Еңбек етемін дегенге мүмкіндіктер мол

Хабибулла Әзімов,
Түркістан қаласы «Тұран» шаруа қожалығының басшысы

Соңғы кездері жұртшылық арасында жер мәселесіне байланысты алаңдаушылық жоқ емес. Бірақ «Жер кодексінде» шетелдік азаматтарға жердің сатылмайтыны, тек жалға берілетіні айтылды емес пе? Елбасы да Қазақстан халқы Ассамблеясының алқалы жиынында бұл туралы нақты ойын жеткізді. Жақында баспасөз беттерінен оқыдым, Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстан жерінің бір миллиметрінің де шетелдіктерге сатылмайтынын атап өтті. Егер шетелдік ол жерді жалға алатын болса, ол Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес пайдаланылатын болады. Және оған бақылау да барынша қатаң болмақ. Заң бар. Демек, алаңдауға еш негіз жоқ. Еңбек етіп, бос жатқан жерлерді игеруіміз керек. Мен «Тұран» шаруа қожалығының иесі ретінде нық сеніммен айта аламын, жерді дұрыс ұқсатып, пайдалана білсек, әл-ауқатымыздың артуына үлкен септігін тигізеді. Шетелдіктер жерді жалға алып, жұмыс жасайтын болса, олар өздерімен бірге жаңа технологияларды да ала келеді. Мұның қандай теріс жағы бар? Қазір әлемде жер өңдеу технологиялары мен әдіс-тәсілдері өте жақсы дамып келеді. Ғылыми жаңалықтар қаншама. Осындай тәжірибелерді біздің аграрлық сектордың мамандары үйренуі керек.
Мәселен, жеке шаруашылығымды жүргізіп отырғаныма 25 жыл болды. Бір шаңырақтың астына талай отбасын біріктіріп, мақта егумен айналысамыз. Табысымыз жаман емес. Өзімізге жетеді. Мемлекет бұл жағынан көптеген мүмкіндіктер жасап отыр. Жердің сатылуы, жалға берілуі дәл бүгін басталғалы отырған жоқ қой. Ол бұрыннан бар. Қазіргі өзгеріс бойынша, 50 пайыздық жеңілдікпен 10 жылға бөліп төлеуге рұқсат берілуде. Бұл өте оңтайлы болмақ.
Себебі алдағы уақытта өзімізге тиесілі жерді сатып алып, оны нәрлендіруге, өнім көлемін арттыруға жете мән берудеміз. Әрине, бәрі де еңбекпен келеді. Жерге салынған қаржы өзінің қайтарымын береді. Елбасы айтқандай, жеке­меншігіндегі жерге әр адам ұқыпты қарайды. Егер де сенің жекеменшігің болса, онда жерге деген көзқарасың өзгереді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.