Жарымжан жарнамалар қашан түзелмек?

Жарнама мәтіндерін, дүкен, мейрамхана, сауда үйлері атауларын заң талаптарына сәйкес безендіру, үйлестіру және қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында әдістемелік көмек көрсету жұмыстары Талдықорған қаласы бойын­ша жүргізіліп келеді. Бұл ретте, деректемелер мен көрнекі ақпараттарды, жарнамаларды, мекеме атауларын Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 19, 21- баптарына және «Жарнама туралы» Заңның талаптарына сәйкестендіру, көрнекі ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдегі мәтіндердің грамматикалық және стилистикалық қателерін түзету, олардың сауатты жазылуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 81-бабының 2-3-тармақтарын түсіндіру мақсатында тексерулер ұйымдастырылды.

Талдықорған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары мен тіл оқыту орталығы және БАҚ пен қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құрылған тіл сақшылары дүкен-дүңгіршек, әртүрлі ғимараттардағы жарнама түрлерін қарап, әдістемелік көмек көрсетіп, жарнама ережелерімен таныстыратын түрлі ақпараттар үлес­тірді. Бұл шараның мақсаты – қала аумағындағы халыққа қызмет көрсету орындарының атауларын және жарнамаларды Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарына сәйкес ретке келтіру, эстетикалық тұрғыдан нормаға сай болуын, қатесіз жазылуын зерделеу, әдістемелік көмек көрсету болып табылады.
Осы мақсатты көздеген тіл жан­ашыр­лары тобы көптеген қателерді анықтап, оны түзету үшін әдістемелік көмек көрсетті. Тексеріс барысында мынандай қателіктер таптық. Мәселен, Қабанбай батыр көшесіндегі «WW» караоке клубының (бұрынғы Атамекен) сыртында жарнамалар тек орыс тілінде жазылған. «Marrakesh» барының, «ІnBET» букмекерлік орталығының, «Арсель» әскери киім-кешек сататын дүкенінің сыртында атаудан басқа сөз жоқ. Бұлардың қандай мекеме, «айдалада бір отау, аузы-мұрны жоқ отау» немен айналысатыны белгісіз?
«BELSO» ломбардының электронды түрде берілген жарнамалары тек орыс тілінде жазылған. Ал ақын Сара көшесіндегі «Credo» дүкенінің сыртында «әйелдер» деген сөз «әіелдер» деп тұр, «Сюзанна» тұқым сататын дүкенінің сыртында «тұқым» сөзі «тұкым» деп көрсетілген. «Дантист» тіс емханасының жарнамалары тек орыс тілінде берілген. «Азиза» деп аталатын дүкеннің маңдайша тақтайшасы ескіріп кеткен. «Магзум» дәріханасының сыртындағы «ИП» сөзі «ЖК» болып, «Ақпейіл» асханасындағы «аспаздық» сөзі «аспазхана» деп өзгертілуі тиіс. Жемістің түр-түрін сататын дүкеннің сыртында тек «жеміс» деп қана көрсетілген, мұның жалғасы неге жоқ, түсіне алмадық. Біржан сал көшесіндегі «Еркін» сауда үйінің маңдайша жазуындағы «д» әрпі қисық тұр, есік алдына қойылған балалар киімі туралы жарнама ескіріп кеткен. Алайда сол жарнамамен дүкен ішіне кіріп, сауда жасайтындар баршылық.
Тәуелсіздік көшесіндегі «Тамаша» караоке клубының маңдайша жазуын­дағы кейбір әріптерінің түсіп қалуына байланысты сол мезетінде ескертілді.
Сондай-ақ Абай көшесіндегі «Аул» құрылыс дүкенінің атауы орыс тілінде жазылған, «Опыт в четверть века» деп аталатын құрылыс дүкенінің сыртында «металлжабындық» сөзі «металлжабындык» деп көрсетіліпті, яғни «к» әрпін «қ» әрпіне ауыстыру керек. «Айдын» дүкенінің маңдайша жазуы ескіріп кеткен. «Алатау» шағын маркетінің жанында тек «мини-маркет» сөзі жазылған, яғни қазақша баламасы жоқ. «Сана» дүкенінің «дүкені» деген сөзінде «і» әрпі түсіп қалыпты.
І.Жансүгіров көшесі бойынша жасалған жұмыс барысында көптеген кемшілік анықталды. Атал­мыш көшедегі «Құс жолы» кешенінің сыр­тындағы «қонақүйі» деген тір­ке­с­­­­тегі «ү» әрпі түсіп қалған, «Сағадат» сау­­да үйінің маңдайша жазуындағы «сауда үйі» тіркесінде «у» әрпінің орнында «ү» әрпі қонжиыпты, яғни «саүда үйі» деп көрсетілген. «Өмірбек» дүкенінің сыртында «дүкені» және «магазин» жазулары мүлдем жоқ. «Дрожжи» деп аталатын дүкеннің сыртындағы «дүкен» сөзінің соңында «і» әрпі тіркелмепті. Осы мекемелерге ескертулер жасалып, түзетуге уақыт берілді.
Д.Рақышев және Н.Алдабергенов көшелерінің қиылысындағы билбордта «ОLX-та сақтаныңыз үшін рақмет» деп жазылған. Яғни «қ» мен «т» әріптерінің орны ауысып кеткендіктен, «ОLX-та сатқаныңыз үшін рақмет» деп өзгерту ұсынылды.
Жарнама жайлы талай рет айтылып, жазылып та келеді. Бірақ әлі «тәртіпке келдік, қазақшамыз ойдағыдай» деп айта алмасымыз анық. Қаламыздың келбетіне сыртқы жарнамалардың қосар үлесі зор. «Салкын сусындар», «Балмуздактар», «Дөнгелек жөндеу», «Аяқ киім жондеу» сынды бұрмалап немесе дұрыс жазылуын ескермейтін жарнама, тәржімалар тіл көсегесін көгертіп, қаланы көркейткеннің орнына қазақ тілінің қабырғасын қайыстырып тұрғандай. Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: «мемлекеттік тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағында немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн» деп көрсетілген. Яғни қазақ тілінде жазылып, содан кейін басқа тілге аударылуы керек. Аталған мәселені жарнама берушілер мен жарнама агенттіктері де қаперде ұстағандары абзал. Жарнаманы ілмес бұрын дұрыстығын жергілікті тілді дамыту бөлімімен тілдесіп, аудармаларын тексертіп алуға кеңес берілді. Жарнама талапқа сай болғаны жөн. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Сандуғаш Арнайқызы бұл турасында «Жарнама халыққа үлкен әсер етеді. Ең алдымен, оны ілуде заң шеңберінен аспай, талаптарды сақтау керек. Тілімізді дамытуға атсалысу баршаға ортақ міндет екені анық» дейді.
Атқарылып жатқан іс те, қол жет­кізген нәтиже де, талпыныс пен ұмтылыс та бар. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, біріге отырып, Заң талаптарына сай жұмыстар жүргізіле берілгені жөн.

Данагүл МӘКЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Мөлдір

    Сын түзелмей,мін түзелмейді. Сынай беру керек қате жазатындарды.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.