Шамғали шапағаты

Қазақ жұртына танымал атақты әулеттер бар. Мәселен, Сәтбаевтар, Жұбановтар… Қаныш Сәтбаевты алайық. Есімі әлемге әйгілі ғалым. Академик Еліміздегі Ғылым академиясын ұйымдастырушы әрі оның тұңғыш президенті. Қанекеңнің Ханиса, Шамшиябану, Мейіз атты үш қызы да ғылым жолын таңдады. Үшеуі де елге белгілі. Бірі медицина ғылымының, екіншісі филология ғылымының, енді бірі геология-минералогия ғылымының докторы болды. Олар әкесінің арқасында емес, өздерінің білімдері мен біліктіліктері нәтижесінде ғылымның әр саласындағы биік шыңдарға қол жеткізді.

Ахмет Жұбановқа оралайық. Қазақ музыкасын зерттеуші көрнек­ті ғалым, саңлақ сазгер, дирижер. Өзге тындырған ауқымды істерін айтпағанда, Қазақ халық аспаптар оркестрінің, Қазақ мемлекеттік филор­мониясының, Қазақ консерва­ториясының, Қазақ музыкалық театрының өмірге келуіне ұйтқы болды. Ахметтің ағасы Құдайберген Жұбановтың аты тіл білімі саласында жақсы белгілі. Осы саладағы алғашқы қазақ профессоры. Ахмет Байтұрсынұлы тілге қалай еңбек сіңірсе, Құдайберген де бұл бағытта Ахаңмен қатар тұратын ірі тұлға.
Өзіміз тілге тиек етіп отырған жоға­ры­дағы бірегей, ерекше шаңырақтар қатарына Сарыбаевтар әулетін қосуға әбден болар еді. Әулеттің басындағы Шамғали Сарыбаев – белгілі ғалым, қазақ тілі әдістемесінің негізін салушылардың бірі. Ол кісінің бір баласы – Шора Шамғалиұлы тіл тарланы, академик, қазақ тілі диалектологиясы ғылымының негізін қалаушылардың қатарында. Биыл 94 жасына қараған шағында өмірден озды. Шөкең дүниеден өткенше басындағы тақиясын тастаған емес. Тіл білімі институты директорының орынбасарлығына бекітерде осы қызметті ұсынғандар, «Төбеңіздегі тақияңызды тастап, анектод айтатын әдетіңізді қойыңыз» депті. Шөкең бұл екі талаптың екеуін де орындамапты. Шамғалидың тағы бір ұлы – Болат Сарыбаев. Бұл есімді білмейтіндер кемде-кем. Музыкатанушы. Қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жинаушы әрі сол аспаптарда орындаушы. Кезінде «қазақтарда екі-ақ аспап – домбыра мен қобыз болған» деген пікір қалыптасқан еді. Болат Шамғалиұлының еңбегі арқасында жиырмадан аса көне музыкалық аспаптар табылды. Олар – шаңқобыз, сыбызғы, сазсырнай, үскірік, шертер, жетіген… Осы аспаптардың оркестрлерде, ансамбльдерде пайдаланылуы өнеріміздің даңқын одан әрі арттыра түсті. Болаттың баласы Талғат та айтулы өнер иесі болатын. Ол өзі сазгер, көптеген халық әндеріне жаңа заман талаптарына сай әр берді. «Гүлдер», «Арай» секілді ансамбльдерге жетекшілік жасады.


