ҚАНДАЙ ЕДІ, ЖІГІТТЕР!

«Сыр еліне төртеуміз тағы келдік. Төртеу деп тұрғаным – Заманбек, Сауытбек, Тілеуқабыл және мен. Келуіміздің мәнісі – былтыр 2008 жылы бақи дүниеге өткен аяулы досымыз Жолдас­ Сырғабайұлының жылдық асына қатысу. Жолдастан бұрынырақ бұл өмірден кеткен жан достарымыз Құттыбай Тоқбергенұлы, Сыдық пен Шәкизада Ізтілеуұлы Құттаяқовтың елі Жалағаш пен Қармақшыға бару, қабірі басында дұға оқу, еске алу. Ортамызда жүрсе Құтекең 65-те, Шәкизада 60-та, Жолдас 57-де болар еді». 2009 жылы 24 қазанда Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетіне бір бет болып шыққан еске алу мақалам осылай басталған екен.

Содан бері 10 жылдай уақыт өтіпті. Бұл жылдары Сыр еліне жолымыз түскенде аяулы достарды іздеп, жатқан жерлеріне әлденеше рет бардық, үйімізде әр кез оқитын дұғаларымызды бағыштаудан қалдырған емеспіз. Өтіп жатқан қайран өмір, тіршілік… Марқұмдардың артында қалған отбасыларында, біздің өмірімізде одан бері не түрлі өзгерістер болды… Бұл күнде бәріміз де зейнеткерміз.
Заманбек Әбдешев – танымал ақын-жазушы, аудармашы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Құрметті
азаматы. Әйгілі тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасаров – Алматы облысының және екі ауданының Құрметті азаматы. Ақпарат министрі, талай жыл «Егемен Қазақстан» газеті акционерлік қоғамының президенті болған мемлекет және қоғам қайраткері
Сауытбек Абдрахманов әлі де қызметте, Парламентте Мәжіліс депутаты.
Ортамызда жүрсе, Құтекең мерейлі 75-те, Шәкизада 70-те, Жолдас 67-де болар еді-ау, олар да біраз жетістікке жетер еді-ау… Дегенмен, олар да өмірде өз орнын тапқан абыройлы Азаматтар болатын.
Шәкизаданың 70 жасқа толуын ескерусіз қалдырмау ойымыздан кетпеді. Өйткені оның өз отбасынан, өкінішті-ақ, ешкім жоқ еді, әйелі Дариға, ұлдары Ертай мен Естай да қайтыс болып кеткен-ді. Әлі жасөспірім немерелері келіндерде… Оның Қармақшыдағы туған-туыс ағайындарымен хабарластық. Бұл шаруа олардың да ойында екен, ас беріліп, еске алу шарасын өткізу ұйғарылғанда «уһ» деп, еңсені басқан ауыр жүк иықтан түскендей болды. Сыр еліне, міне, төртеуміз – Заманбек, Сауытбек, Тілеуқабыл және мен тағы келдік.
Осы орайда Шәкеңнің рухани інісі, қарымды қаламгер, ақын азамат, қайраткер Шаһизада Әбдікәрімов хабарласып, ағасының 70 жылдығын лайықты өткізу
шарасын ұйымдастыруға атсалысуға кіріскенін айтқанда, оның азаматтығына дән риза болдық. Шәкизада туралы арнайы жинаққа енгізу үшін осыдан он жыл бұрынғы естелік мақаламды қайта қарап шықтым.
…Алматы! Арман қала, сұңқар көңіл сам­ғау күндер, думан жылдар!!! Қазақ мем­лекеттік университетінің журналистика факультетінде бір курста оқитын жеті жігіт жанымыз
жа­қын дос болып табыстық. Жалағаштан –
Құттыбай Сыдықов, Қармақшыдан – Шәкизада Құттаяқов, Зайсаннан – Заманбек Әбдешев, Келестен – Сауытбек Абдрахманов, Түркістаннан – Тілеуқабыл Мыңжасаров және Шиеліден Жолдас Сырғабаев екеуміз. 1974 жылдың қысқы демалысында ақпан айының 21-інен наурыздың басына дейін екі аптадай Ташкент – Келес – Түркістан – Шиелі – Қызылорда – Жалағаш – Жосалы жортқанбыз. Бастан кешкен қызық сапарды ауыздан тастамай жыр қылып айта жүріп, курс­тастар арасында «Жеті дәруіш» атанып едік.

