Қазақ баспасөзі қайрат көрсетіп отыр

Ал бірақ оған тізгін тарт деп аяқтан шалушылар да жоқ емес…

Жұмабек КЕНЖАЛИН,
«Қазақ газеттері» ЖШС-нің
Бас директоры –
Редакторлар кеңесінің төрағасы

Қазақ баспасөзі қоғамдық дамудың қай кезеңінде де ұлт мүддесі жолындағы күрестің алдыңғы сапынан көріне білген. Елдікке бастайтын ерен істерге қалың бұқараны жұмылдырып, алқалы сөз айтқан. Өйткені өз сөзінің Алаш жұртының түкпір-түкпіріне жетіп, көкірегі ояу, көңілі сергек азаматтарға ой саларына сенген. Сондықтан да, қазақтың небір жайсаңдары мен жақсылары баспасөзді ұлық сөз айтудың мінбері деп түсініп, оған қызмет етуге арсынбаған және ерінбеген. Бұл біз ашып отырған жаңалық емес. Ұлт баспасөзінің тар жол, тайғақ кешулі кешегісі мен бүгінгісін ақыл-парасатқа салған жан осы ақиқаттың алдында еріксіз бас иер еді! 

Ұлт баспасөзін шығарушылар газет сөзінің қалың елге көп тарауы үшін жанталасқан, сөйтіп, олар оқырмандарының жылдан-жылға көп болуына мүдделік танытқан. Сондықтан да, олар баспасөзге жазылу мәселесін газет-журнал ісіндегі бұқаралық жұмыстың ең бір толғаулы арнасы деп білген. Мысал келтірейік. Айталық, «Абай» журналы шыққанда  Ғайса Тоқтарбеков дейтін мұғалім қалың қазақ оқырмандарына  былай деп үн қатты: «Құдай «Абайдың» жолын қылып зарыққан өмір, жабыққан көңілді ашып, атына шыққан журнал ғылыммен толы болып, шөлдеген жұрттың сусынын  қандырғай да. «Абай» журналының жылдық бағасы он үш сом екен.

Сол он үш сом түгілі, Абайды сүйетін әрбір қазақ баласына тағы он үш сом көп емес. Адамға мүлік жолдас емес. Істеген ісі мен білген ғылымы жолдас. Дүниені қызғанып, ғылым-білімнен құр қалып жүрмелік, замандас бауырлар! Мен өзім «Абай» журналының жылдық бағасы болған он үш сомға жәрдем қосып, сүйікті атам, әулие, ұлтшыл марқұм Абайға бағыштадым. Абайға әркім осыны істесе, Ресейде бірінші журнал қылып шығарар еді. «Абай» журналына қазақ оқығандары, әсіресе, ұлтшыл мұғалімдер жазысып тұруға міндетті болса керек.

