УНИВЕРСИАДА ТУЫ ТАБЫСТАЛДЫ

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттерінің X жазғы Универсиадасының жабылу салтанатын өткізді. Елбасының Жолдауына сәйкес бұқаралық спортты дамыту, спортты білім беру жүйесінің маңызды элементтерінің бірі ретінде ілгерілету, салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен шара Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен Жастар жылына арналды.

Еліміздің 62 жоғары оқу орындарының арасында 38 спорт түрі бойынша ұйымдастырылған аталмыш шараның қорытындысында Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ үздік университеттердің бірі болып, 48 медальға ие болды. Ақтөбе өңірінде алғашқы рет өткізілген спорттық жарыста Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нен 20 спорт түрі бойынша командалар қатысып, облыс тарихында болмаған жетістікке қол жеткізді.
Салтанатты шараға Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры, «ҚР құрметті спорт қайраткері» Садық Мұстафаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ильяс Испанов, Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек ­Махамбетов, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан ­медицина универси­тетінің ректоры Мұрат Телеуов, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің ректоры, профессор Бауыржан ­Ердембеков және т.б. ресми тұлғалар, спорт қауымдастығы, жанкүйерлер қауымы қатысты.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садық Мұстафаев Универсиадаға қатысқан студенттер мен жоғары оқу орындарының ректорларына ризашылығын білдірді. «Жоғары оқу орындары арасында өткізілген Қазақстан Республикасының Х жазғы Универсиадасы бүгін өз мәресіне жетті. 2019 жылдың 3 сәуір мен 9 маусым аралығында өткен бұл шара еліміздің Алматы, Орал, Шымкент, Өскемен, Семей, Тараз және Ақтөбе қаласында ұйымдастырылды. Былтыр Талдықорған қаласында өткен ІХ жазғы Универсиадаға 52 жоғары оқу орнының спортшылары қатысса, биыл Ақтөбедегі Қ.Жұбанов университетінде өткен спорттық шараға 62 жоғары оқу орындарының командалары қатысты. Сондай-ақ Х жазғы Универсиадаға 480 командадан 4025 спортшы қатысып, былтырғы жылмен салыстырғанда 70 пайызға артып отыр» деді Садық Шоңмұрынұлы.
Жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің командасы, жүлделі екінші орынды Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ командасы иеленсе, ал үшінші орынға І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің командасы ие болды. Тиісінше 4-6 орындарды М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің командалары еншіледі.
Шара аясында университет ректоры, профессор ­Бауыржан Ердембеков универсиада жеңімпаздарымен арнайы кездесті. Басқосуға жоғары оқу орнының аталған жарысқа қатысушы командалары мен оларды спорт додасына дайындаған жауапты оқытушылар, бапкерлер қатысты.
Кездесуде Бауыржан Амангелдіұлы: «Біз бұл үлкен додаға бір жылға жуық уақыт дайындалған болатынбыз. Дайындық барысында Ақтөбе өңірлік университетінде спорттың бар екенін дәлелдеп және командалық бестікте көрінуіміз керек деген мақсат болды. Міне, 62 жоғары оқу орындарының арасында екінші орыннан көрініп, спортшыларымыз биылғы оқу жылының соңында университет абыройын асқақтатып отыр. Бұл тарихи сәт» деді. Университет ректоры сөз соңында жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге жетулеріне тілектестігін жеткізді.
Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары еліміздің ­намысын қорғау үшін осы жылы өтетін Неаполь (Италия) қаласындағы ХХХ жазғы Бүкіләлемдік Универсиадаға қатысады.
Шара соңында Универсиада туы А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ға тапсырылды.

Сандуғаш Байғұлқызы,
Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ
Баспасөз қызметі бөлімінің маманы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.