Алаштың асылы еді – Беркінғали

Әкеміздің нағашысы болуы себепті біз Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаевтың есімін бала кезден естіп өстік. Алайда естіген әңгімелеріміз ол кезде оның қайраткерлігі жайында емес, отбасына қатысты туыстық әңгімелер, неміс әйелінің қазақ салтын білмейтіндігі туралы күлкілі жайттар еді.
Соның бірі: «Балаң үйленіпті» деген соң екі жасты ертіп әкетіп, елге таныстыру үшін Мұқаш Үйшікке келеді. Қартты жолшыбай келіннің Беркінғалиға не деп ат қойғаны қызықтырып келе жатады. «Орыс келін күйеуінің атын атай ма екен?» Есік ашқан Лидия атасын танып қалып, қуанғаннан: «Беркін, Беркін! Мұқаш Атшыбаевич приехал!» деп ішкі бөлмеге қарай жүгіріпті. Сөйтіп, «орыс келін» күйеуі тұрмақ, әкесін оның әкесімен қосып атап жіберген.
Бұл әңгімені тарап кетуіне қарағанда, сірә, елге Мұқаштың өзі айтып келгенге ұқсайды. Келін туралы ерекше бір жылылықпен айтылған әңгіме. «Түсі игіден түңілме» дегенді ұстанған, қазақша-орысша сауатты, озық ойлы азамат Мұқаш орыс келінді «салт білмедің» деп сыртқа тепкен жоқ, жатсынбады.
Кешегі ер елден аластатылған, елі ерінің атын атай алмаған заманда Беркінғали атын өшірмеген жалғыз осы Лидия ­Геор­гиевна десек артық болмас. Жары Беркінғалиға өле-өлгенше адал болып, ошағының отын өшірмеген, адам төзгісіз қиянаттың не бір түріне шыдап, ерінен қал­­ған жалғыз тұяқ, екі айлық шарананы аза­мат қылып өсірген «Орыс келін» еді ол.

МҰҚАШ мұсылманша, орысша сауатты адам екен. Оның Беркінғали, Хасанғали, Әжіғали деген ұлдары болған. Құсайын деген тағы бір баласының кәмпескелеу науқанына араласқаны айтылады. Мен Құсайынның ұлы Сабырғалиды Ақтауда бір жиында жолықтырдым.
Хромтауда тұратын қызына әкем екеуміз арнайы барып, таныстық (Топырағы торқа болғыр, марқұм Бәтихан жездемнің арқасы). Алматыға бір барған сапарында әкем ҚазКСР Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты Кәрім Әжіғали­ұлы Атшыбаевпен кездескен. Бір қағаз­дың бұрышына «Кәрімнің үйіне барамын деп, әзірлетіп қойып, бара алмай кеткен қателігімді ғұмыр бойы ұмытпаймын» деп жазып қойыпты. Қашан жазылғаны маған мәлім емес.
Мұқаштың қызынан туған бала Еркінғали (жиен) кешегі Ұлы Отан соғысында қаза болған, оның әкесі 1937-де атылған, руы – ақбота адай. Еркінғалидан қыз бала қалған болуы керек, Айман ­Тасболатова (Жанаш Нұрмаханұлының дерегі. Н.Жанат).
АТШЫБАЙ – «Аузына арам салмаған, ортадан пара алмаған» шеркеш-жауғашты-батырқожа Қазыбек биден тарайды. Мыңғырған мал айдамағанымен, адал ішіп, ақ сөйлеп, өнер-білімді бойына жинап өскен, жүйрік ұстаған, сән-салтанаты келіскен, елге асқан беделді әулет болған. Миялы беттен келген ағайыннан жұрт: «Атшыбай аулы аман ба? Мұқаш торы аман ба?» деп амандық сұрасады екен. Сөйткен әулеттен шыққан Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаев орыс оқуын оқып, заман көшіне ілесті. Әттең!.. Кеңестік режим көзін жойған қазақтың оқыған мыңдаған асыл азаматтарымыздың бірі Беркінғали Атшыбаевтың еліне еркіндік әперем деген азаматтармен бірлесе атқарған ұлы ісі жөргегінде тұншықты. Одан кейінгі Қазақ жерінің жерасты байлығын елінің игілігіне айналдырсам деген ниетін де сол режим соңына дейін іске асыртпады. Ол туралы баспасөзде тым аз жазылады. Оның есімі зерттеп, ашқан жерлерінің мұнайы оңды-солды игеріліп жатқанда да ауызға алынбады.

Алаштың асылы еді – Беркінғали
Біз оны жастау кезімізде елдің алғашқы мұнайшысы ретінде аңыз ететінбіз. Сонымен қатар туған бауыры Әжіғалидың Мәншүк Мәметованың екінші әкесі екендігін біліп (Ахмет Мәметов ұсталып кеткен соң Әминаға үйленген), өзімізді батыр қызға біртабан жақындатып, мақтанатынбыз да. Беркінғалидың қарындасы – менің әжем Жұмақ, біз оның есімін тани бастаған кезде өмірден озып кеткен болатын.
