ЫНТЫМАҚ ОТЫ СӨНБЕЙДІ

Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап қалған киелі мекеніміз бүгінде көптеген ұлт-өкіліне пана болуда. Ұлы даланың алтын бесігіне айналған қасиетті мекен ыстық құшағына барша адамзатты басып, мәпелеп келеді. Сондықтан да, даладай дарқан көңілді текті халқымыз «Ырыс алды ынтымақ» деп ұлтаралық ауызбіршілікті жоғары бағалайды.

Тұрақтылықтың туы тігілген

Қазақбай ТАШТЕМІРОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, қоғам қайраткері

Бүгінде қазақтың қасиетті жері – осыншама мәдениет пен салт-дәстүрді айбарым мен айбыным, сәнім мен салтанатым деп білген Қазақстан өлкесі екенін мақтанышпен айтқым келеді. Түрік диаспорасы Қазақстанның азаматы деген атты ардақтата биік ұстап, мәртебелі қазақ халқымен және де басқа ұлт өкілдерімен бірлік пен ынтымақта жүр, бір-бірінің қуанышы мен күйінішін бөлісіп, әлемдік, халықаралық деңгейде көк байрағын желбіретіп келеміз.

Болашақта түркітілдес туысқан халықтар арасындағы бірлігімізді бекемдеп, ұлтаралық мәдени қатынас-тарымызды қалыптастырып, достығымызды нығайтып, бауырлас халықтар арасындағы туыстықты арттыруды мақсат етеміз.
Есімін Қазақстанның мыңжылдықтар тарихына алтын әріптермен жазған Тұңғыш Президентіміз, Аса құрметті Елбасымыз Н.Назарбаевтың кемел саясатының негізінде елімізде ұлт пен ұлыстардың, этностардың бірлік-ынтымағының ұйытқысы болған бейбітсүйгіш қазақ халқының ілтипаты мен кеңдігінің арқасында ынтымақтың ошағы өшпейді. Татулық пен достықты ту етіп, бірлікті жыр еткен Қазақстан халықтары арасындағы мызғымас достығымыз бүкіл әлемге баянды болсын.

Жастар татулықты қолдайды

Рустам КАЙРЫЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан ұйғыр жастары одағының төрағасы

Қазақстан халқының бірлігі күні айрықша мәртебеге ие. Бұл мерекеде тату, берік әрі біртұтас халық екеніміз сезіле түседі. Коронавирус пандемиясы жарияланған осынау қиын уақытта қазақстандықтардың бір-біріне қалай көмектесіп жатқанының куәсі болып отырмыз. Бұл да татулықтың арқасы дер едім.

Осыдан он жыл бұрынғы уақытқа қайта көз жіберіп, Елбасы Н.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын еске түсірейікші: «Жастар – біздің болашағымыздың негізі – өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізеді». Осының нәтижесінде өскелең ұрпақ мемлекеттен өзінің инновациялық және зияткерлік әлеуетін қолдану үшін жаңа мүмкіндікке ие болды.
2019 жыл «Жастар жылы» және 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жариялануы жастар және олардың арасындағы мамандардың дамуына жаңа серпін берді. Әрине, одан Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары да шет қалған жоқ. Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары індетпен күреске үлесін қосып, қала көшелерінде медициналық маскаларды таратудан бастап, аз қамтылған отбасыларды қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіп, өз бетінше қайырымдылық шараларын өткізіп жүр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы карантин мерзімін ұзартуды мәлімдеді. Бұл, ең алдымен, азаматтарымыздың және біздің қауіпсіздігіміз үшін өте қажет шара. Бірақ бұл Қазақстан халқының бірлігі күні біз, еріктілер және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, үйде боламыз дегенді білдірмейді. 1 мамырдағы мерекеге сәйкес, барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, аз қамтылған отбасыларға көмектесу үшін қайырымдылық шараларын жоспарлап отырмыз. Дәл осындай қиын-қыстау сәтте Қазақстан халқының бірлігін көрсетуіміз керек.

Достық – аналар тілегі

Зорабуви АУТОВА,
Ұйғыр аналар кеңесінің төрайымы

Аяулы аналармен дүние қымбат қой. Мен ана жүрегіммен бүкіл қазақстандықтарды 1 мамыр – Қазақстан халықтары бірлігі күнімен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдемесінде карантинді 11 мамырға дейін ұзартқанын айтты. Біз Төтенше жағдай жарияланғалы бері Қазақстанның тәртібіне көніп үйде отырмыз. Осылайша Қазақстан халықтары ТЖ кезінде де өз бірлігін көрсетіп отыр деп ойлаймын.

Қазіргі жағдайда халықтың жағдайын ойлап отырған мемлекетімізге, Президентімізге, ақ халатты дәрігерлерге, ұстаздарға, журналистер қауымына шын жүректен алғыс айтамыз.
Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері өмір сүреді. Олардың тілі басқа болғанымен, ойы, жүрегі, мақсаты бір. Үйімізді, ауламызды тазалап, әдемі киімімізді киіп, кімнің үйі болса да кіріп бір шәугім шайын ішіп, бір-бірімізді құттықтап, құшақтасып, ән айтатын жақсы кездер әлі талай болады деп сенемін.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.