Сөз бен саздың үйлесімі

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының жанынан құрылған «Astana Musical» театрының «Елордадан – Алатауға сәлем» атты гастрольдік сапарының ашылу рәсімі өтті.

Театр гастролінің ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты. «Astana Musical» – еліміздегі және Орталық Азиядағы тұңғыш мамандандырылған ­мюзикл театры. Мюзикл дегеніміз бір өзінде музыка да, драма да, би мен ән өнері де тоғысқан ерекше жанр екені белгілі. Онда шекара жоқ, сөз бен саз, қимыл-қозғалыс әсемдігі, барлығы үйлесім тауып, іс-әрекеттің әсерін күшейте түседі. Жалпы қазіргі қазақ театр өнерінде мюзикл жанры кенже дамыған деуге болады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен құрылған «Astana Musical» театры осы олқылықты толтыруға арналған.
Елордалық жас театрдың гастролдік сапары әйгілі драматург У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» пьесасының негізінде қойылған Жерар Пресгюрвиктің мюзиклімен ашылды. Бұл қойылым былтырғы жылы елімізде өткен «ЭКСПО» көрмесіне орай сахналанған болатын. Алматылық көрермендер қазақ тіліне алғаш рет аударылып отырған әлемдік мюзиклді жылы қабылдады. Әсіресе қазақтың ең көне мұраларының бірі, ұлттық операмыз бен классикалық музыкамыздың інжу-маржаны, атақты лиро-эпостық дастан негізінде қойылған «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі ерекше қойылым болды. Мюзиклде жүйелі композиция, қызғылықты сюжет, бітіспейтін тартыс, кестелі тіл, актерлердің келісті келбеті мен дауыс байлығы, яғни қазіргі заманғы театр өнеріне қажеттінің бәрі бар. Дәстүрлі ән, күй, би, айтыс, салт-дәстүр ерекше үйлесіммен жанр ерекшелігін айқындай түскен. Қойылымға жиналған көрермендердің басым көпшілігі жастар болғанының өзі бұл жанрдың бүгінгі күн талабына сәйкестігін көрсетсе керек. Қоюшы-режиссер Асхат Маемиров әйгілі операның сюжеттік желісін сақтай отырып, сұлу да сырлы көркем жырды жаңа сипатпен сахналай білген. Қойылымды бастан-аяқ сахна төрінде «Астана сазы» фольклорлық ансамблі ұлттық музыкамен сүйемелдеп отырды. Мюзиклге қатысқан артистердің сахналық костюмдері де қазақ киімінің бүкіл сән-салтанаты мен әсемдігін паш етті.
Мюзиклде ойнаған Оразалы Игілік, Инабат ­Ризабекова, Расул Усманов, Сайлау Камиев және т.б. талантты актерлар алматылық көрерменнің қошеметіне бөленді. Жалпы «Astana Musical» театрының құрамындағы артистердің барлығы әнге де, биге де жетік, сегіз қырлы, бір сырлы екендіктерін көрсетті.
Қойылым соңынан Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов жастар театрына алғысын айтып, шығармашылық табыстар тіледі.

Дана Халық

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.