Көкжардың көктемі

Жас дәурен

Дүние жарығын алғаш көрген жерім – Ойыл (Ақтөбе). Ойыл – менің асқақтаған арманым, армандаған дас­таным , Ойыл – менің туған жерім, ет жүректі елжіретер елім…
Көріп тұрсыз, ататектен мен де жұрдай емеспін. Атам – ақын Шернияз! Ойыл – ол атаулы өлке, Асан қайғы бабаның қазық қаққан, желмаясы шөккен, киелі жер!
Көкжар бекінісі (Ойыл) – қазақтың ғасырлар бойғы ұлт-азаттық шайқасында әрдайым алдыңғы сапта тұрған, қазақ иісті қамал. Егер ежелгі тарих-тың қомды-жонды бір белесін білгіңіз келсе, онда оны Ойылдан табуға болады. Көкжар бекінісі туралы қапсыра-қамтып я асыра сілтеп айтпағанның өзінде, Ойыл – әлемге аян Асан қайғы бабамыздың аузына іліккен таңбалы жер. Қалың қазақ өзінің ноғай бауырынан айы­рылып, енді өзара тағы да ыдырай бастағанда: Жәнібек хан мен Керейге «Ойылда кеңес құрмадың» деп, ол бабамыздың назданғаны бар-ды, ал енді сонау ежелгі заманда айтылған осы леп-лебіздің өзі біз үшін неге тұрады («Бес ғасыр жырлайды», Алматы, «Жазушы», 1984 ).
Данышпан жандардың ат-есімдері әлбетте қосақтана-қосарланып келеді: Абай –­Ибрагим, Шоқан – Қанапия, Сәкен– Сәдуақас. Ойыл да – солай. «Ойыл» дегенде, жүрек дүрсіл-лүпілі шабандоз шабысқа көшеді, сағыныш тұтқан көз алдыңа жарнама сияқты, оның басқа да ат-есімдері жалт-жұлт ете қалады: Көкжар, Адай уезі, тіпті жымия күліп отырып, Ойылды «Жымпиты» деп те атаймыз. Неге десең, Жымпитыда құрылған алғашқы қазақ үкіметі – «Ойыл уәлаяты» деп аталған. Бұл аталы түсініктер, әрине, тарих алаңында «тар жол, тайғақ кешкен» Көкжар бекінісіне байланысты, олар тән-тұлғамызға ананың ақ сүтімен әбден еніп кеткен, бүгінгі таңға дейін олар санамызда әлі тұр.
Әттеген-ай, Ойылда мен он үш-ақ жыл тұрыппын – бір мүшел. Дегенмен, сол қылдай мерзімнің өзі қалған ғұмырымда маған рухани азық болды. Содан кейін жетімдік тағдыры жетелеп, елден ылғи сая жүрдім. «Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің» дегендей, со бір балдай балалық шаққа қайта орала алсам, оған қалған өмірімнің бәрін сарп етер едім, қайтейін…
Табиғаттың ең таза кезеңі – азан, ал адам боп жаралған жандікі – балалық шақ. Сол жас дәуренді кезінде тез аттап өткенменен, ол әлемді ғұмыры ұмыта алмайсың, ол енді өне бойы есте қалады. Меніңше, Абай мен Жамбыл аталарымыз да, көз жұмар алдында, осындай балдай тәтті балалық шағын елестетіп жатты-ау деймін…
Ата жолынан таймай, мен де сол жасөспірім кезең-әлемнен есімде мөрдей басылып қалған бір сәтін айта кетейін. Ол – Көкжар көктемінің, Құдай-ау, көк аспанды қақ айыра, күркіреп тууы!

