Сабаншы

Сабаншы (орысша «манул», латынша «Felis manul», Pallas, 1776) – сүтқоректі жануар­лар отрядының мысықтар тұқымдасына жататын жабайы мысықтардың дене мөлшері ең кіші, яғни үй мысығынан сәл үлкендеу бір түрі.
Сабаншының денесінің ұзындығы 50-65 см, ал құйрығының ұзындығы 21-25 см, салмағы 2,5-4 кг, басы сәл ғана жалпиған. Арқа тұсының түктерінің түсі сұр немесе жирен түсті, онда көлденеңнен орналасқан жіңішке 6-8 қара теңбіл түсті жолағы айқын байқалады. Құйрығының пішіні жұмырланып келген, онда да 7-8 қара көлденеңнен орналасқан жолағы бар. Құйрығының ұшы ғана тұтас қара түсті болып келеді.

Сабаншы бір орында қоныс ­аудармай тіршілік ететін жыртқыш аң. Тек қалың қар түскен кезде ғана, жақын маңға қоныс аударуы мүмкін. Денесі мығым, аяқтары қысқа, аяқтарындағы тырнақтары әрі ұзын, әрі жуан, оның ұштары доғалданып келген. Түктері қалың әрі ұзын, үлпілдеп, сабалақтанып тұрады. Самай тұсындағы түктері «сақалы» деп аталады. Құлақ қалқандары шағын, түктерінің арасынан әрең байқалады. Ол ымыртта және түнде қорегін іздеуге кіріседі. Сондықтан да оның тіршілік әрекеттері туралы ғылыми деректер толық анықталмаған.
Сабаншы інін тастардың арасындағы қуыстарға салады, кейде суырлардың бос індерін де пайдаланады. Ол көбіне жеке жүреді, тек көбейер кезде ғана жұп құрып, жылына бір рет ұрпақ береді. Ақпан-сәуір айларында мауығып, бірнеше аталығы бір жерге топтанады да, мысықтың дыбысына мүлдем ұқсамайтын иттің үргеніндей жіңішке шыңғырған дыбыс шығарады. Сәуір-мамыр айларында 3-4 күшік туады. Алғашында күшіктерінің көздері жұмулы, әрі әлжуаз болғанымен денесін қалың түктер қаптап тұрады.
Сабаншы Азия құрлығының ­Каспий теңізінен Байкал өңіріне дейінгі алқаптарында, Солтүстік-батыс Қытайда және Солтүстік Моңғолияда таралған.Көбіне тау етектері мен бөктерлеріндегі өсімдік жамылғысы сирек өсетін теңіз деңгейінен 1000 м биіктіктегі қорым тасты жерлерде кездеседі. Кейде таудың теңіз деңгейінен 3000 м биіктігіне дейінгі аумақтарында да мекен етеді. Қауіп төңген кезде бүкіл денесімен жер бауыр­лап қимылсыз жатып жасырынады, кейде айбат шегіп жауына сес көрсетеді.
Сабаншы Қазақстанның Қызылқұм өңіріндегі аласа Бөкентау, Тамдытау және Бетпақдала, Сарыарқа, Қарқаралы, Кент, Шыңғыстау, Баянауыл, Үстірт, Маңғыстау, Мұғалжар және Тянь-Шань тау сілемдерінде де ұшырасады. Бірақ сабаншының барлық таралған алқаптарында саны көп емес екендігі анықталған.
XX ғасырдың бас кезінде сабаншының саны Қазақстанда көп болғандықтан ­жылына 100-ге жуығы ауланғандығы ­туралы дәйекті деректер сақталған. Елімізде оны 1976 жылдан бастап аулауға қатаң тиым салынған. Ол көбіне суырлармен, ша­қылдақтармен, тоқалтістермен, кейде ұсақ құстармен де қоректенеді.Қорегін таса жерде аңдып тұрып аулайды. Негізгі жауы – қасқыр.
Соңғы жылдары еліміздегі кейбір таулы алқаптардағы табиғи қорықтар мен ұлттық табиғи саябақтардағы ­жабайы жануарлардың түрлерін және олардың таралу аумағын анықтау мақсатында арнайы суретке түсіретін фото-қондырғылар орнатылған. Осы арқылы сирек кездесетін жабайы жануарлардың түрлері нақты анықтала басталғандығын қадап айтуға болады. Мысалы, 2015 жылы осындай қондырғылар арқылы Алтайдағы Ка­тон­қарағай ұлттық табиғи саябағын­да са­бан­шының теңіз деңгейінен ­­­­2300-2500м ­­­биіктігінде бірнеше рет суретке түсіп қалғандығы белгілі болды. Бұл ғы­лым үшін үлкен жаңалық. Өйткені сабаншы бұл ұлттық табиғи саябағының аумағында кездесетін жабайы жануарлар тізімінде тіркелмеген болатын.
Аталған тіршілік иесі өте сирек және саны аз кез­десетін болғандықтан Ресейдің, Тәжік­станның, Қырғызстанның және Қазақ­стан­ның Қызыл кітаптарына тіркелген. Сонымен қатар сабаншының бейнесі Мәскеу хайуанаттар бағының рәмізі болып бекітілген.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі 2014 жылы 14 қазанда сабаншыны қатаң қорғау қажеттігін жер­гілікті тұрғындарға кеңінен насихаттау мақсатында сабаншы бейнесі бедерленген, бағасы 500 теңгелік естелік ­монетасын шығарған.Қорыта айтқанда, сабаншы елімізде сирек кездесетін, әрі саны аз, сонымен қатар ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет ететін жабайы жануардың түрі екендігін ешқашан да естен шығармауымыз тиіс.

Рысбай СӘТІМБЕКОВ,
Қазақ мемлекеттік
қыздар педагогикалық университетінің ұстазы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Шыңғыс

    Сиреп бара жатқан жаунарды қорғап, қызыл ктапқа енгізу арқылы оның түрін сақтап қаламыз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.