сәлима еді!
…Бір күні Заур Мақатов деген курстас досым студенттік кеңестің төрағасы болатын, жүгіріп келді, «жүр де, жүр» деп не болғанын сұрасам, «әлгі мен айтып жүрген әдемі қыз буфетте кезекте тұр, тым болмаса, көре қойшы» дейді. Көңілін қимай бардым, шынында да тым көркем қыз екен. Бір көргеннен қатты ұнаттым.
Ертеңіне-ақ қасыма жолдас жігіттерімді ертіп, қыз тұратын жатақханаға іздеп бардық. Ондағы ойымыз, іздеген қызымызды кездейсоқ жолықтыру… Ойлағанымыздай, мен іздеп келген ару қыз сол мезетте киім үтіктейтін бөлмеден шығып келеді, қарына іліп алған киімдері бар. Айтып-айтпай не керек, суда жүзген аққудай, әр қадамын бабымен басады, жүрісі, қимылы керемет сәнді, жарасымды екен. Таныстық, аты Сәлима екен, Ақтөбенің Қарабұтақ деген ауданынан келген, бірінші курста ғана оқиды, мен болсам, төртінші курсты бітіргелі жатырмын. Бұл наурыз айының басы болатын…
Бірінші мамыр мерекесіне бір танысымыз үйіне қонаққа шақырды. Жолдастарым ән салуымды қолқалап, өтініш етті. Махаббат жайында бір ән айттым. Менің жанымды сала шырқаған әнімнен Сәлима «есінен танып қалыпты» (өз сөзі). Екеуара нағыз ғашықтық сезімнің оянуына, қыз жүрегінің нәзік те шынайы қалауын табуға септігі тиген ән айту өнері өмірде бізді бұрынғыдан да жақындастырды.
Менің балалық шағымнан еске алатыным – ән айтуға құштарлығым. 1949 жылы алтыншы класта оқып жүргенімде аудандық өнерпаздар байқауында халық әні «Юран-ай»-ды орындап, екінші жүлделі орын алдым. Гурьевте өтетін облыстық конкурсқа жіберді. Ол уақытта Гурьевте – қалалық жерде қылмыс көп деген қауесет ел ішінде таралып тұрған кезі. Анам мені, үш қыздан кейін зарығып көрген ұлын, ондай «атағы дүрілдеп» тұрған жерге қайдан жіберсін. Сонымен, менің өнер сайысындағы өрісім шектеліп қала берді. Бірақ ән-жыр өмірімнің серігі.
…Сәлиманың сұлулығына таңғалмайтын жан жоқ. Арғы тегі сол өңірге аты мәлім Жылгелді батырдан тараған текті тұқымның сұлу қызына (менің болашақ жарым – Сәлимаға) қызығып, Орск қаласынан «Цыганский барон» деген лақап атымен төңірегіне танымал бір бай саудагер Сәлима он алтыға толған кезде баласына айттыра келеді. Отыз мың сом ақша – қалыңмалын ұсынады. Сәлиманың анасы Жібек жастайынан жесір қалған екен. Айттыра келген кісіге «Әкесінің «балаларымды оқытарсың» деген аманаты бар еді. Аманатқа қиянат ете алмаспын, келуіңіздің айыбы жоқ, бірақ қызымды оқытамын» деп өз ойын ашық айтып, жөнімен әңгіменің басын ашық қайырады. Бұл әңгіме жақын-жуықтар арасында айтылып жүретін.
Осы жерде Жылгелді – Жұпар хикаясы Тахауи Ахтановтың өмірі мен шығармашылығына қатысты әңгімеленетін тарихи оқиғадағы Жылгелді – Тахаңның нағашы жұрты – Сәлиманың арғы аталары болып келеді. Жұпар сұлу – Сәлиманың әжесі, яғни Нәубетияр ақсақалдың анасы. Сол өңірде сұлулығымен, ақылымен және қажыр-қайратымен аты аңызға айналған Жұпар әжесінің ажары мен ақылы Сәлимаға дарыған. Оның жастайынан көзге түсуі – арғы тектен сүйегіне берілген асыл қасиетінің белгісі еді.
Өткен күндердің өшпестей ізі көкейімде сайрап жатыр. Мына бір жағдай есімнен кетпейді… Мен оқуымды бітірген соң, ауылда жұмыс істеп жүрген кезім. Сәлима оқуға кетісімен, көп уақыт өтпей-ақ, мені сағыныш меңдеп алады. Жұмыстан келе-сала бөлек бөлмеге кіріп алып, мандолинге қосылып «Жан жарым Сәлиманы қашан көрем, Зарымды естимісің, Сәлима, жаным…» деген жолдарды зарлата жөнелгенімде, ішкі шерімді бір тарқататын болсам керек. Әкем марқұм анамызға «Әй, Мүслима, мына бала әлден-ақ келінді әнге қосып зарлады ғой, дереу келінге жібермесек болмас» деген көрінеді. Нағашы інім Социалдың құлағына тиген осындай әңгіме дос-жаранның арасына тарап кеткен кездері де болды.
