Велошеру жеңімпазы анықталды

Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында бұқаралық спортты дамытуға назар аударылғаны белгілі.
Шараның басты мақсаты – қаладағы бұқаралық спорт түрлерін дамытып, қала тұрғындары мен қонақтарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

Осыған орай, «Алматы Туры – 2018» атты халық­ара­лық веложарысы өтті. Велошеру «Нұрлы Тау» бизнес орталығынан басталып, Астана алаңында аяқталды. «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында өткен бұл мерекелік велошеруге 800-ге жуық қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Мәреде қатысушылардың арасында бағалы сый­лықтар мен велосипедтер ойнатылды.
Биылғы өткізілген көпкүндік бұл велошеру «Спорт­тық Алматы» қалалық бағдарламасы аясында 2018 жылы жоспарланған 21 велошерудің он жетіншісі болды. «Спорттық Алматы» бағдар­ла­масы алып шаһарда бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар велошеру қатысушыларына басқа да тосын сый жасалды, олар кәсіби шабандоздармен жарысып, бағалы сыйлықтар мен Almaty Bike жүйесінің бір жылдық сертификаттарын ұтып алуға мүмкіндік алды.
«Astana Pro Team» велошабандозы Давиде ­Виллелла «Алматы Туры – 2018» көпкүндік веложарысының бірінші кезеңінде жеңіске жетті. Ол мәреге 4 сағат 9 минут және 35 секундта жетті. Ал 35 секундтан соң екінші болып америкалық спортшы Симон Пеллауд келсе, албаниялық Пиерпало ­Фикара үшінші орынға ие болды. Тағы бір астаналық Луис Санчес төртінші келді. Бірінші кезең Астана алаңында әр елден келген 19 клубтың қатысуымен басталып, осы жерде аяқталды. Қатысушылар 182 шақырымды бағындырды. Қазақстан атынан 4 команда қатысып, олардың арасында алғашқы рет алматылық «Apple Team» өнер көрсетті. Олар қазақ­стан­дықтардың арасында үшінші орынды иеленді.
«Алматы Туры – 2018» веложарысының екінші кезеңі «Halyk Arena» көпфункционалды кешеннің аумағынан басталып, Медеу шатқалында аяқталды. Әр елден келген 19 клубтың өкілдері 160 шақырымды бағындырды. Қазақстан атынан жарысқа 4 команда қатысты.
Биылғы жарыста «Astana Pro Team» командасы­ның мүшесі испандық Луис Леон Санчес «Алматы Туры – 2018» көпкүндік веложарысының екінші кезеңінде жеңіске жетті. Қазақстан клубында өнер көрсететін ол мәре сызығын 4 сағат 11 минут және 35 секундта кесіп өтті. Бұдан кейін төрт секунд айырмашылықпен Делио Фернандес келіп, екінші орынға жайғасты. Ал үшінші орынға бірінші кезеңнің жеңімпазы Давиде Виллелла орналасты.
Екінші кезеңнің нәтижесі бойынша Давиде ­Виллелла жалпы жіктеу бойынша жеңімпаз атанды, ал Юрий Натаров (Ұлттық құрама) үздік қазақстандық шабандоз деп танылды. Оларды ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Қазақстан велоспорт федерациясының президенті ­Дархан Кәлетаев пен Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Райымбек Баталов құттықтады. Халықаралық веложарыстың жалпы жүлде қоры 40 мың еуро болды. Еске сала кетсек, «Алматы Туры – 2018» көпкүндік веложарысының бірінші кезеңінде «Astana Pro Team» велошабандозы Давиде Виллелла жеңіске жеткен болатын.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.