Өнерге қанат қаққандар

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парағы» деп ұлттық мәдениетімізді сақтамай ешқандай жаңару болмайтынын айтқан болатын.

Әр елдің, әр ұлттың, әр ғасырдың өзіне тән ерекшелігі мен ұлттық құн­дылығы болады. Тарих беттеріне зер салар болсақ, қазақ халқының басынан түрлі қилы кезеңдердің өткенін байқаймыз. Қойнауына сыр бүккен Нарын өңірінің де топырағы құтқа толы. Талай күйшілердің күйіне қанық даламыз, олардан бізге мұра болып қалған рухани құндылығымыз, мәдени қазынамыз бүгінгі ұрпақпен бірге жасасып келеді.
Қазіргі таңда ұлттық өнеріміз жанданып, мәдениетіміз жаңаша қалыптасты. Ауданымызда да осы егемендіктің ­жиырма алты жылы ішінде мәдениетіміз өз деңгейінде өсіп-өркендеп келеді. Соның нәтижесінде халықтың да талғамы жаңа бағытқа өзгерді.
2017 жылы рухани жаңғыру аясында ауданымыздың мәдениет саласында көптеген шаралар жүзеге асырылды. Соның ішінде күні кеше ғана «Жалын» мәдениет үйінде әуесқой композитор, Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ КСР-не еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, домбырашы, ұлағатты ұстаз Шәмшиден Шәріповтің 95 жылдығы және аудандық білім бөліміне қарасты Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің құрылғанына 40 жыл толуына орай өткен мәдени шараны ерекше атар едік.
Мектепте бүгіндері домбыра, қобыз, баян, халық әні-терме, фортепиано аспаптары бойынша 261 оқушыға 30 мұғалім дәріс беруде. Музыка мектебінің негізгі мақсаты мен міндеті жеке оқушыға музыкалық аспапты меңгерту, ойнау шеберлігін дамыту, аспапта орындау ерекшеліктері туралы теориялық білім беру саласына айрықша назар аудару. 1992 жылы осынау Аққыстау балалар музыка мектебіне Қазақстан Респуб­ликасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, жергілікті композитор Шәмшиден Шәріповтің аты берілген болатын. Қазір барлық ауылдарда Ш.Шәріпов атындағы балалар музыка мектебінің сыныптары тұрақты түрде жұмыс істейді. Осы жылдар аралығында жоғарыда аталған мектеп шәкірттері аудандық, облыстық, қала берді республикалық өнер сайыстары мен байқауларында бірнеше мәрте жүлдегер атанып, ауданның мерейін өсірді. 2012 жылы Қазақстан Республикасының №175 қаулысы бойынша «Балдырған» ансамблі (жетекшісі Е.Ақтанов) мен «Балдәурен» вокалдық тобы (Л.Жанарыстанова) «Үлгілі» ұжым атағын жеңіп алды.
Сондай-ақ мектептің мәртебесін көтеріп, мерейін өсіріп жүрген түлек­тер де баршылық. Атап айтсақ, ­Ж.Сүндет­қалиева, Г.Насырова, ­Асылай, Әйгерім Әпеновалар, А.Ермекова бүгіндері бірі Д.Нұрпейісова атындағы халықтық му­зыка академиясы Атырау музыка кол­лед­жінде ұстаздық қызмет атқарып жүрсе, екіншілері үлкен сахналарда өз өнерлерімен танылып жүр.
Әрине, осындай жас ұрпақты тәр­биелеуде елеулі еңбектерімен кө­рініп жүрген ұстаздар З.Насиханова, Ә.Бахитова, Ә.Сұлтанова, Э.Темір­болатова, Г.Қонарбаева, С.Қасанова, С.Бисембиева, Ж.Қалиева және басқа­лар­дың есімдерін мақтанышпен атауға болады.
Қазақ КСР-не еңбегі сің­ген мәдениет қызметкері Ш.Шәріповтің туғанына 95 жыл және өнер иесінің есімін иемденген балалар саз мектебінің құрыл­ғанына 40 жыл толуына орай ұйым­дастырылған «Жас екпін» атты жас орындаушылардың аймақтық фестиваліне Махамбет, Мақат, Құрманғазы аудандарынан жас домбырашылар қатысып, бақтарын сынады.
Байқаудың мақсаты – Ш.Шәріпов­тің шығармаларын насихаттау, бала­лардың көркем шығармаларға деген құштар­лы­­­ғын арттыру және орындалу мәде­ниетінің қалыптасуына атсалысу. Аспапта ойнау, дәстүрлі күй өнерінің мәртебесін арттырып, ұрпақ санасына сіңіру және осы өнер түріне балалар ынтасын ояту.
Өнер сайысының нәтижесінде Новобогат саз мектебінің оқушысы Ақнәзік Жанпейісқызы бас жүлдені жеңіп алды, Құрманғазы ауданының Д.Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебінің оқушысы Нұрдәулет ­Амангелдин бірінші орынды. Ал екінші, үшінші орындарға жанбайлық Жанерке Заева, құрманғазылық Ажар Жетесова, аққыстаулықтар Гүлнәзік Құбашева, Әли Ғабдіжанова, махамбеттік ­Сағи­долла ­Алпамыс ие болды.
Мерейтойлық шараға арналған салтанатта Исатай аудан әкімінің орынбасары Б.Мырзағалиев құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы С.Беркалиева, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка коллдежінің мұғалімі, Ш.Шәріповтің шәкірті Р.Латифуллина, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қ.Дүйсеев, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншісі М.Дәулетов, Ш.Шәріпов атындағы саз мектебінің түлегі, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық академиясы Атырау музыка колледжінің мұғалімі Н.Хинекина және осы шараға қатысушы басқа да қадірлі қонақтар игі лебіздері мен ақжарма тілектерін білдірді.
Шара кезінде Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің фольклорлық ансамблі мен «Балдырған» балалар оркестрі (оркестрдің көркемдік жетек­шісі әрі дирижері З.Насиханова) Шәмши­деннің бірнеше күйлері мен әндерін нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ көрермендер Шәмшиден Дәулетұлы Шәріповтің өмірдерегі жөнінде дайын­дал­ған бейнекөрсетілімді тамашалады.

Аяпберген САЛИХОВ
Атырау облысы
Исатай ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.