Қазақ баспасөзі қайрат көрсетіп отыр

Журналда: тарих, әдебиет, оқу, оқыту, тұрмыс, қазақтың қалпы мен салты, ғұрып, әдеті, мінезі мен бұрынғы істері һәм осы күнгі істеп жүрген істері мен енді істейтін істері жайынан толық мағлұмат беріп тұрса, бізге онан артық не керек? Терең ғылым мен зор саясат істерін «Қазақ» пен «Сарыарқадан» күтіп, тапқанымыздың бір бөлімін ғылым жолына салып, газет, журналды алып, оқуды үзбей, ішетін тамақ пен газет, журналды бірдей көрсе, яғни тамақты қандай керек қылсақ, газет-журналды сондай керек көрсек, надандықтың бізде ақысы бар ма?» («Абай» журналы №1, 1918 ж. 4-ақпан, 55-бет).
Байқасаңыз, оқырман мұғалім сөзінен екі мәселені аңғаруға болады. Біріншіден, ол қалың оқырманға журналға жазылу туралы ой тастаса, екіншіден «Абайды» шығарушыларға да міндет арта үн қатады. Басылымның ұлт руханиятына қатысты нендей мәселелерді қозғау керектігіне назар аударады. Бұл – шын жанашырлықтың белгісі.
Осы дәстүрден бүгінгі қазақ баспасөзі де көп алшақтап кете қойған жоқ. Оған күні кеше ғана мәреге жетіп, ентігін енді ғана басқан баспасөзге жазылу науқанының қат-қабат шаруалары дәлел. Енді осы бір шаруаның жай-жапсарын бұтарлай талдайтын болсақ, оның түп қазығы барып мемлекеттік саясатқа тіреледі. Ол – ақиқатында солай! Атамыз А.Байтұрсынов айтқандай: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болса, сол газетті халыққа жеткізудің сан түрлі айла-тәсілі, саяси амалдар арқылы жүзеге аспағанда қайтеді? Баспасөз идеологиялық жұмыстың күретамырына айналғалы бері де талай заман өтті емес пе? Бұған «Абай» журналына хат жазған Ғайса Тоқтарбекованың ойы-ақ дәлел ғой.
Ақиқатын айту керек, жергілікті билік органдарына, еліміздің түкпір-түкпіріне жазылған хаттардың басым көпшілігінен нәтиже болғаны да рас. Жоғары оқу орындары мен қарапайым оқырманды әлеуметтік жағынан қолдауға тиісті мекемелер ізгі ниет-тілектерімен үндестік білдірді. Бөріктінің намысы бір демекші, биылғы науқан кезінде республикамыздың ақпарат құралдары бірін-бірі қолдаудың, демеудің үлгілерін көрсетті. Осы ретте «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының, «Хабар» агенттігінің, «Алматы» телеарнасының ұжымдарына ризашылық білдіруді жөн көріп отырмын. Осындай ізгі ниетті Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне, оған қарасты жоғары және арнау­лы, орта білім ордалары мен мекеме басшыларына да білдіреміз. Оған дән ризамыз. Сонымен қатар биылғы жылы баспасөзге жазылу науқаны мен оны бөлшек сауда арқылы тарату кезінде небір «алақұйын» ойындарды да көрдік.
Шынын айтқанда, сырғытпа жауап пен сылтау іздеген хаттардың талайын оқып көріп едік. Ал бірақ «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының басшыларынан алынған дұғай сәлемді оқығанда, жағамызды ұстадық. Ұлт руханиятының темірқазықтарының бірінен саналатын «Ана тілі» газетіне байланысты қол қойған вице-президент А.Акчурин былай деп жауап жазады: «Қазақстан темір жолы» АҚ құрылымдық бөлімшелері мен еңбеккерлердің басылымдарды жаздыртуға профильдік сала болмағандықтан рұқсат етілмейді» деп шорт қайырады. Осылайша ұлт руханиятына азық болып келе жатқан басылымдар туралы келте ойлап, мәселеге үстірт қарайтын басшыларды да кездестіріп отырмыз.
Осыдан кейін ана тілінің келешегі, ұлттық сана, намыс деген толғаулы мәселелер темір жол тұтқасында отырған азаматтарды толғандырмай ма екен деген пікір түйесіз. Ал шындығына келсек, ана тіліміздің шешуін күткен толғаулы мәселелері теміржол саласында шаш етектен екені көрініп-ақ тұр. Жолаушыларға қызмет көрсетудегі қайран ана тіліміздің теперіш көруінен бастап оның жарнамалық-ақпараттық бағытындағы жұмыстары сын көтермейтіндігі екінің біріне мәлім.
А.Акчурин мырза хатының соңына қарай былай деп ақыл айтады: «Қазақ газеттері» тобына кіретін басылымдардың электронды нұсқасын оқып танысуға мүмкіндігі бар». Мұны өзіміз де білеміз. Бүгінгі таңда бүкіл ғаламмен байланысудың көзіне айналған газет-журналдың электронды нұсқасы «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты басылымдардың барлығында да мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Ал олардың сайттарына дүниежүзінің көптеген елдерінен оқырмандар кіреді. Әсіресе, Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ, Финляндия, Әзірбайжан, Польша, Моңғолия, Германия мемлекеттеріндегі оқырмандарымыз біздің газеттеріміздің сайттары арқылы Қазақстан өмірін жіті қадағалап отырады. Бұл, әрине, қуанышты жайт. Ал бірақ қағазға басылған газет өнімдерін пайдалануға ешкім шек қойған жоқ қой. Өркениет қарқынмен дамыды деген әлгінде ғана тілге тиек еткен алпауыт елдердің өзінде пәленбай мың таралыммен газет-журналдар үздіксіз басылып жатыр. Оларға деген сұраныс та көп, демек газет-журнал уақыт қажетін мүлтіксіз өтеп отыр деген сөз. Демек, Акчурин айтқандай, мәселенің шешімін оңайлату үшін салмақты басылымдардың электронды нұсқаларына аудара салуға болмайды.
