Асыл ана, адал жар

anatili.kazgazeta.kzҚарашаңырақтың отын маздатып, адал жардың артын күзетіп, мұрасын көзінің қарашығындай сақтап келген Мәриям апай Мұқанова бұ дүниеден көшті. Керуенін мәңгілікке қарай бұрды…
Қазақ қара сөзінің зергері, классик жазушы Сәбит Мұқановтың адал жары Мәриям апайды қадір тұтпайтын адам кемде-кем. Тіпті Елбасының өзі ол кісіні «ел анасы» деп атап, құрметтеген.
Ғасырдан ұзақ ғұмырында Мәриям апай алты Алаштың маңдайына біткен талай марқасқамен табақтас болған. Келіндік ізет көрсеткен. Бүгінде аттарын ыстық ықыласпен атайтын Ілияс пен Бейімбетке келін болған бұл апай. Алаштың ардақтылары сол кезде апайды «Сұлушаш келін» деп атаған екен.
Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиндермен бір дәуірде өмір сүріп, асыл азаматтарды ардақтаған. Әбділдә Тәжібаев, Бауыржан Момышұлы, Әлжаппар Әбішевтерді туған қайнысында қарсы алып, жылы қабақпен шығарып салады екен. Сафуан Шәймерденов, Әбдіжәмил Нұрпейісов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбековтарға аналық мейрімін төгіп, алақанына салып аялапты. Айта берсе, Мәриям апайды мейірімі туралы таусылмайды. Барша қазаққа бірдей қараған қайран ана 101 жыл өмір сүрді.
Ол кісілер «тұрымтай тұсына, балапан басына» кеткен керзаманда өмір сүрді. Ұлтым деген ұлан ұтылатын, халқым деген қыран қырқылатын кез еді. Елде «халық жауы» көбейіп, жетімнің жылаған дауысы, жесірдің жоқтауы тоқтамай тұрған уақыт-тын. 37-нің сарышұнақ аязы арқаға батып, аңырап қалған жесірлер мен жетімдерге әл-дәрменінше көмектесті Мәриям апай. Отағасынан айрылып, отбасының ұйытқысы қашып тұрғанда Мәриям апай сексеуіл тасып, от жағып, қолындағы барын солардың аузына тосып, мейрім-шапағатын аямай төгіпті.
Өзінен кейінгі келіндеріне үлгі-өнегесі мен тәрбие-тәлімін берді. Қазақтың маңдайына біткен ақын ұлы Жұбанның, Жұбан Молдағалиевтің жұбайы Софья Молдағалиева «Біз Мәриям апайдың «гвардиясы» едік» дейді. Тіпті, дастарқан жаюды, қонақ күтуді, ердің ебін табуды да Мәриям апайдан үйренгендіктерін жасырмайды.
Сәбең мен Мәриям апайдың кіндігінен төрт ұл, екі қыз өрбіді. Ұлдары Ботажанның, Арыстан, Марат, Алтайлар, одан қалды өзі бауырына салып асыраған немересі Бақыт бақилық болғанда тағдырына налыса да, жан жүрегі езілсе де, қайрат көрсетіп, қайта тұрғызбас қайғының қамытын серпіп тастаған еді асыл ана.
Мәриям апай қазақ қызының, қазақ келінінің, қазақ аналарының жиынтық бейнесіндей еді. Сол жиынтық бейнені кеше жерге бердік. Алдыңыз жарық болсын, апа!
«Қазақ газеттері» ЖШС.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.