«Ана тілі» айтары бар басылым

Ғайша СЕГІЗБАЕВА,
«Ана тілінің» ардагер қызметкері

«Ана тілі» газетінде қызмет істеп жүргенде бас редакторымыз Жарылқап Бейсенбайұлы еді. Адамды сыйлап, көңіліне қарайтын, мінезі жайлы, бауырмал жігіт болатын. Қол астында көптеген журналист, қызметкер жұмыс істедік. Мен терімшімін. Негізгі жұмысым– журналистердің мақаласын теру, олардың әрбір сөзінен қате кетпеуін қадағалай отырып хаттау. Марат Қабанбай өткір-өткір мақалалар жазады. Әлгі материалды теріп отырып, мына мақаласымен өзіне қиындық тудырып ала ма деп алаңдап қоямын. Марат Қабанбай болса еш уайымдамай, алшаң-алшаң басып, мақаласын тергізіп әкетеді. Алғаш келгеннен ұжым өте жақсы қарсы алды. Сондай бір жақсы ортада, жақсы уақытта жұмыс істедік.
Редакциямыз «Қазақ тілі» қоғамымен қатар отырды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ұлттың рухы көтеріліп тұрған сәулелі күндер еді ғой. Наурыз мейрамын атап өтіп, бесікке салу, тұсау кесу, тағы басқа ұлттық салттарды көрсетеміз. Өзіміз ұлттық құндылықтар туралы жазамыз, өзіміз соны іс жүзінде жасаймыз. Соның бәрін ризашылықпен, құрмет сезіммен еске алып отырамын. Шәриза деген үлкен апамыз есепшіміз болған. Тамара, Раушан Төленқызымен әріптеспіз.
«Ана тілінен» өскен журналистердің қазір бәрі жақсы қызметте жүргені қуантады. Теледидардан көріп отырамыз, газет, журналдардан мақалаларын оқимыз. Соларды көргенде қандай керемет ұжымның ішінде жүргенбіз деп қуанып, шүкіршілік етемін. Жамандық көргеніміз жоқ. Тек жақсылық көрдік. Ешқандай уайым-қайғысыз жүріп, керемет газет шығардық. Мықты-мықты журналистерімізбен мақтандық. Ертай Айғалиұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Сәкен Сыбанбай секілді қаламы жүйрік журналистердің кейінгі жазғандарын да оқып, сүйсініп отырамын. Төлеген деген суретшіміз бар еді. Оның газетті көркемдеуінің өзі жеке әңгіме. Сол кезде бірге жұмыс істеген Ғарифолла Әнес қазір бір баспаның директоры болып отыр. Жарылқап Бейсенбайұлының тәрбиесін алған журналистердің біреуі де жерде қалған жоқ. Бәрі үлкен-үлкен қызметте жүр. Солармен әріптес болғанымды ұдайы қуанышпен еске аламын.
«Ана тілі» бүгінде бұрынғы тұғырынан тайған жоқ. Өзекті мәселелерді көтеріп келеді. Қарапайым оқырманның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтынына бәріміз куәміз. «Ана тілін» мұғалімдер оқулық ретінде қолданып, өзге оқырман да сүйсіне оқиды. Бүгінде Президенттің өзінен бастап, аппаратындағы мамандар да оқитын болды деп мақтанып айтамыз. «Ана тілі» ұлттық мүддені ту еткен нағыз ұлттық басылым дер едім.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.