КІТАП – ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАБАДЫ

Бақытжамал ОСПАНОВА,
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстан Кітапхана одағының төрағасы

Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың ағымдағы жылғы 16 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) жариялаған әлемдегі коронавирустың пандемиясы салдарынан елде төтенше жағдай енгізуіне байланысты республикамыздың Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты мәдениет мекемелері онлайн-режимде жұмыс істеуге көшті. Осынау күрделі кезеңде, әсіресе  мәдениет және өнер қайраткерлері халқымыздың рухын көтеру үшін қолға алған «Карантиндегі жұлдыз» жобасы көрермен ілтипатына бөленуде. Кітапханалар мен концерттік ұйымдар, музейлер мен мұрағаттар ұжымдарының ғаламторда тікелей эфирдегі мәдени-көпшілік шараларының да  жұртшылық көңілінен шығуының куәсіміз. Қазір үйде отырған отандастарға шеберлік сабақтарын, бейнеэкскурсиялар мен лекциялар секілді шараларды мейлінше тартымды етіп жеткізуге күш салынуда. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы да барлық мәдениет мекемелері сияқты дәстүрлі жұмыс үрдісінен пайдаланушыларға онлайн-режимде қызмет көрсетудің жаңа форматына көшті.

Ұлттық кітапхана министрліктің жүзеге асыратын барлық жобаларына атсалыса отырып, әлеуметтік желілерде танымдық виртуалды әңгімелер, дәрістер, оқу семинарларын, түрлі әдеби шолулар өткізіп келеді. Оқырман кітап авторлары және кейіпкерлерімен, яғни мәдениет, өнер мен әдебиет, қоғам қайраткерлері және ғалымдармен қашықтықтан өтетін авторлық кездесулерге қатысуға мүмкіндік алып отыр.
Ғаламтордағы пікірлерді талдаудың нәтижесі әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі Айхан Бекпулатованың сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры бойынша ағартушылық дәрістеріне үлкен қызығушылық танытуын көрсетеді. Аталмыш қор шынында да өте құнды әрі бірегей рухани қазына. Осындағы шығыс қолжазбаларының топтамасы ХІІ-ХІХ ғасырлардан бастау алады. Парсы, түркі, араб, түрік, өзбек, шағатай және т.б. тілдердегі қолжазбалардың негізгі тақырыбы әдебиет, тарих, философия, география, мәдениет, тіл білімі мен діни басылымдарды қамтиды.
Сирек қордың ең құнды раритеттері 2003 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Халықаралық тізіліміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметтер» (2 қолжазба кітап, XIX ғ.), «Рисала: Миратул-қулуб» (XVIII ғ.), «Насабнама»: Қожа Ахмет Яссауидің ата-тегі туралы шежіре (XVII ғ.) және Сүлеймен Бақырғанидың «Хикметтер» (XVI ғ.) қолжазба кітаптары болып табылады. Низамидің «Хамса» (XV ғ.), Әлішер Науаидің «Диуани» (XVII ғ.) және Фирдоусидің «Шахнама» (XVIII в.) қолжазба кітаптары да осы баға жетпес құндылықтар санатында.
Сол сияқты Жәми, Руми, Сағди, Физули, Хафиз шығармаларының жинақтары әрқашан текстологиялық және кодикологиялық қызығушылық тудырады. Осы топтамадағы кітап ескерткіштері уақыт сынына қарамастан, әлі күнге дейін өзінің жоғары көркемдік безендірілуі мен түптелуі, каллиграфиялық жазуымен, сызықсыз бояуларымен, әсем өрнектерімен тәнті етеді. Топтамалардың ішіндегі ең көнесі – куфа жазуымен жазылған «Құран, XII ғ.» (770 бет, 39,6х32х12,5 см, салмағы 5400 г.) ерекше құнды жазба мұра болып табылады. Көлемі жағынан үлкені – «Құран, XVIII ғ.» (1042 бет, 53х35 см, салмағы 9100 г.), араб тілінде «насх» жазуымен жазылған, парсы тіліне жолма-жол аудармасы берілген. Бұл топтамада толық мәтінді басқа да Құрандар бар, бірақ олардың негізгі бөлігін Қазақстан аумағында бірнеше рет қайта жазылған және кең таралған XV-XIX ғасырларға тиесілі Құрандар құрайды.
Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында шіркеулік-славян және ескі славян бірегей қолжазбалары да сақтаулы. Олардың көпшілігі көркем безендірілген, былғарымен түптелген, металды мыс ілгектері бар. Ең көне славян қолжазба кітаптары: «Інжіл/Киелі Апракос» (ХІV ғ., 79 б.), пергамент қағазына түсірілген, мәтін ірі қаріппен жазылған; «Киелі кітап: Матфей, Марк, Лука, Иоанн» (ХVІI ғ., 15 беттік алғысөзі+254 б.) – барқыт мұқабада, 5 мыс тілімшелері және бедерлі суреттері мен мыс ілгектері бар; «Феодорино житие» (XVII ғ.) түрлі-түсті бейнелер әрбір парағында, бедерлі суреттері мен металл ілгектері бар, былғарымен түптелген.
Біздегі сирек қорда, сондай-ақ ғылымның басқа салалары бойынша: «Өлеңдер мен мысалдар қолжазба жинағы» (XIX ғ., 52 бет); «Жалпыға ортақ философия мен оның тарихына қосымшалар» (XIX ғ., 886 бет); «Дроздов. Статистиканың жалпы теориясы» (Жазылған күні белгісіз, 274 бет); «Воейков М. Астрономия, механика, кеме жасау теориясы, кеме сәулеті және физикалық география бойынша жазбалар» (1872-1873 жж., 358 бет); «1898, 1899 және 1900 жж. Магниттік Жоғарғы Орал уезінің, Орынбор губерниясының тауындағы барлау жұмыстары» (1900 ж., 106 бет) және т.б. көптеген қолжазбалар бар.
Соған орай сирек кітаптар бойынша онлайн-дәрістер пайдаланушыларға ғылыми және тарихи құндылығы зор сирек кездесетін бірегей құжаттармен танысуға жақсы мүмкіндік береді.
Кітапханалық қызмет көрсетудің тағы бір түрі – бүгінгі күні онлайн-режимде ұсынылатын мәдени-көпшілік шаралар болып табылады. Биылғы жылы бірқатар мерейтойлық іс-шаралар кеңінен аталып өтіледі, атап айтқанда: Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы және т.б.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы Абайдың осынау күрделі әлемде біз үшін әрқашан жұлдызды жолбасшы болып келгенін және солай болып қала беретінін атап көрсетті. Кемеңгер ақын әрі ойшылдың өмірі мен шығармашылығы қазақ халқы ғана емес, бүкіл адамзат үшін үлгі. Абайдың шығармашылық мұрасы аса өзекті болғандықтан біз хакімнің асыл мұрасына қайта-қайта үңіліп, оның еңбектерін түсінуге және қайта пайымдауға тырысамыз. Оның зор адамгершілік көзқарастары мен идеялары бүгінгі таңда қоғамдағы әртүрлі үдерістерді қайта зерделеу мен елдің дамуы үшін өте пайдалы болып табылады.
Хакім Абайдың өмірі мен шығарма-шылығына арналған кітапхананың ғылыми хатшысы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, абайтанушы Болат Жүнісбековтің «Абай сәулесі» атты жаңа кітабы бойынша өткізіп келе жатқан онлайн-лекциялар циклының да қашықтықтағы оқырман үшін тағылымы мол әңгімелер екеніне сенімдіміз. Философия ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры Жақыпбек Алтаевтың «әл-Фараби мұрасы» атты дәріс-әңгімесі көрермен қызығушылығына бөленді.
Ұлттық кітапхана қоғамның әлеуметтік-мәдени институты ретінде әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттауға белсенді атсалысуда. Биылғы жылдың басында кітапханада әл-Фараби ғылыми орталығы және Абай әдеби орталығы ашылды. Ұлы даланың ұлы тұлғаларына арналған кітап көрмелері әлем әдебиеті, өнер, диссертация және мерзімді басылымдар оқу залдарында да ұйымдастырылды. Қазір Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасы және оның ақындық мектебі туралы бірнеше кітап жинақтары мен библиографиялық басылымдар баспаға дайындалу үстінде.