Албырт студенттік шақ бітіп, қызметке араласқан жаңа өмір басталды. Жігіттер журналистік-жазушылық қарым-қабілеттерімен, қоғамдық қызметтерімен белгілі дәрежеде елге танылған азаматтарға айналған әдемі кезең жалғасқан.
Солай шат-шадыман жүргенде, жазмыштан озмыш жоқ екен, қатарымыз мезгілсіз сирей бастады-ау. Алдымен Шәкизада,
сонан соң Құттыбай, одан кейін Жолдас өтті өмірден, күні кешегідей… Енді олардың екінші ғұмыры басталып, бұрын тіршілік кешкен жылдары ғана емес, марқұмдардың дүниеден өткен күндері де саналады екен. Күн артынан ай, айлар соңынан жыл… жылдар, солай ұзай берді. О, дүние-ай, заулап өтіп жатқан уақыт! Енді міне, биыл Шәкизаданың дүниеден өткеніне жиырма жыл, Құттыбайға он бес жыл, Жолдасқа он жыл болыпты.
Бәрі көз алдыңа келеді, көкіректе сайрап тұр. Қазақстанның әр қиырынан арман қуып аяулы Алматыға келген өрімдей
жастар кім қай өңір, облыстан келгенімізді сұрағаннан басқа ештеңемен шаруамыз жоқ, адал көңілмен алаңсыз қауышқанбыз. Өмip жолы тақтайдай тегіс келе бермейді екен, ыстық-суығымызға бipгe күйіп, бipгe тоңған жанашыр, қиыншылыққа мойымаған өр көңіл едік. Әркім өмірден өз орнын тауып, қызмет атқардық, үйлі-баранды, балалы-шағалы болдық, ата-әже атандық. Көңiлiмiз әлі баяғыдай, көкірек толы арман еді.
Арамыздан алдымен Шәкең кетті. Асығыс кетті. Ақмылтық журналист, көсемсөз жорғасы, тамаша аудармашы Шәкең – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Баспасөз қызметінің басшысы Шәкизада Ізтілеуұлы Құттаяқов қызмет бабында кезекті, өзi үшін үйреншікті тағы бip iccaпapғa шыққаннан оралмады. Іссапары мәңгілік сапарға ұласып кете барды. Ердің жасы елуге толған кемел шағында 1999 жылы 14 қарашада өмірден өтті. 1999 жылғы 13 қараша күні Шымкенттен iccaпapдaн қайтып келе жатып, кешқұрым Алматының жедел жердем ауруханасына түскен Шәкизада 14 қараша күні таң ата сол жерде асқынған жүрек-қан тамыр дертінен өзіне-өзi келе алмаған күйі көз жұмды. Адам жан дүниесі тұтас бip ғалам дейтін болсақ, Шәкизада
атаулы әлем өшті, сырлас, иықтас Шәкең жоқ, оның жұлдызы ағып түсті дегенге сенгіміз келмеді-ақ…
Шәкизада Ізтілеуұлы бip үйден өpбiгeн он баланың үлкені еді, оның, cipә көпшіл, бауырмалдығы да осыдан. 1949 жылғы 8 шілдеде Жосалыда теміржолшы отбасында дүниеге келді. Ата-анасы Ізтілеу аға мен Рәбиға апай Алладан сұраған, болмысы қарапайым, жаны iзгi кісілер еді, Шәкеңнің жан жомарттығы содан-ау. Қаршадайынан кетпеннен гөpi қаламды көбірек ұстаған балаң Шәкетай мектеп қабырғасында-ақ өлең, мақала жазып, Қармақшы аудандық газетінің көpiгiндe сомдалады. Түркіменстанда әскерде жүргенінде де өзімен қатар саптағы жауынгерлер өмірінен әскери газетке хабарлар
жазады. Шәкизада 1970 жылы әскерден оралған бетте Алматыға тартты. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті, сол кезде ол курстас­тар арасында мектептен кейін бірден оқуға ілінген балауса інілері алдында азды-көпті өмір көріп үлгерген, өздерін ересек сезінетін «шал» жігіттердің бірі еді.
