ТІЛДІ МЕҢГЕРУ МЕКТЕБІ

Жаратылыс атаулының күрделі де жұмбағы мол күрделі құбылысы – тіл. Тіл – адамдардың ой-санасының, ішкі жан дүниесінің көрінісі. Нақтырақ айтқанда, тіл – адамзаттың рухани азығы, адамдардың бір-бірімен сөйлесу, пікір алмасу, ой бөлісу, түсінісу құралы; адамдардың коммуникативтік бірлестігі.
Қазақ елінің рухани тамырын сақтай отырып, әлемдік өркениетте өз орнын иеленуіне ықпал ететін басты фактор – бәсекелестікке қабілетті интеллектуалды ұлт қалыптастыру, білігі мен білімі терең ұрпақ тәрбиелеу. Адамзат тілін зерттейтін лингвистика ғылымы педагогика, психология, әлеуметтану, философия, т.б. ғылым саларымен тоғыса отырып, олармен сабақтаса дамиды. Ұрпақ тәрбиелеу жолында бұл ілімдердің әрқайсысының өзіндік алатын орны бар.

Көп ұлт өкілдері тұратын біздің елдегі титулды ұлт – қазақ халқы. Қазақтар бала оқыту мен білім беру ісіне қай кезде де ерекше мән берген, қолындағы барын баласын оқытуға жұмсаған. Оның себебі, біріншіден, қазақ халқы – ондаған ғасырлар бойы эпостардан сусындаған, батырлық пен батылдықты ту етіп ұстаған, табиғатында өнерге деген құштарлығымен ерекшеленген, оқу мен білімге, өнер мен ілімге жаратылысынан жақын ел. Екіншіден, «оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген ұғымды халық санасына сіңіре білген ұлт зиялыларының, халық даналарының, Алаш арыстарының, ағартушы демократтардың көреген ойлары мен атқарған істері ұлттың білім-ғылымының өркен жаюына игі әсер еткен. Үшіншіден, сөз өнерін қадірлеп, «өнер алды – қызыл тіл» дей отырып, бар білімі мен білігін, философиялық ой-тұжырымдарын сөзбен түйіп, тілді мәдениеттің көрсеткіші деп санаған. Ұлттың бойындағы бар қасиеттер бейнелі, бедерлі көркем сөзінен көрініс тапқан.
Осындай ұлт болмысы мен ұлттың табиғатын аңғартар құндылықтардың өз тамырын тереңнен тартатынын баса айтуға тиіспіз. Ел, жер мәңгілігін қамтамасыз етер, ұлт табиғатын жарқыратып ашар белгілердің негізгісі – Қазақ елінің рухани әлемін танытар мәдени-генетикалық код. Ұлттық код. Осы ретте ұлттық кодтың басты қайнарлары қатарында аса көрнекті қайраткерлер мен ғалымдардың, ұлт ұстаздары мен көсемдерінің, ұлы ағартушы-педагогтардың кейінгіге қалдырған рухани мұраларын бөліп айтуға тиіспіз.
Ұлылар бар ғұмырын сарп еткен сондай асыл қазыналарымыз – білім мен ғылым, тіл мен әдебиет, өнер мен мәдениет!
Тіл мен білім туралы ұлы ойшыл, ғалым, ағартушы, этнограф Шоқан Уәлиханов: «Тіл – қай халықтың болсын басты белгісі», «…білім беру ісі жалпы адамзаттық сипатта болуға тиіс. Ал ұлттық сипат ортаның және оқу жүргізілетін тілдің әсерімен пайда болады» десе , ұлы ақын, қазақ халқының рухани көсемі, дана Абай: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі – ақымақшылық. Ғылым – Алланың бір сипаты» деп, ғылымды бәрінен жоғары қояды.