Таңғажайып көрініс

Талай жерді көріп жүрміз ғой, бірақ Көкжардың көктемі буырқанып-бусанып, ерекше қарқынмен туады. Неге екенін айтайын, Көкжардың арқа бетінде Қарауылтөбе деген дөң бар. Қыс айларында жауған қар, жазықта сабалап соққан желден жанын қоярға жер таба алмай, әлгі дөңге келіп ықтайды. Сөйтіп, Қарауылтөбенің бергі, күншуақ бетіне бүкіл айналаның қары іркіле жиы­лады… Омбы қар деп осыны айт! Күн тек алғаш жылыған бойда, омбының үсті қабыршақтанып, ал асты ери бастайды… Сосын кеп, мың бұралып аққан су, сай-жыраны қуалап, төмен қарай тап-тап береді. Ол – ол ма? Қыс бойы тым-тырыс, сыпайы ғана сұлап жатқан жіңішке бел өзен Ойыл, бір уақытта күй-леген аруанадай аспанға ақ көбігін атады. Қыстай күйлеп, әбден жүкті бол­ған Ойыл, тоқсан толғаққа тап бол­ғандай, сеңді шақпақ тастай қа­ғып, былайда кетік-кетік боп тұрған арна-жағаларын онан сайын бұза-жара, бүкіл шабындық жазықты жаулап алады. Ал енді, жан-жаққа қарасаң, айнала кілкіген су… ортасында арал – Көкжар…
Алайда қара жерді топансу барымталап жатса, жайылған су бетін – мыңдаған құс жаулап алады. Олар түр-әлпеті біркелкі емес, кейбіреуі ұзын, ши мұрынды боп келеді, келте мұрын кекілділері де бар, мұрыны күректей, жап-жалпақтары да аз емес… шиқылдайды, қиқылдайды. Құдай-ау, кейде ышқына ысқырады ма… ал кейбіреулері алқымы бүлкілдеп саха тұқымдастардың әуез-әуенін еске түсіріп жатады… күні-түні ойран-топыр, бүкіл әлемнің құсы ұлы майданға жиналғандай, пұл беріп қойдыра алмайтын ән-сауық базары бас­талады… Топалаң тигендей құс базарынан қашып жүретіндер тек дуадақтар мен тырналар – олар қыр асып кетеді. Тырна болмаса, тойған қозыдай маң-маң басып жүретін дуадақтың алып бара жатқан небір дауысы бар дейсің…
Қыстай құрысып қалған қара жер, енді – суды сіміре бастаған кезде, қыртыстары жазылған қара өкпе кең дала «у-уф» деп, демін ала бергенде, жан-жақтың бәрінен шуда-шуда бу көтеріле бастайды. Сосын жаппай көтерілген бу алдымен тұманданып, қызған ауамен араласа суиды… Осы бір сәтте күн сәулесінің құдіретімен мұнарланып, сағымда бұлдырай бастайды… Осынау сиыр-сәске кезде топ-топ боп шоғырланып отырған аққулар айдын алаңда жайыла бас­тайды. Кейде бір жіпке тізілгендей саптанады. Енді мұнар-сағымның сиқырымен жаңағы аққу-мұнаралар жерден көкке дейін жетіп тұрғандай, дірілдеген бейнелерімен көзіңді байлайды, алдайды, қызықтырады, естен әбден тандырады, талдырады… Көзіңді жұмып, енді қайта қарасаң, мәссаған, айдын судың қақ ортасында кенеттен небір Аққала жарқ-жарқ ете қалады! Жаратылыстан артық сәулетші-құрылысшы жоқ. Венеция бұған қарағанда далада қалады. Бұл таңғажайып құбылыс-көріністің – мен мәңгі тұтқынындамын!

Сырлы аймақ

Кезінде Көкжар жәрмеңкесі (1869 ж. бастап) әйгілі Қоянды ­базарымен ша­­­малас болған (бала кезімде о жәр­меңкенің шет-жағасын мен де көріп қалдым: ат жарыстырып, ал­тын қабақ атып, ірге аймақтан суырылып жиналған жұрт ойын-сауық құрып, мәз боп қалатын). Көкжар жәрмеңкесінің тағы бір ерекшелігі: ұсақ я ірі қара мал және олардың терісінен де басқа, қапшық-қапшығымен ақ я қызыл тары да саудаға түсетін (осы арада ауыз толтыра айта кететін бір жай: Ойыл халқы Ұлы Отан соғысы кезіндегі аштықтан тек тарының күшімен аман қалды). Осы тұста тағы да – ақ тарының атасы Шығанақ Берсеевті қалай еске алмайсың (бірде, бала кезімде, Дәрғожа деген шалдың үйіне Шығанақ ата келді, біз Бақтықожа – Дәрғожаның баласы – екеуміз Ленин орденін сонда оның кеудесінен алғаш рет көрдік).
Ойыл өңірінде ежелден мұсылман­­дық мектептер мен медреселер болған. Ол оқу орындарында тек қана діни пәні емес, математика, жағрафия, астрономия сияқты сабақтар өткізілген. Беріректе құрылған орыс-қазақ «туземдік мектебі (1887 ж.)», «Қызыл мектеп (1910 ж. қызыл кірпіштен өрген)», т.б. кішігірім оқу ошақтары жасөспірімдердің білім алып, орысша үйренулеріне зор әсер етті.
Ойыл өлкесі азаматтарын күнделікті болып жатқан уақиға – хабармен қамту, жасөспірім ұл-қыздардың тарихи діл-мәдениетін өрбіту, әрдайым олардың рухын, ар-намыстарын ояту жолында аудандық газеттің (1930 ж.), кейініректен құрылған «Халық театрының» маңызы өте зор болды (бала кезімде тыңдасам да, Жалғасбай Маханов ағайдың дауысы (Шеге ариясы) әлі есімде. 2008 жылы Астанада «Қыз Жібек» эпосының 500 жылдығына арналған мереке-той өтті. Сон­да маған сол кештің сценарий-мә­тінін жазуға Жалғасбай ағамның аруағы тірек болды. Ойылдың халық театры кезінде қазақтың батыс өлкесіндегі көрнекті бір мәдениет ошағы болды.
Оқымыстылар тұжырымы ­бойынша, Ойыл ауданы әлі сыры ашылмаған аймақ.

 

Сәдуақас Нұржауов,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.