Өлеңмен өрілген ескерткіш

«Мен Бабамның тас қашап, жазған сырын ашпасам. Құмға көміп тастасам, онда мені туған жер, ұлым деме ешқашан, ешқашан!..» – деп нар тәуекелге бел буған ақын үлкен мақсат қуады. Естігенін дән тазартқан егіншідей екшеп, төгіп-шашпай епсектікпен жинайды. Уақыт тозаңынан көмескіленген  оқиғаларды қоюлатып, әрі мен түрі тайған бояуларды жаңғыртып, тілдік қолданыстарға тың әр үстеп, зергерлік зерделілікпен айшықтайды.

Әншейінде екінің бірі құлағдар, жеткізуге келгенде төгуін келістірмес кестешідей кібіртіктемейтін, естіміштің ыстық табын суытпай бүгінгі күннің ұғым, талғамына сай лайықтап көркем баяндауда келісімді шеберлік пен даңғыл даралық атойлайды. Киелі өлке аңыздарынан жүйелі өлең андыздайды. Көкке шаншылған күңгір-күңгір күмбездер мен қабағын түкситкен жақпар тастар, тылсым тереңге бойлаған жұмбақ үңгірлер жыр жолдарына айналып жүре береді. Шарапатты шумақтар шапағатты Бекет Атаның шәкірттік шағын шежірелік негізде байыптаудан басталады. Ұлы әулиенің ұғымталдық бір сәтін суреттеу арқылы бүтін адамзаттық проблема – экологиялық апаттан алдын ала сақтандырады.
Асқақ сұлулық пен асқан іңкәр­лік­­тің, пасық пиғыл мен қарау қызға­ныштың бет-пердесін ақаусыз ашып көрсеткен «Ақсұқсыр» поэмасы ерлік пен еркіндіктің, еркеліктің дастаны дерлік дара дүние. Әділіне жүгінсек, түбектегі тарихи әңгімелерді әдемі әдіптеудің эталондық үлгісі. Бас-аяғы жұп-жұмыр ғибратты шығарма еш жасандылықсыз шынайылыққа тұнып тұр. Талайлы тағдыр тап қылған сәтсіз махаббаттың ғұмырнамасы іспетті қабылданады. Ақ өлең мен қара өлеңнің қосындысын сәтті қолдану, жігін білдірмей жарасты жымдастыру мұнда тосын қырынан көрінеді.
Қаламының ұшын безеп, шабыт шоғын көзеп тұтандыруда құр тәуекел дәрменсіз. Көмейден көтерілер көркем ойдың өңі бұзылмай өрнектелуі өріс көкжиегінің кеңдігіне бақилы десек, жыр туғызар жүрек бұл тұста жалаң дидактикаға ұрынбайды, жалғыз жол табуға тырыспайды. Әлемдік өнер үлгілеріне жүгінеді. Әсіресе, шығыс поэзиясының інжу-маржан алтын жүлгелеріне суғарылады. Ұйқас құрау, тілдік нақыштау, сөз саптау – қысқасы, көне бәйіттердің болмыс-бітімі, мазмұн салмағы тың нәшінде, жекелік таразысында талғаммен қабылдау күйінде көрінеді. Сырлы жолдардың «сүйек-саяғы», түр-әлпеті көне шығыс жұлдыздарының көшірмесіне келгенмен, қиялдау қалыбы, жыр арнасы мүлдем жаңаша. Оқиғалы өлеңдер өрісінің сонар желісінде орынсыз олпы-солпылық, оғаштық сезілмейді. Құдайке атаның бастан кешкен қайғысы мен оның мосқал тартқандағы күтпеген махаббаты зәузат теберігінің дүниеге келіп, ғұмыр жалғастығының өртең гүлдей қайта өркен тартып, тамыр жаюы бабалар баяндауы негізінде «Дос парызы немесе Қалыңдық» поэмасында қапысыз суреткерлікпен кестеленеді.
«Ақшолпан», «Ән» деректі әңгі­ме­лері – әмсе құмарлық пен іңкәрліктің, ырық­сыз асау сезімнің, еркелік пен есер­лік­тің, мәрттіктің, намысқойлық пен шам­шылдықтың астарын ашып көрсетеді.
Қазір ақын көп. Сол ортада айы­лын жимай жыр жазу, қаймықпай қалам ұстау – қас ерлік, сескенбес жүрек­жұт­қандық. Бір кезде Бенедикт Ливщих «Александр Блоктың жай ғана жер басып жүргенінің өзі маған жыр жаздырмай қойды» деген ғой. Ал Айтуар өзіне бек сенеді. Римнің алып пантеон­дарын еске түсіретін Шерқала тауын көргенде, тосын көрініске тап болған сәт тербеу-толқынысын тұзақтамайды. Іштегі буырқанған жанартау қайнарды ірікпей ақтарады.
Ұйып үлгермей,
Уыз қалпында төгіліп қалған.
Содан сыр бермей,
Сан ғасыр топырағын
көміліп қалған,
Шерқаланың уақыт күзетшісіндей қарауыл қалпынан қанығарлықтай құпия сыр іздейді. Шетсіз-шексіз шұбап, қатар құлаған Қаратау мен Ақтауды рояль тіліне ұқсатып, құбылнама күйге құлақ тосады. Каспий, алан, сақтар мен дай тайпаларының дәуірлеген кезең­де­рінен жеткен бағзы әуенді тыңдайды. Бүтін табиғат, қоршаған төңірекке «Қала қайда?» деп жар салады да:
Табиғатта мылқаулық жоқ,
Болар оны түсінбейтін кереңдік, – деп пәлсафалық ой түйіндейді.
Топыраққа көмілген көне қала іргесіндегі «Ақмыштағы кәрі ағаштың» өлмей-өшпей бүгінгі күнге жеткенін рухы түспес ерлікке балайды. Нышан­дық әсірелеу арқылы ағаш ғұмырын адам ғұмырымен астастырады. Ұрпақтар ұластығының үзілмес жалғастығын биік деңгейге көтеріп, ғасыр куәсі – саялы бәйтеректің абайсызда пешке салынып, от көмейіне кетпеуін жаны қалмай тілейді.
Қоңыр далам – сахнамсың
күй төгер,
Қоңыр далам – отқа қақ та,
үйіте бер.
Өзің маған үйіп-төгіп зейнетті,
Өзің маған арқалатып бейнетті,
Өзің және емдейтұғын шипагер, – деп перзенттікпен тебірене жырлаған ақын туған жердің қиындығына да, қызығына да пейіл құлата отырып, тұла бойы тұнған тарих – түбектің төрт құбыласын құшағына сыйдырып, бауырына басады.
Елiмiз әлi еркiндiк алмаған сонау тоталитарлық кезең заманында-ақ Маңғыстау өлкесiнiң өткен шежiре-тарихына терең үңiле бiлген ақын Айтуар Өтегенов «Ақсұқсыр», «Қалындық», «Ақшолпан», «Құла ат қасiретi», «Жара», «Шалмағамбет»,«Тобанияз тол­ғаулары», «Шөжеп сұлу», «Ән», «Ант», «Алланың сүйген құлы боп…», «Шерқала», «Ақмыштағы кәрi ағаш», «Булыойық», «Суын айғыр барсың ба?», т.б. балладаларымен оқырмандарды елең еткiзiп, зор сүйiспеншiлiкке бө­лендi. Ақын бақыты осы болар, мүмкін!

Бірғали БАЙЕКЕЕВ,
Қазақстан Журналистер
және Суретшілер
одақтарының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.