Той туралы ой

Ораз БАЙМҰРАТОВ,
ҚР ҰҒА академигі,
Әлеуметтік экономика және қаржы
институтының директоры

Той – бұл біздің қонақжайлылығымызды, ашықтығымызды, бауырмал­дығы­мыз­ды көрсететін ертеден келе жатқан жақсы дәстүріміз.
Біздің тойшылдығымыз әлемде алғашқы орындардың бірінен көрінетіне күмәніміз жоқ. Той дегенде, біз қазақ тік тұрамыз, оған «еңкейген қарт та, еңбектеген сәби де келеді» деу тек айтылмайды.
Тойларда жанға жағымды, көңілді көтеретін ән, аталы сөздерді жиі айтып жатады. Тәлім-тәрбиеге керек ойлар болмайды емес, баршылық, бұл жағынан қазақтың тойлары асып кетпесе, ешкімнен кем емес. Көріп те жүрміз, естіп те жүрміз, бірақ айтпасқа болмайды, қолайсыз жайттар да кездесіп тұрады, өкінішке орай. Мысалы, кейбір мақал-мәтелдердің заманға сай келмейтіні, тіпті Жаратушыға серік қосып жататындары жоқ емес, бар. «Қазақ құдасын Құдайдай сыйлайды» деген кең тарап кеткен сөзді мен өзім жақында бір тойда тағы да естідім. Бұл қате емес пе? Басқа дәлелдерді келтірмей-ақ, Құран­дағы «Ықылас» сүресінде: «…Оған ешкім тең емес» деп айдан-анық баршамызға түсінікті жазылған. «Қазақ құдасын Құдай үшін сыйлайды» деген дұрыс қой..

