Жақсы іс жалғасын тапса…

«Балапанды күзде санайды» демекші, қазір баспасөзге жазылу науқанының қызған шағы. Жылдағы дәстүрге сай тұрақты оқырмандарымыз өздерінің сүйікті мерзімді басылымдарына жазылуда. Газет-журнал тек рухани азық қана емес, сонымен қатар күнделікті жұмыс барысында пайдаланар көмекші, қажетті құрал екені белгілі. Бұған біз «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты басылымдардың Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы оқырмандарымен кездесу барысында көз жеткіздік.

Сапарымыз Арқаның кербез сұлу Көкшетауында бастау алды. Ең алдымен, Ақмола облысының әкімдігіне бас сұқтық. Мұнда облыс әкімінің баспасөз-хатшысы – баспасөз қыз­метінің басшысы Меруерт Палма­хановамен кездесіп, аймақтағы мем­лекеттік тіл саясатын іске асыру бағы­тындағы жұмыстармен таныстық. «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты басылымдардың өңірде таралуы туралы пікір алмастық. Меруерт Сақтапберген­қы­зының айтуынша, облыс әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелер мем­ле­кеттік тілдің қолданыс аясын кеңей­туге өзіндік үлес қосып жатқан көрінеді. Жергілікті басқармалар мен департаменттерде шығыс құжаттарының мемлекеттік тілде рәсімделуі 100 пайыздық көрсеткішке жеткен. Дегенмен, тоқмейілсуге әлі ерте. Көше және жер-су аттарын толықтай уақыт талабына сай жаңарту алдағы күннің еншісіндегі шаруа болмақ.
«Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты газет-журналдар оқырмандарының көбі ұстаздар, мәдениет саласы қызметкерлері екені даусыз. Ақмола облыстық Білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарованың айтуын­ша, білім ошақтары, кітапханалар «Ана тілі» газетімен қоса, елдік, ұлттық мәселелерді көтеріп жүрген «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналына да тұрақты жазылады.Мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері «Ана тілі» газетінде жарық көрген материалдарды өз сабақ­тарында кеңінен пайдаланады екен. Ал «Ақиқат», «Мысль» журналдары жоғары оқу орындарындағы тарих, мәдениеттану, саясаттану, аймақтану пәндері оқытушыларының сүйікті басы­лымдарына айналған.
«Біз газетке жазыл деп қызметкер­лерден талап ете алмаймыз, бірақ ұстаз­дар қауымы өздеріне керекті газет-журналға, әсіресе әдістемелік мақсатта қажетті басылымға жазылу кезінде аянып қалмайды» дейді басқарма басшысы Б.Ізбасарова.
Облыстық Мәдениет басқармасы­ның басшысы Сәуле Бурбаевамен болған кездесуді де атап өткен жөн. Сәуле Бөкейханқызы облыс ай­мағында 1117 тарихи және мәдени ес­керткіштер сақталғандығын, оның ішінде Көкшетау қаласы бойынша 37 тарихи және мәдениет ескерткіші бар екендігін, ал анықталған археологиялық ескерткіштердің саны 975-ке жеткендігін тілге тиек етті.
«Осынау тарихи-мәдени ескерт­кіштерді көзіміздің қарашығындай сақ­­тауымыз керек. Өлкеміз туралы танымдық материалдар өзіміз жақсы көретін республикалық «Ана тілі» газетінде жарық көрсе құба-құп болар еді» дейді С.Бөкейханқызы.
Сапарымыздың екінші күні Ақ­мола облысының Зеренді ауданында жалғасты. Онда бізді аудан әкімінің орынбасары Айдос Хамиев қабылдады. Білікті басшының «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты басылымдардың ауданда насихатталуына жан-жақты қолдау білдіруге әзір екендігі көңіл қуантты. Талайды табиғатымен тәнті еткен Зеренді ауданы туралы материалдар баспасөз беттерінде жарық көрсе деген ойын айтты.
Расында Зеренді егін және мал ша­руа­шылығынан бөлек, Зеренді көлінің маңындағы жанға шипа демалыс орындарымен де көз тартатын аймақтың бірі. Зерендіде демалуға да, ем алуға да болады. Айдос Таңғалиұлының айтуынша, ауданда туризмге сұранып тұрған жер өте көп. Бұқаралық спортты дамытуға арналған заманауи спорт кешендері де осы ауданда баршылық. Соның бірі – аудандағы «Елікті» шаңғы спорт кешені. Біз ауданға барған күні жаңа маусымның шымылдығын түрген кешенге өзімізден гөрі, көршілес Ресейден туристер көптеп келіп жатты. Ал ішкі туризм әлі де болса көңіл көншітпейді.

Сапарымыздың үшінші күні Қы­зылжарды бетке алдық. Елдің шетіндегі желдің өтіндегі облыстың адамынан бұрын бізді сақылдаған сары аязы қарсы алды. Ресейдің уақытымен жүретін Петропавлдың теміржол вокзалынан Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне әзер жеттік. Сырттағы суықтан облыс әкімдігінің ғимаратына келгенде«жылынармыз» деп ойлағанбыз. Бірақ олай болмады. Солтүстік Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Жандос Сәдуақасов мемлекеттік тілде қатқан сауалымызға бірауыз ана тілімізде жауап бере алмады. Осындайда Халел Досмұхамедұлының: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беруі зор қата. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек» деп айтқаны еске түседі. Өкініштісі, мұндай асыл сөздер еліміздегі кейбір орыстілді шенеуніктердің жүрегінен орын таппай жүр.«Ана тілі» газетінен екенімізді түсінген Жандос Ғаббасұлы жарты жылдың ішінде мемлекеттік тілде сөйлеп сұхбаттасуға уәде берді. Ал уәде – Құдай сөзі. «Жігітті сөзінен ұстайсың, жылқыны шылбырынан ұстайсың» деген. Бұл уәденің қалай орындалғанын кейін көре жатармыз.
Осыдан кейін облыс әкімінің орын­ба­сары Анархан Дүйсеновамен кездесіп, өңірдің бүгінгі тынысымен таныстық. Ал облыстық Білім басқарма­сының басшысы Шолпан Кариновамен арадағы әңгіме орыс сыныптарындағы балалардың мемлекеттік тілді меңгеруі, облыстағы аралас мектептердің жағдайы туралы өрбіді. Шолпан Таңатқызының айтуынша, ұстаздар қауымы газетіміздің «Қазақ тілін үйренеміз – Изучаем казахский язык» айдарымен берілетін материалдарды қосымша сабақта пайдаланады екен.
Сөз орайы келгенде Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі – баспасөз-хатшысы Әсем Рахметова мен Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Марат Шынтеміровке, Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Каримоваға сапарымызды құптай отырып, Көкшетау, Петропавл қалаларында және аудандарда кездесулер өткізуге қолғабыс тигізгені үшін ризашылығымызды білдіреміз.
Әрине, солтүстік өңірлерде ана тіліміздің асығы алшысынан түсіп тұр деуге әлі ерте. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге облыс басшыларынан бастап білек сыбана кірісуі керектігі айтпаса да түсінікті жайт. Дегенмен, өткен жылдармен салыстырғанда аталған өңірлерде қазақ тілінің қолданыс аясы біршама кеңейіп келеді деуге болады. Игі қадам ары қарай жалғаса берсе нұр үстіне нұр.

Сұлтан Тайғарин

Алматы – Көкшетау –
Петропавл – Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.