Баспасөздің беделі зор

Алматы энергетика және байланыс универ­ситетінде «Қазақ газеттері» ЖШС-ның өкіл­дерімен кездесу өтті. Басқосуды профессор Мұхсин Дәкенов ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы сөз «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалинге берілді. Ол серіктестікке қарасты басылымдардың бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды. Сондай-ақ баспасөздің қоғамда алар орнын атап өтті.
– Ғаламтордың пайдалылысын ешкім де жоққа шығара алмайды. Алайда газет-журналдардың да тиім­ділігін білгеніміз дұрыс. Бірқатар өркениетті елдердің өзі әлі күнге баспасөзден қол үзбей отыр. Тіпті бір басы­лымның таңертеңгі, кешкі шығарылымдары бола­тынының өзі көп жайттан хабар берсе керек, – деді ол.
Сөз алған «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім, «Ана тілі» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нұрперзент Домбай, «Үркер» журналы бас редакторының орынбасары Жарас Сәрсек өздері қызмет ететін газет-журналдардың көтерер тақырыптарына, ұстанған бағыт­тарына назар аударды.
Бұдан әрі кездесу сұрақ-жауап түрінде өтті. Басылымдар өкілдері оқытушылар мен студенттер қойған сауалдарға кеңінен жауап берді. Онда мемлекеттік тілдің бүгінгі жайы, жастар бойына отаншылдық, патриоттық сезімді ұялату, руханият мәселелері сөз болды.
Мұндай жүздесулер оқу орындарында алдағы уақытта жалғасын таппақ.

Нұркен ЖАНДӘУЛЕТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.