Ғаламторда осы іс-шаралардан басқа да тарихи-танымдық сипатта этнограф-ғалым, жазушы, сыншы, педагог, Қазақ ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар академиясының академигі Болат Бопайдың «Бабалар сөзі – тарихтың қайнар көзі» тақырыбындағы тікелей эфирі өтті. Сондай-ақ онлайн тікелей эфирде мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, дипломат Мұрат Әуез бен шығыстанушы-ғалым, Абылайхан атындағы ҚазХҚӘТУ профессоры, Иранның парсы тілі мен әдебиеті академиясының толық мүшесі Сафар Абдуллоның «Мәңгілік – жанымда. Кітапхана» тақырыбындағы кездесу-сұхбаты тарихи құнды мағлұматтармен, маңызды деректермен бөлісуі арқылы рухани тұрғыда өте әсерлі әрі мазмұнды өтуімен есте сақталады.
Жақында, 12 сәуір – Халықаралық авиация және космонавтика күнін кітапхана өз оқырманымен бірге онлайн-режимде атап өтті. Баршаға мәлім, 1961 жылы Юрий Гагарин тұңғыш рет ғарышқа сапар шекті. Сөйтіп, әлемді дүр сілкіндірген бұл күн адамзат жетістіктерінің жаңа дәуірін бастап берді. Бірінші адамның ғарышқа ұшуы туралы бірінші әдеби шығарма сүйіншілеп қанат қақты. Олжас Сүлейменовтің атақты «Земля, поклонись человеку» («Адамға табын, жер, енді») поэмасы бұрынғы КСРО-ның әрбір азаматы жатқа білетін туындыға айналды. Поэманың авторы сол кезде, небәрі 25 жаста екен. Сондықтан айтулы мереке күні Қазақстанның Халық жазушысы, түркітанушы, лингвист, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов онлайн-режимде барша қазақстандықтарды құттықтап, аталған өлеңнің туу тарихына тоқталып, төл туындысынан үзінді оқыды.
Қазақстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты Ескендір Хасанғалиев және оның перзенті, композитор, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, П. И. Чайковский атындағы музыкалық колледждің директоры Біржан Хасанғалиевпен ұйымдастырылған онлайн-кездесудің оқырманымызды ұмытылмас әсерге бөлегені біз үшін зор қуаныш. Кездесу аясында мерейтой иесінің 80 жылдығына арнап ҚР Ұлттық кітапханасы дайындаған библиографиялық көрсеткіштің тұсаукесері жақсы жарасым тапты.
Көрсеткіш 1967-2020 жылдар кезеңін қамтитын екі бөлімнен тұрады және Е.Хасанғалиевтің өмірбаянымен ашылады. Ол Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Батбақкөл ауылында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясының вокал-хор факультетін және әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтын бітірген. Ескендір аға 50 жылдан астам шығармашылық жолында 200-ден астам халыққа сүйікті әнді қанат қаққызған. Композитор музыканы қазақ ақындарының шығармаларына ғана емес, сондай-ақ орыс, ұйғыр, татар, неміс және т.б. авторлардың шығармаларына да жазады.
Сонымен қатар онлайн-режимде «Қазақстанның музыкалық мұрасы» циклі бойынша бейне-дәріс және Ұлттық кітапхананың 21 мың данадан астам қоры бар Өнер бөлімінің бай фонотекасынан жасалған винилді грампластинкалардың бірегей топтамасына шолу жүргізілді. Оның ішінде 3574 грампластинка «Қазақстан кітаптары» қорының құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл – күйлер, халық әндері, операдан ариялар, эпостар, заманауи қазақстандық композиторлардың әндері, эстрадалық әндер мен орындаушылар, классикалық жауһарлар, танымал қазақ жазушылары мен өнер қайраткерлерінің авторлардың дауыс­пен орындаған әдеби шығармалары және басқа да көптеген музыкалық шығармалар.