Сол сияқты ағартушы – педагог Ыбырай Алтынсарин: «Өнер – білім бар жұрттар тастан сарай салғызды» деп жырласа, «Асыл сол – ақыл-білім бойда барлық» деп ойын түйеді ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында оқу ағарту ісіне, білім мен ғылым салаларына тыңнан түрен салған ұлы тұлғалар Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім Құдайбердіұлы секілді ­алашойлы ұлыларымыздан қалған бай рухани мұраның өскелең ұрпаққа берері мол. Олар – қазақ халқының жай-күйін, қоғамдық-әлеуметтік жағдайын зерттеп-зерделеп, келешек ұрпақтың қамын ойлаған рухани көшбасшыларымыз. Бұл тұлғалардың ой-пікірін, ағартушылық кызметін, еңбегін ХХ ғасырдың басында Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек ­Аймауытов, Міржақып ­Дулатов, Құдайберген Жұбанов, Қошке Кемеңгерұлы, Телжан Шонанов жалғастырды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары қоғамның барлық салаларына, руханият әлеміне толық араласып, елдік мүдде жолында тізе қосып еңбек етті. Бұл кезеңде мәдени-рухани арналар айқындалып, ұлт мұратын дұрыс жолға қоятын тың бағыттар белгіленді. Ұлт, жер, тіл ұғымдарына қатысты мәселелер қозғалды. Оқу мен жазуға, сауаттылық пен салауаттылыққа, білім мен ғылымға байланысты оң шешімдер шықты. Ұлттық бірегейлікті іске асыратын шаралар айқындалды.
ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында педагогикалық пікірлер ғылыми негізделіп, гуманитарлық, жаратылыстану бағытындағы салалар айқындалып, оқу мен білім жаңа арнаға түсті, пәндік бағдарламалар әзірленді, оқулықтар жазылды, оқу құралдары шықты. Бұл жұмыстың ­бастауында көрнекті тілші ғалымдар Сәрсен ­Аманжолов, Телжан ­Шонанов, Ғали Бегалиев, Сейіл Жиенбаев, Қажым ­Басымов, Шамғали Сарыбаев, т.б. тұрды.
Тілші Шамғали Ха­ресұлы Сарыбаев – жиырмасыншы ғасыр басында рухани кеңістігімізде тілдің ғылыми-методологиялық іргесін қалауға, тіл білімінің жан-жақты дамуына ерекше үлес қосқан аса көрнекті педагог-ғалым. Ол – Қазақ Елінің рухани әлемінде тіл мен әдебиеттің, діл мен мәдениеттің өркениетке жетуіне аянбай еңбек еткен тұлғалардың бірі. Шамғали Харесұлы – лингвистика, фольклористика, педагогика, психология салаларына қатысты елеулі еңбектер қалдырған, оқу, білім, ғылым методологиясын анықтап-айқындаған, әдіснама мен әдістеме ілімдерін байланыстыра зерттеп, методиканың өзекті мәселелерін саралап, талдаған, халықты сауаттандыру үшін оқулықтар жазған, ұрпақ білімін өрістету жолында соңына мол мұра қалдырған ғалым.
Тіл білімінің көрнекті ­маманы Шамғали Сарыбаев 1893 жылы 3 ­наурызда Батыс Қазақстан облысы Орда ауданында дүниеге келген.
Көрнекті тілшінің өмірбаяны Ә.Әбдірахманов пен Е.Ділмұхамедов­тың мақаласында былай баяндалады: «1913 жылы Шамғали Орынбордағы «Хусаиния» атты жәдит медресесіне келіп түседі, онда жүріп орыс тілін үйренеді. Ол татар әдебиетінің ­Абдулла Тоқай, Қаюм Насри сияқты классиктерінің шығармаларын өте көп оқиды, татардың ірі жазушысы Ғалымжан Ибрагимовпен танысады. «…Хусаиния» медресесін бітіріп шыққан соң, Түркістан маңындағы Жаңа Икан қыстағында русско-туземная школаның мұғалімі болып қызмет еткен. Мектеп жабылған соң, Қазалы маңына келіп ауыл мұғалімі болып істейді. Шамғали осы кезде Ғани Мұратбаевпен танысады, содан бастап екеуі айрылмастай дос болады. 1918 жылы Шамғали Ташкентте болған Түркістан Республикасы ағартушыларының 1 съезіне делегат болып қатысады».
Шамғали Харесұлы педагогтық, ғылыми-әдіскерлік жолға үлкен ұстаздық мектептен өтіп, дайындықпен келген.
Ғалымның педагогикалық мұрасы бастауыш мектеп қандай болу ­керек, мұғалімге қойылатын талап қандай, ­шебер мұғалім бейнесі қалай қалыптасады деген сұрақтар төңірегінде өрби келіп, мектеп қабырғасындағы бала тәрбиелеуді жолға қою, оқу-білім ісін жақсарту, жақсы ұстаз даярлау мен бала оқыту, білімді маман әзірлеу, ізденгіш шәкірт тәрбиелеу сияқты мәселелерді кеңінен қамтиды.