Оның студенттік жылдарда құштарлық­­­пен жазған мақалалары, мөлтек әңгіме-эсселері жастар газеті «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас алаш») жиі жарияланып жүрді. Қаламы да, қадамы да жүйрік, кең
тынысы ашылып келе жатқан балауса қаламгер ретінде өзіне назар аудартқан-ды. Сондықтан да ол оқуды бітірмей жатып-ақ, соңғы курста 1975 жылы көктемде сол әйгілі де беделді «Лениншіл жас» газетінің редакциясына қызметке алынды. Және мұны бәpiмiз абырой көргенбіз.
Ол «Лениншіл жастан» кейін кемелдене «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналы редакциясында қызмет етті. Бірақ журналдың манаураған бірқалыпты тірлігі «Лениншіл жас» сияқты сергек те ұшқыр мектептен өткен ширақ жігіт көңіліне қонбай қойды, содан көп ұзамай «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына ауысты. Оның журналистік қарымы, таланты нақ сол «Қазақ әдебиетінде» істеген жылдары мейлінше жарқырай көрінді.
Ол ұшқыр қаламын танытса, қаламының желі оны әйгіледі, республиканың белгілі де беделді журналистерінің қатарына қосылды. Журналистика саласында белгіленген бipaз бәйгені оза шауып алды. Бірнеше көсемсөз жинақ кітабын шығарды. Бip кезде өзі оқыған Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде шәкірттерге енді өзі бірнеше жыл дәріс берді, журналистік шеберлікке баулыды. Осылайша, тынымсыз ізденісімен, еңбекқорлығымен танылды, тұлғалы көсемсөзші деңгейіне көтерілді.
Сондықтан да ол 1990 жылы сәуірде Қазақстан Жоғарғы Кеңесі (Парламент) тұңғыш рет Қазақстан Президентін сайлап, оның аппараты алғаш құрылғанда алдыңғы қатарда қызметке шақырылды. Көп ретте қызметке сырттан адам алынар кезде осы жаңа адамның қарым-қабілетін, азаматтық қасиетін жақсы білетін, жұмысты мүлтіксіз алып кете алатынына сенімді адам оған сенім білдіріп ұсынып жатады. Осы орайда Шәкизада туралы Сауытбек жылы лебіз білдірген екен. Ал менің Жоғарғы Кеңеске қызметке алынуыма Шәкизаданың септігі тиді. Осылай сәтіне қарай қай тірлікте де жетеуміздің де бір-бірімізге тілжәрдеміміз тиіп келді.
Шәкизаданың Елбасы кеңсесінде icтeгeн жылдары қайраткерлік қасиеттері ашылды. Дүние танымы кеңіді, ойы өрістеді, жақсыларға жақын жүрді, оның араласатын ортасы кең еді. Делегациялар құрамында, кейбірін өзі басқарып талай ел де көрді, жер де көрді. Әр сапардан оралған сайын көрген-білгендерін, әсерлерін қызықты баяндайтын. Жалқыдан жалпы ой түйетін пайымшыл-ды.
Шәкеңнің ұйымдастырушылық қабілеті Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Баспасөз қызметінде бас
сарапшы, одан соң Қазақ ақпарат агенттігінде директордың орынбасары және соңғы қызметі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Баспасөз қызметінің басшысы қызметтерінде жан-жақты көрінді. Ұлы көшпен Алатау құшағы – Алматыдан Арқа өңіріне, Астанаға келіп, Қазақ ақпарат агенттігінің тілшілер қосынын өз қолымен ұйымдастырды. Жас Астана жайлы жазған толғамды дүниелері сол кезде Елорда әкімшілігі тағайындаған бас жүлдені жеңіп алды.
Онымен қызметтес болып араласқан адамдар, меніңше, оны лауазым дәрежесі үшін ғана емес, кеңпейіл азаматтығы үшін қадірлейтін. Шәкең қызметінің көркі, қызметі оның азаматтық болмысының көpкi болған жарасым еді. Қай жерде қызмет істесін, сол ортаны беріле сүю, әріптестерінің жақсылығына сүйсіну өмipгe ғашық Шәкеңе тән болатын. Қуанышын да, peнiшiн де
жасыра алмайтын.