Әкем Беркінғали нағашысын соңғы рет 12-13 жасында көріпті. «Ол кезде қазіргі Құлсарының орнында 3-4 киіз ғана болған, мұнай барлаушы геологтардың қосы. Столының үсті толған қағаз. Кереуетінде «Крокодил» журналы жатыр екен, содан оқыдым-ау деймін, «Фольклор деген не?» деп сұрадым. «Ол біздің Қыз Жібек, Қозы Көрпеш сияқты жырларымыз ғой. Ертегі, аңыздар… Білесің бе?» Білетін едім, басымды изедім.
«Мында кел, – деді сосын нағашым, – мыналар осы жерлердің карталары, – деп картон іспетті үлкен сары қағаздарды көрсетті. Бұл сол кезде геологиялық карта сызылатын балауыз сіңірілген қағаздар екен. – Жер астында көп мұнай бар. Екінші рет дәлелдеп отырмын» деді. Біз отырған киіз үйге бір орыс келіп, екеуі бір шаруалар жайында сөйлесіп кетті. Біз әкелген сәлем-сауқатымызбен нағашыма шай бердік те, ауылымызға кеттік».
Бұл 1934-35 жылдар еді. Арада екі-үш жыл өткен соң, Ембі алабының (Құлсары да бар) мұнайы игеріле бастады. Соғыс кезінде тар табанды жол салынып, бұл өңірдің мұнайы өңдеусіз тікелей майданға жөнелтіліп жатты. «Мұнайлы Ембі, мұнай бер, Осыны сенен сұрайды ел!» Асқар Тоқмағанбетов өлеңі сол кезде шықты.
Әкемнің тағы бір айтқаны: Мен нағашыма сұраған бір затымды әкеліп бермедің деп, «бүйткен нағашылығың құрысын» деппін. Еркелік қой. Содан кейін нағашымды көрмедім, өзі де ауылға келмейтін болып кетті. Шешемнен «Неге келмей жүр» десем, «Сенің сөзіңе өкпелеп қалған болар» дейтін. Мен көпке дейін осыған өзімді айыпты санап жүрдім. Сөйтсем, оны НКВД ұстап кетіп, көзін жойған екен… Ел оның түрмеге жетпей, жолшыбай өлтірілгені туралы сан-саққа жүгіртіп әңгіме айтатын.
Беріректе әкем Алматыға жолы түскенде, Беркінғалидың жары Лидия­ның үйіне барып, сәлем беріп, артында қалған жалғыз тұяқ Беркінмен жүздесіп келетінін айтып отыратын. Өмір бойы қолынан қаламы түспеген, 90 жастан асқанша уақытының көбін жазу үстелінде өткізген әкем Жанаш Нұрмаханұлы нағашысы Беркінғали туралы, Алашордашы Беркінғали, Мұнайшы Беркінғали, Әнші Беркінғали туралы еш жазба қалдырмаған.
Біз өз білгенімізді аз деп есептеп, «Алаш­орда» тарихын зерттеушілерден дерек күттік. Жылдар жылжып барады, Алашорда үкіметі мен оны қолмен құрғандар туралы қанша жазылса да, сол тарихтың Беркінғали есімі жазылған беттері ашылар емес…
Маған 1997 жылы жазда Атырау Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде Беркінғали Атшыбаевтың осында сақталған ісімен ішінара танысудың сәті түсті. Ішінара дейтін себебім – іс қолыма толық берілген жоқ. Комитет қызметкері жапырақ-жапырақ қылып, істің кейбір беттерін ғана әкеліп таныстырды. Кейбір жерлерін өз қадағалауымен көшіріп алуыма рұқсат етті. Сол жолы кейіпкерім туралы жерлесі, ғалым Таумыш Жұмағалиев ағайдың, Атырау университетінің профессоры Құсекен Шәукеновтің естеліктерін алдым. Кейін Нәсір көке Нығыметов тағы бір деректерді айтты. Осы жұмыстарымның бәрі менің жұмысбасты, әрі үй шаруасына алаңдаулы болуым себепті асығыс, шалалау жүргізілді. Онда Беркінғали Атшыбаев туралы Қазақ мұнайының 100 жылдығына байланысты Маңғыстау телевидениесі арқылы телехабар берумен шектелгенмін.
Өкінішім көп. Әңгіменің кеніші жоғарыда аты аталған жақсы ағаларда, Беркінғалидың ерке жиені менің өз әкем де – қазір бақилық.
Сонымен Атырау университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құсекен Шәукенов былай деген еді: Беркінғалиды көре қалдық. Жинақы жүретін шақ қол кісі болатын. Мәскеудің Тау-кен академиясының мұнай факультетінің 4 курсын аяқтап тұрған жерінен бітіртпей, оқудан шығарып тастады. «Алашордашыл» болғандығы себепті.
Ағасы Әжіғали банк қызметкері болатын. Банктің 70 жылдығында ол кісінің есімі айтылды. «Ақ жайыққа» шықты биыл. Мартыненконың «Алашорда» кітабында да оның есімі аталады.
Азамат соғысы жүріп жатқанда, Беркінғали Атшыбаев Алашорданың Колчактағы өкілі болған. Батыс Алашорданы таратуға 1920 жылдың 12 қаңтарында қол қойған бесеудің бірі. 1927-28 жылдары Мәскеуде Жоғарғы сотта аудармашысы, сосын, акционерлік қоғамда аудармашы болып істеді.
