«Көкмайса» этнофестивалі – Ұлытау төрінде

Ұлт ұясы – Ұлытау биылғы жылдың мамыр айының алғашқы онкүндігінде дүбірлі думанға бөленді. Ұлы Дала кіндігінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған халықаралық «Көкмайса – 2018» этнофес­тиваліне жалпы саны үш мыңға жуық адам қатысып, олардың арасында сыртқы елдерден ат сабылтып келген туристер мен ЮНЕСКО және ИСЕСКО ұйымдарының өкілдері болды. 

Аса кең көлемдегі іргелі іс-шараны Ұлытау ауданының әкімдігі «NOMAD EXPLORER» ком­паниясы және «Ұлытау» ұлттық тарихи-мә­дени және табиғи қорық-мұ­ражайы ұйым­дастырды.
Этнофестиваль қарт Ұлытаудың қазақ тарихында алатын баға жетпес маңызды орнын кең тұрғыда дәріптеу, көне дәуірлерден жеткен тарихи мұра санатындағы ескерткіштерін таныстыру, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың қайталанбас бітім-болмысы мен ұлттық спорт ойындарының тартымдылығын ­насихаттауды мақсат тұтты.
Алғашқы кезекте түп-тамыры ұлт руханиятының қайнарынан бастау алатын «Көкмайса» этно­фестивалінің өзекті міндеті Қазақстан аумағына шетелдерден келетін туристер мен ел азаматтарын Ұлытаудың шежірелі тарихы мен құнды ескерткіш-жәдігерлерін қызықтауға тарту арқылы келешекте туризм саласын дамыту ұстанымы болғанын атап өткен жөн. Соған орай, тағылымы терең іс-шара барысында өңірдің ауасы мен суының, тұмса табиғатының адам ағзасына таптырмас дәру екендігі әспеттелді. Сырт келбеті келісті, ішкі безендірілуі кез келген жанның көңіліне шуақ ұялататын еңселі киіз үйлерде меймандос пейілмен жайылған көл-көсір дастарқан жайлау төсінде өрген төрт түліктің еті мен сүтінен өндірілетін табиғи тағам түрлерінің аса құнарлы екендігін айғақтады. Этнофестивальде, сонымен қатар аудан тұрғындарын туризмнің ерекшеліктері мен оған қатысты талаптарды жете зерделеп, меңгеруге бейімдеу, өз кәсібін ұйымдастырып, жүргізуге қабілетті іскер азаматтарды туризм саласындағы кәсіппен шұғылдануға бағыттау жайына да басты меженің бірі ретінде айрықша көңіл бөлінді.
Алыс аумақтардан жеткен меймандар алғашқы күні «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы әзірлеген «Ұлытау – Мауреннахр» атты көрмені тамашалап, тарих тылсымына бойлады. Сол күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастау алатын «Туған жер» жобасы аясындағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР ИСЕСКО және ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комитетінің ұстанымы негізінде «Ұлытау» қорық-мұражайы ұйымдастырған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау: халықаралық тәжірибе және келешек» атты ғылыми, білім беру, сондай-ақ, танымдық сипаттағы семинар жұмысына қатысты.

Оның барысында Ташкент ­мә­дениет және өнер мемлекеттік ­инс­титутының профессоры Уразалы Ташматов (Өзбекстан), Ақпарат және мәдениет ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Дилшод Рахимов (Тәжікстан), «Қырғыз фольк­лор қоғамы» бірлестігінің директоры Әсел Исаева (Қырғызстан), туризм саласындағы білікті маман, материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеттің мүшесі Бақытхан Оразымбетова және осы саладағы басқа да танымал тұлғалар күн тәртібіндегі өзекті мәселеге қатысты ой толғады. Талқылаулар түйінінде семинарға қатысушылардың болашақтағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық әрекеттері жайлы тұжырымдар түзіліп, Ұлытау өңірінің тарихы мен тарихи жәдігерлері туризмді түлетудің берік негізі болуға лайықты деген мазмұндағы ортақ мәмілеге келді.