Арамызда мынадай да қызықты жайттар болып тұратын. Ол екеуміз өзіміз қызмет атқаратын биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының қоғамдағы алар орны, мән-маңызы, ықпалы туралы пiкip таластырып қаламыз. Шәкеңнің өз ортасын әспеттеп, құлай кететін мінезін білетін мен жорта қисаямын, Шәкең өз ойын жан-тәнімен қызулана дәлелдеуге кipiciп кетеді. Егер сол кезде ортамызда Сауытбек бола қалса, ол шоқты көсеп-көсеп жіберіп, дауды одан әpi лаулата қояды. Бұның әсіре талас екенін білеміз, сөйте тұра бір-бірімізге дес бермей өзеурейміз. Сонан соң сол балаша қылығымызға өзіміз күліп, мәз болатынбыз.
Шәкең елуге толған сол бір 1999 жылы Құттыбай досымыз туған жеріміз Қызылорданың облыстық «Сыр бойы» газетіне көлемді етіп ол туралы портреттік мақала жариялады. Мақалада оның айналасындағы бәріміз жүрміз.
Шәкең өмірден Алматыда қайтса да, Сыр бойына, Қармақшыда – Жосалыда, күллі түркі жұртының абызы Қорқыт баба зиратына жақын жерленді. Мәңгілік
мекен, топырақ кіндік қаны тамған жерден бұйырды. Отыз жыл Алатау – Арқа, бүкіл қазақ даласын шарлап, бip кезде белгісіз бала болып арманға аттанған Шәкизада туған жеріне ел таныған Азамат болып оралды.
Достар ортасынан топырақ салу Құттыбай мен Жолдасқа бұйырыпты.
Көп ұзамай Шәкеңнің бұл дүниеден өтуінің 100 күндігіне арнап Құттыбай Қызылорданың «Ақмешіт ақшамы» қалалық газетінде 2000 жылғы 10 наурызда екі нөмірге «Көкейден кетпес бір бейне» деген тебіреністі эссе жариялады. Сол мақаласында
былай толғаныпты Құтекең: «Жұрт сенің жас қабіріңе жапа-тармағай топырақ салып болды. Құран оқылды. Қырық қадам ұзап барып, тағы да Құранға отырдық. Сосын жұрт үн-түнсіз ұзап, тараса бастаған. Біз Жолдас екеуміз кейіндеу қалдық. Жас бейіт, жас топырақ. Соның бәрін әлгінде ғана адамдар соқты. Осы жолы мен өлім дегеннің өзі де өмір екенін, адамдардың өлімі тек тірі адамдарға ғана қажет екенін, қырқы, жүзі, жылы дегендердің өзі де тірі жүрген адамдардың парасат-пайымы үшін ғана қажет екенін түсіндім. Өлімнің өзі де – өмір. Мына тірі жүрген біздің өміріміз». Аманатқа лайық тұжырым емес пе Құтекеңнің бұл толғанысы, ағайын… Иә, аманат. Сол үшін де Азаматтың 70 жылдығына арнап еске алу шарасы өтпек, ас берілмек.
Арада бес жыл өткенде журналист,
жазушы Құттыбай Тоқбергенұлы Сыдық өзі де шығармашылық таланты толысып, өндіре жазып жүрген шағы – 60 жасында, өлім-өмір туралы ой-тұжырым естеріңізде жүрсін дегендей, дүниеден өте берді. «Қазақ журналистикасы өзінің табанды, талантты өкілінен айырылды. 2005 жылғы 6 қыркүйекте белгілі қаламгер, «Заң газетінің» Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Құттыбай Сыдық кенеттен көз жұмды» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті азабаянда.
Жолдас та 2008 жылы оқыстан кетті. Алланың жазуы, табиғаттың заңы десек те, олардың қай-қайсының да мезгілсіз өткені қабырғаны қайыстырады-ақ. Шүкіршілігі – әрқайсысының артында қалған жақсы аты, өмірлерінің жалғасы – ұрпағы.
1975 жылы бәріміз университетті бітірген соң, Құттыбай Қуанышкүлді, Жолдас Ұлымкүлді қолтықтап, елге – Сыр өңіріне оралды. Өзгеміз Алматыда қалдық. Құтекең Қызылордада газет редакциясына, Жолдас Шиеліде аудандық атқару комитетіне қызметке тұрды. Араларымыз үзілмеді, ара-тұра біз келеміз, олар барады қызмет жайымен, әлде демалысқа, той-то­малаққа. Сағынысып қауышатын едік. Сонда байқайтынымыз, Құтекең де,
Жолдас та қашандағыдай жүрген ортала­рының гүлі, елде талай тамаша дос-жаран тапқан, өрістерін кеңейткен, абыройлы.