Геолог-картограф, «Эмбанефть» бірлес­тігінде жетекші геолог. Мұнайлы, Байшонас, басқа да қай жерде мұнай барын белгілеп кеткен. Атақтары шыққан мұнайшы Өтебаев, Досмұхамбетовтер ол кезде жас балдар. Беркінғали 1931 жылы шілдеде Адай көтерілісшілері экспедицияның қырық шақты орысын Ұшқанға атуға алып шыққанда, «Босқа шөлге ұрынасыңдар» деп, арашалап алып қалған екен. («Ұшқан» деп отырғаны – Күйкенұшқан. «40 орыс» деген де тым көп сан. Н.Жанат).
Экспедиция бастығы Пермяковтың Беркінғали Атшыбаевқа берген мінездемесі бар.
Беркінғалиды 1937 жылы 27 қазанда, кешкі 9-да ұстады. Өзі физически мықты адам дейтін, түрмеде көп жәбір көрген сияқты. Көп кешіктірмей желтоқсанда Оралға айдап кеткен. Содан хабарсыз.
Әйелі өзінен 15 жас кіші, екі айлық баламен қалды. Ол бала Сталинградтан жоғары оқу орнын бітірді. 1958-де өзге жұртқа амнис­тия бермепті, артынан іздеушілер аз болған. Беркінғалиды ақтаған. Оның «Личное делосын» «Эмбанефть» мұрағатынан таптым.
Атшыбаевтың елдегі балалық, жастық шағын білетіндер аз. Бір көрген кісі жерлесі – Таумыш Жұмағалиев» деген Құсекен ағай (Құсекен ағай да Атырау облыстық Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде Беркінғали Атшыбаевтың ісімен ішінара таныстым деді).
Осы сапарымда Таумыш Жұмағалиевтың айтқаны: Беркін Мұқашұлы Атшыбаев та Қызылқоға ауданының перзенті, Миялыда туған (қазіргі Жангелдин атындағы кеңшар), Қазыбек бидің ұрпағы. Әкесі Мұқаш орысша сауатты кісі екен, өзінің балалары Беркін мен Әжіғалиды 6 жастан орысша оқуға берген. Беркін Қаракөлдегі бір кластық, Гурьевтегі екі кластық, одан соң Орал реалдық училищесін бітірген. Сөйтіп, он бір жыл үздіксіз, орысша білім алған. Оқуын одан әрі жалғастырып, Мәскеуде ұзақ жыл оқып, «Мәңгілік студент» атанып, «Известия» газетіне аты да шығулы. Ол Тау-кен академиясын бітірген алғашқы қазақ, тау-кен инженер-геологтарының бірі, «Алашорданың мүшесі» деп бір кезде оқудан шығарылған.
Беркін Мұқашұлы өнерден де хабардар болса керек. Олай дейтініміз – 1926-1929 жылдары «Орынбор-Қызылорда» баспасынан шыққан Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні » нота кітабында Беркін ағаның Оралдан ән оздырған Мұхиттың екі-үш әнін орындағаны жазылыпты, соның бірі – «Паңкөйлек».
1937 жылы ұсталғанға дейін Ембі мұнай тресінде барлаушы-геолог болып, мұнай кендірін ашуға елеулі үлес қосады. Оның 1920-30-шы жылдары мұнай іздестірудегі жасақтаған геологиялық карталары осы күнге дейін мәнін жоймаған, кәдеге асарлық. Ал оның жалғыз ұлы Беркін (әкесімен аттас) Гурьевте орта мектепті бітіріп, Мәскеудегі академик И.М. Губкин атындағы мұнай институтына емтихан тапсырса да, алашордашының «бөлтірігі» делініп, оқуға қабылданбайды. Сондықтан «зиянсыз» бағытқа – Волгоград автомобиль және тас жолдар институтына түсуге мәжбүр болады. Беркін ағаның зайыбы Л.Г. Софенрейтер Гурьев мұнай техникумын бітіріп, ондаған жылдар мұнай саласында еңбек еткен. Тағылған белгілі «кінә», оған қоса ұлты да «ескеріліп», талай қиындықты басынан өткізіп, отағасы ақталғасын Алматыға қоныс аударған.
Беркін таза жүретін, паң кісі еді. Жүн шекпен киген талай қазақты көрдік, соның ішінде ақ түйенің жүнінен иіртіп, костюм тоқытып киген Беркінді ғана көрдім. Біз оған еліктейтінбіз.
Беркінғали Атшыбаевтың ұсталып кетуінің негізгі үш себебі бар: бірінші, отарлаудың жаңа тәртібін енгізген кеңестік жүйе ешқандай ұлттық мемлекеттің дербестігіне төзбес еді, сондықтан Алашорда қызметінде болғандар түгелдей ­саяси қуғын-сүргінге ұшыруға тиісті болды; екінші, уақыт өте келе кеңестен кешірім алып, Ішкі істер органдарына, кеңселерге лауазымды қызметке орналасып алған ақ казактардың Азамат соғысы кезіндегі жеңілістерінің есесін қайтаруы (Лениннің тікелей тапсырмасы бойынша ақ казакпен тізе қосқандардың көзі құртылуға жататыны тағы бар); үшінші себеп – Беркінғалидың геолог ретіндегі табысты жұмысы мен беделі талайдың ішін жандырды («Біреу өлмей, біреуге күн жоқ»). Бірқатар деректерде ол «үстінен қылмысты іс қозғалғандардың тізімінде жоқ» деп көрсетілген. Этаппен айдалып бара жатып, оның белгіленген нүктеге жетпей өлтірілуі (жоқ болып кетуі) осының дәлелі бола алатын сияқты. Өз басым азаматтың түбіне күншілдіктің қызыл иті жетті дегенге ден қоямын.