Этнофестивальдің ресми ашылу салтанаты Ұлытау тауының етегіндегі «Айбас дарасы» аталған биік жотаның іргесіндегі алқапта доғалана тігілген ақшаңқан киіз үйлер ауылында өткізілді. Барша қауымға арнаған ыстық ықыласты аудан әкімі Әнуар Омар жеткізді. Ол этнофестивальдің ұлт рухын ояту мақсатымен ұйымдастырылып отырғанына назар аударды. ­Аудан басшысының сөзін «NOMAD EXPLORER» компаниясының басшысы, кәсіпкер-меценат Марғұлан Сейсенбаев жалғастырды. Қайраткерлігі қарымды азамат Ұлытау төрінде өткізіліп отырған этнофестивальдің ресми мазмұннан мейлінше ада халықтық болмыстағы шара екендігін тілге тиек етті. Туристер қауымын Ұлытау өңіріне жиірек ат шалдыруға үндеп, жергілікті халықты осы саланың қыр-сырына қанығып, істі ұйымдастыру тетіктерін жетік меңгеруге шақырды. Ұлы Дала Ұлытауының қойнауында қатпарлы тарих шежіресі тұнып жатқанын сөз етті. Сонымен қатар мағыналы жиынға қатысушыларды қоғам қайраткері Мұрат Әбенов пен Алматыдағы Халықаралық бизнес академиясының президенті, ғалым Асылбек Қожахметов құттықтады. Аудан әкімі «Көкмайса» этнофестивалін ұйымдастыру жұмыстары кезінде қолғабыс жасап, Ұлытаудың ұлағатын ұлықтауға жан-тәнімен ықыласты болған тұлғаларға Алғыс хаттар табыс етті.
Салтанатты рәсімге қатысушылар қатарында Жәния Әубәкірова бастаған қазақстандық өнер және мәдениет өкілдері де болды.
Ескі күндердегі ел басынан өткен тарихи оқиғалар легінің жалқы бір сәті С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театры артистері әзірлеген «Кетбұқа» спектаклінің үзінді көрінісімен елес берді. Сол арқылы ұлт перзенті – абыз Кетбұқаның ел іргесіне Шыңғыс ханның қалың әскері төніп келгенде парасатты шешім қабылдап, халықты қанқұйлы жағдайдан құтқарып қалу үшін батыл әрекетке бас тіге отырып барғаны хақында нанымды баяндалды.
Көрермен бард әншілер – алматылық Еркін Жағаев пен ақын, әнші-сазгер Қуаныш Мақсұтов және басқалары орындаған тартымды туындыларға қанықты. Концерттік бағдарламадағы сырт аймақтардан келген көне ұлттық аспаптарда орындаушылардың өнері мен жергілікті «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблінің құлақ құрышын қандырған күйлері де көпшілік көңілінен шықты.
Ұлттық ойындар өткізілген алаңдағы дода дүбірі «арнасынан» асып жатты. Бабалардан қалған бәсекенің бірі «Қатын күресті» тамашалаушылар қарасы да тым қалың болды. Бұл жолы шалғайдағы Маңғыстау облысынан, қасиетті Қарқаралыдан келген және Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі балуандар күш сынасты. Нәтижесінде бас жүлде Сандуғаш Қасымғалиеваға (Ұлытау ауданы Сарлық ауылы) бұйырды. Екінші орын жүлдесіне Қарлығаш Ахметова (Қарқаралы ауданы Қарағайлы кенті) қол жеткізсе, Шынар Тілеубергенова (Аманкелді атындағы ауыл) үшінші орынға табан тіреді.
Бура санды, сом білекті жігіттер сынға түскен «Аударыспақ» ойынында Егінді ауылының атпал азаматы Ернар Қазыбаевтың бағы жанып, мерейі өсті. Жамбыл облысының Қордай ауданынан келген Азамат Дәніғұлов екінші орынды еншіледі. Олжас Жақияновқа (Ұлытау селосы) үшінші орын жүлдесі бұйырды.
