Қаныш аға жолымен

Кез келген мемлекеттің ғылым және өндіріс саласын, экономикасын геология ғылымынсыз елестету мүмкін емес. Жер қойнауын зерттеп,  ондағы пайдалы қазбаларды анықтап, халық игілігіне жарату геология саласымен тығыз байланысты. 3 сәуір – геологтар күні қарсаңында осы салаға саналы ғұмырын арнап, еңбек етіп келе жатқан ғалымдар туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Солардың бірі де бірегейі — геология-минералогия ғылымының докторы, палеонтолог, стратиграф, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғаппар Ерғалиев. 

Ғаппар Қасенұлы геология-минералогия ғылымындағы докторлардың арасындағы тұңғыш қазақ екенін айта кеткеніміз жөн. Ғалымның өз саласында жеткен жетістіктері аз емес. Ол ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық геология ғылымдары одағының кембрий стратиграфиясының косымша комиссиясының толық мүшесi. Отандық геология ғылымының мәртебесін биіктетуге қосып келе жатқан сүбелі үлесі өз алдына бір әңгіме.
Кейіпкерім геология ғылымына мектеп қабырғасында қызыға бастапты. Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында 9-сыныпта оқып жүрген кезінде «Огонек» журналынан бұйра шашты, жылы жүзді, қолына тас ұстап, зерделей қарап отырған бір кісінің суретін көріпті. Оқып қараса ол суреттегі тұлға көрнекті академик, бүкіл әлемге танымал геолог Қаныш Сәтбаев екен. Басылымда оның 50 жасқа толуына арналған құттықтау жарияланыпты.
Сол күннен бастап жас бала Қаныш Сәтбаев сияқты геолог болуды армандапты. Жер қойнауындағы түрлі-түсті тастарды зерттеу, беймәлім дүниелерді ашу ісі ынтықтыра түскен. Арманы алға жетелеп, 1951 жылы Алматыға келеді. Алғашында геологиялық барлау мамандығына оқуға түсуге деген талпынысы сәтсіз болады. Өйткені химия пәнінен емтихан қабылдаған оқытушымен келіспей қалады да, сол үшін ол пәннен өте алмайды. Сосын құжаттарын С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне тапсырып, оқуға түскенімен бұл мамандыққа қызығушылығы болмаған соң, осы оқу орнының геология-география факультетінің геология бөліміне ауысады. Көңілі сүйген мамандығына қол жеткен соң күн-түн демей білімге ден қояды. Талмай ізденеді. Геологиядағы өзі үлгі тұтатын Қаныш Имантайұлына еліктеп, сол сияқты атақты геолог болуды армандайды. Сәтбаевтың ғылымдағы даңғыл жолымен жүруді қалайды. Бұл үшін, әрине, зор талаппен қатар тер төгіп еңбектену де қажет. Жас шәкірт ондай қиындықтың бәрінен өтіп, білімін тереңдете түседі.
Бірде Алматыдағы Калинин көшесімен (қазіргі Қабанбай) келе жатып, ойда-жоқта Қаныш Имантайұлын сыртынан көріп қалады. Атақты академикті көрген кезінде абдырағандай күй кешеді. «Не істерімді білмей, үндемей тұрып қалдым. Қаныш Сәтбаев ірi денелi, бұйра шашты, келбетті кiсi екен. Ол кісіні одан кейін де бірнеше рет көрдім. Бар болмысымен, жүріс-тұрысымен, ұстамды қалпымен келе жатқаны әлі күнге дейін көз алдымда» дейді Ғаппар Қасенұлы.
Иә, ғылымда жол бастайтын, үлгі көрсететін алдыңғы толқын ағалар қашанда кейінгі ізбасарларына өнеге болып табылары сөзсіз. Алайда сол сабақтастықты жалғастыра білу де кез келген шәкірттің маңдайына бұйыра бермесі анық. Өз соқпағыңды қалыптастыру да оңай емес. Сындарлы өткелектерден өтіп, өзінен кейінгі толқынға үлгі бола білуде Ғапекең сол биік белестен көріне білді.