Көрнекті тіл маманы Шамғали Сарыбаев лингвистика, методика, педагогика, психология, фольклористика, аударма мәселелерімен айналысқан. Осы тұрғыдан келгенде, тілші білім беру ісінде баланың, оқушының, ересектердің қабілеті мен мінез-құлқын, сұранысы мен талабын, ойлау жүйесі мен өмірлік тәжірибесін ескеріп отыруды, әр адамның психологиясын, жай-жағдайын, көңіл-күйін, сезім-сенімін біліп оқытуды басты ұстанымдар деп есептейді. Тілді меңгеруде оқушылардың психологиялық ерекшелігіне ден қою арқылы адамның ойлау, қабылдау, пайым­дау, талдау қабілетін кеңейтіп, оның ішкі жан дүниесін байытуға болатынына айырықша мән береді.
Педагог-ғалым Шамғали Сарыбаев­тың оқу-ағарту ісіне қатысты елеулі мұрасы – сауат ашу жолындағы іргелі еңбектері мен оқулықтары, түзген бағдарламалары мен «Әліппе» құралдары. Тілшінің жазған әліппелері төменгі сынып оқушыларынан бастап ересектерге дейінгі білім сатыларын қамтиды. Олар ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында елді сауаттандырудың қоғамдық-әлеуметтік талаптарына жауап берген, сол кезеңдегі оқу мен білім берудің сапасын арттырған, білім беру жүйесін дұрыс жолға қойған елеулі еңбектер болды.
Осы кезеңдердегі Ш.Х.Сарыбаев­тың педагогикалық көзқарастары мен ұстаздық тәжiрибелерi «Сауатсыз­дықпен күресу жолдары», «Тiл құралды оқытудағы тәжiрибелер», «Мектеп тәжірибелері» атты мақалалары «Жаңа мектеп», «Еңбекшi қазақ», «Еңбек» атты газет-журналдарда жарияланған. Ғалым Шамғали Сарыбаевтың артына қалдырған мол мұрасы тіл білімінің теориялық және әдістемелік мәселелерін қатар игеруге арналған.
Ғалымның теориялық тұрғыдан талдап, зерделеген тіл білімінің салалары – фонетика, морфология, грамматика мәселелері. Ш.Сарыбаев «Түрлiше жазылатын бiр мәндi сөздер туралы», «Емле жүйелерi», «Грамматикалық мағына деген не?», «Табыс жалғауының тасалануы», «Төрт етiстiк» атты мақалаларында септік, етістік категорияларының құрамдық көрсеткіштерін, олардың грамматикалық категориялармен байланысын, қимыл етістіктерінің қызметін саралап талдайды. Аталмыш мақалалар лингвистикадағы көкейтесті мәселелерді ғылыми қағидаттар негізінде дәйектегенімен құнды.
Тілші фонетиканың объектісі –дыбыстарды сөз еткенде, ең алдымен, олардың жасалу ерекшелігіне, дыбыстау мүшелерінің қызметіне көңіл аудару қажеттігін айтады. Мәселен, Шамғали Сарыбаев дауыссыз дыбыстарды жасалу орнына қарай ажыратқанда, тіс дыбыстарын тіл-тіс дыбыстары деп атаған дұрыс, сонда оларды меңгеру тез әрі оңай болады деп есептейді. Бұл мәселе жөніндегі пікірін ғалым: «Бұлай деуіміздің себебі: тіс дыбыстарының бірін айтқанда, мысалы т-ны айтқанда, тілдің ұшы мен жоғарғы күрек тіс соқтығады. Сүйтіп, т-ны дыбыстау үшін тіл мен тістің ортақ «еңбегі» бар. Олай болса, тіс дыбыстары деп аталып жүрген дыбыстарды тіл-тіс дыбыстары деп атасақ, ол дыбыстар танымал болар еді, танымалдық аттарынан да білініп тұрар еді. Аттарынан заттары білініп тұрса, ондайларға түсіну оңай болмақ» деп түйіндейді. Дәйекті, қарапайым тілмен баяндалған зерттеу нысанын оқушы да, мұғалім де тез ұғынып, жеңіл игереді. Мұндай пікір-көзқарастар Сарыбаевтың дауысты-дауыссыз дыбыстар, етістік, етіс, шақ категорияларына қатысты еңбектерінде де жалғасын табады.
