Бала жүрек ақын

Бүгінгі таңда балаларға арнап жазылған өлеңдер көп болғанымен, балалар дүние­танымын арттыратын өлеңдер аз. Бала танымына лайықтап сөз саптау бала жүректі тәлімгер ақынның ғана қолынан келеді. Біз танығанда қазіргі қазақ балалар әдебиетінде ақын Ертай Ашықбаевтың өлеңдері тауып айтқан тапқырлығымен де, бала болмысын танытуымен де құнды. Мұны ақынның титтей торғайдың қимыл-қозғалысынан мән-мағына тауып, оны кішкентай оқырман­дарына оймақтай ой етіп ұсынған «Суықта» атты өлеңінен оқи аламыз.

«Бақыла торғайды,
Қанатын қомдайды.
Кім көп қозғалса,
Сол түк тоңбайды».
Ұшқан құс пен жүгірген аңның әрекеті түйсіне білсең табиғат аясындағы өмірдің өз мектебі. Расында, бала айналасындағы тіршілік иелерінің қимыл-қозғалысына назар аударып, оның мәнін түсінсе таным көкжиегі кеңейді деген сол болмақ. Шумақ құдіреті баланы бейжайлықтан арылтуында, көрген-білгенін жадына тоқытуында, үлкенді де, кішіні де иә солай ғой деп қа­пысыз иландыруында.
«Сағым»:
«Толқын-толқын сағымды
Көл деп Мұрат жаңылды.
«Алыс па?» деп сұрады,
«Шомылам» деп жылады».
Табиғаттың ерекше құбылысы сағымды қоршаған ортаны жаңа танып келе жатқан бала су деп білуі түсінікті жайт. Өлеңнің жетіс­тігінің өзі осы ерекше табиғат сыйы­ның бала түсінігіне лайықталып, ересек адамның өзі есі шығатындай тосын сұрақ қойылып («алыс па?»), қиғылықты салған ерке баланың («шомылам») қалауы наным­ды суреттелуі сөз жоқ ақынның бала әлемін танитындығын, бала тілімен сөйлей білетіндігін көрсетеді.
Ертай ақынның балаларға арнап жазыл­ған өлеңдері баланың риясыз іс-қимылын, ойын боямасыз жеткізе білуімен тәнті етеді. Баланың жан дүниесін түсінген ақын ғана ба­лалар оқитын шығарма бере алады. Сондай сәтті жазылған өлендердің бірі «Гүл» атты өлең.
«Ауланың ішіне
Көктемде гүл еккем.
Бір ара келді де
Қонуға бекінді.