…Ол кездері әйтеуір таң бозарып ататын, кеш бататын. Үміттің шырағы өлеусіреп, жан дүниеміз бір тал жіңішке жіптің үзіліп кетпеуін тілеп қана күн кешіп жатқанбыз. Сәлима-ау, сенің жанарларың жәудіреп… қимыл-қозғалыстан қалған кездерің… жаутаң қаққан жанарыңа телміртіп күндер сырғып жатты.
Бір күні осының бәрін көтеруге дәрменім қалмай, шарасыздықтан жүрегім сыр берсе керек, балалар жедел жәрдем шақырды. Медбике ем-домын жасай жүріп, кеңестерін айтып жатыр. Өзім де дәрігер екенімді айтып қоямын. Балалар бәйек болып, «анамыз да медицина саласында қызмет істеген, қазір науқас, ауырып жатыр» дегенінде, «қай мекемеде істеп еді» деп сұрады әлгі кісі. «Жедел жәрдем ауруханасының дәріханасы» деген сөзді естіген ол «көрсем таныр едім» деген соң, дереу Сәлиманың жанына алып бардық.
Көзіне жас алған медбике «Сенбісің, құдайым-ау, бұл сенбісің…» деді қатты толқып. Содан кейінгі айтқандары әлі жадымда. «Үлкен ауруханада бірге қызмет істеп едік. Мына жатқан сұлу әйелдің жаны да сұлу болатын. Өзі үлкен аурухана жанындағы дәріхананың басшысы бола тұрып, басшылардан бастап еден жуатын қызметшіге дейін бірде-бір адамды ілтипатына бөлемей жанынан өтпейтін… Қатал басшы еді, талап ете білетін әрі әділдігімен мекемеде бәрі сыйлайтын. Жай ғана өң сұлулығы емес, төңірегіне шуақ шашатын, таңғаларлық ғажайып жаратылған адам еді…». Арада отыз жыл уақыт өтсе де күні кешегідей жылы ұшырап, көзкөрген әріптесі білдірген ілтипатында қаншалықты қымбат сыр жатқанын түсінуге болады…
Сәлима ұзақ жылдар Алматы қала-сындағы үлкен дәріхананың меңгерушісі болды. Үкімет тарапынан алған марапат-мақтаулары қызметтегі жетістіктері ғана емес, жүздеген, мыңдаған қызметтестері, ауру-сырқау адамдардың, осы саладағы әріптестерінің оның адамгершілігіне бас иген құрметінің арқасы болатын… ­Мусина ­Салима Наубетиярқызына 1976 жылы берілген «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» («Отличник здравохранения СССР») белгісі, 1987 жылы берілген «Еңбек ардагері» медалі оның еңбегінің жоғарыда еленген бір белгісі ғана.
Бүгінде ержетіп, ел өркендеуіне үлесін қосып жүрген балаларымыз да еңбектерімен көзге түсіп, ата-ана жолын жалғастыруы – әулет мақтанышы. Кіші ұлымыз Ғасал Ғаділбекұлы Ресей мен Қазақстан арасындағы адал ниетті әріптестігі, еңбегі үшін Ресей Федерациясынан Ресейдің марапаттау комитеті берген «Ұлы Петр орденімен» марапатталды. Қазақ елінің білікті мамандарын өзге ел бағалап жатса, бұл да ата-ана үшін мерейі емес пе? Үлкен ұлым Есей технология институтын, жоғары милиция мектебін бітірген, полковник дәрежесіне дейін көтерілді. Ол 39 жасында полковник атанды. Үлкен немерем – Әдия экономист мамандығы бойын­ша қызмет істеп, айтулы маман, қабілетті басшы деңгейіне дейін өсті. Қазір Голливудта. Дүниежүзілік конкурсқа қатысып, киноөнері саласына қабылданған 20-ның біреуі. Әсем – ҚМЭБИ-дің түлегі, қазір Парижде, дизайндық шеберлік жолында. Қызым Ботагөздің мамандығы дәрігер. Қазір кішкентай бөбектер тәрбиесімен айналысады.
Қазақта «дәтке қуат» деген жақсы сөз бар. Осының бәрі және жүректегі иманның қалауы – шүкірлік. Тоқтаммен, өткен тәтті күндеріме ризалық сезімімен Алланың берген ғұмырын тәрк етуге хақым жоқ!
Сырласым, жан-жарым, сен өзің бойы­ма сіңіріп кеткен шуағың әрдайым жанымды нұрландыра береріне сенем! Рухың биіктеп, бағышталған Құранның шапағатына бөленгейсің, алдың пейіш, артың ұрпағың үшін сарқылмас кеніш болсын деп тілек тілеген өмірлік жан жарың Ғаділбегің!
Ішкі сырымды ақ қағазбен бөліскенім – белгісі өшпес өткен күндердің жаңғырығы өзіммен бірге өшіп кетпесін, үлгі тұтар тұсы болса, ұрпағым ортақтассын дегенім еді!..»

Күнделікті
баспасөз бетіне әзірлеген
Қалампыр Кенжеғалиқызы,
журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.