***
Екі томдық «Алаш қозғалысы» құжаттар мен материалдар жинағында («Алаш», 2005. ISBN 9965-669-52-X) Беркінғали Атшыбаевтың аты тек бір жерде аталады. Ол – Қазақ Революциялық комитетінің 1920 жылдың 5 наурызындағы «Алашорданың Батыс бөлімін тарату (жою) туралы» қаулысы. Аталған қаулы Батыс Алашорда үкіметінің мүшелерімен Кеңестер жағына шығу туралы келіссөз жүргізуге Орал облысына іссапармен барып келген ревком мүшесі Бегімбетов жолдастың баяндамасына байланысты қабылданған.
ТЫҢДАЛДЫ: Алашорда Қазақ ұлттық үкіметінің Батыс бөлімін тарату туралы (Алашорданың аталған үкіметінің мүшелерімен кеңестер жағына шығу туралы келіссөз жүргізу үшін Орал облысына іссапарға жіберілген Ревком мүшесі ж. Бегімбетовтің баяндамасына байланысты).
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: Бегімбетовтің баяндамасын тыңдап, құжаттармен таныса келе, Алашорда үкіметінің Батыс бөлімінің жауапты басшыларымен олардың қалыптасқан жағдай мен уақытқа байланысты Кеңес өкіметі жағына өтуі туралы алдын ала келісе отырып, сондай-ақ Алашорданың Батыс бөлімінің көптеген жауапты басшыларының облыс аумағында Орал казактарымен, басқа да буржуазиялық тәртіпті қорғаушылармен одақтас болғандығын, соған байланысты жарияланған амнистияға қарамастан, олардың қазақ даласында болуы жергілікті жерде кеңестік тәртіп идеясын жүзеге асыруға зиянды әсер етуі мүмкін екенін назарға ала отырып, екінші жағынан, олардың әрекеттерінен зардап шеккен тұрғындар тарапынан бірқатарына қылмыскер ретінде қарап, азаматтық талап қоюшылар болуы мүмкін деген себептермен Ревком қаулы етеді:
1. Қазақ ұлттық Алашорда үкіметінің Батыс бөлімінің жауапты басшыларын Қазақ өлкесінде Кеңес өкіметі нық орнап кеткенше қазақ еңбекшілерінен жырақ ұстау. Келіп отырған жауапты қызметкерлер ішінен Жанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Карим Жәлелов (мәтінде Джамалов) және Беркінғали Атшыбаев Москваға немесе басқа орталық губернияларға жіберілсін.
2. Алашордашылардың дүние-мүліктері қай жерде болса да қазыналық болсын, жекеменшік болсын, мүліктерді тиісінше бөлуге құзіреті бар бірден бір өкілетті орган – Ревкомның айрықша пәрмені болғанша есепке алынсын.
3. Алашорда үкіметінің, оған бағынышты органдардың түпкілікті жойылуына байланысты барлық мәселе жуырда өтетін Ревком мәжілісінде қаралсын, газеттерге Алашорда мен Ревком арасында ешқандай келісімнің болмағаны туралы тұрғындарға жария етілсін, ал бұл алашордашылардың өту шарты Ревкомның №.. жауабында көрсетілген, яғни алашордашылардың жеке басына қатысты қолсұғушылық болмайды және бұрынғы саяси әрекеттері үшін жарияланған амнистия өз күшінде қалады.
4. Кеңестермен ниеттес қазақтар мен көшіп келгендердің арасында Батыс алашорда­лықтардың белсенді мүшелеріне қатысты жеккөрушіліктің барын ескере отырып, оларға Ревком мүшелігі, басқа да жауапты жұмыс беруді тоқтата тұру. (Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Ревком қаулыларынан алынған).
Қазақ Революциялық комитетінің бұл қаулысының қабылдануы қарсаңында әр тарапты бірнеше келіссөздер жүргізілді. Ұлт көсемі А.Байтұрсынов бастаған зиялылар алаштық азаматтарды аман алып қалу қамында еңбек етті. Әрине, кейбір мәселелерде тиімсіз болса да ымыраға келуге тура келді. Қазревкомның жоғарыдағы қаулысындағы «Қазақ ұлттық Алашорда үкіметінің Батыс бөлімінің жауапты басшыларын Қазақ өлкесінде Кеңес өкіметі нық орнап кеткенше, қазақ еңбекшілерінен жырақ ұстау, мүліктерін қазына есебіне алу» деген сөздер осындай себептерден туындады.