Құтекең ішіміздегі үлкеніміз болатын. Сол үлкендігіне салып бізге талай «тізесін батырған» да кезі бар-тын, айтқаны заң, бәріміз мойынсұнамыз, сол бір қиқар «дедовщиналығы» арамызда естен кетпес аңыз. Егер ол тәртіпке бағынбасақ, базбіріміздің тағдыр тегершігіміз өзгелей айналып кетер ме еді…
Құттыбай Тоқбергенұлы 1945 жылы 23 ақпанда Қызылорда облысының Жалағаш ауданында қазіргі «Таң» ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласты, 1970 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен кезінде ол еңбек пен тұрмыс көрігінде шыңдалған, пайымды, сақа азамат болатын. Жүрегінде оқуға аттандырған қамқор жары Қуанышкүл, көңілінде төрт баласы тұратын. Отбасы елде – Қызылордада, бес жыл студент Құттыбай – Алматыда. Үйелменін сағынады, сағынған соң да, ондай көңілден бейхабар, қиялы дала кезген бозбала бізге «тізесін батырады».
Құтекең 1975 жылы университетті бітірген соң, Қызылорда облысында әуелі шамалы уақыт өндірісте, одан әрі Қазақ теміржолының «Теміржолшы», Сырдария аудандық «Сырдария», облыстық «Ленин жолы» (қазір «Сыр бойы») газеттерінің редакцияларында еңбек етті. Шыншыл да өткір мақалаларымен көзге түскен жалынды журналисті кеңестік ол заманда дара билеуші Қазақстан Коммунистік партиясының облыстық комитеті Партиялық тексеру комиссиясына қызметке қабылдады. Ол кезде Компартия қатарында болу, партия-кеңес органдарында қызмет атқару кім үшін де үлкен мәртебе еді. Құтекең адамдар тағдырына тікелей қатынасты, осы қызметінде ақиқаттан аттамай, ақ сөйлеп, талай жанға арашашы бола білді. Коммунистік партия билеген заманның озбырлығы жетіп-артылса да, жаппай әділдік ұраны, білім алу мен денсаулық күтудің тегіндігі арқасында бұқараның біраз теңдікке қолы жеткенін көз көрген ұрпақ қалай ұмыта қояйық. Сол теңдік үшін күрескен талай адал жанның бірі, сенімі ақадал Құтекең еді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің (Парламент) «Халық кеңесі», елдік «Ана тілі» газеттерінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болды. Жаңа Астана құрылған әуелгі лекте Елордаға тартты. Қазақстан теледидары мен радиосы корпорациясының, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аппараттарында қызмет атқарды. Бірақ тілшілік өмірмен еркін жүріп, ойындағысын іркілмей сөйлеп қалған басы Астанада қасаңдау мемлекеттік қызмет тіршілігіне көндіге қоймады. Содан қолын бір-ақ сілтеп, туған жерге қайта оралды. Республикалық «Алтын орда», «Заң газеті» басылымдарының тағы да Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болып журналистік қызметке қайтадан белсене кірісіп кетті. Журналистігінде де, жазушылығында да өндіре жазды.
Шәкизада екеуінің ұқсас қасиеті – үнемі желдің өтінде жүретін, тайсақтауды білмейтін табанды азаматтар еді. Қандай жағдайда да әділдіктен айнымау олардың өмірлік ұстанымы-тын. Қызылорда облысында Құттыбайдың есімі, оның діттеген жерге баруы, алмастай өткір қаламы кісі ақысын жеген қиянатшылдардың, жемқорлардың, алаяқтардың, көзбояушылардың құтын қашыратын. Ақмылтық журналистің аты елге жақсы танылып еді. Артынан арыздар жазылып, талай мәрте сотқа да тартылды, бірақ ақ сөйлейтін Құтекеңнің өзі де, әділ сөзі үнемі үстем шығатын.