Сабағы бүгілді,
Құлатса қайтемін?
Шағып ап гүлімді,
Жылатса қайтемін?»
Гүлден нәр жинап жүрген арадан қауіптенген баланың беймаза көңілі өте шынайы берілген. «Е, сөйтпесең бала боласың ба?» деп жымиярың анық. Өлеңді оқып шыққанда гүлді айналып ұшып жүрген ара, абдыраған бала көз алдына келеді.
Сөз Ертай ақынның балаларға арналған өлеңдері турасында болғандықтан жақсы жазылған өлеңдердің құпиясына да тоқтала ке­туді жөн көріп отырмыз. Шеберлік сабағы ретінде көрінетін бір мәселеге жол-жөнекей тоқтап өтейік. Ол – сөз түйдектету, сол ар­қылы белгілі бір лексиконды өлеңде ай­тыл­мақ негізгі ой қылып түйіндеу. Мұны ақын­ның «Жұмыс» атты өлеңінен оқи аламыз:
«Кітап оқу да,
Кесте тоқу да,
Жеміс теру де,
Көмек беру де –
Барлығы да жұмыс,
Есте ұстаған дұрыс».
Осындағы «кітапты оқу, кестені тоқу, жемісті теру, көмекті беру» сөз тіркестері бірінен соң бірі түйдектеліп, оқырманды айтылмақ негізгі ойға ынтық қылып тұрған жетек сөздер. Бұл да болса ой айтудағы бір әдемі тәсіл. Сондай-ақ ұйқас құрап тұрған тұйық етістікті сөздер мен «да, де» жалғаулықты шылаулары өлеңде бірігіп сөзге ойнақылық реңк беріп, («оқу да, тоқу да, теру де, беру де») әрі бір ойды, бір ой іліп ала жөнеліп дамып барады.
Балалар өлеңі нақтылы, детальді сөйлеуді тілейді. Ойнақы бір деталь, өрнекті бір тіркес сәби көңілінде суретін қалдырады. Балаларға арналған өлең басы артық бөстекі сөз, міндетсіз жолдардан таза болуы керек. Бұл – шарт. Міне, осындай бір өлең қа­тарына ақынның «Мысықтың көзі» өлеңін жатқызған болар едік.
«Мысықтың жүрер жолы көп,
Түскенде ымырт далаға.
Шам ұстап жүрер қолы жоқ,
Сондықтан көзі жана ма?».
Ертай ақынның балаларға арнап жазылған өлеңдері шын мәнінде бала әлемін жетік білетіндігін көрсетіп тұр. Бала болып ойлап, бала болып толғана білген ақын ғана бала әлемін ашып бере алатындығын «­Сауал» өлеңін оқығанда көзіміз жетті.
«Мұз астында қалып,
Өріп жүр ме балық?
Айналасын анық,
Көріп жүр ме балық?
Әлде мұзды жарып,
Түсірсем бе жарық?..».
Өзін толғантқан дүниені танып білгенше үлкендерді сұрақтың астына алатын бала көңіл күйі шумақта анық көрініп тұр. Өлең жолдарындағы алып ұшқан бала бейнесі мен қойған сауалдары қисынды. Ақын алты тармақтан тұратын шумақта бала кейіпкерінің мінезін, танымын белгілі бір дәрежеде ашып бере алған деуге боларлық. Өлеңді оқып шыққан оқырман кейіпкердің назарына іліккен жағдаяттарға бейжай қарай алмайтындығын алғашқы екі сұрақ арқылы «Мұз астында қалып, Өріп жүр ме балық?, Айналасын анық, Көріп жүр ме балық?» тармақтары арқылы таныта алса, кімге де болса көмек қолын созуға дайын екендігін «Әлде мұзды жарып, Түсірсем бе жарық?» сұрағы арқылы сезіндіріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, Ертай ақын «Сауал» өлеңінің бойына қан жүгірте білген. Шағын үзінді де бала бейнесі, балаға тән тіл, эмоциялық көңіл күйді көрсететін ішкі ұйқас («өріп жүр ме, көріп жүр ме») бар. Бұл, сөз жоқ, ақын ізденісінің жемісі. Сондай-ақ қазіргі балалар әдебиетінің жемісі.
Ақынның оқырман ойынан шыққан өлеңдерінің бірі – «Ойыннан соң». Өлең несімен тартымды деген заңды сұрақ туын­дайтыны анық. Өлең мазмұнындағы бала­ның жаңа жауған ақ қар үстінде шанамен кешке дейін сырғанауы несі тансық деуіңіз әбден мүмкін. Ақын жыл мезгіліндегі өзгерісті, не уақтылы ойнап, тоңғасын үйіне қайтып оралған баланың іс-әрекетін үлгі етіп мадақ жыр жазып отырған жоқ. Өлеңдегі даланы жапқан ақ қар да, шана да авторлық негізгі ойды айтуға қажет қосым­ша штрихтар ғана. Мұны сілтеме жасалып отырған үзіндіден назар аудара оқитын болсақ көре аламыз.
«Жапты ақ қар даламды,
Көрген соң-ақ мұны мен,
Алып шығып шанамды
Сырғанадым күнімен.

Тоңдым,
Үйге кірдім мен,
Шанам қалды қорада.
Қора суық,
Кім білген,
Шанам енді тоңа ма?».
Сөз қылып отырған өлеңнің жетістігі ақынның бала психологиясын жетік білуі дер едік. Бұл, әрине, айтуға оңай, дәйектеуі күрделілеу дүние. Дегенмен, «шешінген судан тайынбас» дегендей, түйінді ойды тар­қатар болсақ, ақын балаларға жазған өлең­дерін тақырып қуалап жазбайды, балалар әлеміне үңіліп, тілдесіп содан тапқан олжасын ғана жазады. Сондықтан оның өлеңдері бала тілінде сөйлейді, қылықтарымен тәнті етеді. Мұны біз «Қора суық, кім білген, Шанам енді тоңа ма?» жолдарынан оқи аламыз.
Бір мақала көлемінде «Жалын» баспасы ұйымдастырған балалар мен жасөс­пірімдердің үздік шығармаларына арналған республикалық жабық бәйгеде төрт рет (1982, 1986, 1991, 1994) жүлдегер атанған Ертай ақынның балаларға базарлығын сарқа айту мүмкін емес. «Мешін жылы Бабатайда туғалы» деп кіндік қаны тамған киелі өлкесін шабытының шарқайрағына айналдырған бала жүрек Ерекең, міне, осындай ақын.

Азамат МАМЫРОВ,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.