Аннаның ақылы

Поезда келе жатырмыз. Қарсымызда жайғасқан жетпістің о жақ, бұ жағындағы әйел арагідік әңгімемізге қосылып отырды. Сөзіне қарағанда оңтүстіктегі Түлкібас ауданынан. Көп әйелдің бірі емес, қызмет істеген зиялы жанға ұқсайды.
– Тіл жайлы айтып жатырсыздар ғой. Мына бір қызық жайтты айтайын сіздерге, – деді ол. – Бірде аудан орталығындағы қайнымның үйіне барғанмын. Төргі бөлмеден шығып, дәлізге беттегенімде жақында ғана осы үйге түскен келіннің сөзін естіп қалдым. Ұялы телефонмен сөйлесіп жатыр, сірә. «Они по свойский говорят… Я не понимаю…» деген дауысы естілді.
Алдында естуші едім: «Келініміз еліміздің солтүстік облыстарының бірінен. Қазақ қызы болғанымен, қазақшасы нашар. Түсінісіп кетерміз…» дегенді. Жаңа түскен келіннің әлгі «по свойский» деп тұрғаны үйдегілердің қазақша сөйлейтіндігі.
Бір жағынан күлкі келтіретін жағдай. Бір жағынан жүрегіңді ауыртатын көрініс. Қазақтың қызының өз ұлтының тілін білмеуі масқара ғой. Кешегі уақытта кеңес өкіметін кінәлап келдік. Ал қазір ше? Қазақтың өз билігі өзіне тиген жоқ па?! Қазаққа «Қазақша сөйлеме» деп тұрған ешкім жоқ. Өте ұят нәрсе. Өзіміз осындаймыз. Өзгелерге «қазақ тілін үйреніңдер» деп қалай айтамыз? Қай бетімізбен айтамыз?
Осыны айтқан көршіміз «Әлгіге керісінше өзім білетін бір жайды ортаға салайын» деп келесі әңгімесінің тиегін ағытты.
– Мен тұратын ауылда Анна деген неміс әйелі болды. Ауыл – қазақ ауылы. Кілең қазақтар тұрамыз. Аннаның күйеуі қайтыс болды да балаларының ауыртпалығы өзіне түсті. Өзге ұлттың өкілі болғанымен қазақшаға судай еді. Қанша дегенмен қалың қазақтың ортасында өмір сүріп жатыр ғой. Таңертең малын өріске шығарғанда: «Өй, қараң қалғыр. Аяғыңа тас байлап алдың ба? Жүр, кәне» деп кәдімгі қазақтың жалпақ тілімен алдындағы сиырына зекіп бара жатқанын талай көргенбіз.
Бір айта кетерлігі, Аннаның балалары қазақтың арасында өскенімен немісше таза сөйлейтін. Оны неміс тілі сабағында өзіміз талай көз жеткіздік. Оның сырын ауылдағылардың бәрі біледі. Ол былай. Жұмыстан үйіне оралған Анна балаларымен тек қана немісше сөйлеседі екен. Балаларынан да осыны талап еткен. Қазақша да, орысша да бір ауыз сөз араластырмайтын көрінеді. Балалар да осыған үйренген. Сыртта қазақша сайрағанымен, үйдегі қарым-қатынас тілі – немісше.
Осының бәрін ойластырып жүрген балалардың анасы – Анна. Яғни балалар қай жерде жүрмесін өзінің ұлты неміс екенін сезінуі, ол үшін ең алдымен ұлт тілін білулері қажет. Қарапайым әйелдің даналығына, патриоттығына қайран қаласың.
Анна біздің ауылда қайтыс болды. Балалары есейгеннен кейін Германияға көшіп кетті. Бірақ олар кешегі балалық шағы өткен ауылды ұмытқан жоқ. Менімен бірге оқыған Альфред анда-санда келіп, ауылда аунап-қунап қайтатын.
…Екі жағдай. Бірі өкіндіреді, енді бірі жаныңа шуақ төгеді. Әсіресе, Анна қандай ақылды!

Нұрперзент Домбай
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.