Киіз үйлерге іргелес тартылған желі басындағы жылқы үйірінен шу асауларға алыстан арқан лақтырып бұғалық салу әдісі елден тысқары аумақтардан келген қонақтарды айрықша тәнті етті. Мұндай ғажайыпқа өмірінде бірінші рет куә болып тұрған туристер әлгі асау­ларды жігіттер ауыздықсыз-жүгенсіз мініп, бас білдіру кезінде бас шайқап, таңырқағандары байқалды.
Дәл осы сәтте олардың қазақ жігіттерінің ептілігі мен жүректілігіне деген сүйіспеншілігі еш бүкпесіз аңғарылды.
Мешкейлер сайысында месқарын жігіттердің әрқайсысы бір-бір табақ майлы етті 10 минут уақыт аралығында жеп тауысуға тиісті болды. Қорытындысында «Ең мешкей адам» атағын жезқазғандық Бекзат Жармағамбетов жеңіп алды. Одан сәл ғана қалыс түскен ұлытаулық Жасұлан Елеусізов екінші орынды иеленді. Ал үшінші орынның жүлдесі Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Болысбек Кенжеевтің қанжығасына бөктерілді.
Белгілі уақыт мөлшерінде қымыз ішуден бәсекеге қатысқандарға құнарлы сусынды сіміру үшін екі минут уақыт берілді. Бірінші орынды кесімді уақыт ішінде 4,5 литр қымыз ішкен Алмас Бимағамбетов иемденсе, екінші орыннан – Қаракеңгір ауылының үміткері Жылкелді Әбдіхамит, үшінші орыннан – Аманкелді атындағы ауылдың өкілі Қанат Әбдіров көрінді.
Тартымды түзілген бағдарламалар аясында шетелдік туристер М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы шеберлерінің Сақ дәуіріндегі жабайы аңдарды бейнелеу үлгісі мен зергерлік бұйымдарды жасау үдерісін тамсана тамашалады.
Кененбай көлінде өткізілген «Балықшылар жарысы» да бағалы бастама ретінде қабылданды.
Бақандай бес күнге созылған ­этнофес­тиваль аясында Ұлытауға алыс-жақыннан жиналған әлеумет ­тарихи орын­дарды да армансыз аралау мүмкіндігіне ие болды. Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелері, Әулиетау, Едіге шыңы, Ақсақ Темірден қалған «Алтыншоқы», Хан ордасы және басқа да жәдігер-ескерткіштер өңірдің тарихын тереңірек таразылауға ниетті болған қауымның, әсіресе басқа мемлекеттер мен Қазақстанның әр түпкірінен жеткен туристердің қызығушылығын туғызды.
Сөз орайы келгенде этнофестиваль кезінде тігілген жалпы саны 50-ге жуық киіз үйден бөлек, тау шатқалдары мен аңғарларына дем алушылардың өз күш­терімен орнатылған көшпелі қоныс-күр­келердің де көп болғанын айта кету ләзім.
Іс-шараның соңғы күні көш-керуен Шеңбер селолық округінің орталығы Қорғасын ауылын бетке алды. Онда туристер тым сирек кездесетін нысан – Мақат сағанасымен танысып, дала көкжалы Кейкі мергенге пана болған тау үңгірін тамашалады. Тұяқты тұлпарлар сайыстары – тай жарысын, құнандар бәсекесін, аламан бәйгені қызықтады. Қазақ күресін дәріптеген балуандар белдесулерін көріп, ұлттық спорт ойынының ерекшеліктерін зерделеді.
Қысқаша түйіндесек, ­«Рухани жаңғыру»бағдарламасының бір тармағы «Туған жер»жобасы аясындағы ­этнофестиваль нақты нәтижелер берді ­деуге толыққанды негіз бар. Ең бас­тысы, Ұлытаудың ұлт тарихында алатын айрықша мәртебесі кең тұрғыда ­насихатталды. Киелі өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымын жетілдіруге, осы бағытта жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлердің қызметін нақты жарнамалауға, ауқымын кеңейтуге даңғыл жол ашылды. Адамдардың дербес түйсігі мен жалпы қоғамдық сананы Ұлытаудың ұлылығын лайықты дәрежеде қадірлей білуге бейімдеу шарттылығы белгілі бір деңгейде орнықты орындалды.

Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ
Қарағанды облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.