Халықаралық олимпиада өтті

Алматы қаласында 22-26 маусым аралығында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қазақ диаспорасы балаларына арналған «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты XІІI Халықаралық олимпиадасын өткізді. «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында ұйымдастырылған олимпиадаға Түркия, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей Федерациясының Қос-Ағаш (Алтай өлкесі) және Омбы қалаларынан келген 57 оқушы қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – қазақ диаспорасы балаларының ана тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, мәдениеті мен өнері бойынша танымдық қабілетін дамыту, әлемнің әр елдерінде тұратын қазақ жастарының достық байланыс­тарына ықпал ету, қазақ диаспорасы өкілдері арасында қазақ тілін меңгеру мәдениетінің деңгейін көтеру және еліміздің тарихына, Қазақстанның қазіргі дамуына қызығушылықтарын арттыру болып табылады. Екі кезең бойынша өткен олимпиадада атажұртын көруге келген озат оқушылар алдымен шығарма жазса, келесі күні ауызша сұрақтарға жауап берді.
Байқауға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы төрағалық етті. Сонымен қатар Қ.Ергөбек, Т.Баймолдаев, Н.Мұқаметханұлы, Ғ.Әнес сынды профессорлар, сазгер-ұстаз Қ.Әділов, белгілі журналист С.Мәмет және т.б. азаматтар қазылар алқасының мүшесі болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталды. Қ.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінен арнайы келген басшы өкілдер олимпиада үздіктеріне, атап айтсақ, орта мектепті тәмамдаған қытайлық түлектер Ғылымнұр Кәдірбайұлына, Байбол Тілекұлына, Айдана Азаматқа және Өзбекстаннан келген Сымбат Темірбаеваға ректордың білім гранттарын сыйға тартты.
Олимпиаданың бағдарламасы аясында қатысушылар мен топ жетекшілері Алматы қаласының көрікті жерлерін аралап, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қойылымын тамашалады.

Айтуған ДӘУЛЕТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.