Жер комиссиясының кезекті отырысы өтті

Өткен сенбі күні Жер реформасы бойынша құрылған республикалық комиссияның мүшелері екінші мәрте жиналып, күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелерді талқыға салды. Алқалы жиынға Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Жер реформасы бойынша республикалық комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев төрағалық етті.

Б.Сағынтаев өз сөзінде комиссияға халық сенім артып отырғанын ерекше атап өтті. Бұл орайда комиссияның Жер кодексіндегі баптарға байланысты өзгерістер енгізу үшін ұсыныс айтуға құзыреті бар екенін тілге тиек етті. Сөз басында комиссия төрағасы мына бір мәселеге айрықша назар аударып, былай деді:
– Елбасының 6 мамырдағы Жарлығында Қазақстан Үкіметі заңнамалық түзетулерді іске асыруға бағытталған шараларды қолға алуы керек деп белгіленген болатын. Осыған байланысты айта кететін мәселе, жердің бірқатар нормаларына мораторий жарияланды. Енді Үкімет осыны реттеу үшін заңға өзгерістер енгізеді. Осыған байланысты, Үкімет Жер кодексінің бірқатар нормаларына 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Елбасының тапсырмасын іске асыру үшін тиісті заң жобасын әзірлейді. Бұл құжат Парламентке жолданады, – деді Б. Сағынтаев.
Әрі қарай Парламентке заң жобасы түсіп, оны депутаттар қабылдаған соң, Елбасының 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін Жер кодексінің резонанс тудырған нормаларына мораторий қамтамасыз етілетінін, комиссия жұмысын бастағаннан бергі екі апта ішінде БАҚ беттерінде 2 мыңнан аса материал жарияланғанын, барлық мүдделі тараптардың ұсынысы түгел ескеріліп, олардың қызу талқыланып жатқанын айтты.
Академик Кенжеғали Сағадиев Қазақстан азаматтарының меншігіне жерді сатуды қол­дайтынын айтты. Академиктің сөзінше, мұндай жағдайда жердің иесі болады, ал иесі бол­ғаннан кейін ол жердің құндылығын сақ­тауға, одан табыс табуға ынталы болады. К.Сағадиев бірқатар өзекті жайттарды ортаға салды.
– Жерді Қазақстан азаматтарына сату – жер иесі үшін де экономикалық мүм­кіндік. Қазақтың жерін, оның ішінде ауыл­шаруашылық жерлерін дұрыстау керек. Өткен 25 жыл ішінде Қазақстанда жаңа, жақсы ауыл­шаруашылығына негізделген ауыл бой көтерді ме? Жоқ. Есесіне бұрынғы колхоз, совхоз орталықтары азып-тозып барады. Кейбіреуін, тіпті, халық тастап та кетті. Жерді Қазақстан азаматтарына сатуға болады, алайда қандай нысанға негізделсе де бас­қаларына сатуға жол берілмеуі керек, – деді ол.
Мәселенің мәнісін тарқата сөйлеген қоғам қайраткері халыққа дұрыс түсіндіру, дұрыс сараптама жасау үшін біз пайдалануға болатын жердің көлемін анықтауымыз керек деген уәжін алға тартты. 25 жылдың ішінде жұмыс істеп келген еліміздің фермерлер шаруашылығы Қазақ­станды байытып, оның дамуын ілгерілетуге еш үлес қоспағанын, соның салдарынан жерімізді енді солар құнарландырып, солардың табыс әке­летініне ешкім сенбейтінін тұжырымдай сөйледі.
Комиссия отырысында сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ халқында әрқашан жердің меншікті иесі болғанына тоқталды. Жердің меншікте болуы халқымыздың ескі замандардан келе жатқан дәстүрі екендігін ұмытпауға шақырды. Сонымен қатар жерді жекеменшікке беру мәселесі бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңымызда көрсетілгенін тілге тиек ете отырып, «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен Алматыда зиялы қауым өкілдерімен өткен басқосуда төрт мәселеге назар аударылғанын жеткізді. Әрі қарай сол жиында айтылған мәселелерді ортаға салып, таныстырып өтті.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаевтың сөзі жерді тиімді пайдалану мәселесіне арналды.
Әлемдік тәжірибені алға тартқан С.Сейфул­лин атындағы Қазақ агротехникалық универси­тетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев 2003 жылы қабылданған кодекстегі тиісті нормаларды сақтап қалу керек деген пікірін ортаға салды. Дамыған мемлекеттердің көпшілігінде жеке­меншік құқығы бар екенін, біз де сол дамы­ған ел­дердің қатарына қосылуымыз керектігін айтты.
Жиында сөз сөйлеген Қазақстан картоп өсірушілер одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Қайрат Бисетаев жерді жекеменшікке берумен қатар, жалға беру институты да қалуы тиіс деген ұсынысын алға тартты. Ол бүгінде ауылшаруашылығы инвестицияға мұқтаж екендігін баса айтса, Халықаралық адам құқығы институтының басшысы Жанұзақ Әкімнің пайы­мынша, ауылшаруашылығы стратегиясында экономикалық тетік болуы керек.
Жерлердің кепілдік ретінде банктерге өткізілетіндігіне алаңдаушылық білдірген Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев кез келген кәсіпкер жекеменшікті қолдайтынына сенімді екенін жеткізді. «Біз стратегиялық бағыт ретінде отандастарымызға жерді сатып алуға мүмкіншілік беруіміз керек. Әрине, ол тек қазақстандықтарға. Ал басты мәселе, меніңше, жекеменшікте емес. Басты мәселе – тәртіпте. Комиссия қабылдаған шешім ел үшін табысты болуы керек. Тәртіп ашық, адал, нақты болуы керек деп санаймын» деген депутат сөзі көпшілікке ой салды. Бұл орайда А.Перуашев өзінің нақты ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Олардың қатарында жерді сатылымға шығаруға асықпау, ауылшаруашылығын қаржыландырудың жүйелі болуын қамтамасыз ету, қаржыландыруды жөнге келтіру және т.б. мәселелерге назар аударды.
«Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім жерді сату мен жалға берудің арасында соншалықты айырмашылық жоқ болып отырғандығын атап көрсетті. Бұл орайда ол жерге қатысты экономикалық тиім­ділік, қазақ халқының менталитеті мен психологиясы, бұрынғы жер реформасының нәтижесі сынды үш мәселе бар екенін айтты. Өз ойын өмірден алынған нақты мысалдармен түйіндеді.
Ал «Желтоқсан» халықтық-патриоттық қозғалысының жетекшісі Нұрлыбек Қуанбаев жердің сатылуына түпкілікті қарсы екендігін білдіріп: «Мен жалпы жердің сатылуы­на түпкілікті қарсымын және жерді сату мәселесінің көтерілуін мүлдем түсіне алмаймын. Себебі қазір ел азаматтарының басым бөлігі жерді қалай өңдеу, қайтіп игеру туралы жан-жақты әрі терең ілім-білім, тәжірибесі болмаса да жердің сатылуына қарсы болып отыр. Ал енді біз ертең жерді сату туралы шешім қабылдайтын болсақ, елдің іші не болады. Сондықтан да, жерді мүлдем сатпау керек» деді.
Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов болса, әлеуметтік теңдік мәселесіне назар аударып, ауылшаруашылығымен айналысуға ниет білдірген азаматтарға 10 гектар жерді тегін үлестіруді ұсынды. Ал Парламент Мәжілі­сінің депутаты Бекболат Тілеухан «Ауылшаруашылық жерлері жергілікті жердегі қоғамдық кеңестер арқылы таратылуы қажет» деген ойын білдірді. Саясаттанушы Марат Шибұтов ірі жер пайдаланушыларға қаржылық есептілігін көпшілікке жария етуді міндеттеуді ұсынып, шағын шаруа қожалықтарына жерді тегін беру туралы ойымен бөлісті.
Бұл ретте комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан Қазақстан азаматтарына жердi жекеменшiкке алуға рұқсат беруiмiз керек деген ойын ортаға салды. Бірақ М.Тайжан бұл орайда мынадай талаптың болуы керек екенін алға тартты. Мәселен, жердi жекеменшiкке алмас бұрын, ол жермен бес жыл жақсылап айналысуы керек. Сосын комиссия құптағаннан кейiн оған жекеменшiкке беруге болады. Саясаттанушы Айдос Сарым бүкіл мәселе заңнан, Конституциядан туындаған жоқ, мәселе оның атқарылуында болып отырғанына мән берді. Заңның орындалуына байланыс­ты өзінің көзқарастарын пайымдады. Жиын барысында Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина да өз пікірін айтты. Отырысты комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев қорытындылап, келесі отырыс «Жерді шетелдіктерге жалға береміз бе, бермейміз бе деген мәселеге арналатынын хабарлады.