Құттыбайды ақтық сапарға аттандырар қоштасу қаралы жиынына облыс басшылары да қатысып, сонда сөз сөйлегендер қатарында облыстың бұрынғы әкімі, көпті көрген ардақты ардагер Сейілбек
Шаухаманов Құтекеңнің азаматтығын сипаттай келе, «Әділдік жолында әкесін тыңдамауға бар, ақ жүрек, қайсар күрескер еді» деп баға берген-ді ел алдында. Орынды баға. Ол халықтың мұң-мұқтажын жоқтай жүре, елі үшін еңбегін арнаған абзал жандарды да шырайын шығара әспеттеді.
Құттыбай Сыдық қарымды қаламынан өмір шындығы көркем өрілген, көрегенді көсемсөз бен тәтті лирика, ащы әжуа мен асқақ арман астаса төгілген нәзік сезімді жазушы да еді. «Дария жыры» тұңғыш кітабынан басталған жазушылық еңбегі «Белгі», «Су келді, алақай», «Қилы-қилы тағдырлар», «Табиғат трагедиясы» деген әңгімелер мен повестер жинағына ұласты. Соңғы дүниесі «Босқындар» деген повес­тер мен хикаяттар жинағын да оқырман қауым жылы қабылдаған-ды. Оның берері әлі де көп еді. Сыр елі қаламгерлерінің шығармаларына арналған 200 том
«Сырдария кітапханасы» жинағының бір томы Құттыбайдың «Босқындарына» берілді.
Құттыбай ұлды ұяға, қызды қияға қондырған көпбалалы отбасының егесі еді. Ол өзінің кіршіксіз көңілімен, турашыл мінезімен, жомарт жанымен жүрген ортасының қадірмені бола білді, солай болып қалды. Қуанышкүл жары мен ұл-қыздары оның 70 жылдығына арнап үлкен ас берді. Қызылорда қаласында бір көшеге Құттыбай Сыдық есімін беру ұйғарылды…
Осындай қадірлі Азаматтың бірі –
досымыз Жолдас еді. Отбасы үшін асқар тау, әріптестері арасында білімді де білікті маман, ағайын-туыстарына темірқазық тірек, достарына адал да сырбаз азамат Жолдас Сырғабаев 2008 жылғы 18 желтоқсанда дүниеден озды. КазГУ атты қасиетті қара шаңырақ қабырғасында жүргенде курстастар арасында аңқылдаған ақкөңілімен, өнерпаздығымен, ұлпа мінезімен ерекшеленетін. Қабағында кірбің жоқ, жүзіне көлеңке ұяламаған, маңдайы ашық марқасқа өсіп келе жатқан-ды. Өмірге осылай келді, осылай жүрді және осылай кетті. Бұл да өзінше бip әлем, жан әлемі.
Сыр бойында өткен өмірінде нағыз еңбек торысы ретінде танылды. Қызмет баспалдақтарымен біртіндеп көтерілді. Базбіреулердің пендешілігінен туындап жататын кедергі, қиындық деген шіркін де кездеспей қалған жоқ. Мұндайда тірегі – табандылығы, мінез байлығы. Бойына біткен бауырмалдық, кішіпейілдік, уәдеге беріктік сияқты қазақы қалпы оны Шиеліде сыйлы етті, Қызылордада құрметке бөледі.
Еске алу дегенде, онымен бір ауылда туып-өскен менің жадыма өткен уақыт, қатар жүрген заманымыз кино көріністеріндей тізбектеліп келе береді.
Өткен ғасырдың сонау елуінші жылда­ры­ның басында 1952 жылғы 28 қаңтарда Сыр өңірі Шиелінің шағын «Қызыл диқан» ауылында (қазір Әбділда Тәжібаев ауылы) көпжанды шаруа отбасында дүниеге келген баланың өмір жолы замандастарынан өзгеше бола қойған жоқ. Қаршадайымыздан ауылдың шаруашылық жұмысына араласып өстік.
Ауылымыз Ленин атындағы колхоздың (ұжымдық шаруашылық) бір бөлімшесі еді. Орта мектеп колхоздың орталығы «Алғабас» ауылында. Бастауыш мектепті бітірген он жастан асқан-аспаған жасөспірім одан әрі бесінші сыныптан бастап күннің ыстық-суығы, жауын-шашыны, бұрқасын-бораны демей жаяулап-жалпылап, кезіккен түрлі көлікке жармаса, жеті шақырым жердегі көрші ауыл – сол «Алғабастағы» орта мектепке қатынап оқыдық. Шағын интернатта орын жоқ, онда алыс қыстаулардағы малшылардың балалары жатады.