Тойларда бақыт, денсаулық тілеп, тағы сол сияқты ізгі тілектерді айтып жатамыз, бұл әбден дұрыс. Қазақтың мына мақалы жиі айтылады:
Бірінші байлық – денсаулық,
Екінші байлық – ақ жаулық.
Үшінші байлық – он саулық. Ал шын мәнінде адамның ең үлкен бақыты,теңдесі жоқ рухани байлығы – оның имандылығы. Осыны ескерсек:
Шексіз байлық – имандылық,
Оның нығметі – денсаулық,
Тағы бірі – ақ жаулық, – десек, шындықты айтар едік.
Қазақтар әлемде әнші халықтардың қатарына жатады деп ойлаймын. Бізде тамаша, жанға жағымды, жүрек түбінен орын алатын әндер көп. Өзім оларды жиі тыңдап, сүйсініп жүремін. Кейде өзімше қосылып та қоятын әдетім бар. Жасырмаймын.
Мен бұрын экономиканың рухани тазалануын ғалым ретінде жазып жүр едім. Енді мәдениетіміздің рухани тазалануын жанашыр ретінде жазуға тура келеді.
Рухани, тіпті кейбір экономикасы дамыған қоғамда әрбір адам еңбек етіп, тапқан табысына сәйкес өмір сүруде. Халық айтатын: «Көрпеңе қарай көсіл» деген мәтел оларға тікелей қатысты… Ал өмірде, бәрі ойлағандай бола бермейді. Осы күннің адамдарында (бәрінде емес, біразында) ақша жұмсауда көбінесе ысырапшылдық басым. Мысалы, мерейтойларды өткізуді алсақ. Менің білетінім, Исламда мерейтойлар діндар адамдар үшін Құранда да, Хадистерде де айтылмайтын жаңа ұғым болып есептеледі, яғни күнәға жатады. Өкінішке орай, қоғамда осы Ислам ұстанымын білмейтіндер мен мән бермейтіндер аз емес.
Қазіргі кезде бірнеше жүздеген адам шақырылатын отбасылық мерейлі «көпірме» тойларды жиі кездестіреміз. «Кім теңдесі жоқ етіп өткізеді?» деген бәсеке орын алып, мерейтойды өткізу мақтанышқа айналып жатыр. Шындыққа жанаспайтын өтірік мақтау сөздерді айтпай-ақ қояйын. Ол жеке әңгіме. Мен экономикалық тұрғыда сөз етемін, тойлардың біразы банктен пайызбен алынған несиелердің есебінен өткізілуде. Несиені пайыз­бен беру Исламда, Христианда, Иудаизмде тыйым салынған. Бұл әділет, ақшаны тек қана еңбек арқылы табуға болады.
Бірақ та, шектен тыс қаражат пен қорлар, пайызбен алынатын несиелер талай тойларға жұмсалуда. Шынын айтсам, кейінгі кезге дейін өзім де осы ысырапшылдардан болатынмын. Ал қазір мүлдем басқа адам сияқтымын. Бұл өзгеріс қаржыға байланысты емес. Менің дүниетанымымның түбегейлі өзгеруінің салдары. Сараңдықты теріс құбылыс деп санаймын. Жомарттықты жаратамын. Бұл жерде ақшаны қалай болса солай жұмсауды, адамға зиян келтіретін жайттарды жазып отырған жоқпын. Мысалы, тапқан ақшаны казиноға, қарта ойы­нына жұмсауды, тағы басқа дарақылықтарды жомарттыққа жатқызуға мүлдем болмайды. Сөйтіп жүріп, кедейге, ауруға, мүгедектерге көк тиын бермейтін, азаматтар да кездесіп қалады. Осындайларды көргенде, естігенде ұяласың, қынжыласың. Мен өзімді үлгі ету үшін жазып отырған жоқпын. Тек жоғарыда айтылған «көпірме» шараларды өткізудегі біздің қөзқарасымызды қайта қарауға шақырамын. Біз Қазақстан Ислам әлеміндегі елдерге жатамыз. Ал Исламда рұқсат ету мен тыйым салу қағидасы баса айтылған.
Астамшылдық жетіспеушілікке апарады. Тойларды (отбасылық мерейлі шараларды) Ислам негіздері тұрғысында өткізу мәселелеріне сәйкес мешіт имамдары БАҚ арқылы үгіт-насихаттарын халыққа жиі жеткізіп тұрса құба-құп болар еді.
Мен үйлену және отбасылық тойларды, басқа да игілікті шараларды өткізуден бас тартуға шақырмаймын, тек оларды ұйымдастырғанда орынды ұстамдылық жасасақ дегім келеді.
Өмір белестерінде қандай ізгі істер жасадым деп, өзіңе-өзің немесе әріптестеріңе, Отан алдында дабырасыз есеп беру орынды болар еді. Осындай сәттерде, қайырымдылық акцияларын өткізу, біреулерге қаржылай көмек көрсету, мұқтаж адамдарға, жетімдерге, мүгедектерге, соғыстан және зілзаладан зардап шеккендерге материалдық тұрғыдан көмектесіп, дарынды балалардың грантта оқу ақысын төлеу, балалар үйлеріне қамқорлық жасау секілді шаралармен айналысқан дұрыс болар еді. Ал ғалымдар болса, өзі жазған оқу құралдарын, ғылыми кітаптарын оқу орнының кітапханаларына, студенттерге, магистранттарға, докторанттарға және басқа оқырмандарға тегін таратса, нұр үстіне нұр болмай ма?
Менің ойымша, әр азамат өзінің өмір белестерін осындай ізгілікті, қайырымдылық істерімен атап жатса құба-құп. «Көпірме» тойлар тез ұмытылады, ал қайырымдылық халықтың, әсіресе, мұқтаж адамдар есінде ұзақ сақталады. Ең бастысы – таратушы оны құпия етеді, мақтаныш етпейді. Мен жастарға айтар едім: Жаратушының нығметін ұмытсаң – иманың жоқ, ата-анаңның жақсылығын ұмытуға – хақың жоқ. Өзіңнің біреуге жақсылық жасағаныңды ұмытсаң – оқасы жоқ, Жаратушының нығметін, ата-анаңның тәрбиесін, басқа бәреудің жақсылығын ұмыту – имандылықтан шыққаның. Осы жағына көбірек көңіл бөлсек! Тауарларға және қызмет жасауға шектен тыс сұраныс болған сайын олардың тұтыну бағасы да өсе түседі және елдегі құнсыздануды арттырады. Сондықтан, жеке тұлғалардың астамшылдыққа баруы – әркімнің өз ісі деп ойлауға болмайды. Мұның салдары жалпыға әсер ететін күрделі мәселе.