Ұсыныс-пікірлерін білдірді

Жер тағдырына байланысты Демок­ратия­лық күш­тердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының отырысы болды. Жиын «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен өтті. Мұнда да бірқатар маңыз­ды әрі өзекті мәселелер талқыға салынды.
Еліміздегі беделді 5 саяси партияның, ең ірі 17 қоғамдық бірлестіктің, өңірлердегі 500-ден аса үкіметтік емес ұйымдардың басын бі­рік­тіріп отырған Демократиялық күштердің «Қа­зақ­стан – 2050» жалпыұлттық коалициясының отырысын Мұхтар Құл-Мұхаммед ашты. Ол өзінің кіріспе сөзінде аталған коалицияның қо­ға­мымыздағы ықпалына қысқаша тоқталып өтті.
Алқалы жиында Халық Қаһарманы, «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» ҚБ үйлестіру кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев, Мәжіліс депутаты Юрий Тимощенко, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Агрофирма «Родина» ЖШС директоры Иван Сауэр, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Алтынсарино» ЖШС директоры Борис Князев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов, ҚР Кәсіпкерлер форумының басқарма төрағасы Райымбек Баталов, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Нұрлан Ерімбетов және тағы басқалар сөз сөйлеп, өздерінің жер реформасына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Олардың барлығы да жерді экономикамызды дамытып, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту мақсатында орнымен пайдалану қажеттігін айтты. Отырыс қорытындысы бойынша Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының бірлескен үндеуі қабылданды.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Айбек

    Жер қазактікі. Сатылмау керек. Сатылатын болса — бір ұлттың өкілдері сатып алып аутономия құрғылары келеді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.