Бір жылы, шамасы 1966 жыл болса керек, ауылдың қатынап оқитын бүкіл оқушы баласы өзара ақылдасып, алыстағы «Алғабасқа» шұбырғанша, жақын үш шақырым «Ақтоған» ауылындағы (қазір Досбол би ауылы) мектепке барып неге оқымаймыз, бәрі де кеңес өкіметінің мектебі емес пе деп, күтпеген жерден «көтеріліс» шығарғанымыз бар. Ата-аналарымызға айтпастан «Ақтоғанға» тартып кеттік. Бірақ «Ақтоған» басқа «Қызыл ту» колхозының бөлімшесі еді, оның жақын болса да аяқ жетпейтін «алыстығы» содан екен. Ақтоғандықтар бала саны көбейетініне қуанды ма, әйтеуір кері қайтармай, ықыласпен қабылдағаны есімде қалыпты. Бұл жұма күні еді, сенбіде екі жаққа да бармадық. Жексенбіде «Алғабастың» бүкіл мұғалімі ауылымызға келіп, үйме-үй жағалап, ата-анамызды үгіттеген, доқ та көрсеткен. Үгіттейтіні – ата-аналарымыз да балаларының сөзін сөйлеген. Бұл оқиға үлкендердің айтуынша, аудан, облыс құлағына да шалынса керек. Қазір содан бері елу жылдан асып кеткенде, жаңа заманда еліміздің кей жерлерінде баяғыша басқа ауылға қатынап оқу қайта шыққаны, кей тұста кері кеткеніміз қалай қынжылтпасын. Бұл енді бөлек әңгіме.
«Ақтоған» өзге «Қызыл ту» колхозына қарайтындықтан бұл төтен қылығымыз
жалпы тәртіпке томпақтау келген екен. Онымыз үшін мектепке қайта келген соң, алғабастық ұстаздарымыздан ұрыс та естідік, бірақ көп ұзамай пайдасын да көрдік. Колхоз тіркеме жеккен трактор, кейінірек тіркеме қауіпті екен деп, қауы биіктетілген автомашина бөлді, оған мініп-түсетін саты орнатты. Келе-келе аудан автобус шығарды. Бірнеше айлап еңбекақы көре бермейтін колхозшы-шаруа үшін күн сайынғы автобуспұл төлеу мәселесі шиеленісіп барып жоғарғы жақта шешілді-ау, әйтеуір. Оқушылардың жолақысын колхоз төлейтін болды. Қалай десек те, тұрақты да жүйелі автобус қатынасы игілігін бүкіл ауыл халқы көрді, әрине. Осылай екі ауылдың арасында шұбырған қаражол, бүгінде
ойлап отырсам, шаршадым, тоңдым деп кері қайтпай, ілгері ұмтылған талапты балаларды даңғылға салған сүрлеу екен. Мұның бәрі бүгінгі балаларға ертегі айтқандай көрінер-ау.
Жолдас кеңес өкіметінің жергілікті
буыны – халық депутаттары Шиелі аудандық Кеңесінің атқару комитетінде жалпы бөлімде және ұйымдастыру-нұсқау бөлімінде
жауапты қызметтер атқарды. Қазақстан Компартиясы Шиелі аудандық комитетінде нұсқаушы болды (Кеңестік ол заманда
жауапты қызметке ілігу, одан әрі көтерілу үшін Компартия күпісін кию бұлжымайтын шарт еді). Одан кейін Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетіне редактордың орынбасары болып, журналистік кәсібіне кіріскенде де мерейіне мерей қоспаса, кемімеген-ді.
Жолдас деген атына заты сай келіп тұратын (Мен бір інімнің есімін осы досымның құрметіне Жолдас атағаным да бар). Ауыл баласының үлкен баспалдақтарға жолы осылай қалыптасып еді.
Жолдасты бала күнінде жеңгелері ата салтпен атын атамай, «обком» деп әспеттейтін. Алла ауызға салған-ақ екен, Жолдас облыстық дәрежелі беделді қызметтерді атқарды. Облыс әкімшілігі ұйымдастыру-инспектор бөлімінің бас инспекторы, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі, облыстық ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, ақпарат басқармасының бастығы, тілдерді дамыту басқармасының бастығы сияқты сеніп тапсырылған қадау-қадау қызметтерді қылаусыз алып жүрді.