Қарсаңында, дәлірек айтқанда, 1919 жыл­дың 20 желтоқсанындағы Түркмайданы­ның қолбасшысы М.Фрунзенің Революция­лық әскери кеңеске жеделхатында: …Бесінші. Үкімет мүшелерін (бұл жерде – Алашорда. Н.Жанат) және командалық құрамды қырғыз даласынан оқшаулап, Орал қаласына немесе Орынбор қаласына орналастыру. …(аталған кітап, 373-б.)
М.Фрунзенің 1-Армия басшылы­ғымен 22 желтоқсандағы төтесін берілген сөзінде осы бұйрығы қайта­ланады. Ол қысқа мерзім ішінде берілуді, барлық қару-жарақты қызыл әскер бөлімдеріне өткізуді талап етеді. Берілген …. «менің нұсқауымның мәні мынадай, қайталаймын, сарбаздарды бақылауда болатындай Орынборға таяу жерде, жақын тылда ұстап, саяси «өңдеуден» өткізіп, одан кейін де әскери сапқа қоспай, жанама жұмыстар беруді ұсыну. Үкімет мүшелері (Алашорда. Н.Жанат) Орынборға келсін, орталарынан бес адамды іріктеп, маған Москваға жіберілсін» деген пәрмен болады.
Міне, осы бұйрық негізінде жоғарыда аталған бес адам әуелі Орынборға, Түркістан майданының шта­бына, сосын Мәскеуге жөнелтіледі. Бұлардың ішіндегі төртеуі 1919 жылдың 26 желтоқсанында Алашорданың Батыс бөлімінің құрылу тарихы мен саяси мақсаты жөнінде Қазревкомға жазылған хатқа қол қойған еді. «…1917 жылдың 5-13 желтоқсаны күні Орынборда бүкілқазақ съезінде құрылған Алашорда үкіметі қазақтардың жоғарғы саяси ұйымы болып келді. Съезд Алашордаға екі үлкен міндет жүктеді:
1. Қазақ өлкесінің дереу және іс жүзінде дербес басқарылуы.
2. Сырттан келе жатқан екі ағымның ушығып тұрған күресі жағдайында қорғансыз және қаруы жоқ қазақ халқын қорғау және ел ішіндегі тыныштықты сақтау… біз, Алаш­орда өкілдері мынаны жеткізуді қажет деп білеміз, біз уақытша билікке және қазақтың саяси өмірін басқаруға халықтың өз шақыруымен келдік, өкімет билігінің барлық ауыртпалығын көтердік, мүмкіндікке қарай Халық билігін жүзеге асырдық. Бізге сеніп тапсырылған билікті Казревкомға өткізе отырып, біз Қазақ халқының негізгі ұстанымы – басқарудағы дербестігі бұзылмайды дегенге сүйендік. Қазревком да біз қызмет еткен идеяға, Қазақ өлкесін автономды басқару идеясын жүзеге асыруға жұмыстанады деп есептедік. Біз Мемлекеттік билік бар кезде Қазақ халқының өзін сақтап қалу үшін мемлекеттік аппараты болуы керек деген саяси ойды жақтаушылармыз. Бізде Қазақ өлкесін басқаратын жоғары органға ұмтылу ниеті мүлде жоқ, алайда ел үшін еңбегімізді бұдан әрі де аяп қалмаймыз». Алашорда өкілдері Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, ­­И.­Қашқынбаев, К.Жәленов («Осы топ Батыс Алашорда өкіметінің іс-қарекеттері тура­лы баяндама-хат да­йын­дап, оны Жанша өз қолымен В.И.Ленинге, И.В.Сталинге және Л.Д.Троц­кийге табыс­тады» деп жазылған баспасөз материалдарының бірінде). Мұнда Беркінғали Атшыбаевтың қолы жоқ, өйткені ол Алашорда үкіметінің мүшесі емес еді. Сөйте тұра, 22 жастағы жас жігіттің Қазақ ұлттық үкіметінің осы мүшелерімен бірге неғұрлым ықпалды адам ретінде елден оқшаулануының себебі де жоқ емес еді.
