«Неменеге жетістің, бала батыр?..»

Алматыдағы Абай даңғылы мен Алтынсарин көшелерінің қиылы­сындағы «Қағанат» асханасына жолай кіре салғанмын. Сексен жас шамасындағы, бет-әлпетін әжім торлаған кейуана ұзын-сонар кезектің соңына келіп, маңайында тұрған жас балаларға «кезексіз өткізіп жіберер ме екен» дегендей сыңай таныта қарады.

Жақтырмай қарағандарға сыр берместен әжеге өз кезегімді ұсындым. Сондағы алғаны екі түйір бауырсақ пен бір кесе шай. Жүрегім мұздап сала берді. Шамалауымша, әжеміз сол асхананың тұрақты тұтынушысы. Кассир қыз: «ол кісінің ақшасы бар. Бізге күніне бес-алты мәрте келіп, әр келген сайын екі түйір бауыр­сақ пен шай алады. Төлемей-ақ қойыңыз» деді ­сыпайы түрде.
Жақында аялдамада сол кі­сіні тағы көзім шалды. Ширақ қи­мылына қарамастан мұң тол­ған жанары өңменіңнен өтеді. Қо­лында екі түйір бауырсақ. Қыс­тың суық ызғарында еш­кім­мен ісі жоқ, өзімен-өзі бауыр­са­ғын жеп, аялдамада отыр. Сонда бұл қарияның үй-күйі жоқ па, балалары қайда деген ­сауал ­ойымды сан-саққа жүгіртті. Сырттай қарағанда, жағдайы мүшкіл еместігі де байқалады. Онда неге өз үйінде тамағын пісіріп, ыстық шайын ішіп отырмасқа дейсің.
Қарттарымыздың немере-шөбересін иіскеп, олардың бақытына кенеліп отыратын шағында осындай күй кешуі кімді болса да ойландыруы тиіс. Әрбір адамға өз әке-шешесінен жақын адам жоқ. Дей тұрғанмен, жарық дүниеге әкелген анасын, баласының бақыты үшін бүкіл ғұмырын сарп еткен әкесін ұмытып, қар­тайған шағында тағдырдың тәл­кегіне тастап кететін қатыгез балалардың тым көбейіп бара жатқандығына өзіміз де куә болып жүрміз. Бұған көп мысал келтіруге болады.
Баласынан алимент талап еткен қарт ананың жайын біліп қатты күйзелдік… Автобуста анасы үшін қырық теңге төлегісі келмей, жүргізушімен тәжікелесіп, соңы жанжалға ұласқан зіңгіттей азаматты да кез­дестірдік… Иығына дорба асынып, қайыр тілеп, тап­қан-таянғанын масылдыққа са­лынған ұлының қолына әке­ліп беретін қартты көріп жү­регіміз езілді… Бейнетінің зей­нетін көрер шағында өз зейнетақысына өзінің қолы жетпей, бір үзім нанға жәудірей қараған кейуананың жанары көз алдымызда…
Осындайда ақиқық ақын М.Мақатаевтың:
– Неменеге жетістің,
бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр… – деген өлең жолдары еріксіз еске түседі.
Біз үлкеннің алдын кесіп өтпей, батамен өсіп-өнген халықпыз. Үл­кен­дердің сөзінің өзіне құлақ сал­саңыз, қаншама ұлағат жатыр. Қарияларымызды құрметтеп, төрге оздырып, қал-қадерімізше жан жылуымызды сыйлап жүрсек қандай ғанибет. Жақсы сөз – жарым ырыс. Бір ауыз жылы сөз – жаныңды семіртеді. Біздің кейбір қарттарымыз сол жылы сөздің өзіне зәру. Балаларын балапанша мәпелеп, олардың бақытты болуы үшін қолы­нан келгенін аямаған қарттарымызды қас­терлей білейік.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

9 Пікір

  1. Шырын

    Мына мақала расында жүрек ауыртты. Күн сайын көріп жүрген көрініс тағы да көз алдыма елестеді.

  2. Алма

    Қолда барда, алтынның қадірі жоқ демекші, қарияларымызды қазынамыздай көрейік, қадірін білейік, баптайық.

  3. Шұғыла

    Жастардың қатыгезденуіне кім кінәлі? Қоғам ба, ата-ана ма, орта ма?..

  4. Әлия

    Тасжүрек балалар, баласынан бас тартқан аналар, алимент төлеуден жалтаратын әкелер. Осылай тізе берсек, кете береді. Өкінішке орай, бұл Батыстың біздің қазақи қоғамға тигізіп жатқан кері әсерлерінің бірі.

  5. Назерке

    «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген мақалды ұмытпайық.

  6. Мансия

    Қарттарды қорлаған балалары ешқашан оңбайды.

  7. Айдай

    Өкінішке орай, бұл біздің бүгінгі күніміздің айқын көрінісі. Қарттар үйінде тұрып жатқан қариялардың тең жартысы қазақтың аталары мен апалары.

  8. Салтанат

    Қартайған шағында бейнетінің зейнетін көреміз-ау деген қарттарымыздан балалары сырт айналған деген сұмдық.

  9. Кәрібала

    Ойпыра — ай, ер балалардың біреуі пікір жазбапты. Елдің намысын қорғайтын жігіттер құрыған ба? Жоқ ерлердің жігері құм, жүрегі тасқа айланған ба? Әлде қарттарымыздың мынандай күйге түсуіне ер жігіттердің әйелдерінен аса алмай ез болғандарынан ба?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.