Қазір бір қызметте адамның біраз жыл отыруы өте сирек. Тіпті құбылыспен пара-пар дерсің. Оның негізгі себебі – бірінші басшы ауысқан кезде онымен жұмыстас болған қосшы құрам – команда дейтіннің де аттан сыпырыла қоса түсіп, ауысып отыруы. Бұл бір тереңдігі құрық бойлатпас иірімге айналғандай үрдіс. Осындай ауыс-түйіс талайдың қатарында Жолдасты да айналып өтпеді. Бірақ оған мойыған Жөкең жоқ, берген қызметін жалғастыра береді. Тындырым қабілет, сырбаз мінез байқалмай қалушы ма еді, келесі команда Жөкеңді сапына қосып алар еді.
Жолдас дүниеден өткенде «Ана тілі» республикалық газеті де көңіл айту беріп, сонау атыраулық әріптесінің сөзін басыпты. Бұл да оның өзге облыстардағы әріптестеріне қадірлі болғандығын көрсетеді. Мәдениет және ақпарат министрлігі Тілдер комитетінің алқа отырысына келіп-кетіп жүргенінде қалыптасқан байсалды ұстанымы сезіліп тұратын. Әрқайсысы бір-бір облыстық басқарманы басқарып отырған, бірінен бірі өткен сұңғыла азаматтар Жолдастың елжандылығын, мінез байлығын байқаса керек. Ол қасиеттер өмірлік бай тәжірибемен астасқанда парасатқа айналып, азаматтың шырайын келтіріп жүре бермей ме?
Астанада, Алматыда, Қызылордада той-томалақтарымызда, басқа да әлдебір себептермен достар бас қоса қалғанда әңгімеміз таусылмайтын. Отбасының аман-саулығын сұраудан басталатын әңгіме-дүкен кең арнаға түсіп, әлемді сан айналып, толғауы тоқсан тіршіліктегі талай мәселенің басын қайырар едік. «Достар-достар, жүрсің қайда, бірге еді ғой жанымыз…» деп әндететінбіз. Әлі де шырқаймыз-ау, бірақ орындаушысы сиреген ансамбльдей дауыстарымыз шашыраңқырай шығады бұл күнде.
Достарымыздың орны ойсырап-ақ тұрады. Құтекеңді, Шәкеңді, Жөкеңді аңсаймыз. Аңқылдай қарсы алатын ақ жүрек кейіптері, аяулы бейнелері көз алдымызға келеді. Күбірлеп Құран бағыштаймыз. Жолдастың да дүниеден өткеніне арнап жары Ұлымкүл мен бала-шағасы Қызылордада үлкен ас берді, арты жақсы жалғасып жатыр деген осы.
Осындай елге белгілі, ардақты азаматтар Құттыбай Сыдықты, Шәкизада Құттаяқовты, Жолдас Сырғабаевты есте қалдыру мақсатында тиісінше Қызылорда қаласының, Қармақшы, Шиелі аудандарының әкімдері мен мәслихаттары олардың есімдерін көше атауына берсе деген тілек-өтініш болған. Қызылорда қаласында көшеге Құттыбай Сыдық есімін беру туралы қабылданған шешім Астанаға республикалық ономас­тика комиссиясына жеткенде ат беру мәселесіне тоқтам жасай тұру науқанына тап келіп, кідіріп тұр. Шиелі кентінде
Жолдас Сырғабаев есімімен көше атау туралы ұсыныс Қызылорда облыстық ономастика комиссиясынан қайтыпты. Себеп тағы да сол – көшелерге кісі есімдерін беруді азайту науқаны болыпты. Ал Шәкизада Құттаяқов Қармақшы ауданында қызмет істемегендіктен Жосалыда оған көше беру лайық емес қой деп ұйғарылыпты. Бұндай үстірт пайымға қалай қынжылмассың?! Жосалыдағы барлық көше кілең осында қызмет атқарғандар есімімен аталды ма екен?.. Ерлерімізді қадірлей білейік, ағайын. Қандай еді, Жігіттер!!!

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақ журналистикасының қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.