2008 жылы жарық көрген «Алаш» қозғалысы (Алматы, ISBN 9965-32-715-7) кітабында ол туралы: «Атшыбаев Беркінғали – Батыс Алашорданың белгілі қайраткері. Қазақтың тұңғыш мұнай барлаушы геологы. 1905 жылы Гурьев уезі Есбол болысындағы бір сыныптық орыс-қазақ мектебін бітірген. Онан кейін Орал реалдық әскери мектебінде оқыған. 1918 жылы төртінші Орал облыстық қазақ съезінің қарарына сай Жымпитыда ашылған Ойыл облысы жігіттерінен офицерлер даярлайтын алты айлық юнкерлік мектепке түседі. Мектеп бітіріп, прапорщик шенін алған соң, Алашорданың Батыс бөлігін басқару бөлімшесінің бас интенданты болып тағайындалады. Алаш әскерін азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрі, құралмен қамтамасыз етуде, Батыс Сібір және ағылшын елдерімен қарым-қатынас жасауда көп еңбек сіңірді. Әсіресе, оның осы керекті заттарға қол жеткізу үшін Қызылқоға, Сағыз уездік земствосы арқылы Сібірдің оңтүстік батыс астықты аймақтарындағы кооперативтер мен жергілікті казактардың Орал, Ілбішін, Қаратөбе базарларында айырбас сауда жасауына жол ашқан тарихи еңбегінің мәні зор болды. Батыс Алашорда тізе бүккен соң, Түркістан майданы басшыларының кепілі ретінде ұсталып, Орынборға жөнелтілген бес адамның бірі деп жазылса;
Сырым Бақтыгерейұлы «Күнбатыс Алашорда. Ойыл уәлаяты. Уақытша үкімет» («ЕҚ», 27.08. 2008) деген мақаласында Беркінғалидың 1919 жылдың аяғында Толстов арқылы Уәлаят әскерін ағылшын құрал-қаруымен жабдықтау, шаруашылық жұмыстарын үйлестіру еңбектерін, Сібірдің астықты аймақтарының өнімдері мен Доссор мұнайының, бекіре балығының басқа азық-түлікпен айырбасын ұйымдастыруы, екі ортаға лау жүргізгенін, ақтар мен қызылдар шайқасында ­Жан­ша Досмұхамбедовпен бірге әскери операцияларға араласуын, Ойыл мен Қызылқоға үшін ақырғы шайқастарға қатысқанын жазған. Мақала авторы бұрынғы Комуч халық армиясының Горшков басқарған отрядқа қатысты да дерек берген (Горшков есімі 1932-34 жылдары Жылыой ауданының су көздерін іздестіру істері арасында кездеседі. Н.Жанат)
Ел арасында Б.Атшыбаевтың Алаш әскері үшін ат жинаған әрекеттері айтылатын. Оның Алашорда басшыларымен бірге елден шеттетілуі қызылдардың №1 жауына айналған Колчакпен байланыста болғанынан болса керек. Сібір беттен, Орал казактарынан Атшыбаев дәрігер И.Қашқынбаев, уездік земство басқармасының төрағасы С.Сұбхановпен бірге шаруашылық істерімен қатар қару-жарақпен қамтамасыз етуді де жүзеге асырған.
Нұржан Жетпісбай деген автор Қазақ атты әскерінде Самара комитетінен 2 мың винтовка, 58 пулемет, 2 зеңбірек және 2 автомобиль алынғанын жазады. Біздің ойымызша, бұл іске де іскер, ұйымдастырушылық бейімі жоғары Батыс Алашорданың бас интенданты Б.Атшыбаевтың араласқан болуы – күмәнсіз…
Ревком қабылдаған қаулылар мен Түркмайданы қолбасшысы М.Фрунзенің бұйрықтарының бірде-бірінде, кейінгі есептерде алаштық әскердің ақтарға ойсырата соққы берген жеңісі, еңбегі айтылмайды. Бұл жеңіс жүрдім-бардым, басқа әскери құрылымдарға теліне айтылады. Қазақтардың саяси ұстанымын, әскери әрекеттер жүргізу шеберлігін елемеу, мансұқтау да жымысқы саясаттың бір түрі. Кешірім берілгеніне қарамастан, Алаш басшыларын елден кетіруде олардың есімдерін ұмыттыру, рухты басудың және ұлттық тұтасудан сескенудің сесі жатыр.
Беркінғали Атшыбаев 1920 жылдың жазында ықпалды бестіктің алғашқысы болып, Орынборға оралды. Қазревкомның Ішкі істер бөлімінің меңгерушісі Әбдірахман Әйтиевтің ұсынысымен осында іс жүргізуші болып жұмысқа қабылданды. Б.Атшыбаевтың кеңестік жүйедегі еңбек жолы басталды. Ол орысша, немісше сауатты еді.
1997 жылы Атырау облыстық Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде Беркінғали Атшыбаевтың қылмыстық ісінің маған қарап шығуға рұқсат етілген парақтардың ішінде оның Алашордаға қатысы жөнінде бірде-бір құжат болған жоқ.
1928 жылы толтырылған «Выборное обс­ледование административно-технического персонала КРМ предприятия» деген құжатта Беркінғалидың кеңестік кезеңдегі еңбек жолы былайша көрсетіледі (Құжат оның өз қолымен толтырылған болуы керек):
«ҚАКСР, Гурев округі. «Эмбанефть» тресі, Доссор кәсіпшілігі, Еңбек және экономика бөлімі.
Атшыбаев Берекеш (құжатта осылай көрсетілген. Н.Жанат) Мұқашұлы, жасы 31-де. Атқарып отырған лауазымы – Жұмысшы күшін даярлайтын бөлімшенің меңгерушісі. Бұл жұмыста істегеніне жыл толмаған. Қосымша кәсіптік-техникалық курсқа және қалалық кәсіпшілік училищеге сабақ береді. Айлығы – 169 рубль. Партияда жоқ.
Білімі – аяқталмаған жоғары. Москваның Тау-кен академиясының Тау-кен факультеті, мұнай бөлімі. 4-ші жыл, аяқталмаған. Қазіргі қызметі мамандығына сәйкес емес.
Шетелде іссапарда болмаған. Оқытушы. Жергілікті баспасөзге мақала жазып тұрады.