Ш.Сарыбаевтың пунктуация мәселелеріне арналған еңбектері қазақ ті­лінің сөздік қорын сақтай отырып, емле ережелерін дұрыс қолдануға арналған. Жазу сауаттылығы мен емле жүйесі, олардың басты ұстанымдарын айқындау мәселелерін қарастыратын тілші зерттеулері – жазуда латын әліпбиіне негізделген емлені біріздендіруге бағыт беретін бағалы еңбектер. Осыған байланысты ғалымның қаламынан туған «Емле жүйелерi», «Ы, І-нің жазылуы туралы», «Қосымшалардың өзгеруiндегi қайшылық», «Грамматикалық тақырыптарды оқытқанда, орфографияны қатыстырып отырудың жолдары», «Күнделік керектер», т.б. осы сияқты еңбектері мен мақалалары тіл ғылымының көкейкесті мәселелерін қозғауымен маңызды.
Педагог-ғалым Шамғали Сарыбаев­тың артына қалдырған бағалы, мол тілдік рухани мұрасы қазақ тілін оқыту әдістемесі мәселесіне арналған.
Тәжірибелі әдіскер методика ғылымын бағдар мен бағдарламаға, оқулық пен оқу құралдарына, тақырып пен тақырыпшаларға, тапсырма мен нәтижеге ажырата келіп, оларды бір – бірімен сабақтастыра қарастырады. Ұстаз теориялық қағидаларды тәжірибе арқылы тексеріп, сабақ беру үстінде берілген материалдың оқушыға қаншалықты түсінікті екенін бағамдап отырады. Бұл – сабақтың сапасын арттырудың бірден-бір ұтымды тәсілі. Осы ретте Алаш арыстарының бірі, қазақ тіл білімінің ғылыми негізін салушы Құдайберген Жұбановтың: «Білімге айналмаған ғылым – пайдасыз ғылым. Ғылымды білімге айналдыратын – мектеп» деген кемел ойы еріксіз еске түседі. Қызмет етiп жүрген жылдардағы тәжірибесін жинақтап, тілші 1944 жылы «Орыс мектептерiнде қазақ тiлiн оқыту методикасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.
Аталмыш диссертация – қазақ тiлiн оқыту әдiстемесi саласына арналған тұңғыш ғылыми еңбек.
Шамғали Сарыбаевтың әдістеме іліміне қатысты зерттеулері екі саланы қамтиды. Бірі – қазақ мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесі, екіншісі – орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесі.
Жалпы әдістемелік еңбектер әртүрлі мақсатта, әртүрлі бағытта жазылады. Кейбір зерттеулер жалпы бағыт беру тұрғысынан айтылып, мәселенің ғылыми тетігі айқындалмайды. Енді бірде тақырыпты оқытудың амал-тәсілдері көрсетіліп, алынған тақы­рыптың басқа мәселелермен бай­ланысы берілмей жатады. Кейде ұсынылған тақырып толық қамтылмай, мәселені меңгерудің бірер үлгілері ғана айтылып, қалғаны мұғалімге қалады. Әдістеменің бұл амалдарының қай-қайсысы да қажеттілікке және сұранысқа орай өз орнымен қолданылады.
Ғалым Шамғали Харесұлы ең­бек­терінде берілген әдістеме түрі, біріншіден, тақырып пен оған байланысты мәселелерді толық және жан-жақты сөз етеді. «…Методика екі түрлі жолмен баяндалады: бірінші жол – грамматикалық тақырып алынады да, методика сол тақырып бойынша жазылады, мұның арқасында оқулықтағы тақырыптың мазмұны бөлшектелмейді, методика тақырыптағы тақырыпшаларды түгел қамтиды» дей келіп, тілші өз кітаптарында осы түрді жүзеге асыратынын айтады. Бұл тілшінің оқыту ісіне жоғары талап қоя отырып, әдістеме ілімінің басты қағидаларын терең игергендігін аңғартады.