Біздің бүгінгі сөз еткелі отырға­нымыз Сарыбаевтардың үлкені – Шамғали Харесұлы туралы.
Жақында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Шамғали Сарыбаевтың 125 жылды­ғына орай «ХХІ ғасырдың ғылыми- ағартушылық парадигмалары: рухани құндылықтар аясындағы тіл және мәдениет» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл жиынның өткені өте орынды болды. Себебі басқаларды ауызға алмағанның өзінде тіл төңірегінде қызмет етіп жатқан мамандардың бірқатары, тіпті көбі дерлік Шамғали Харесұлының еңбектерінен хабарсыз болуы мүмкін. Өйткені бұл есім алқалы жиындарда, маңызды басқосуларда айтыла бермейді. Ал шындыққа жүгінсек, қазақ тіл білімі саласында, оқу-ағарту ісінде Ш.Сарыбаевтың атқарған істері елеулі.
Шамғали Харесұлы 1893 жылы Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Қарашағыл деген деген жерде өмірге келген. Орынбордағы Хұсаиния медресесінде білім алады. Қазалы қаласында бала оқытады. Шымкентте уездік халық ағарту мекемесіне басшылық жасайды. Ташкенттегі Қазақ ағарту институтында сабақ береді. Алматыда Қазақ педагогикалық техникумын ұйымдастырады. Өмірінің кейінгі кезеңдерінде Алматыдағы Қазақ журналистика институтында, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында, Қазақ мемлекеттік университетінде қызмет етеді. Ол жыр дүлдүлі Жамбыл туралы алғаш мақала жазған адам ретінде де белгілі.
Өткен ғасырдың 20-40 жылдары оқу-ағарту саласында күрделі кезең болды. Жазу таңбасы өзгерістерді бас­тан кешті. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесімен сауат ашқан жұрт шамалы уақыттан соң латын қаріпін, сәлден кейін кирилл жазуын меңгерулеріне тура келді. Осындай жағдайда оқулықтар да қайта жазылып жатты. Халыққа пайдалы осы жұмыстардың басы-қасында Шамғали Харесұлы да жүрді. Тілге қатысты көптеген мақалалар жазды. «Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Бұл әріптестері атап көрсеткендей, қазақ тілін оқыту әдістемесінен арнайы қорғалған тұңғыш ғылыми жұмыс болатын.
Шамғали ағамыз өмір сүрген уақыт ғылымның «балғын» кезеңі еді. Тіл білімінің теориялық мәселелері түп­кілікті шешімін таппаған. Соған қарамастан ғалым басқа да үзеңгілестерімен бірге қазақ тілінің мектептерде дұрыс оқытылуына мән берді. Бұл ретте алғашқы оқулық­тардың, бағдарламалардың, оқу құралдарының өмірге келуіне қомақты үлес қосты.
– Шамғали Харесұлы – қазақ тілінің тұңғыш әдіскер ғалымы. А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ тіл білімі корифейлерінің ізін баса келген ғалым. Ол тек қазақ тілі әдістемесіне ғана емес, сонымен қатар қазақ әдебиетіне, соның ішінде халық ауыз әдебиетіне де сүбелі үлес қосты, – деді жиында баяндама жасаған ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев.
Жиында сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері М.Әуезов, түрік ғалымы М.Өлмез, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі, ғалымдар М.Қойгелді, Ф.Оразбаева, Қ.Құрманәлиев, Қ.Күдеринова, Б.Сманов, ҚР-ның Авс­тра­­лиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ғалымның немересі Қ.Сарыбай және басқалар Шамғали Харесұлы­ның қазақ тілі мен педагогика ғылымдарының негізін қалап, қалып­тастыруға айрықша үлес қосқанын нақты мысалдармен дәлелдеді.
– Басқосу күткендегідей өз дең­гейінде өтті. Жиыннан түйгеніміз – «Әдістеме» деп аталатын ғылымның бастауында тұрған ғалым еңбегі әлі де болса кеңінен зерделеуді, өз дәрежесінде бағалауды талап етеді, – дейді ғылыми конференцияны ұйым­дастыруға мұрындық болған университеттегі академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафе­драсының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Қалбике Есенова.
Конференцияның талаптағыдай өтуіне профессор Б.Әбдіғазиұлы жетекшілік ететін филология және көптілді білім беру институтының да үлкен еңбегі барын айта кеткен жөн.
…Сарыбаевтар әулетіне ұлттық намыс, отансүйгіштік, патриоттық тән деуге болады. Бұл сөзімізге бір дәлел. Шора ағамыз орыс тілі қаһарына мініп тұрған кешегі заманның өзінде балаларына ұлттық тәрбие беруге күш жұмсаған. Қазақ балабақшасы Алматының қиыр шетінде болса да Қайрат ұлын ерінбей-жалықпай жетектеп соған апарыпты. Шетелде қызмет ететін перзентіне: «Маған хат жазсаң, қазақша жаз. Орысша жазсаң, оқымаймын» деп қатаң талап қойыпты. Әкесінің бұл еңбегі босқа кетпеді. Кейін жемісін берді. Нәтижесінде шаңырақта ұлтжанды азамат өсіп-жетілді. Елші Қайраттың шетелде жүрсе де зор мақтаныш сезіммен кейбір ресми салтанаттарда қазақтың шапаны мен бөркін киіп шығатынынан біз де хабардармыз.
Сарыбаевтарға тән ұлтты сүю, құрметтеу деген тағлымның қайнар көзі қайда жатыр десек, бастау басы Шамғали аталарында. Мұны Шамғали шапағаты деп сезінгеніміз абзал.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.