Той туралы ой
Қазіргі тойларда астамшылдық шаш етектен. Мәсе­лен, туған күннен бастап, өмір кезеңдері (50,60,70, одан жоғары жастар) мерейтойлар ретінде өтіп жатады, мерейлі шаралардың бәрі болмаса да, бірталайы отшашусыз (салют) өтпейтін болып жүр. Шақырылатын қонақтардың саны шарықтап, 500-600-ден асып жығылатынға жеттік, ішімдіктерге құрметті орын беріліп жатады. Өз әншілерімізді менсінуден қалып, шетел артистерін шақыртып, қыруар валютамыз сыртқа кетуде. Бұл елімізде валютаның тапшылығына әкеледі.
Жақында Елбасы мәлімдегендей, шетелде отандастарымыздың 142 млрд-тай доллары бар екен. Оған туристер, гастробайтерлер, шетел тауар­ларын әкелушілер, т.б. арқылы жөнелтіліп жатқан долларды қоссақ, қыруар ақшамыз сыртқа кетіп жатыр. Осылай елімізден ақша кете берсе, инвестициялық тапшылықты жою, теңгенің бағасын тұрақтандыру оңай болмайды, қайта қиындай береді. Түбі тесік шелекті толтыру мүмкін бе?
Біздің шенеуніктерге «Байлығымен бөліскен бақытқа бөленеді» демекші, байлықты бөлісуден безбейік, – дегім келеді. Оларға тағы айтарым: Көзі ашықтық, қолы ашықтық әрдайым Отанға аса қажет. Осы көп ақшамыз елімізге қайтып келсе, халықтың көңіл-күйі, әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі көтерілетіні сөзсіз.
Қазіргі кезде статистикаға сүйенсек, әлемде екі миллиардтан астам халық жоқшылық пен аштық жағдайында өмір сүруде. Мұндай жағдайды халқымыз да бас­тан кешірген. Ілгеріректе болған «Ақтабан-шұбы­рынды», ХІХ ғасырдың 20-30 жылдардағы ашаршылықтан, қуаңшылықтан, жаппай малдың қырылуынан халқымыздың жартысының көбісінен айырылғанымыз тарихтан белгілі. Өткенімізден сабақ алу шараларын іске асырмай, бейқам, әрекетсіз болуымыздың салдарынан дағдарысқа ұшыраудамыз. Осындай нәубеттерден алар сабақты былай түйіндеуге болады:
…Барыңды қадірлеп, ертеңінді ойлай жүр,
Жұмсарыңды, жұрдайлыққа жеткізбей жүр.
Қай ел болмасын, қай мемлекет, жеке адам болмасын, бәрінің даму және бақыт жолы бар. Ол – Үйлесімділік жолы. Мұны бәрі біледі. Менің айтайын дегенім – шынайы үйлесімділік, ол рухани және әдептілік негізінде болады. Үйлесімділік өте кең, ғажап ұғым. Өйткені ол шынайы исламға негізделген. Адалдық пен адамгершілік, бауырластық пен бірліктік, әділеттік пен әдемілік, еркіндік пен ерінбестік, жомарттық пен жасампаздық, шектен шықпастық, іскерлік пен ізгілік, тасымастық пен тәртіптілік, ұлтжандылық пен ұйымшылдық, шүкірлік пен шыдамдылық, руханилық пен рақымшылдық, тағысын тағылар… ізгілікті істер үйлесімділікті гүлдендірер, иманға иілгендер жақсылыққа жетер!
Барлық жағынан орынды талап, қанағат­шыл­дық, ұстамдылық – бұл Ислам доктринасына негіз­делген Үйлесімді өмірдің қағидасы. Түнек түбін­дегі қараңғылықтан Үйлесімділіктің жарқын шыңына апаратын парасатты алтын қағидатқа сенім білдірейік. Біздің жалпы адамзаттық үмітіміз: «Үйлесімділік әлемді сақтайды!».

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.