Екіншіден, Ш.Сарыбаев оқытушы тұлғасына, мұғалім шеберлігіне, оның білімі мен білігінің дамуына қажет факторларды анықтап, кемшіліктерді көрсетіп, одан шығудың жолдарын көрсетеді. Мысалы, әдіскер Ш.Сарыбаев мұғалім туралы бірде: «Кейбір мұғалімдер үйреткенін су сияқты, оқушылардың ұғымын ыдыс сияқты көріп, сабақ үйрету үшін айтылған сөздердің бәрі шайқалмастан, төгілместен ыдысқа құйылғандай болады деп түсінеді. Ондай мұғалім сабақ тақырыбын құр сөйлеп, түсіндірумен ғана қанағаттанады. Сабақ тақырыбын меңгеру үшін, құр сөйлеп түсіндіру жеткіліксіз» десе, келесіде оны мынадай деп суреттей келіп: «Адам тұратын үйдің қалай салынатындығын ауызша айтқан адамның бәрі бірдей үй салатын шебер болмайтыны сияқты методикалық ережелерді жаттап алған мұғалімдердің бәрі бірдей пәнін ойдағыдай оқыта алмауы мүмкін. Мұғалімдер тілдік тақырып пен оны оқыту методикасын бірінен-бірін айыра да біліп, сонымен бірге бірімен-бірін байланыстыра да білулері керек» деп түйіндейді.
Үшіншіден, Шамғали Харесұлы сабақта тақырып,тақырыпшалар, оларға қажет әдістемелер, тілдік материалдар, пікірлер, көрнекіліктер, ситуациялар, яғни «сабақ барысында болатын моменттердің бәрі бірдей»\Ш.С.\ қамтылып, ескерілуі жақсы методиканың кепілі деп біледі. Шындығында, қазір комплекстік оқытудың тиімді екені өмірде дәлелденіп, ғылыми-практикалық жағынан толық іске асырылғаны аян.
Төртіншіден, тиімді методиканың басты ұстанымдары – сабақтастық, жүйелілік, сатылай дамытушылық, түрлендірушілік, сәйкестендірушілік, қызықтырушылық деп есептей келе, тілші ғалым: «тақырыпшаларды оңай жерінен бастап, бірте-бірте қыйынына қарай сатылай көрсету дегеніміз — методикалық қағыйда болады» деп, әдістеменің қазіргі уақытта ұтымды саналатын заңдылықтарын сол кездің өзінде дәл таныған.
Бесіншіден, ғалым жаңадан сан әдісін іске қосып, салыстырмалы әдістің қолданымдық түрлерін өзгертті. Қайталау әдісін түрлендіре отырып, әдіскер: «Қайталану біркелкі болмай, түрліше болу керек. Балалар ұғымының түрлілігіне, мұғалімнің сабақ беру сапасына, тақырыптың оңай-қыйындығына, оқушылардың сабаққа көңіл қоюына қарай сабақ барысындағы қайталау әлденеше рет құбылып отырады» деп түсіндіреді.
Алтыншыдан, тілшінің әдіскерлік пікірлерінің ішінде ерекше орын алатын – ойды жинақтап, түгел айтуға; қажет ойды түйіндеп айтуға баулитын әдіс-тәсілдер. Ол: «…кез келгенін айттырмай, бір шетінен бастап ретімен саната көрсете айттырамыз. Бұлай еткенде оқушылар ойына алғанын түгел айтуға үйренеді. Түгел айтуының себебі – мұнда әрі реттік, әрі көрнекілік қасиет бар» дейді. Тілші ойдың рет-ретімен, жүйелі жеткізілуіне ерекше мән береді.
Жетіншіден, тілші-ғалым қолдан­ған тіркестер мен терминдер – тіл білімі тарихында лингвистикалық сөздік қорды тың ұғыммен байытқан, рухани құндылықтарымызды жаң­ғыртқан, қазақтың сөз байлығын кеңейт­кен бірліктер. Мысалы, дыбыстарды айыра таныту жолы, ретімен саната көрсету, үдетпелі жолмен жинақтау, тілсіз схема, жабық схема, бас тақырып, қосалқы тақырып, тақырыпшалық талдау, жыйнақ талдау, шумақ талдау, үлестік талдау, шумақтық үлес талдау, жыйнақтық үлес талдау, т.б. тәрізді сөздердің мағынасы мен мәнін, қолданымы мен қызметін түсініп, сөз байлығымыздың бір арнасы ретінде пайдаланған жөн. Себебі бұл тілдік парадигмалар ұлттың рухани тамыры болып табылатын қазақи төл ұғымдарды білдіреді.
Шамғали Сарыбаевтың әдістемелік еңбектерінің өзіндік ерекшелігі – қажет мәселелерді ірі-ұсақ демей, түгел қамтып, жинақтап, талдап беруінде. Барлық проблема бір-бірімен байланыста, ұштаса, сабақтаса оқытылғанда ғана нәтижелі болады. Әдіскер-ғалым өз еңбегі туралы былай дейді: «Бұл айтқанымыз жалпы методикадан қашу емес, қайта әр тақырыпшаға сәйкес жалпы методиканы (дидактиканы) жалпы методикаға айналдыру, атап айтқанда, дидактикалық ережелерді методикалық қалыпқа түсіру болып шығады». Тілшінің осы айтқанын растайтын еңбек ана тілі мұғалімдеріне арнап жазған 1933 жылы баспадан шыққан «Күнделік керектер» атты кітабы.
