Ағайынды Шалдыбаевтар

Мыңжылдық тарихы бар Алматы шаһарының дамып, өркендеуіне қала тұрғындарының мың сан ұрпақтары ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, өз үлестерін қосқаны сөзсіз.
Кешегі өткен кеңес кезінде де мұндай жандар «Қала шамшырақтары» деп аталатын-ды. Солардың бірі – ағайынды Мағзұм және Шауқы Шалдыбаевтар.
Үлкені Мағзұм Шалдыбайұлы – Қазақ КСР-і жеңіл өнеркәсібі және коммуналдық шаруашылығының басшы қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері.

Ол 1912 жылы бұрынғы Ақмола губерниясына қарасты Атбасар уезі Ұлытау болысының Амантөбе ауылында ауқатты отбасында дүниеге келген. Әкесінен бір жасында, анасынан он бір жасында айырылған, алғашында ауылдық молдадан дәріс алған, кейін Атбасардағы орыс-қазақ мектебінде оқып, білім алады.
1931 жылы Қарсақбайдағы бастауыш мектепте оқытушы болып, 1933 жылға дейін ұстаздық етеді. Бұрынғы байдың баласы деп қуғынға ұшыраған соң, Түркісіб темір жолына жұмысқа орналасады. 1934 жылы Түркісіб жанындағы үйқұрылысы учаскесінің жұмысшылар комитетінің төрағасы болып сайланады. Ол Алматыдағы екінші теміржол вокзалының ғимаратын салуға айрықша атсалысады.
1938 жылы Горький қаласындағы теміржол құрылысы кәсіподақтарының Орталық мектебін бітіреді. Сол жылы Әскери Теңіз флотын нығайту үшін үкіметтің үндеуіне сәйкес, Қара теңіз флотында, алғашында – қатардағы теңізші, кейін әскери теңізшілер училищесін бітірген соң, лейтенант шені беріледі. Қара теңіз флотында адмирал Батистының қарамағында өзінің әскери міндетін 1946 жылға дейін абыроймен атқарады.
Ұлы Отан соғысы жылдары Николаев, Херсон, Севастополь қалалары мен Кавказды қорғауға қатысты, сондай-ақ Кавказды неміс басқыншыларынан азат етуде айрықша ерлік көрсетеді.
КСРО Теңіз флотының капитан-лейтенанты шеніне дейін көтерілген. Үш рет жарадар болады. Соғыс аяқталған соң, бір жылдан кейін елге оралады. 1946-47 жылдары Мемлекеттік сауда инспекциясының Алматы облысы бойынша инспекторы, 1947-50 жылдары КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы кооперация істері жөніндегі Бас басқармасының инспектор-ревизорынан Алматы қаласындағы Дзержинский атындағы Қайыс-әбзел зауытының директорына көтеріледі.
Екі жыл ішінде зауыт ұжымы өндірістік жоғары көрсеткіштері үшін, 4 рет екінші, 2 рет бірінші Бүкілодақтық сыйлыққа ие болып, КСРО Министрлер Кеңесінің ауыспалы Қызыл Туы және екі рет «Мінсіз сапалы өнім шығаратын зауыт» атағы берілді. ­Зауыт директоры Мағзұм Шалдыбаевтың атына КСРО-ның Жеңіл өнеркәсіп министрі А.Н.Косыгин жолдастың қолы қойылған жеделхат пен ақшалай сыйлық келді.
1952-59 жылдары Алматы тері бұйымдары фабрикасының директоры, Алматы ауыр машина жасау зауытының бөлім бастығы, цех бастығы, 1959-63 жылдары Алматыдағы Панфилов атындағы артель басқармасының төрағасы, содан кейін химиялық тазалау фабрикасының директоры, 1963-66 жылдары тұрмыстық химия бұйымдары зауытының директоры болып, қала тұрғындарына қалтқысыз қызмет еткен.
1956 жылы КазПИ-дің тарих ­фа­куль­тетін сырттай оқып бітірген. Алматы қалалық еңбекшілер депутаттары Кеңе­сінің бірнеше дүркін депутаты болып сайланды. Мағзұм Шалдыбайұлы 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, (1945 ж), «Севастопельді қорғағаны үшін» (1942 ж), «Кавказды қорғағаны үшін» (1944 ж), « 1941-1945 жылдары фашистік Германияны жеңгені үшін» (1946 ж) медальдарымен және «Құрмет Белгісі» орденімен, «КСРО Химия өнеркәсібінің үздігі» белгісімен (1964ж), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен (1961) марапатталған.