Университет қабырғасында оқып жүрген студент Ғаппарды 1954 жылы тәлімгері, доцент А.Репина академик Сәтбаевпен бірге қызметтес болған Р.Борукаевпен таныстырып, ол Орталық Қазақстанға аттанатын экспедицияның құрамына қабылданады.
Тәжірибесін Павлодар облысындағы Баянауыл аймағының тау қойнауындағы Александров (қазiргi С.Торайғыров) полиметалдар кенiнде өткiзеді. Ал 1955 жылы 4-курстан кейін тағы да сол экспедицияның құрамында болып, бұл жолы Баян­ауылмен қатар Май ауданындағы геологиялық барлау жұмыстарына қатысады. «Тәжірибе жетекшiсi, аспирант В.Звонцов өз саласын жетік білетін білікті маман еді. Кейіннен ғылым кандидаты атанды. Сол кең байтақ даладағы атқарып жатқан жұмысымызды тексеріп, бағалауға Р.Борукаев ұшып келді. 3-4 күн қасымызда болды. Бiзбен бiрге тау-тас құрылыстарын картаға түсiру жұмыстарына қатысты. Ол жолы мүйізі қарағайдай ғалымды екiншi рет көру сәтім еді. Жетекшімнен менiң қалай жұмыс iстейтiнiмдi, геологияға қабiлетiмнің қандай екенін сұрапты. Бiр-екi күннен кейiн ол кісі мені арнайы шақырып алып: «Сен мына ұшаққа мiніп, жердің ландшафтысын, қыртысын, геологиясын бақылап кел» деді. Мұндай тапсырманың берілгеніне қуанышым қойныма сыймай, қатты қуандым. Сосын дереу ұшаққа міне салып аспанға көтеріліп, жарты сағаттай ұшып, биіктен Ертiс өзенiн көрiп, мәз болып оралдым. Менің геологияға деген талабымды байқаған Р.Борукаев кетерінде В.Звонцовқа «Сен Ғаппарға тапсырма бер, маршрутты жалғыз жүргiзсiн, үйренсiн» дептi.
Осылайша, Ғаппар Қасенұлының ғылымдағы даңғыл жолы басталады. 1956 жылы 26 мамырда университет бiтiрген соң институтқа аға лаборант болып қабылданады. Содан бері тынымсыз еңбек етіп, күні бүгінге дейін қызметін қалтқысыз жалғастырып келеді.
Ғаппар Ерғалиев Қазақстанның геология ғылымында тыңнан түрен салып, көптеген жаңалықтар әкелгенін айта кеткеніміз жөн. Солардың бірқатарына тоқталсақ. Мәселен, ол Қазақстанда тұңғыш рет халықаралық геология экскурсиясын ұйымдастырады. Экскурсия 1984 жылдан бастап 2009 жылға дейiн Кiшi Қаратау тау жотасында қатарынан 5 рет өткізілді. Ауқымды шараға әлемнің 50 елінен 100-ден аса ғалымдар келіп қатысты. Сонымен қатар жоғарғы кембрий 3 қабатты стратиграфия шкаласын Қазақстанға және Кеңес Одағына бiрiншi болып ұсынды. 1985-1992 жылдары Кеңес Үкiметi мен шет елдер арасындағы ғылыми және мәдениет саласындағы келісімшарттар бойынша АҚШ-тың, Швецияның, Ұлыбританияның, Қытай және Польшаның елдерінің геологтарымен Кiшi Қаратаудың кембрий стратиграфия және палеонтология ғылыми салалары бойынша бiрлескен жұмыстар жүргізді. Мұндай бағыттағы ізденістер кейінгі жылдары да нәтижелі өрбіді. Әрине, геология саласының қыр-сырын, қандай бағыттары барын көпшілігіміз жете біле бермеуіміз мүмкін. Ал Ғапекеңнің әріптестері ол кісінің бұл саладағы ерен еңбегін өте жоғары бағалайды. Қолданысқа енгізген жаңалықтары бір төбе. Оның үстіне елімізде тұңғыш қолданылып келеді. Ал ең бас­ты атап өтерлігі – ғалымның зерттеулерінің нәтижесінде жүзеге асырылған жобалар отандық геологияның дамуына үлкен септігін тигізе білді. Бұл орайда білікті ғалымның ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Қ.Сәтбаев атындағы Геология институтының еселі жұмыстарын да атай кеткеніміз орынды.