Бүгінгі таңда еліміздегі БАҚ-тың сенімді әріптестерінің бірі пошта және байланыс саласы мекемелері болуға тиіс деп білеміз. Алайда байланыс қызметінің бұл саласының әлі де болса ширата түсер тұстары жоқ емес. Енді нақты мәселелерге тоқталайық.
Республикамыздың кейбір аймақтарындағы елді мекендерге газет-журналдарды жеткізу артық материалдық шығынға әкеледі деген сылтаумен бірқатар байланыс пошта қызметтерінің жабылып жатқанынан жұрт хабардар. Бұл туралы республикамыздың бас газеті «Егемен Қазақстан» Павлодар облысының Баянауыл ауданында, Атырау облысының Махамбет ауданында орын алған жағдайды дабыл қағып жазды. Айталық, Махамбет ауданының Жалғансай, Ақтоғай ауылдарында жоғарыдағыдай себеппен пошта үйлері жабылып қалған. Осындай жағдайларды республикамыздың өзге де өңірлерінен кездестіруге болатындығына күмән жоқ.
Бұл қарапайым оқырман тұтынушының құқын көзбе-көз шектеу деп білеміз. Екіншіден, газет-журналдардың жазылым бағалары жыл сайын нарықтық экономиканың заңы осы екен деп еренсіз ұлғайтыла береді. Ал жыл сайын бағасы үстемеленіп өскен газеттер мен журналдардың оқырмандар саны күрт азаятыны сөзсіз. Мұның өзі газеттер мен журналдардың қаржылық мүмкіндігін шектеуге әкеп соғады. Үшіншіден, газеттер мен журналдардың пош­та тарапынан тиісті мекенжайға уақтылы жеткізілмеуінен оқырмандар тарапынан ұдайы реніш тудырып келе жатқаны тағы рас. Уақтылы газет, журнал қолына тимеген кісінің баспасөзге жазылу науқанында керенаулық тартатынының бір себебі, міне, осы.
Мынандай бір нақты ұсыныс айтқымыз келеді. Республикамыздың ірі-ірі мегаполистерінде, облыс орталықтарында мемлекет мүдделілік танытып «Қазпоштаның» дүңгіршектерін ашу керек. Сөйтіп, ана тіліміздегі газеттер мен журналдардың бөлшек саудаға еркін шығарылуына мүмкіндік жасау қажет. Ал қазіргі жағдайда осындай мүмкіндік қазақ басылымдары үшін болмай тұр. Мәселен, Алматыдағы «Дауыс», «КазПресс» дүңгіршектері монополист сауда орындарына айналған. Олардың жұмыс әдіс-тәсіліне «тек қана менің айтқаным болады» деген пиғыл орныққан. Мәселен, «Дауыс» басшылары газет-журналдың ел ішінде өтімділігіне орай, әріптестік байланыс орнату орнына о бастағы көзқарастарынан айныр емес. Соның салдарынан Алматыдағы бірқатар газет-журнал дүңгіршектерге түсуден қалды. Басылымдардың тасымалы үшін қаражатты газет-журнал редакцияларынан алдын ала сыпырып алады да, ал оның өткізілуіне мүдделілік көрсетпейді. Аздап та болса, осыдан редакция ұжымының нәпақа табуына көз жұма қарайды… Осыны қаланың құзырлы мекемелеріне айтсаң ондағы атқамінерлер «нарықтың заңы ғой» деп күмілжиді. Мәселенің өзектілігі Алматы қалалық әкімдігінде өткен бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен жиналыста да қаралды. Бірақ баяғы жартас – бір жартас. Оу, ақыл-ой үшін күрес, наным-сенім үшін күрес, ежелден саяси идеологиялық қамтудың аясындағы шаруа емес пе еді?!
Астанадағы қазақ басылымдарына жанашыр болып келе жатқан «Алты Алаш» дүңгіршектерінің жыры да бір кітапқа жетерліктей-ақ болған шығар. Дүңгіршек иесі Мейрамгүл Кемелжанқызының көрген қысастығы, жергілікті билік тарапынан көмек іздеген жанайқайы талай рет газет-журналдарға жазылды. Құзырлы мекемелердің кеңселерінде айтылды. Ал бірақ Мейрамгүлдің басынан энергетиктер, қалалық сәулет және құрылыс департаменті, қаладағы Алматы аудандық әкімдігі көрсеткен теперіш әлі азаяр емес…
Тәуелсіздікке тірек болып отырған Қазақ басылымдарының тағдырын еріккенің ермегіне айналдыруға болмайды! Қоғамдағы орны пұлмен, есеп-қисаптар талабымен өлшенбейтін құндылықтар болады. Сол құндылықтардың бірі әрі бірегейі газет-журнал шығару ісі болып табылады.
Миллиондардың мінбері – ұлт басылымдары Қазақ қоғамы үшін қабырғалы жұмыс атқарып отыр. Әлі де атқара береді. Осыны есте ұстайық!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.