1920 жылдың 12 маусымынан 1921 жылдың қыркүйегіне дейін Орынборда Қазақәскериревкомының Ішкі істер комиссариатында, сосын Ташкентте, Бұқарада ҚазОАК-нің аштықпен күрес жөніндегі төтенше өкілі, 1922 жылдың қыркүйегінен бастап, Орынборда әлеуметтік тәрбиешілер даярлау жөніндегі курстың меңгерушісі; 1924-1928 жылдары Москвада «Сантонин» тресінде, сегіз ай Халық шаруашылығының Жоғарғы Кеңесінде (Высший совет Народного хозяйства –ВСНХ) – іс басқарушысы, екі рет тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланған (Оқырманға белгілі болар, ВСНХ халық меншігіне айналдырылған (национализация) барлық кәсіпшіліктер мен өндірістерді қатаң бақылауға алып, бір орталықтан басқару үшін құрылған Жоғарғы Кеңес. Н.Жанат).
Тоғыз ай Ақтөбе облысында АКОСКО-ның «Қазақ өлкелік одағында» бақылаушы, одан кейінгі екі жылда Жоғары Соттың жазбаша аудармашысы болып жұмыс істеген (Ғаламтордағы Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7 кітапқа сілтеме жасала отырып берілген деректер мен С.Бақтыгерейұлының жоғарыда аталған мақаласындағы деректер бұдан біраз өзгеше. Н.Жанат).
«Мемлекеттік кәсіпшіліктердің әкімшілік және инженер-техникалық персоналын есепке алу карточкасында» бұларға қоса Б.Атшыбаев туралы «Еңбек өтілі – 8 жыл, кадрлар даярлау және кәсіптік-техникалық білім бөлімінің меңгерушісі, неміс тіліндегі техникалық әдебиетті еркін оқиды» деген деректер берілген.
Орал-Ембі алабының мұнайға бай өңір екендігі төңкеріске дейін де белгілі болатын. 1928 жылдың орта шенінде Мәскеудің энергетика ұйымы Ембі мұнайы бойынша үлкен жоспар жасап, 1929 жылдан бастап бұрғылау жұмыстарын жүргізу белгіленді. Беркінғали Атшыбаевтың геолог ретінде мұнай өндірісіне ауысуы осы кезде басталған деуге болады.
Л.Г.Софенрейтердің 1956 жылы ерін ақтауды сұрап КСРО Әскери Прокурорына жазған өтінішін толық келтірейік: Атшыбаев Беркінғали Мұқашұлы 1897 жылы туылған. 1937 жылы 27 қазанда Гурьевте Ішкі Істер Халық Комиссариатының адамдары ұстап әкетті. 1938 жылдың мамыр айында «Оралға жөнелтілген екен, тірі емес» деп естідім.
Мен 1937 жылы 22 жаста едім, екі айлық сәбимен қалдым. Одан бері 18 жыл өтті, балам әкесін білмей өсті.
Мен оны 1933 жылы геологиялық партияда кездестірдім. Ол геолог-партия бастығы, ал мен тағылымнан өтуші студент болатынмын. Өте адал, елгезек, білімді адам болатын.
Атшыбаевты білетіндерден Горкин ­Степан Федоровичті (Москва қаласында КСРО Мұнай министрлігінде Жоспарлау-экономика бөлімінде жұмыс істейді), Авров Петр Яковлевичті (Ақтөбе қаласында тұрады, «Актюбенефть» тресінің бас геологы), Пермяков Илья Георгиевичті (Уфа қаласында тұрады), Новопольцев Гавриил Ивановичті (Гурьев қаласында тұрады, шофер) айта аламын.
Ерім Атшыбаев Беркінғали Мұқашұлын ақтауды сұраймын.
Л.Г.Софенрейтер.
Гурьев, Бұхар беті, Студент переулогі, 4-ші үй, 7-пәтер. 1956 жылдың 6 сәуірі.
Тиісті органдарда Беркінғалидың әйелі Л.Г.Софенрейтердің сауалына байланысты бірқатар адамнан түсінік алынған. Соның бірі Нәренбай Имашевтың жазғаны.
Б.Атшыбаев туралы жағымды мінездемені Нәрен Орынбайұлы Имашевпен бірге Илья Григорьевич Пермяков, Қалқай Берғалиев берген. И.Г.Пермяков 1922-23 жылдары бүлінген шаруашылықты қалпына келтіріп, «Эмбанефть» тресін басқарған, дарынды геолог, ғылыми кітаптар жазған. Қ.Берғалиев – ақтөбелік, тресте орынбасар, кейін қалалық кеңес төрағасының орынбасары болып істеген.
Келесі құжатта Б. Атшыбаевтың бұдан кейінгі тағдыры білінеді:
Оңтүстік Орал әскери округінің әскери прокурорының міндетін уақытша орындаушы, әділет полковнигі Николаев бұрыштама қойған қаулы.
Чкалов қаласы, 1957 жылдың 6 желтоқсаны.
Мен, Оңтүстік Орал әскери округінің әскери прокурорының көмекшісі, әділет подполковнигі Сидякин, Қазақ КСР-ының Гурьев облысының тумасы, білімі – аяқталмаған жоғары, партияда жоқ, «Эмбанефть» тресінің геологиялық-барлау конторының геологиялық-картировка секторының бұрынғы меңгерушісі Б.М.Атшыбаевтың қылмыстық ісі құрамын қарай келе ТАПТЫМ:
Б.М.Атшыбаевты «Эмбанефть» тресінің жүйесіндегі кеңеске қарсы бүлікші топтың жетекшісі ретінде 27/Х-1937 Ішкі Істер Халық Комиссариатының Гурьев округтік бөлімі тұтқындады.
