«Шипагерлік баяндағы» көне сөздер

Қазақ тілі заман көшімен жаңа­рып, түрленіп, кей сөздері ұмытылып қалды. Біз осы орайда «Шипагерлік баяндағы» қазақ тілінің көнерген немесе өзгеріске ұшыраған сөздеріне тоқталамыз. 

Йүз – қазіргі тілімізде өзгерген түрі – жүз. Жүз сөзі үш-төрт түрлі мағына береді. Махмұд Қашқа­ридың «Диуани лұғат ат-Түрік» еңбегінде «Иузге көрме ердем тіле (жүзге қарама, қасиет тіле) деп, адамның бет-әлпетін қарама, оның қасиетіне қара деген мағынада қолданған. Қазақ хандығы тұсында жүздік атау тай­палық бірлестік, аумақтық әкім­шілік өңір ретінде қолданылған. Ал қазақ жүздері туралы жазбаша ­дерек орыс деректерінде 1519 жылдан ­бастап «Казатцкие Орды» деп кезігеді. Ұлы жүз туралы 1585 жылы «Казатцкие Большие орды» деп хатталған. «Шипагерлік баянда» «Хан жарлық дестір жазмыш, иегер Өтейбойдақ Тілеуқабылұғлы бин Ұлұ йүз, бин ­Зарман, Бин ­Албан» деп, ата-тегін ­жазып кеткен. XVIII ғасырдың ортасында жазылған ­Абылай ханның хаттарында йүз сөзі былай кезігеді: «Бізлер Орта йүзінің Абылай сұлтандын Сізге»…… деп баяндалады. Ал Кіші жүз ханы Әбілхайырдың Ресейге жазған хатында: «қырық сан қазақ, Орта йүз, Кіші йүз барша рағайат қарашаларыммен бірле»…. деп берілген. Демек, XVIII ғасырда да қазақтар и диалектісін көп қолданғанын байқауға болады.
Ұғлы – қазіргі тілімізде ұлы деп қолданылады. Екі-үш түрлі мағынасы бар. Шипагерлік баянда Өтейбойдақ Тілеуқабылұғлы деп жазылған. Абылай ханның хатында: «Ел болып, бір ата ұғлындай болдық» деп айтылған.
Құзорда – ортағасырлық Баласағұн қаласының бір атауы. Құз сөзі тау шыңы, биік жартас, тік шатқал ­деген мағына береді. Ескі түрікшеде таудың күн түспейтін жағын құз деп атаған екен. «Шипагерлік баянның» басқы бетінде Өтейбойдақ өзінің ­ата-­те­гінің ең соңына әл Құзорда деп жазып кеткен. Қазақ хандығы ең ал­ғаш рет 1465 жылы Құзорда-Баласағұн қаласында құрылды. Құзорда атауы XI–XII ғасырларда өмір сүрген Махмұд Қашқаридың «Түркі сөздерінің жиынтығы» атты кітабында кезігеді. Онда: «Ұлұш – қала, қыстақ (Шыгылше). Баласағұн мен оның жанындағы Арғу шаһарларында тұратын халықтардың тілінде «ұлұш» сөзін «шаһар» дейді. Баласағұн шаһа­рын «Құзұлұш» деп атайды. Орду Баласағұнға жақын қала, Баласағұнды да «Құзорду-Құзорда» дейді деп, Баласағұнның екінші атауы болғанын айтады.
Жар – зат есім ретінде бірнеше түрлі мағынасы бар. Жар сөзіне сын есім ­тудыратын -дай жұрнағы жалғанып, жардай сөзі туындап, семіздікті білдіреді. Жардай болып семіріп алыпты дейміз. Мұндағы жар дегеніміз құлама жар немесе үйдің қабырғасы емес, түйеге қаратыла айтылғаны анық, бірақ түйені жар деп атау ұмытылып қалған. Ал «Шипагерлік баянда»: «жардың жүгін басқан» деген сөз тіркесі кезігеді. Ертеде қазақтар түйенің екі өркештісін жар десе, бір өркештісін нар (қазір де солай) деген. Қазтуған жыраудың жырында «Жатып қалған жас тайлақ, жардай атан болған жер» деп, тура мағынасында қолданған. Тілімізде ерлі-зайыптыларға жары, жан жары деп қолданамыз. Мұндағы жары ­деген сөздің түп-төркіні түйенің екі өркешіндей егіз, бір денедегі ­ажырамас егіз жұп деген ұғымнан келіп шыққан.