Бүгінде музыкалық шығармалар мен ноталық басылымдардың цифрлық мұрағатын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Интернет пайдаланушыларын «Қазақстанның музыкалық мұрасы» веб-парақшасы қазақ музыкасының үздік шығармаларымен таныстырып, қазақ композиторлары, музыканттар мен орындаушылар және халық ұлт аспаптары туралы мол ақпарат ұсынатын болады. Қазір кітапхана 65,5 мың музыкалық бірлікті цифрлық нұсқаға көшірді.
Қазақстан кітапханаларының тарихында алғаш рет 1999 жылы компакт-дискіде «Қазақстанның музыкалық мұрасы» атты мультимедиялық жоба іске асты. Өнер бөлімінің оқу залында музыканы жеке тыңдауға арналған кабиналар қойылып, шығармаларды тыңдауға арналған құралдармен жабдықталғын арнайы бөлме бар. Онда винил грамплас­тиналарын СD-дискілеріне цифрлау және жазу жүзеге асырылады.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры, ҚР Ұлттық кітапханасы жанындағы «Жас қалам» жастар клубының және «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі Мұратхан Шоқанмен өткізілген «Жақсы сөз – жарым ырыс» атты авторлық онлайн-кездесу көрермен қызығушылығын туғызды. Сондай-ақ дуалды білім беру жүйесі бойынша қалыптасқан жұмыс онлайн-режимде қашықтықтан жалғасуда. Ұлттық кітапхананың жетекші мамандары: Қорларды қабылдап алу, бақылау және толықтыру қызметінің жетекшісі Қ.Изамбекова, Анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету қызметінің жетекшісі А.Рахимова, Ұлттық библиография қызметінің жетекшісі Ә.Сәйдембаева, Әлем әдебиеті қызметінің жетекшісі С.Тұяқова, Ғылыми-әдістемелік қызметінің бірінші дәрежелі кітапханашысы А.Байдарова республиканың жоғары оқу орындары кітапхана факультеттерінің студенттері мен кітапхана мамандары үшін кітапхана ісінің өзекті тақырыптары бойынша онлайн-дәрістер өткізуде.
Ұлттық кітапхананың еліміздің кітапханаларына ғылыми-әдістемелік орталық ретіндегі қызметі қазір біздің республиканың кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша онлайн-жұмысымыздан көрініс тауып отыр. ҚР Ұлттық кітапханасының негізінде құрылған Жазба құжаттарды консервациялау және қалпына келтіру мектебінің және Каталогизатор мектебінің жұмысы аясында оқыту онлайн-курстары, дәрістер және шеберлік-сыныптары дәстүрлі түрде өткізіледі.
Пайдаланушыларға қашықтықтан қызмет көрсету аясында ғылыми мақалаларға, диссертацияларға, монографияларға және т.б. ӘОЖ Халықаралық әмбебап ондық жіктеу қою, республика кітапханаларына арналған кітапханалық жұмыс бойынша ауызша анықтамалар Whatsapp, электрондық пошта және ұялы байланыс арналары бойынша орындалуда.
Әлеуметтік желілерден оқырман ҚР Ұлттық кітапханасының тарихына, белгілі өнер қайраткерлері: Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, Нұрғиса Тілендиев және т.б. өмірі мен шығармашылығына арналған библиографиялық көрсеткіштерге онлайн-шолулар жүргізіледі. Facebook, Instagram арқылы төтенше жағдайға шейін кітапханада өткен ірі іс-шаралар туралы фото, бейнематериалдармен, сондай-ақ оқуды насихаттауға бағытталған ҚР-ның танымал мәдениет қайраткерлерімен кездесулермен танысуға болады.
Осы іс-шаралардың барлығы ортақ мақсатқа – қиын уақытта бүкіл ел үшін қоғамға қызмет етуге бағытталғанын және «Біз – біргеміз!» сөзінің құрғақ тілек қана емес, халықты қолдауға жұмылдыратын нақты жұмыс екенін көрсетеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының ұжымы ақпараттық-кітапханалық қызметтің барлық түрлері мен нысандарын нақты уақыт режимінде қолдана отырып, қоғамның рухани дамуына өз үлесін қосуды өзіне ардақты міндет санайды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.