Ғапекең алғашқы жеке ғылыми жұмыстарын Жезқазған, Қарсақпай, Ұлытау аймақтарында жүргiзіпті. Қаныш Сәтбаевтың зерттеу нысанына айналған жерлерді түгел аралапты. Сонымен қатар Сәтбаев барған Англияға да табан тіреп, ағылшындардың Жезқазған мыс кенi туралы жасаған карталарын және т.б. жұмыстарын көріпті. Айтуынша, ағылшындар Қ.Сәтбаевтың Жез­қазған мыс кенін даңқты өндiрiс орнына айнал­дыра білудегі еңбегін өте жоғары бағалайды екен.
– Менiң мақсатым – Қаныш Имантайұлы құрған Геологиялық ғылымдар институтына кiр келтiрмеу. Әлi де болса, геология ғылымының мерейiн өсіріп, оның табыстарын халықаралық дәрежеде таныту, – дейді Ғапекең.
Ол кешегі Кеңес Одағы кезінде қазақ ғалымдары геология ғылымы мен микрофотографияда алалаушылықтың салдарынан онша көп жолай алмағанын айтады. Соның нәтижесінде геология факультетінің түлектерін құбырлар мен арықтар туралы мәлімет жинауға жіберіп, әрі кетсе тек учаскелік геологқа дейін ғана өсірген. Қазір Ғапекеңнің жасы сексеннің сеңгірінде.
«Егер де біз өркениетті мемлекет боламыз десек, еліміздің аумағындағы ежелгі геологиялық артефактілерді сақтап, қорғауымыз керек. Маңғыстау мен Орал жерінің аумағында ғылымда аса жоғары бағаланаты – аммониттер болған. Қазір олардан ештеңе де қалмады. Бәрі талан-таражға түсті. Мәселен, Батыс Еуропада трилобит пен аммониттер барша әлемдік геология ғылымына эталон болып саналады. Олар мемлекеттің қатаң бақылауында.Ертеректе геолог мамандар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде даярланатын, ал қазір тек қана Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде даярланғанымен оқыту сапасында шешімін табуы тиіс біраз мәселелер бар. Себебі жастар геология саласына барғысы келмейді, өйткені жұмыс істеп жүргендердің алатын қаражаты бюджеттік. Егер де осы ғылымды дамытамыз десек, ғылыми бағыттарды көбірек қаржыландырып, арнайы гранттар бөлуді ойластыру қажет, – дейді ғалым. Айтулы ғалым Қазақстанда Геологиялық конгресс өткізу мәселесін бірнеше рет көтеріпті, тиісті сала басшыларына хат та жазыпты, алайда бұл бастамасы да аяқсыз қалып келеді екен. Ол конгресті өткізудегі мақсаты әлем ғалымдарының назарын Қазақстандағы геология ғылымына аудару және Елордамызда палеонтология және жаратылыстану Музейін құру екенін айтады. Сөз соңында айтарымыз, еліміздің стратегиялық маңызы бар саласы – геология ғылымын дамытуға жете көңіл бөлінгені керек-ақ. Себебі кезіндегі Жезқазғанның даңқы тәрізді ел мәртебесін асқақтатар геологиялық зерттеулер ісі әлі де жалғасын таба түсуі тиіс. Ал бұған Ғапекең бастаған ғалымдар қашанда дайын.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.