Ф.ғ.к., доцент Майра Шорақызы Сарыбаева мен ф.ғ.д. Құралай Бимолдақызы Кудеринова «Латын жазулы еңбектер: Ш.Х.Сарыбаевтың «Күнделік керектері» атты мақалада бұл кітап туралы: «…бізді қызықтырған «Күнделік керектер» – құнсызданған қазіргі өзекті мәселеге арналады. Тақырыбының өзі қызық: «Тыңдау жолдары», «Баяндамаға қалай даярлану керек», «Қалай баяндамалау керек?», «Тыңдағысы келмеу неліктен?», «Тыңдап отырып, демал», «Өзіңмен өзің болып кетпе», «Еліктіре де, тексерте де сөйле», «Таныстан жатқа, бөлшектен бүтінге», «Қалай сөйлеген сөз қонымсыз болады?» деп, еңбектің мәні мен сипатын ашады.
Сонымен қатар ағартушы-педагог Ш.Сарыбаев халықтың рухани байлығы болып табылатын шешендік сөздерді, ұлттық құндылық болып саналатын ақын-жыраулардың шығармаларын сақтау, жинау, дәріптеу үшін де атсалысқан. Ол халық ауыз әдебиетін, оның ішінде, ақын-жыраулардың поэзиясын жинақтап, оны мәдени, көркем құндылықтарымыздың бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен.
Тілші поэзия алыбы Жамбыл ­Жабаев өлеңдерін жинап, «Жамбыл – теңі жоқ алып ақын» деген баға беріп, газетке жариялаған. ­Газетке алғаш шыққан Жамбыл Жабаев ­туралы мәліметті тілші И.Ұйықбаев «Ана тіліміздің жанашыры» атты мақаласында атап көрсетеді: «Халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаев жөнінде түңғыш дерек Ш.Сарыбаевтың «Қазақ әдебиеті және оны жинау жолдары» деген мақаласында айтылады». Осы мәселе жөнінде Шамғали Сарыбаевтың өзі: «…1923 жылы болса керек. Алматыға қарасты Ұзынағаш деген жерде жүздеген үй тігіліп, Жетісу батырақтарының тойы болды. Жетісу обкомының бірінші секретары Бәрібаев Жұбаныш жолдас мені шақырып алып, мыңдаған кедей- батырақ, орта шаруаларға ойын-сауық ұйымдастыруды тапсырды. Облатком председателі Ораз Жандосов арқылы Жетісудағы жергілікті ұйымдардың көмегімен сол тойдағы ақындарды жинап, өлең айтқызып, домбыра тарттырмақшы болдым. Ақындардың арасында жүріп, олардың қандай өлең білетіндерін, қай жылы туғандығын, дауыстарының қалай екендігін және бұлардан басқа да мағлұматтарын ­жинап алдым» деп жазады.
Педагог Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың зерттеу еңбектері – өзінің рухани тамырын сақтай отырып, әлемдік озық мәдениет пен өркениеттен үлгі ала білетін, ой-санасы алғыр, бәсекелестікке қабілетті ұлт пен ұрпақ қалыптастыру жолында өзекті болып табылатын маңызы зор, пайдасы мол, адам жанын рухани ­байытатын, педагогика ілімінің өрісін кеңейтетін еңбектер. Күрделі дәуірмен бетпе-бет келіп, тоталитарлық жүйенің қыспағына қарамай, ұлттық сананы оң бағытта дамытуға ықпал еткендер көшінде Шамғали Сарыбаев есімі де бар екені даусыз.
Шамғали Сарыбаев – халық ағарту ісінің кең өріс алуына елеулі үлес қосқан ұлағатты ұстаз, шебер әдіскер, ізденімпаз мұғалім, талантты тәрбиеші, парасатты педагог, білімді де білікті ғалым. Ұлт руханияты мен біліміне мол еңбек сіңіріп, танымы терең, тағылымы мықты ұрпақ тәрбиелеуге бар өмірін сарқа жұмсаған, ұлт биігіне көтерілген тұлғаның туған халқымен бірге жасары күмәнсіз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.