Б.М.Атшыбаевтың тұтқындалу фактісін оның әйелі азамат Софенрейтер және мұрағат құжаттары айғақтайды (5-6 және 37 істердегі анықтама).
Гурьев округтік бөлімінің басшысының көмекшісі Ивановтың қаулысына сай, ол 1937 жылдың 19 желтоқсанында Оралға жіберілуі керек еді. Алайда жіберілді ме, жоқ па белгісіз. Істі қарағанда бұл анықталмады.
Софенрейтердің сөзі бойынша Оралда өлді дейді. 1938-1939 жылдары ол солай естіген. Атшыбаевтың өлгенін ҚазКСР Министрлер кеңесі жанындағы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің Гурьев облысы бойынша Басқармасының қызметкері Ивушкин де растайды (алайда, Ивушкиннің қандай дәлел келтіргені туралы құжатта айтылмайды. Н.Жанат).
Гурьев және Батыс Қазақстан облыстары атқару комитеттерінің Ішкі істер басқармаларының, сондай-ақ ҚазКСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Гурьев және Батыс Қазақстан облыстары бойынша басқармаларының, ҚазКСР Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің және басқа да органдардың деректері бойынша Б.М.Атшыбаев айыпталушы ретінде тіркелмеген және қылмыстық ісі жоқ.
Қылмыстық істі қалпына келтірілген кезде анықталғаны: Б.М.Атшыбаевтың «Эмбанефть» тресінің жүйесіндегі кеңеске қарсы бүлікші ұйымға қатысы барын Мальянов, Медетов, Тулин және басқалар жеткізген. Аталған адамдар 1937 жылы жүргізілген тергеуде Атшыбаев қастандық әрекеттерді трестің барлау конторының бас инженері Авровпен, инженер Лыжинмен және бас бухгалтер Семионичевпен бірге жасады деп көрсетіпті. Алайда аталған адамдардың арызына ден қоюға болмайды.
Авров 1938 жылы жауапқа тартылды, сосын қылмыстық ісі тоқтатылды. Лыжин мен Семионичев 1937 жылы тұтқындалып, Үштіктің шешімімен 10 жылға бас бостандықтарынан айырылды, 1956 жылы ақталды.
Б.М.Атшыбаевқа қатысты қылмыстық іс РСФСР УПК 4-бабы 5-тармағының негізінде тоқтатылсын.
Оңтүстік Орал әскери округінің әскери прокурорының арнайы істер бойынша көмекшісі, әділет подполковнигі Сидякин.
Мұндағы Тулин – тау-кен мұнай техникумының директоры, Мальянов – геологиялық іздестіру контордың директоры екен.
Батыс Алашорда тарихын зерттеуші ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменованың «Зұлмат жылдар» мақаласында Б.Атшыбаевқа қатысты бірқатар дерек бар (Ана тілі, №10, 2011) Автор «Ойыл уәлаяты» үкіметінің мүшелігіне кандидат Хасан Нұрмұхамедовтің тергеу ісінен үзінді келтіреді:
«… Сұрақ: Сіз Беркінғали Атшыбаев деген қазақты білесіз бе?
Жауап: Иә, білемін. Ол бұрынғы Алаш­орда мүшесі.
Сұрақ: Сіз қашан, қандай жағдайда Беркінғали Атшыбаевпен таныстыңыз?
Жауап: Мен Беркінғали Атшыбаевты Алашорда үкіметі құрылғанға дейін білемін. Онымен Алашорданың съездерінде делегат болған кездерімде бірнеше рет кездестім…»
Х.Нұрмұхамедов бұдан кейін ­ Б.Атшыбаев­пен 1933 жылы Мақат маңында, 1937 жылы Доссорда кездескенін айтады. Хаттама 1937 жылдың 8 мамырында толтырылған. Ал Б.Атшыбаевтың ұсталған уақыты сол жылдың қазаны.
Бұл кезде алашордашылардың бәрінің үстінен контрдерек жинастырылып жатқан еді. Сонымен бірге хаттамаға түскен сөздердің бәрі тергелушінің өз аузынан шықты деуге болмайды. Айыпталушының қатыгездікпен ұрып-соғу, басқа да жазалау әрекеттерінен көп жағдайда ес-түссіз, шала-жансар күйінде тергелетіндігі талай рет жазылды. «Керекті дәлелдер» хаттамаға кейін де қосылуы мүмкін. Сондықтан Беркінғалиды көрсеткен оның алдындағы жауапқа тартылғандар немесе Тулин мен Мальянов сияқтылар деуге болмайды. Сол бір қанқұмар қоғамда жаланы қолдан ұйымдастырудың небір қитұрқы тәсілдері қолданылды. Жазалау диірменнің тегершігіне «Алаш» болса да, «Қызыл» болса да сауатты деген қазақ азаматы түгел ілініп туралып кетті ғой…

Жанат НҰРМАХАНОВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
тарих ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.