Шалдыбаев Мағзұм 1966 жылы 19 қазан күні соғыс жылдары алған жарақаттарының салдарынан кенеттен қайтыс болды.
Оның артында әйелі Фарида мен 4 баласы қалады. Осыншама жоғары лауазымды жұмыстар басында жүрсе-дағы, Мағзұм байлық, дәулет жимай өмірден өткен. Отбасының барлық тауқыметі енді Фариданың мойнына түседі. Балаларын асырау үшін ол күні-түні еңбек етеді…
Арада жылдар жылжып өткен сайын, балаларының да алды есейіп, бір-біріне көмектесіп, селбесіп өседі.
Қазір ойлап қарасаң, ертегі айтқандай боласың. Жалғызілікті әйелдің жігер-қайратына таңданбай тұра алмайсың! Төрт баласының төртеуі де жоғары білім алады. Үшеуі жоғары білімді әрі білікті дәрігер, біреуі ренгенолог, біреуі тіс дәрігері және біреуі невропатолог, ең үлкен қызы Айман Мағзұмқызы – химик, химия ғылымының докторы, профессор.
Ағайынды Шалдыбаевтардың екіншісі – Шауқы (Шауке) Шалдыбаев (1912-1996 жылы 9 қаңтар).
Ол автомобиль жол қатынасының озат жүргізушісі. «ҚазКСР автокөлік жол қатынасының еңбегі сіңген қызметшісі», соғыс және еңбек ардагері.
Шауқы Шалдыбайұлы да Ақмола губерниясына қарасты бұрынғы Атбасар уезі Ұлытау болысының Амантөбе ауылындағы атақты байдың отбасында дүниеге келген. Әкесінен екі жасында, анасынан тоғыз жасында жетім қалған.Алғашқыда медреседе оқыған. Кейін «І-Май» артелінде еңбек етеді. Бай-құлақтың баласы деп қуғынға ұшыратқан соң, ағайын туыстарына ілесіп, 1934 жылы Алматы қаласына келеді. Сол жылдың қазан айынан бастап, 1935 жылдың көктеміне дейін Алматыдағы автокөлік мектебінде қазақша оқиды.
1935 жылдың көкек айынан 1941 жылдың маусым айына дейін Халық Комиссарлар Кеңесі Іс басқармасында жүргізуші болып жұмыс істейді. Кейін Мирзоян, Скворцов, Шаяхметов, Қазақбаев, Тәшенов, Имашев және т.б. мемлекет және қоғам қайраткерлерінің іссапарларында жүргізуші болып мінсіз қызмет көрсеткен.
1941 жылы маусым айында өзі сұ­ранып майданға аттанады.4-Украин май­данының 177-атқыштар полкінде зең­бірек ротасының старшинасы болып, көптеген шайқастарға қатысады.
1943 жылдың тамыз айында ауыр жараланып, госпитальде емделеді. Жазылып шыққан соң, тағы да ұрысқа қатысады. Бірақ 1944 жылдың ақпан айында екінші рет ауыр жараланады. Сол жылдың маусым айында жаралы болғандықтан елге оралады.
1944 жылдың маусым айынан 1976 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Іс басқармасында жүргізуші болып абыройлы еңбек етті.Сол жылдың қараша айында дербес зейнеткер ретінде еңбек демалысына шықты.
Қарапайым жүргізуші болғанымен жұмыс орнында өте сыйлы болған, тіпті, Д.Қонаевтың өзі Шакеңмен кездесе қалса, құрдасым деп, хал-жайын сұрасып, кәдімгі қазақтың қарияларындай мәре-сәре болады екен.
Ол Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» және І-Дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, 14 медальмен марапатталған.
1969 жылы 7 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының шешімімен автокөлік жол қатынасы саласында ұзақ жылғы мінсіз жүргізушілік қызметі үшін «Автокөлік жол қатынасының ең­бегі сіңген қызметшісі» деген құрметті атақ берілді.
Шауқы Шалдыбайұлы 1996 жылы 9 қаң­тарда дүние салды. Одан өрбіген бір ұл, екі қызы бұл күнде өз алдына отау көтерді. Ұлы – әскери қызметкер, спорт шебері, үлкен қызы – білікті дәрігер, немерелерінің алды шетел компанияларының бірінде қызмет істеп жүр.
Шакеңнің зайыбы Гүлзия Шалдыбай­келіні жас кезінде көрген көп бейнеттің қартайғанда зейнетін көріп, балалары мен немерелерінің ортасында бақуатты өмір кешуде.

Тәжібай ЖАНАЕВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. 2бек

    Ернуханбет

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.