Ғақбытылы – қазіргі тілде өте ­сирек қолданылады. Қарайық ғақбытылы шарқымызға деген өлең жолында «шамамызға» деп қолданылса, кейде «асылы», «тегі» деген мағына ретінде пайдаланатындар бар. «Шипагерлік баянда»: қуанышым ерте болған екен, сол түні ғақбытылы хан Темір ойда-жоқта қандауыш қырғын ­бастады… деп, Ойраттардың Өз Темір тайшысын ғақбытылы «қанішер», «оңбаған» деп ренішін білдіреді. ­Сонымен қатар Шалкиіз жыраудың жырында: «Ғақбытылы сол жаман, ол-дағы бір пәлеге жолығар» деп келеді де, «кесірлі» деген мағынада қолданылған. Маңғаз – тілімізде екі түрлі мағынада кезігеді. 1. Сабырлы, салмақты, байсалды, байыпты. 2. Кербез, тәкаппар, керенау. «Шипагерлік баянда»: қара маңғазға теріс мінгізіп… деп, сиырдың орнына қолданған.
Оразды – Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: басына жақсылық үйір, құт-брекелі, бақытты. Ораздымен оттас ет, Қыдыр атамен жолдас ет (Жармағамбетов). Ораздының баласы он үшінде баспын дер, ынтымақ-берекесі бар, бақытты адамның ұрпағы ерте жетіліп, тез өседі делінген. Қазақта Ораз есімді адамдар көп кезігеді. «Шипагерлік баянда»: «Мен оразды, жиырлы жан екем», деп айтылып, оразды сөзі «бақытты» деген мағынада, жиырлы сөзі мерейлі ­деген мағынада қоданылған. Шалкиіз жыраудың жырында: «Ораздының ұлы өсер, жиырлының қызы өсер» деп айтылады. Ескі жырларда «Ораздының он ұлы, Жиырлының жалғызы» деп қолданылған.
Кежігу – керлену, қырсығу деген мағынада қолданылады. «Шипагерлік баянда»: Әгәр сырқат, науқас кежігу болмаса, тұлғалық бітісім ұялы, берік болса, хан қасиятылы жарлық шыбын жаншық орындамақ» деп жазылған. Шалкиіз жыраудың ­жырында «Жапырағы жасыл жаутерек, жайқалмалы жерден-дүр, шалулығы белден-дүр, төренің кежігуі елден-дүр, байлардың мақтанбағы малдан-дүр» деп жырланады.
Қараша – тілімізде қараша халық, қараша үй деген сөздер бар. Сонымен қатар жылдың 11-ші айы қараша деп аталады. Ал қарашаға ұқсас қарашық деген сөз көздің қарашығынан бөлек ең жақын, ең қымбатты, ең аяулы деген мағынада қолданылады. «Шипагерлік баянда»: Жәнібек ханның қарашасымын деп берілген. Демек, қараша сөзі халық, тағы бірде қара (көп, ну), қарапайым деген мағына берсе керек.
Анда – күнделікті өмірде құдандалы деген сөзді көп қолданамыз. Сөздің түбірі құда, оған достықтың ең жоғары түрі анда қосылып, құдандалы болып қалыптасқан. «Шипагерлік баянда»: жан анда Жиренше шешен дейді.

Ертай ЖОМАРТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Оқырман

    Берері көп, танымды мақала. Авторға көп рақмет.

  2. А

    «11-ші айы». Корректор бар ма бұл газетте?

  3. Мыразан

    Ескі сөздердің мәні енді еске түсті. Шипагерлік баян деп аталатын кітапты осы уақытқа дейін оқымағаныма өкініп отырмын. Біздегі зерттеуші ғалымдар мынандай құнды дүниелер бар екенін неге байқамаған. Авторға рахмет!

  4. Болатжан

    Қазақ тіл мәдениетіне қосар үлесі көп мұра. Бір таңғалғаным, Өтейбойдақ пен Шалкиіз, Ақтамберді жыраулардың тілдеріндегі ортақтық. Демек, Қазақ әдеби тілі ХХ ғасырдың басында емес, XV ғасырда-ақ қалыптасқанын байқауға болады.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.